Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3087 0 пікір 7 Қыркүйек, 2012 сағат 06:53

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

V

Әр ауданның оқу-ағарту бөлім бастықтары мен инспекторларынан, мектеп меңгерушілерінен құрылған жылдық сынау комиссияларын Тарбағатайдың жеті ауданына ауыстырып бөліп аттандырған соң менің қызметім саябырлап еді. Аймаққа төте қарасты орта мектептердің емтиханы басталғанша Мақпалмен де көрісіп қайтпақ болғанмын. Осы жоспарым ғана сәтсіздікке ұшырай берді. Толы аудандық[1] мектептердің комиссиясына бастық болып кеткен Шәкербай Дөрбілжінге кеткен Қуаттың үстінен шағым айтып, жолымнан бір қалдырды. «Ало, Биғаш!» -деп шырылдатты телефонды. - «Анау Қуат дегенің бір тайгелтір көрінеді, бауырым. Қыстай істеген еңбегімді еш қылып, ең жақсы оқыған оқушыларымның бір сыпырасын емтиханнан өткізбей тастапты! Өзім қайтып барған соң көз алдымда қайта емтихан алдырамысың, иә, анауыңды түзетемісің?

- Дүние сенің көзіңмен ғана бағаланса қаран қалады, Шәке! Оған алаң болмай, қазіргі өз міндетіңді дұрыс атқар!... Қуат қастық істемейді, қастық істесе көреміз!

V

Әр ауданның оқу-ағарту бөлім бастықтары мен инспекторларынан, мектеп меңгерушілерінен құрылған жылдық сынау комиссияларын Тарбағатайдың жеті ауданына ауыстырып бөліп аттандырған соң менің қызметім саябырлап еді. Аймаққа төте қарасты орта мектептердің емтиханы басталғанша Мақпалмен де көрісіп қайтпақ болғанмын. Осы жоспарым ғана сәтсіздікке ұшырай берді. Толы аудандық[1] мектептердің комиссиясына бастық болып кеткен Шәкербай Дөрбілжінге кеткен Қуаттың үстінен шағым айтып, жолымнан бір қалдырды. «Ало, Биғаш!» -деп шырылдатты телефонды. - «Анау Қуат дегенің бір тайгелтір көрінеді, бауырым. Қыстай істеген еңбегімді еш қылып, ең жақсы оқыған оқушыларымның бір сыпырасын емтиханнан өткізбей тастапты! Өзім қайтып барған соң көз алдымда қайта емтихан алдырамысың, иә, анауыңды түзетемісің?

- Дүние сенің көзіңмен ғана бағаланса қаран қалады, Шәке! Оған алаң болмай, қазіргі өз міндетіңді дұрыс атқар!... Қуат қастық істемейді, қастық істесе көреміз!

- Ойбай, шырағым Биғаш-ау, өзім деп, өзіңнің ана мектебіңнің, өзің тәрбиелеген мектебіңнің көзжасын мәлімдеп тұрмын ғой! -деп бастады да зарлай берді. Әр клас оқушыларының алған номеріне дейін айтып шағынды. Математикадан бір клас түгелімен клас аттай алмай қалған екен. Шәкербайды әрең тоқтатып, Қуатпен сөйлесуге жолдан бір қалып едім. Осындай дау алыс-жақыннан шықта да тұрды. Бесінші күннің кешіндегі дау тағы да Шәкербайдан көтерілді. Шиху ауданына оқу-ағарту бөлім бастығы болып былтыр ғана тағайындалған Қайсенді осы жолғы жылдық сынауда Шихудың өзіндегі емтиханға міндеттеп едік. Шәкербай телефонда енді соның үстінен зарлады.

- Әло, Биғашпысың? .. Ало, Биғаш!.. Қайсен туралы жұртшылықтың пікірі асқынып барады. Бауырым, тыңдай көр!

- Қай жұртшылықтың?

- Жылдық сынауда өз ауданынан жер аударылған комиссия мүшелерінің бәрінің пікірі! Өздерін-өздері «жер аударылған» деп атаған соң менің де солай атағанымды кешір, Биғаш! -деп Шәкербай күле жалғастырды сөзін. - Жер аударылмай өз мектептерінен өзі емтихан алған Қайсен бір оқушысын қалдырмай өткізіп жатыр екен!

- Өтірік айтпаңыз, кеше ғана сөйлестім онымен!... Кей клас жақсы, кей клас нашарлау. Осы өздеріңнің ахуалдарыңдай!... ал, «асқынып бара жатқан» пікір осы ғана ма, басқасы тағы бар ма?

- Осыдан артық Қайтпек ол, өте нашар шыққан бір баласы жоқ!

- Өзіңнен басқаның барлығы құри беруін тілейтін, баяғы кәрі құрдым ниетіңді қашан түзейсің, Шәке, соны айтшы енді?

- Ойбай, ойбай Биғаш-ау, олай дей көрме бауырым, менің тілегім алдымен өзіңе түзелген, тап жауларынан басқа ешкімге теріс ниетім жоқ қазір!

- Теріс ниетің жоқ болса, оны былай дәлелде: бірінші, «жер аударылдық» дегендер кімдер, мойнына қойып бересің! Екінші, Қайсеннің үстінен «асқынып бара жатқан» пікірді толық дәлелдейсің! Үшінші, Қуаттың мектептеріңде нахақ қиратқаны болса, дәлелдеп бересің!... Тоса тұр! Сөзді тыңда!... Мұнан соң телефонда әурелемей, осы үш талапты жазба түрде маған тез жолдап бер, ұқтың ба!... Талабың осы аймақтық оқу-ағарту мекемесінде қаралып, мәселе кімде болса да түзетіледі... Тоқтат, сөз осымен тынды!

Арт жағымнан сықылық қақты таныс күлкі. Жалт қайрылып, құшақтай алдым. Мақпал келіп тыңдап тұр екен...

- Жаңағы сөйлескенің - баяғы Шәкербай ма? -деп күрсіне сұрады Мақпал. - Әлі сол қанды ұрт, қырт қалпында жүр екен-ау!...

