Қазақстан – қазақ тілді ел болуы керек!
«Ұлт ісі – ұлы іс»
Әлихан Бөкейхан.
Таяуда, 2021 жылдың 24 желтоқсанында, Ресей Федерациясының президенті В.В. Путин: «Қазақстан – тура мағынасында орыстілді ел», – деп төбеден түскендей дүңк еткізді. Жарты мыңдай БАҚ өкілдері қатысқан дәстүрлі пресс-конференцияда айтылған бұл сөзде «Қазақстан – бізге колония (құлдықта жүрген ел)» деген астар бары анық. Айтса айтқандай, мемлекеттің тілсіз болуы – сұмдық! Оған бәріміз түгел, жаппай кінәліміз! Содан да болар, жаңағы мәлімдеме қаймана қазақты дүрліктірді, оятты, ойын бөлді десек те болады. Әрине, әлеуметтік желіні де шулатты. Төменде біз де ой-пікірімізді ортаға салғанды жөн санадық.
Қазақ халқы – мәдени бай мұрасы бар, өзіндік менталитет дарыған, ой сергек, жүрек сезімтал болуға қажетті дәстүрлі тәрбиесі, әдіс-тәсілдері бар халық. Әсіресе, ұлтжандылық – тәлім-тәрбие берудің басты саласының бірі еді. Бірақ кеңестік идеология осы ұғымға бөрідей тиіп, қара күйені жақты. Ұлтшылдарға «халық жауы» деген айдар тақты. Түгел дерлік айдалды, атылды. Сөйтіп, ұлтшыл деген сөзге үрке, сезікті қарайтын орта қалыптасты. Керісінше, ұлтсыздықты – жақсы нәрсе деп біліп, соны санаға сіңірдік.
Шыны сол, ұлтшылдық рух жоқ жерде, ұлтқа адал қызмет ету де жоқ. Осыған көзіміз жетіп отыр қазір. Ана тілін ұмытқан, тек бөгде тілде ұғысқан ұрпақ ұшпаққа шығарады, адал қызмет қылады деп сенуден қалып барамыз. Өйткені, қазақ билігі түгелге жуық орыстілді азаматтар, көгерткені кәне? Орысша сөйлейтіндердің бір бөлігі «біз әлем адамымыз» деседі. Бұл ұлттық санадан жоғары өрлеп кеткенбіз дегендері. Халықтың тобырға айналуы ғылымда «космополит» дейтін осы құбылыстан бастау алады. Шындығында рухсыздық деген – дүние-мүлікке табыну. Мұсылман әлемінде дүниеге табынғанды «мақұлық», Аллаға табынғанды «құл» дейді. Мақұлық болмаудың амалы – есті, сананы тұрмыстан жоғары қою екені хақ.
18 ғасырда өмір сүрген жырау, қолбасшы, қоғам қайраткері Ақтамберді Сарыұлы:
Жауға шаптым ту байлап,
Шепті бұздым айқайлап,
Дұшпаннан көрген қорлықтан
Жанды жүрек, қан қайнап.
Ел-жұртты қорғайлап,
Өлімге жүрміз бас байлап, –
деп азаттық үшін жаумен жан аямай айқасып, кескілесе күресуге шақырған болатын. Сондай-ақ, қазақтың жауынгер жыршысы Махамбет Өтемісұлының жырлары да ұлттық намыстың қайрағы, ұйқыдан оятудың жарқын мысалы.
Әрине, қазіргі ахуал мүлдем басқа. Бүгінгі майданның мәнісі – ана тіліңді білу, ұлттың әдет-ғұрпын көздің қарашығындай сақтау. Сонда ғана елдіктің туы желбіремекші. Халқыңды сүй, ел-жұртыңа қорған бол деген насихатты айтып-жазудан кенделік жоқ. Дей тұрсақ та, ұлттық ар-намыстың оянар түрі көрінбейді.
