Орыс тілі мен әдебиетін оқыту керек пе?
Оқу-ағарту министрінің назарына!
Қазақстан тәуелсіздік алғанына отыз жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт ішінде елдің саяси-экономикалық жүйесі ғана емес, қоғамдық санасы, рухани бағыты да елеулі өзгерістерге ұшырады.
Қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болса да, әлі күнге дейін білім саласында ол әлі күнге дейін толыққанды үстемдік ете алмай келеді. Оның ең айқын мысалы – қазақ мектептерінде орыс тілі мен орыс әдебиетінің міндетті пән ретінде оқытылуы. Бұл жағдай соңғы жылдары қоғамда жиі талқыланып, әртүрлі пікірталастар тудырды Яғни айтқанда, орыс тілінің қажеттілігі күн санап елімізде төмендеп келе жатқанын, дегенмен, онын осы уақытқа дейін, қазақ тілінің кеңістігін тарылтып келе жатқандығы шындық. Алайда, осы сұрақты эмоциямен емес, жүйелі талдау арқылы қарап, прагматикалық әрі ұлттық мүддеге сай шешім қабылдау – қазіргі күні аса өзекті.
Жағдайдың тарихи негізі
Кеңес Одағы кезінде қазақ мектептерінің бағдарламасына орыс тілі мен әдебиеті терең енгізілді, ал қазақ тілінің қолдану аясы әкімшілік, ғылым және жоғары білім саласында қатты шектелді. Тәуелсіздік алғаннан кейін тіл саясаты біртіндеп өзгергенімен, білім жүйесінде орыс тілінің үлесі айтарлықтай сақталып қалды. Бұл – сол кезеңдегі саяси жағдайдың, халық құрамының, кадр тапшылығының және инерциялық жүйенің салдары.
Алайда бүгінгі Қазақстан – 1990-жылдардағы Қазақстан емес. Қазақ тілді мектептердің саны жыл сайын дүркіреп өсіп келеді, балалардың көпшілік бөлігі қазақ тілінде оқиды, қоғамның ақпараттық ортасы қазақшаланып жатыр. Мұндай жағдайда орыс тілі мен әдебиетінің міндетті пән ретінде сақталуы – қазақ халқы мен қазақ мемлекетіне төнген қауіп. Қазіргі күндері, Қазақстанның 77 пайызын қазақтар құрайды.
Міндетті пәннен алып тастаудың қажеттілігі
Қазақ мектептері ең алдымен Қазақстанның мемлекеттік тілінде ойлайтын, сөйлейтін, жазатын азаматтарды қалыптастыруы тиіс. Тіл – ұлттық қауіпсіздіктің, мәдени тұтастықтың және ақпараттық дербестіктің басты кепілі. Егер оқушылардың апталық оқу жүктемесінің айтарлықтай бөлігі орыс тіліне арналса, қазақ тілінің дамуына бөлінетін уақыт автоматты түрде қысқарады. Сонымен қатар, орыс мектебінде оқыған қазақ балаларының елге, отанға деген патриотизм рухы мүлде төмендейді. Оның үстіне, қазіргі цифрлық және жаһандық білім ұсыну кеңістігі ағылшын тілін негізгі халықаралық коммуникация тіліне айналдырып отыр. Демек, қазақ мектебінің негізгі басымдығы – қазақ тілі мен ағылшын тілінің сапасын көтеру болуы керек.
Орыс тілі қазіргі таңда бұрынғыдай халықаралық тіл емес. Оны меңгерудің қажеттілігі жоқ.
Міндетті пәндер жүктемесін оңтайландыру
Қазіргі мектеп бағдарламасының күрделілігі мен балаға түсетін жүктеме туралы ата-аналар мен педагогтар жиі көтереді. Қазақ мектептерінде әр сыныпта аптасына 5–6 сағат орыс тілі мен әдебиетіне бөлінеді. Осы жағдай – бір жылда шамамен 180 сағат. Осы уақытты қазақ тілін тереңдетуге, қазақстандық әдебиетті оқытуға, шығармашылық жазу дағдыларын дамытуға немесе функционалдық сауаттылыққа жіберуге болады.
Оқушылардың оқу мотивациясы да маңызды. Қазақ мектебіне саналы түрде берген ата-аналардың көбі баласының қазақы ортада, ұлттық құндылықтарды меңгерген, қазақ тілінде еркін сөйлейтін азамат болуын қалайды.
Қазақ мектептерінен орыс тілі мен орыс әдебиетін міндетті пәннен алып тастау – бүгінгі күннің негізгі проблемасы. Осы үшін бірнеше нақты қадам жасау керек:
Оқу бағдарламасын қайта қарау
Алдымен Білім министрлігі қазақ мектептеріндегі пәндер жүктемесін саралап, тілдер балансын қайта жасауы қажет. Орыс тілі мен әдебиетін міндетті емес, таңдау пәні ретінде қалдыру туралы ұсыныс нормативтік өзгерістер арқылы бекітілуі тиіс.
Педагогикалық кадрларды қайта даярлау
Босайтын сағаттардың орнына қазақ тілі, қазақ әдебиеті, ағылшын тілі, информатика сияқты пәндерге қосымша сағат бөлінеді. Осынау бағыттарда кадрлар тапшылығы байқалады. Сондықтан мұғалімдерді қайта даярлау, жаңа бағдарламалар мен оқулықтарды дайындау қажет.
Әлеуметтік коммуникация
Бұл сұрақ саяси эмоция тудыруы мүмкін. Сондықтан қоғамға, ата-аналарға, мұғалімдерге реформа мақсаты мен артықшылықтары жүйелі түсіндірілуі керек. Осы жағдайдың түйіні – орыс тілін тыйып тастау емес, қазақ тілінің позициясын күшейту және оқу жүктемесін оңтайландыру.
Кезең-кезеңмен енгізу
Реформа, мысалы, бірінші сыныптардан басталып, толық жүйеге 10–12 жылда енгізілсе, ешқандай әлеуметтік кері әсер тумайды. Бұл кезең ішіне жаңа оқулықтар, кадрлар даярлау, әдістемелік қолдау бәрі кіреді.
Қазақ тілінің және қазақ мемлекетінің болашағы – қазақ мектебінде
Қазақ мектебі – қазақ тілінің тірегі. Егер сол мектептің ішінде басқа тілге көңіл бөлінсе, қазақ тілі ешқашан қоғамның толық құқығы бар тіліне айналмайды. Сондықтан реформа – тек тіл саясаты емес, мемлекеттің идеологиялық бағытының, ақпараттық тәуелсіздігінің және мәдени егемендігінің көрсеткіші.
Қазақ мектептерінен орыс тілі мен орыс әдебиетін міндетті пән қатарынан шығару – әлемдік тәжірибеге де, ұлттық мүддеге де сай келеді. Бұл шешім бір тілге қарсы бағытталған саясат емес, қазақ тілінің дамуына, ұлттық білім жүйесінің күшеюіне, оқу жүктемесінің оңтайлануына бағытталған маңызды қадам.
Қазақ қоғамы үшін ең маңыздысы – мемлекеттік тілдің сапалы оқытылуы, ұлттық әдебиеттің терең зерттелуі және жаһандық бәсекеге қабілетті болу үшін ағылшын тілін меңгеру. Осы үштік күшейсе, Қазақстан ақпараттық, мәдени және ғылыми кеңістікте өз орнын нықтай алады.
Бейсенғазы Ұлықбек,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Abai.kz