Мақпалдар мал шаруашылығындағы бақылау қызметтерін жерлік кадрларға өткізіп, атретінің осындағы бас штабына қайтып келіпті. Тоқтап тұрған бұл қызметтерінің жүргізілетін-жүргізілмейтіндігін өздері де білмейді. Аудан орталықтарына қамалған мал иелерінің бір сыпырасы еңбек майданына айдалып, қалғандары әлі де тергеліп жатқандықтарына қарағанда беталыс әлі сол қалпында сияқты. Осыны баяулай сөйлеп келіп, тың қуаныш жеткізетіндей жайраңдай қарады Мақпал:

- Айтпақтайын, менің Сұң зыдауяным да келді осында, штапта! Менімен бірге барып, сәлемдесіп қайтшы, рұқсат алуымызға оңайлық туылар ма екен!...

Шарапатты «қайнененің» алдына күн батып бара жатқанда көк тайғақ бешпет-сымды «қызын» қолтықтай кірдім. Иіле ұсынған қолымды бүктетіле қабылдап, шұлғып-шұлғып жіберіп, орындыққа отырғызды. «Қызына» термостан қайнақ су құйуды ымдай сала сұрады жайымды. Шәуешекке қашан келгендігім мен не қызметпен келгендігімді сұрады. Мен де қысқаша жауап қайырып болып, жұмысымның енді бір аптада бітетіндігін, Мақпал екеуіміздің де үйіміз Дөрбілжінде екендігін қосымшалап ескерте салдым.

- Сізнің қызмат түгегенде бірлікте барып, көрініп қайтсаңдар болады. Ликін қазір той қылмайды. Аз уақыт қалды, менің қызым мактап бітіргеннен кейін той қылады! -деп бөгелгенде, қараторы жүзі сәл қызғыш тарта күлімсіреді. - Шәуешек халық бақша бек яқшы екен. Барыңдар тамаша-тамаша!...

Мақпал екеуіміз бір-бірімізге қарасып жіберіп түрегелгенімізде, «қызының» киіміне қарап сөйледі «мамасы»:

- Ей, яту[2], қарашы жігітіңе, қандай яқшы киеді. Сен де ки!

Сықылық қаққан қалыңдық маған қақпаға шыға бер дегендей ымдай сала жөнелді жатағына. Лезде Нұрияша жасанып, қолаң қоңыр қос бұрымын өрден құлаған қос бұлақтай құйылта шықты. Қазық өкше туфли, алқызыл жібек кофта, қынамалы белдемше көйлек, құлын мүсінді Мақпалға аулада доп ойнап жүрген сабақтас қыздары ду көтере құттықтау айтып, қол шапалақтады. Сұң жанхуа шыға келді бөлімінен. «Міне, енді жарастың!» дегендей басбармағын көтере күлімдеді. Солардың алдынан ешқандай ыңғайсызданған шырай көрсетпей, күлімсіреген аса сәнді табиғи қалпымен өткеніне қақпадан өзім де сүйіне қарап қалыппын.

Шәуешектің бұрынғыдан сәл жүдеңкіреп қалған атақты бақшасына ымырт түсіп, электр жанғанда кірдік. 40-шы жылдары мені қомсынған «шолақ пері» порымдас қыздар сирепті. Олардың көбі «таңқы құйрық тар балаққа» айналып кеткен көрінеді. Ілуде бір асқақ салауатпен көрінгісі келіп жасанып шыққандары да бізге жақындай бере төмендеп, көз астымен ғана қарап өтіп жатты. Тұқыра өтсе де артымыздан бәрінің де тұна қарап тұрып қалғандықтары байқалады.

Әсіресе, Мақпалға қадалған көздердің көптігін сезіп келемін. Ондай құдіретін қалыңдықтың өзі түсінбегендей. Екі жағымызда мәуелеген теректерге, жаңа өсіп жайнаған гүлдерге ғана қарап, әлдене ойда келе жатты.

Ақтеректің түбіндегі бір оқшау орындықта жалғыз отырған қыз киімді кексе әйел жалт қаратты мені. Жалт қаратқаны, үңірейген көзінен ғазап оты жарқылдап, анадайдан от ашқан фулемоттай көрінгендігі болды. Мен де шошынғандай тесіле қарадым. Еттен айрылған сол арық дененің ақсұры қайрақтай суық жүзінде маған бір таныстық бар сияқты. Қадала келіп, шорт тайдырдым көзімді. Халима екен. Жындыға қарағандай көз қиығын сақтана тастаған Мақпал менің ыңғайыммен аяғын жеделдете басып өте шықты.

- Мына әйел тірі ме? -деп, былай шыға бере қайрылып тағы бір қарады. - Көзі әйнектей қыбырсыз ғой, тіпті!...

Бақшаның күңгүрт жағымен аймаласа айланып өттік те, менің жатағыма қарай бір-бірімізге жабыса аяңдадық...

Шәкербайдан жауап келмеп еді, жұмыстарын бітіріп қайтқан сапарластарынан «ауырып әрең жетіп, үйімде қалдым» деген сәлемін жіберіпті. Өзінің өтіріктерінен қорыққандығы сезілді. Менің орта мектептердегі сынау жұмысым бітісімен қайырымды зыдауяннан бір апталық рұқсат алған Мақпалды Дөрбілжінге ертіп қайттым.

Аймақтық үкіметтің қос атты күймесімен елең-алаңда аттанып, тал түсте жетіп едік. Біздің үйдің ауласының адамға лық толғаны бұрылыс көше басынан көрінді де, Мақпал мойнына ораған жібек салысын желек етіп, басына сала қойды. Мәрия мен Меһір алдымыздан жүгіріп шығып, көшеге екеуімізді де түсірді. Мақпал мен күлісе құшақтасып, кеңкілдесе сүйісіп, сыңғырласа қайта күлісіп, қайта жыласты. «Үй мен келін емес, текедей байларың едім ғой!» дегенімше қарамай мені де сүйді екеуі.