Жастарға билігі жүрмейтін кәрің болады,
Алашұбар тілің болады,
Дүдәмалдау дінің болады,
Әйелің базаршы болады,
Еркегің қазаншы болады, –
деп әйгілі Мөңке би суреттеген ахуалға таяп-ақ қалған сияқтымыз. Оның себебі сананы тұрмыс билеген заманға, рухани азып-тозушылыққа тіреледі.
Қалай деген күнде де, ұлттық, мейлі, адамгершілік тәрбие дейік, шетке ысырылып қалды. Ғылыми-техникалық прогресстің ғажайып табыстары жүрек көзімізді көлегейлеп, мына өмірдің жарқылына біржола бас ұрғыза бастады. Тән құмары жылма-жыл еселей түсуде. Оған адамның жан дүниесін оқ атпай жаулап, отарлайтын ақпараттық тасқынды қосыңыз. Міне, бүгінгі өркениеттіліктің келбеті мен сипаты осы.
«Адам бол!» ережесі ұлттық тәрбиеге де, имандылық тәрбиеге де ортақ. Жастар тәрбиесі, отбасылық тәрбие, патриоттық тәрбие деген аспектілердің мазмұны мен бағыт-бағдары саналылық, яки руханилық деген бір сағаға құяды. Сол руханилықты дамытудың бастауы – дін, тіл, өнер, білім, ғылым т.б. құндылықтар. Осылар тұрмысты санаға, тәнді жанға билетуге, яғни қоғамда Құдайылық заң орнығуына септессе игі. Әзірге қалыптасқан ахуал көңілді көншітпейді. Әсіресе, еліміздің білім беру саласында кілең дүниеауи пәндер. Оқулық атаулы материалистік мазмұнда. Маркс, Дарвиндер тіріліп келсе, «е-е, дым да өзгермеген, біз айтқан ілімдер әлі тірі екен-ау» деп бөркін аспанға атары шүбәсіз.
Халықтың болашағы, әрине, білімде, өнерде, кәсіпті дамытуда. Бірақ тек осыларды үйрену, меңгеру жеткілікті ме? Әрине, жоқ. Тәлім-тәрбие қатар жүрген не жетсін. Дана ұстаздар іштегі кірді қашыр, ол үшін жақсылық жаса, қайырлы бол деп үйретеді. Мәселен, әл–Фараби бабамыз: «Егер сен қандай болмасын ғылымды меңгеріп, білім алған болсаң, алған білімің жүрегіңді тазалап, жаныңды жаңартып тұратын болсын», – деп өсиеттеген. Осы заманғы тәрбие ісіне ауадай қажет насихат-ау. Хакім Абай өзінің «Тасдиқ» атты трактатында балаға алдымен жан ілімін (Алла тағаланы танымақтық және өзін танымақтық) үйрет дейді. Ал, дүниені танымақтық білімдерді беру екінші кезекте деп қадап айтады.
Адам баласы тән үшін күніне үш рет тамақтанады. Мұны ұмытпайды. Жанға ше? Оған да нәрлі азық жүйелі түрде керек емес пе. Жоқ, бұлай бас қатырудан аулақпыз – тамақ тоқ, көйлек көк болса болды, бітті деп. Сондықтан жанымыз жабырқаңқы, көңіліміз пәс. Мұндай қоғамда істеген істер ілгерілемейді, қайта кері кетеді. Күнделікті өмірде ұрыс-керіс, жанжал көбейіп, араздыққа, күншілдікке себептер табыла кетпекші. Таңның атысы, күннің батысы тәннің, яки қу құлқынның қамымен жүгіреміз кеп. Қайда барсақ та, не істесек те, мекеніміз – орыс елі сияқты. Ұлт ісі дегенді ойлауға мұрша жоқ. Осылайша кешке үйіне шаршап жеткен пенденің жаны күйзеліп, рухани аштыққа ұрынбағанда қайтеді. Нәпсі тойымсыз, бұл жайында Абай:
Кәпір көздің дүниеде араны үлкен,
Алған сайын дүниеге тоя ма екен?
