АҚШ сүндетке сүйсініп отыр
Америкалық педиатрия академиясы (АПА) жаңа туған ұлдарды сүндетке отырғызу туралы кеңес береді. Академия ғалымдарының зерттеулерінше, операциядан келер қауіптен пайдасы әлдеқайда көп екен, деп жазады Американың Pedіatrіcs журналы.
Америкалық педиатрия академиясы (АПА) жаңа туған ұлдарды сүндетке отырғызу туралы кеңес береді. Академия ғалымдарының зерттеулерінше, операциядан келер қауіптен пайдасы әлдеқайда көп екен, деп жазады Американың Pedіatrіcs журналы.
Жаппай сүндетке отырғызу туралы АПА-ның алғашқы кеңесі 1999 жылы жарияланған көрінеді, бірақ ол кезде нақтыламай екіұштылап қана балаларды сүндетке отырғызуға ақыл беріпті. Бұдан бес жыл бұрын арнайы мамандардан құрылған топ АПА-ның осы мәселе бойынша тұжырымын тексерген екен. Бұлар осы салада мыңдаған зерттеулер жасап, нәтижесінде «баланы сәби кезінде сүндетке отырғызған денсаулыққа пайдалы, ал бұл операцияның кері әсері пайдасына қарағанда түкке тұрмайды» деген ғылыми тұжырымға келген.
Сонымен, АПА сүндетке отырғызу туралы кеңесінде не айтады дейсіз ғой. Біріншіден, балалық шақта зәр жолдарында инфекцияның қозуына жол бермейді, жыныс органының рак ауруына және ВИЧ ауруына шалдығу қаупін азайтады, есейген кезде жыныстық қатынас арқылы таралатын адамның папиллома вирусына және басқа инфекцияларды жеңуге көмектеседі. Сонымен қатар АПА өзінің кеңесінде: «сүндетке отырғызу жыныстық қатынас қызметіне кері әсерін тигізбейді» деп атап көрсетеді.
Сүндетке отырғызғаннан кейін кейбір жағдайларда аздаған қиындықтар болуы мүмкін деп ескертеді АПА, бірақ оның өзі өте сирек болады. Ол үшін тәжірибелі, сенімді дәрігерлерге ғана баланы тапсыру керек. Егер медициналық процедураны тәжірибелі дәрігер, медбике немесе молда сияқты дін қызметкері ауыртпайтын дәрілерді пайдалана отырып, стерильдік, таза жағдайда жасайтын болса, онда оның кері әсері туралы қауіптенудің қажеті жоқ деп түсіндіреді АПА. Мұсылман елдерінде сүндетке отырғызу рәсімін медицинадан алыс ауылдық молдалардың жасай беретінін америкалықтар қайдан білсін. Сондықтан педиатрия академиясының мамандары сүндеттің пайдасы туралы, балаларды сәби кезінде сүндетке отырғызу керектігі туралы жерлестерінің арасында ақырындап үгіт жүргізуде.
«Біз мұны міндетті түрде жасаңдар деп отырған жоқпыз. Алайда балалардың қамын ойлайтын ата-аналарға сүндетке отырғызудың пайдалы екендігі туралы фактіні алға тартып отырмыз» дейді Cedars-Sіnaі (Лос-Анджелес) медициналық орталықтың балалар урологы, доктор Эндрю Фридман.
АПА-ның айтып отырғанына қарсы шығып жатқандар да бар. Бұл, әрине, кейбір дін жолындағылардың жеке көзқарастарына байланысты. Мамандардың пікірінше, АПА-ның жаңа мәлімдемесі сақтандыру саясатына және ата-аналардың осы жолды таңдауына ықпал етеді, сөйтіп, АҚШ-та жаппай сүндетке отырғызу басталады. Енді америкалықтарға сүндет тойды қалай жасайтынын қазақтан үйренуі керек шығар.
Қайыржан ТӨРЕЖАН
«Айқын» газеті