Қақпа алдына жеткенімізде жауған шашудың астынан Өмірбек пен Қиялзат мені тарта жөнелді. Қалың қыз-келіншектің ортасындағы Мақпалға қолы жетпей арсалақтаған Бақай маған жүгірді. Оның сүюі қабаған иттіңі талауынан да, мылқау жындының түншықтыруынан да қиын тиіп еді. Бірақ сол қинауының өзін бүкіл туған елімнің құдіретті құшағындай сезініп, соның әлпештеуіндей сүйінішпен қабылдадым. Мен де оны құшырлана құшып, сүйісе беріппін. Есімізге қайдағы түсіп, көзімізден жас ыршыта, солқылдай сүйісіппіз.

- Өй, жаман, «үйің түскенде миың түскені ме», бұл! -деген Өмірбектің сөзімен күлісіп тиылдық. Мақпал, есік алдынан күтіп тұрған шешеме оң тізесін қос қолымен баса бүгіліп сәлем етті. Енесі алғысын айта, рахыметін жаудыра құшақтады келінін. Екі бетінен, маңдайынан кезек-кезек сүйді. Келіні енесіне көрген қорлық-зорлығын шағынғандай, үнсіз жаутақтай қарап егілді. Табалдырықтан аттай бере үйге үш рет сәлем етіп кірген Мақпалдың соңынан қолшапалақ шатырлады. Салт-санаға қарамайтын солшыл төңкеріске қатынасаып жүріп түскен жаңа заман келіннің мына ибасына көпшілік аса ыстық ықыласпен алғыс айтты. Солар қатарында дәл желкемнен сөйлеген айқын үнді «алғысшыға» жалт қайрылдым. Сәрсен саясат екен. Қолымды ұстап алып, құттықтау сөздерін құйынша үйірді. Қырсықтың тағы да шалғалы келгенін сезіндім. «Қақпа алдынан аула төріне дейін шашылған қант-конфет пен бауырсақты бір орайы келгенде менің үстімнен пәле етіп жаудырмай ма бұл енді!» деп тыжырындым. Қиянат болмаса, ашаршылық шақта «халыққа қарсы, партияға қарсы» бұл сырапқорлық қайдан шықты!» деп шақылдамай қояр ма!».

Қарасам, лапас астында үш-төрт қой, ауланың бір бұрышына дөнен өгіз, бір бұрышына семіз байтал байлана қалыпты. Екі-үш қой сойылып та  үлгерген екен. Тер бұрқырады маңдайымнан. Биғазыны шақырдым.

- Мұнша малды қайдан таптың, неге әкелдің? Мен бір қой ғана тапсырып едім ғой? -деп кеий сұрадым ағадан.

- Жоқ, жарығым, өзім әкелген мал емес, бәрі де ағайындардың сенің тұрмыстануыңа әкеліп қосқаны. Ел-жұрт бұл берекесін қоя ма!... Қайтарып жібергеніме көнер емес!

- Биғаш-ау, ел дегенің көл емес пе! -деп күбірлеп Сәрсен кірісе кетті. - Сендей азаматынан несін аямақ, өздері той жасап, қуанышыңа бірге қуанғанның несі айып! Қайтарма қолдарын, ұят болады!

- Сәке, үкімет саясатын, әрине, білесің ғой өзің, -деп мен жымия өтіндім өзінен. - Әкелген ағайындарға соны жеке шығарып түсіндіріп, қайтарып жіберіңдер. Жалғыз Биғазының айтқанына көне қоймас. Болмай бара жатса, өздерін қорқытсаң да қолыңнан келеді! Менен мың алғыс пейілдеріне! Берекелеріңе рахымет айтты деп ұқтыр!

- Биғаш, сен келінді ғана ертіп әкелдің ғой бізге, сырапқорлық дейтіндей артынып-тартынып, мал айдап әкелген жоқсың, қалыңмал берген жоқсың, оны білеміз! Қалған іс біздікі, жұмысың болмасын, кір үйге! -деп Сәрсен өндіршектеді. Келген қонақтарды басқарып орналастырып жүрген Құрышпек аға біздің жеке күбіріміздің жайын біліп жүр екен. Сәрсеннің осы сөзнің үстіне келді де, маған сөйлеген болып, Сәрсенге кесетті:

- Биғаш, бұл тойды сен емес, біз істеп жатырмыз. Шашуға ғой шашқан  әйелдер жауапкер, шашылған солардың өздерінің дастарқаны. Ал, сойылған және сойылатын малға менен бастап, міне мыналар жауапкер! -деп тізімді Сәрсен екеуіміздің арамызға жая көрсетті. Міне, Биғазының бір де қойы жоқ мұның ішінде!... Елі үшін тер төккен азаматынан елі несін аямақ! Ұғып қойыңдар, пәлекеттерім! - Қарқылдап күлген достарыммен бірге «қарық бола күлген» Сәрсен Құрышпектің арқасынан қағып-қағып қалды.

- Шіркін, Құрекем-ай, жарайсың-ау!... Ал, апарыңдар жігіттер, Биғашты тамақтандырыңдар! -деп сыбана жөнелді ошақ басына...

Күн кешкіріп, күндізгі той тарқағанда Мақпалдың төркін жағынан Дүйсен аға мен қаз бөтегелі жеңешем жетті. «Қаланың ыстығынан» Дүйсекеңнің қомақты «рызығы» тіпті бөртіп, қос обаға айналғандай. Дүйсен келіп мені құшақтай алғанда, жеңешесінің бауырына шымылдықтан шыға келіп Мақпал тығылды. Ол екеуі үнсіз жыласа аймаласқанда, Дүйсекең екеуіміз қарқылдап күлісе сыйпаластық.

Көпшілік арасында басқа жайды сұраса алмап едік. Оған уақыт күн батып, күтушілер кешкі той дайындығына кіріскенде тиді. Төртеуіміз оңаша бір үйге кіріп алып сұрастық: Мақпалдың бұрын «аға» деп атайтын әкесі «мал иесі» қалпағымен осы қалада түрмеде жатыр екен. Әжесінің өлген хабарын естісімен, Мақпал оны елеусіз қадырғысы келгендей:

- Тәтемнің денсаулығы қандай? -деп жедел өз шешесінің жайын сұрады. Мақпалдың осы атауымен жауап қайырды Дүйсен.