Қанша тірі жүрсе де, өлген күні
Өзге көзбен бірдей-ақ болады екен, –
дейді. Екінші жағынан, жан азығы деген, кейбіреулер ойлайтындай, әлемдік деңгейдегі жылтырауық мәдениет емес. Оның суаты – тек әдебиет пен түрлі өнер өрістері десек те қателікке ұрынамыз. Неге сүйсінсең, соның бәрі жан азығы. «Адамды сүй, Алланың хикметін сез» (Абай). Сол сияқты кәдуілгі адамдардың бірі бірімен сәлемдесуі, сіз-біз деп сыйласып, бірін бірі қонаққа шақырысуы, жасы үлкен адам келе жатқанда, атып тұрып орын беру, қыз-келіншектердің ер адамды кес-кестемей, сызылып жол беруі сияқты көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын әдет-ғұрыптардың күллісі жан азығы болып табылады. Махаббат пен әділет көп жерде, өсіп өнбейтін, көгермейтін ештеңе жоқ дейді Абай. Сондай-ақ, «Адамның қарызды ісінің алды – әуелі дос көбейтпек» деп достыққа шақырады.
Адамгершілік тәрбиеден енді имандылық тәрбиеге ауысар болсақ, ол – діндердің жүгі екені аян. 1990 жылдары дініміз ислам қайта түлеп, енді ой-санамыз қалпына келер деген үлкен үмітте болған едік. Бірақ мұсылмандық орнына шатақ діни ағымдар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаулап кетті. Ұлттық тәрбие мен ішкі тазалық жайына қалды. Сақал, шалбар балағы, хиджап мен орамал дегендей сыртқы қалыптан аса алмай қалдық. Дінге руханият негізі ретінде қарап, оның жасампаз құндылықтары мен рухани әлеуетінен қашан пайда алар екенбіз?
Жоғарыда айтылғандар ғасырлар бойы жинақталған рухани байлықты сақтаушы һәм толықтырушы феномен – тіліміз екенін айғақтайды. Қай қырынан қарасақ та, жаның нәр алатын тамыр – тілің!
Олай болса, тақырыбымыз – қазақ тілінің мүшкіл хәліне қайтадан оралайық. «Мемлекет басшысынан бастап жергілікті «әкімбайға» дейін қазақша сөйлемесе, оның несі мемлекеттік тіл? Басқа-басқа, конституцияның өтірік айтқаны – өлгені ғой. Не болмаса конституция қағидасын орындамай отырғандар оңбаған. Екінің бірі. Бұл – әділетсіздікке негізделген қоғамның нышаны». Шерағаң (Ш.Мұртаза) бұрынырақта көтерген, шындықты тіліп айтқан сөз осы. Содан беріде ахуал түзелді ме? Жоқ! Оңалған, өзгерген тілдік орта жоқ. Осы күні де қазақ тілінің мәртебесін көтеру сөз болған жерде, «ұлтшылдық» деген сойылды сілтеп, «бұл өзге тілдердің жолын кесіп, бағын байлау» деп өре түрегелетіндер арамызда көп-ақ. Сонда әлдекімдердің көңіліне қарап, қазақ тілі өле беру керек пе? Жоқ, бұған жол беруге болмас. «Мемлекеттің тілі өлгені – тірі өлгені». Осы қағиданы ұмытпайық! Рухани экспансияны тоқтатуға ат салысайық, ағайын. Оның жалғыз ғана шарты бар, ол – әрбір азамат қазақ тілінде сөйлеуі керек.
Сонымен, қорыта айтқанда, қазақ елі қазақтілді болсын. Ана тілімізді тірілту – әділеттілік талабы. Саясат та, өзге тілдердің бағын байлау да емес. «Орыс тілі қазақ тілімен тең қолданылсын» деген сөз Конституциядан алып тасталсын деген халық үніне құлақ асатын уақыт жетті. Қазақтілді Қазақстан – еліміз біртұтас болуының кепілі және рухынан айырылмаудың басты шарты екені хақ.
Асан Омаров,
зерттеуші
Abai.kz