- Тәтеңнің денсаулығы жақсы. Биғазы құда арқылы жазған хаттарың жетіп, сенің аман табылғандығыңды естігеннен бері тіпті жасарып, көңілденіп алды. Басқа жағдайларын есіне де алмайтын тәрізді.

- Бәсе! -деп жымиды Мақпал. - Мен туралы еріксіздігі жеңіп жүргенін сезетінмін.  Сіздермен бірге келіп көріп қайтқысы келетінін айтпады ма өзі?... Айтпақтайын, малы да, өзі де бақылау астында екен ғой! -деп күліп жіберіп, төмен қарады.

- Дәл солай, келгісі келсе де сендерге мал иесінің бәйбішесі атымен кесірін тигізуден сақтанды тәтең расында! -деп Дүйсен, сөзінің жалғасын айтқанша әйелі ала жөнелді:

- Өз шешең екенін білесің ғой, Мақыш, енді «апаң» дейікші! «Халық пен үкімет алатын малдарын алып болысымен барып, көріп қайтармын!» деді апаң. - «Алаң болмасын, сәлем айт, бар тілеуім екеуінің жолында екенін Биғанның өзіне де айтқанмын, шексіз қуаныштымын!» деді.

- Биғаш, бері шығып кетші! -деп есіктен Құрышпек шақырды осы шақта. Өздіктерінен шеше алмайтын мәселе келгенін сезіп сыртқа шықсам, «мәселе» ғана емес, жабысқақ кеселдің даудей дәл өзі көрінді. Шәкербай келіп тұр екен. Тойыма ту бие әкеліпті.

- Үй, сіздің аурумын деп Шәуешекке бармай қойғаныңыз қалай? -деп ұсынған қолын тергей ұстадым. - Үлкен дәрігер сонда еді ғой?

- Жүруге тіпті дәрменім де болмай қалды, Биғаш, кешір, мұнда келген соң алты күн, алты түн дөңбекшіп, дәрінің күшімен ептеп түрегелгенім осы, әйтеуір... тойың құтты...

- Құдай сақтаған-ақ екен, -деп «құтты» ның «болысын» ын айтқызбай іліп әкеттім. - Алты сөткен дөңбекшіткенде, ажарыңыз түгіл шырыңыздың шырғасын құртпаған неткен қамқор ауыру еді өзі, түйнек пе?

Тыңдап тұрғандар ду күлді. Қолынан жетектей жөнелдім бір бөлмеге. Шай құйғызып, той тағамынан тартқыздым. Шешем шақырды есіктен:

- Қарғам, мына жауыз өзі иіліп келгенде шалқақтап ештеңесін бетіне баспай-ақ қой! Тойлығын, жылы сөйлеп қана рахымет айтып қайтара саларсың! Ащы тілмен шағардағы шырайыңа келгеніңді байқап ескерткенім! -деп сыбырлады да жөнеле берді. Қайтып кірсем Шәкербай өз қолымен екеуімізге екі стакан арақ құйыпты. Отырысыммен құттықтау сөзін бастады. Өз жүрегін де ортаға қойғандай сөйлеп қағыстырды. Ауыз тие сала тілеулестік сөзіне мен де разылық, алғыс жауап қайтардым.

- Менің сізге айтар бір ғана тілегім бар, -дедім сонан соң. - Егер келіспей қалсақ, шарт ретінде батыл қоятын талабым да осы: бұрынғы идеяңыздан қайтыңыз! Өткендегі істеріңіз үшін сонда ғана кешірім алуыңыз мүмкін. Егер сол идеяңызды, сондағы мінезіңіз бен әдетіңізді ада-күде түзетпей, енділікте титтей қайталасаңыз, кешірудің уақыты мүлде өткен болып есептеледі. Әнеу күнгі Толы телефонындағы сөзіңіз, әлі сол бұрынғы стилде жүргендігіңізді көрсеткен. Жазып беруді талап еткен себебім сол еді. Онда да үстіңіздегі мекеме қызметкері алдында ғана сындап, түзету айтып кетпек едім. Бақытыңызға жарай жеке жерде айтып отырғанымды түсініңіз! Өткендегінің бәрінен кешіп, мұнан кейін аға-бауыр болып кетуіміз үшін идея бірлігіміз, стил бірлігіміз керек!

- Биғаш-ай, шынымды айтсам, адамгершілігіңе енді толық мойындадым-ау! Өмірің ұзақ болсын, қосағыңмен қоса ағар! -деп мен құйған стаканды қағыстырды.

- Осы қосаққа да істеген «жақсылығыңыз» есіңізде шығар?

- Ха-ха-ха-һа-һа... «сый қылсаң сыпыра» дейді. Оны да кешіргеніңді сезіп отырмын. Бәрін де мойындап, құттықтап келгенімді келіннің өзіне де ескерте саларсың!... Ал, кешкі тойларыңа жастар келе бастаған көрінеді, мен кетейін!

- Қатынассаңыз да өзіңіз біл!... Бірақ әнеу пәлелі ту биені біреуге жетектетіп қайтарыңыз!

- Япырау, Биғаш-ау, кешірмегің не, қолымды қайтармағың не?

- Бұл, қол қайтарғандығым емес, қазіргі уағданы шындап орындайтындығыңызды білу. Бұл бие де бұрынғы идеялогия, бұрынғы стиліңіз бойынша келген, Досандарға ұсынып әдеттенген «сыйлығыңыз» маған керек емес!

- Астағыпыралла - астағыпыралла! Енді не айтайын!

- Идея өзгертуге расымен бекісеңіз, айтатыныңыз қалған жоқ!...

- Ей, ей бала, анау биені жетектеп ала кетші! -деді Шәкербай сыртқа шыға сала. Менің қолымды қысқан беті тартып, оңашаға шығара күбірледі. - Өткендегі қателік-кемшіліктерім түгелімен есімде, Биғаш. Сол үшін Мақпалжан екеуіңе өмірлік борыштармын!...

- Біз үшін қол астыңыздағыларға қайырымды, адал аға бола алсаңыз, ол борыштарыңыз өтелді деп қоямыз! -деп шығарып салдым.

Кешкі тойға менің бұрынғы сабақтастарым мен осы аудандағы құрбылас, қызметтестерім түгел шақырылған екен. Күндіз қонақ күтіскен Сәрсен солардың бірі болып, столдың ең төрінен орын алыпты. Бақай мен Өмірбек шығып, сол шаянның үстінен шағым айта берді маған. Осы отырыстан сөз аңдуға келген. Соны аластамаса ойын-күлкінің буыла беретіндігін айтты. Өз тойым болғандықтан оны қууға менің кірісуімнің жөні жоқ еді. Бір үйде Дүйсен сияқты құрметті қонақтарды күтуді міндетіне алған Құрышпек, Сәрсенді шақырып, ол үйге шығара алмады. Ауыз үйде соның жайын ақылдасып тұрғанымызда менің құрметті ораз «сақауым» кіріп келіп құшақтап құттықтады да, әдеті бойынша бірге келген «кемпірін» құшақтатты. Үш жылдан бері қала сыртына егіншілікке шығып алғанын еститінмін. Әйелін жаңа порымда тәп-тәуір жасандырса да, өзі ескі бешпет сыртынан шүберек белбеу буынып, мұрт қойып, айыр қалпақпен нақтылы диқан порымына түсіп алыпты. Мұның Сәрсенге жылан көрген тәуеттей тігіл екенін білетінбіз. Ол келгенде қарқылдап күлді Өмірбек, амандасуымызбен аймаласуымыз біткен соң, Ораздың құлағына бірдемені сыбырлай салды да, есік ашып, төрді нұсқады: Жоғары шық ожа, жоғары шық, төр өзіңдікі!

- Сәлеметсіңдеррр ме, жолдастарр, жолдасша ханымдаррр! Егінші деп қомсынбай сендерр де сәлем алыңдарр! -деп «р» дыбысын басып нығарлай сайраған Оразға көпшілік құрбылары күле түрегеліп жол берді. - Өй, Қалпе Әбзи, сіз әлі барр ма едіңіз? Деп Сәрсеннің иығынан баса барып отырды Ораз. Бүкіс танауы күжірейіп, шегір көзі от ала қалған Сәрсен ішкі ашуын сездіргісі келмей, тұқыра амандасып қана қойып еді. Жауабына таңырқағансып үңіле қарады Ораз:

- Шүкіррр, шүкірр! Ә, Компартия заманында аман болмай не көррініпті маған! Баяғыда гитлеррді ғазыррейіл дегенім үшін сіз өлтірре алмаған мені енді мына заманда кім өлтіррмек!

- Қойшы, Ожке, енді соны! -деп Сәрсен тізесінен басып қалғандай болды.

- Қоймасам, айтпақтайын гоминдаңға тағы да ұстап беррерсіз, қояйын-қояйын!... Япыррай, осы сізді көррмей жүррген Құдайдың көзінің де мүкісі  барр-ау!...

Ораздың сөзіне ішек сілесі қатқанша күліп отырған көпшілікке «біреуің шектеу айтсаңдаршы!» дегендей жалтақтай берді Сәрсен. Есік сыртында тұрған мені іздегендей мойнын соза-соза қарады. Бақай Ораздың соңғы сөзіне жауап айтқан болып кірісті.

- «Бұқаның арамзасы бұзау арасында жүреді» деген мақалды құдакең білмеуі мүмкін. Жастар арасына кіріп алған Сәкеңді әлі де жас екен дейтін шығар. Сол себептен болмаса, ол кісінің көзі де жарқырап тұратын көз болатын.

Жастар ду көтерді бұл сөзге. «Шешімі енді табылды!» деп күлісті. Шай осы күлкі үстіне келіп құйыла бастап еді. Қол жуу сылтауымен есікке беттеген Сәрсенге Биғазы күбірлеп, ерте жөнелді. Енді көпшілікті жазғыра күлді Ораз:

- Осы жұрт гоминдаң шпионын соғудың оррнына, одан баррған сайын қоррқатын болып барра ма, қалай өзі?

- Ожа, тілмаш көбейген соң болмаса, айтпа бұл сөзді! -деп күбірледі қасында отырған бір жігіт. - Мұның дарулығы сонда ғой!

- Тіл аудара жүріп пілді де аударамын дейтін сияқты бір бу бар өзінде! -деп тағы бірі күбірледі. - «Үйренген ауыз бүлкілдеуін қоя ма», жұрт сонысынан қаймығады.

- Ал, бүлкілдеткеніне қопаррыла қаласыңдарр ма, сонда! - деп Ораз оған қомсына қарап жымиды. - Компарртия онысына жол қояды деп қоррқасыңдаррма?... Қой шыррақтарым, ондайға компартия жол қойса, гоминдаң болып кететіндігіне мен қол қоярррмын!.

Бірнешеу қатар күліп жібергенде менің қарсымда отырған Ораздың әйелі күйеуіне қарап басын шайқап қалды. Әңгімені мен басқа тақырыпқа жетектедім:

- Ожа, жайың қалай, не істеп жатырсың, соны сөйлеші енді!

- Өз жайым қазірр айтарр жоқ жақсы!... Жалғыз едім ғой, оның үстіне әкем де қарртайған соррлы, жалғыз болып едім. Сенің мына мендегі қатының жаррылқаймын деп баламды беске жеткізгенде тіпті соррландырған. Ішіндегісін қосқанда дәл бесеу болып тұра қалады! -дегенде қасымда отырған Мақпал сықылық қағып тұқыра берді. Дуылдай күлді көпшілік. - Сөйтіп жүргенімде компарртия алдымен мойынсеррікке, онан соң мына коператсияға ұйымдастыррып, шындап жаррылқады.

Алдымда аға, арртымда бауырр көбейіп, жалғыз сақауыңды думанды бай ауылға айналдырра қойды. Өзім қазірр сол ауылдың отағасы-үлкені болып шалқып тұррмын, әррі хатшы, әррі бұғалтыррмын. Есеп шот дегеніңді шарртылдатқанымда мына кемпіріңнің көтен ішегі солқылдайды.

- Ей, қойшы ей, енді, жаңа келіннен ұялсаңшы, тым болмаса! -деп бес баланың апасы да сақылдай күлді.

- Е, қоятын не тұрр, осындай қызған кезде шартылдатпай бола ма! -дей салып, көпшілік күлкісі саябырлағанша үнсіз жымиып отырып қалды. Қалпағын алып, тізесіне қойды да, жалтырап қырылған басының бұрынғы айдар қойылған «функтын» ғана сипалай берді.

- Биға, маған енді бірр қайғы пайда болып тұрр, -деді сонан соң ауыр күрсініп. - Ей, кемпірр, айтайын ба, айтпайын ба?... Бәсе, сенен айт дейтін ым көрінсін бе! Жоқ, айтайын, жұрттың сөзі ғой.

«Таудан тасқын келмесе,

Копирация суды бермесе,

Арғы қолыңды беррі әкел,

Жекелерр аштан өлмесе!»

Дейтін өлең шығып тұррр қазір. Бұл «кертартпа зиялылар» дың шығаррғаны емес, диқан бабаның өзінің төл тумасы. Осы өлеңді естігеннен беррі айдаррымның оррнын қанша сипасам да ақыл шықпайтын болып қалды. Ақыл шығарр еді ғой, Биға, өзің білесің, мен кеменгерр едім ғой, біррақ су шығар емес. Су биыл коперацияның өзіне де жетпейтін секілді. «Желіні барр», «желіні барр» деп кең даланы түгел жыртқызды. Ал, өзімізден су аспаса, жекелерге су бермейтініміз де рас. Біз, кадррларр беррсек те, бәррі-бірр, көпшілік мүшелерр бермейді. Шотымды қанша соққаныммен су тұррмақ дым шығарра алатын емеспін!

- Рас!... Рас айтады! -деп Мақпал төмен қарап отырып, жасырын күбірледі маған.

- Биыл коперацияға кірмей қалған жекелерің қанша еді? -деп сұрадым.

- Біздің ауылдықтың 30 пайызы жеке!... Ал, коллективтің жыртқан жері 700 гектарр. Су қазірр бір құлақ қана. Таудан тасқын келмесе құрритынымыз ып-ырас!...

- Жым-жырт отырып қалуларыңа жол болсын жолдастар! -деп Бақай стакан көтеріп келіп, тізе бастады. - Тойға келіп отырмыз ғой, енді тойдың өлеңін айталық!...

Той тосты бір рет көтерілісімен Мақпал екеуімізге қарсы «көтерілс» те бастала кетті. «Арақтарың ашты болып кетті. Ауыздарыңның дәмін алыңдар!» дей ме, «ауыздарыңнан дәм беріңдер!» дей ме, әйтеуір, екеуімізді қатар тұрғызып қойды да, «ашты-аштылап» айқайға бастай келіп, қала жастарының бұл әдетінен бейхабар Мақпал аңыра жалтақтады жан-жағына.

- Мақсаттары, -деп сыбырлап күлкілі түсінік айттым - «Иә, екеуімізді сүйістіріп, көп алдында күнәға батыру иә, бәрі жабылып екеуімізді сүю. Егер соңғысы болса, мен үшін үлкен апат, әрең тапқанымда сенің титімдей ерніңнен мына қасқырлар не қалтырар!» -дегенімде сықылық қақты Мақпал. - Өзіміз ғана сүйісудің амалын іздестіріп көрейін. Оған көнсе алдымен сен бастап сүйесің!» - дегенімде қызара тұқырды.

- Ей, ағайындар, ей, -дедім көпшілікке қарап, әдейгідей жалынышты үнмен - егер өз ауыздарыңның дәмін бізден алмақ болсаңдар, бәрің де менің өзімнен алыңдар, әрең тауып тұрған мынауыма тиіспеңдер, мөнтиіп қана тұрған тұрысынан-ақ ешқандай жазығы жоқ екені көрініп тұрмай ма! Осыным үшін садақа, міне, ернім! Алдымен әйелдеріңе сүйгізіңдер, дәм татсын. Сонан соң өздерің келіп жей беріңдер!

Көпшілік ду күлді. Бетін басып түншыға күлген Мақпал шыға жөнелуге оқталғанда Мәрия ұстай алды. Менің Мақпалға «ашты» жүнін не деп түсіндіргенімді сезіп отырған бірнешеу «жабылып сүюді» бір жолға кешіргенсіді.

- Ал, алдымен өздерің-ақ сүйісіңдерші, қане! Бір-біріңе пейілдерің қаншалық екендігін байқалық! -десті. - Егер келін өздігінен әрекеттенбесе, көріп алармыз!

- «Бұларыңыз қиын екен!» деп сық ете түскен Мақпал көпшіліктен бетін далдалай келіп, жабыса түсті бетіме. - «Болды ма?» деп сыбырлады бір аздан соң. - «Бес минут!» деп мен сыбырлай өптім. Көпшілік мұнымызды естіп қойған сияқты. Дуылдаса күліп, қолшапалақтай берді. Мен әдейі сағатыма қарап жіберіп босатқанымда Мақпал орындығына бетін баса құлап сықылықтады.

- Бәлем, қоррқады екенсің, ә! -деді оған Ораз. - Күйеуімді басқа әйелдерр сүйіп қоймасын деп жабысып алдың ғой! Тұрра-барра қайтерр екенсің?

- Алдымен өздеріңіз қорқып ... мені құрбандыққа шалған соң... сауап үшін бір жолы құтқарғым келді.

- Жеңдің, Мақыш! -деді бір жағында отырған Мәрия. Сақылдап күліп, арқасынан қақты.

Мақпалдың жеңістері үшін тост көтеріле берді сонан соң. Бұрын өзім виносын ішпейтін әйелдердің бірнешеуі ақшиған ақ арақтан да тайынбай тартып, ерлерін қайрады. «Сегізінші марттың жеңісі», «төңкерістің жеңісі», «Ұлы Жұңго компартиясының жеңісі» деген арнаулы тосттар, әнге де, биге де салды сөйтіп. Соңында өлең сайысына апарып күп еткізді. Сол сайыстары бітпей, таң атқанда қайтып бара жатып, көшеде айтысты...

Біздің келіп тойлатып жатқанымызды Лиң Дәйшің секретар естіген екен. Ертеңіне түске жақын өзі келіп құттықтады. Жалғыз көзі күлімдеп, Мақпалдың қолын ұзақ сілкіледі.

- Макбали жолдас, сіз Макпали жолдас?.. Жаксы, жақсы!.. Мен шын жүрек күттықтайды!

- Бұл кісі біздің партком секретар Лиң Дәйшің жолдас. Есіңде шығар саған партия жағынан алғаш іздеуші болып, Алтай жерлік парткомға тапсырған осы кісі! -деп таныстырғанымда көзі жарқырай түскен Мақпал да қосы қолдап сілкіледі. Секретардың қолын ханзу тілінде сөйлей сілкіледі.

- Көп рахымет сізге, Лиң шужи!... Маған істеген қамқорлығыңызды естігенмін, мәңгі ұмытпаймын!

- А...а... мұндағы қыздар ханзуша тіл білмейді. Сен ханзуша жақсы сөйлейтін болыпсың! -деп секретар енді өз тілімен сөйледі. - Қайдан үйрендің?

- Сіздің сұрауыңыз бойынша іздеп тапқан Алтай жерлік парткомда сегіз ай тұрдым. Онда асырап алған әке-шешем бар. Солардан үйрендім.

- Сегіз ай?... Сөз жоқ, өте зерек екенсің, Мақпал жолдас!... Біздің мынау тамаша жігіт, сені жақсы таныған, жақсы күткен!... Өте-өте құттықтаймын! -деп менің қолымды қайта алып сілкіледі Лиң Дәйшің. Үйге қолтықтап кіргізіп, дастарқан төріне отырғыздым да, шешемнің істеген бұл тойына шақыруға үлгере алмай қалған жайымды айттым. Шай құйып түрегеп тұрған келінін тілмаш етіп шешем кешірім сұрады.

- Мен бастықтарды тойға шақырудан бұрыннан қорқатынмын. Біздейлердің тойына келу түгіл, осы ұлымды келмеске талай қуалаған ғой. Олармен силаса алмайтынбыз. Ал, сіздей де кішпейіл бастық болатынын енді көрдік. Мұнан соң тойға алдымен шақыратыным сіз боларсыз! -дегенде секретар қарқылдап күліп, шұлғып-шұлғып жіберді.

- Бұл терең сөз, табымыз бір екен, рахымет сізге!.. Биғабили жолдасты жамандаушылар көп болған. Ал, мұндай қабілетті жақсы кадр бізде қазір жоқ. Сіз бақыттысыз. Мынадай келін түсірген соң тіпті шексіз бақытты болдыңыз!

- Өзі менің байқауымша шыншыл сияқты, көңілімді өсірген сенің өркенің өссін, Мақышым!... Жақсылап күтіңдер өзін! -деп шыға берген шешеміздің сөзіне күліп едік. «Не айтты?» деп сұрады қонағымыз. Аударып түсіндіргенімде қарқылдап күлген секретар дастарқан ортасындағы бөтелкеден екі стаканға арақ құйды.

- Білемін, келін ішпейді, кел, екеуіміз Мақпал жолдастың азаттығын құттықтаймыз! -деп қағыстырды менімен. - Енді ішпеймін, менің жұмысым көп, жақыннан бері тіпті көбейіп кетті. Қалаймақаншылық бар! -деді де, ет жеп, шай ішті. Өзім толық түсіне алмай жүрген бір мәселені сұраудың орайы келе қалды маған:

- Мал шаруашылық райыондарындағы жұмысты қалай көбейтіп алғансыздар, орталық комитеттің нұсқауы осылай болды ма? -деп бүлк еткіздім.

- Біз (оның ішінде мен де) түгел әскери адамбыз ғой, -деп жалғыз көзін қадай жымиды маған. - Өзіміз төте қарасты басшылықтың нұсқауына әскери тәртіппен ләм демей бағынып әдеттенгенбіз... Сол бойынша жүріліп жатыр!... Ал, Биғабили, Макпали жолдастар, осы аудандағы жоғары тап өкілдерінің ісінен екеуіңнің де хабарларың бар шығар. Бейсембі күні клуб майданында бір бөлім кері төңкерісшілердің үстінен халықтың күрес жиыны ашылады. Соған қатынасып беріңдер!

- Мақұл, қатынасайық!... Олардың ішінде біз арнайы сөйлеп әшкерелеуге тиісті кімдер бар екен? Дайындалып барсақ жақсы болар еді!

- Жақсы! Тізімін жіберіп берейін! ... Тарих тапсыру әрекетінде Мақпал жолдастың бізге жолдаған әшкерелеу материялдарын қылмыскерлеріне сол бойынша мойындатқанбыз. Ал, сенен ондай материал келмеді. Бетпе-бет сөйлеуге көпшілік сені шақырар. Көбін білесің. Мәселен, асқан тоңмойын, кері төңкерісші Кәкімбайды білесің. Оған келгенде сенің төтеп бере алатыныңа сенеміз. Сондықтан ескерткенім. Екеуің де білетін Омарбек бар, Таңқан бар. Ал қалғанын тізім келген соң ойланып көресіңдер, мақұл ма?... Жер иелерінен бұл күреске көп тартылады. Мал иелеріне қазірше тек кері төңкеріске қатыстыларын ғана тартпақпыз.

- Басқа мал иелеріне кеңшілік етпексіздер ме? -деп жымия сұрадым.

- Оларға дайындығымыз жетпей жатыр... Мақпал жолдас, әкеңе кеңшілік сұраймысың? -деп күлімсірей сұрады секретар.

- Жоқ, ол маған кеңшілік етпегенде, мен кеңшілік етем бе! -деп Мақпал төмен қарай сөйледі. - Оның үстінен де бар білетінімді жазып бергенмін. Жалғыз-ақ жала жабуға, нахақ күйдіруге бармаспын. Соным ғана кеңшілік!

- Жақсы!... Жақсы коммунист шығады сенен! Әрқандай жауға да жала жаппау дұрыс! Жау екені рас болса, кейін өзі-ақ ұсталады. Жаланың не қажеті бар!

Осы сөз үстінде Нюханбең есіме түсіп, Лиңдәйшіңге сүйіне қарадым. «Екеуі де бір партияның мүшесі. Ал, екеуі қалайша екі дүниедей қарама-қарсы пікірде?»...

Клуб майданындағы күрес жиыны сол айтылған күні таңертең сағат тоғызда басталған екен. Мақпал екеуіміз бір сағаттай кешігіп барыппыз. Сығылысқан халықтың майданға симағандары қорған дауалына, сырттағы үй-үйдің төбелеріне шығып қарап тұр. Күн бүгін тіпті шақшырая көтерілген. Қып-қызыл сахнадағы мекрафоннан сөйлеп тұрған бір қазақ тергеушінің өткір дауысы кереметтің қолындағы шексіз ұзын бишіктей үйріліп, аспаннан осқылап тұрғандай. Бүкіл аудандағы «феодализм» мен «капитализм» бір уысқа кіргендей көрінді.

Тіксінсек те тыныш, қымсынсақ та тынысты қалпымызды сақтап, сахна бүйіріне қиырлай жеткен екеуімізді Лиңдәйшің көре қойып, қол бұлғап, сахнаға шақырды. Желегін тастай, Үрімжіде мен бұйыртқан киіммен келген Мақпал күрес жиынының сахнасында «буржуазия бикештерінше» көрінуден имене шығып, ең артқы орындыққа отыра қалды. Мен, нұсқалған, алдыңғы қатардағы орындыққа барып отырып едім. Лиң шужи күлімсірей түрегелді де, Мақпалды қасыма арқасына қаға әкеліп отырғызды. Күрес құманданының өз орны орта шенде екен.

Майдан алаңының жарымын қылмыстылар толтырғандығы мені қатты таңырқатты. Ең алдында қолдары желкесіне қайрылып байланған кері төңкерісшілер, оның артына қолдары құрсаулы жер иелері, ең соңына ең көбі болып қамаудағы мал иелері тізіліпті. «Бұлардың еңбек майдандарына айдалып кеткендерін қосып, оның үстіне белсенділер қатарында Сәрсен тектес жалаңдап жүрген орайшыл кері төңкерісшілерді тізсек, бұл майдан төңкеріс қылмыскерлерімен лық толмай ма!» деп тігіле-үңіле қарадым. - «Лиңдәйшің сынды салмақты секретар бастаған бұл ауданнан жазаланатындар мұншалық көп шықса, ал, Нюханбең сияқтылар иіскелеген аудандардан қаншалық шықты деші?.. Осыншалық жау ішімізде тұрғанда, біздің үш аймақ төңкерісі жеңіске қалай жеткен?... Бұлардың бәрі жау болса, кедейлер жұртшылығының әл-ауқатын жақсарту үшін алман-салық салмай, гоминдаңмен табан бес жыл алысқан төңкерістік үкіметтің барлық расхотын кім көтерген. Отыз-қырық мың төңкеріс армиясының экономикалық тірегі кім болған? Осылардан көмек жиғанда жау көріп, қайсынымыз мылтық шошайтып барып едік?» деген оймен басымды шайқап-шайқап қалыппын.

Мойындарына өлім жазасының тақтайы асылған ең алдыңғы қатардағы кері төңкерісшілер арасынан Кәкімбай маған көз астымен қарап тұр екен. Тани қойдым да шайқаған басымды изеп жіберіп, Мақпалға қарадым.

- Омарбекті көрдің бе? - деп күбірледі. - Тақтай қарғылылардың сол жақтағы екінші, мені көзімен атып тұр!...

- Бұл, өлтірмей-ақ тірі жазалауға лайық қылмыскер еді!

- Мұны атбаса разы бола қоймаспын!

- Бәйбіше, тым қатал бола көрме! -дегенімде, бұл атауды алғаш естігендіктен маған жымия қарап сөйледі Мақпал.

- Қаталдық істеуге тиісті жерде қатал бола алмасаң, жеңіске жете алмайсың!

- Жеңген ит қана желкелей бермек!... Бұл жемеңгерлікпен байыса да, кейін мойны босап, қорқақ, көнімпаз ғана феодал болған. Мұндайды сен де мойындатып өзгерте аласың!... Өзгеруге көнгенді өлтіру - ең зор қанішерлік болады!... Әкеңді көрдің бе? -деп сұрадым төмен қарап күбірлеп. Мақпал да төмен қарап сұрады.

- Қай тұста?

- Артынан санағанда бесінші қатардың сол жағынан сегізінші. Қолы байланбапты. Үлкен жазаға тартыла қоймас!

- Көрдім, -деді 4-5 минуттан соң Мақпал. - Менің көргенімді біліп жылап жіберді көзіңе ақ түскір!... Өзі арықтап, қатты жүдепті, мыстанның түрмесінде менше 15 жыл қамалса, өлетін сияқты ғой!.

Қылмыс делолары жайында ұзақ сөйлеген шешен, мекрафонды жара шаңқылдап ұран көтергенде айыпкерлер тіпті бүрісті. Бір кезде кеудесімен тау соғардай асқақтап, ақырыңдай жүретін Кәкімбай, қазір тышқанның ініне де сиятын тәрізді.

Кері төңкерісшілер үстінен шағым айтушыларға сөз берілді мұнан соң. Алдымен аты аталып шақырылған Құрышпек, сөзді Нұрасылдың өлімінен бастап сөйлеп, Кәкімбайға қаһар үйірді. Ашуы жеткен удай алымды-өнімді сөз майданға қарлы боран соқтырғандай, оның жендеттерін де қалтыратып еді. Халық кегі буырқанып, сөйлеуді талап етушілер шу көтергенде сахнаға Әлия шыға келіп, өз әкесінің үстінен «дерт төкті». Әкесі екі әйел алып, шешесін тірі жесір қалдырғанын айта еңіреген кексе қызға халық арасынан күлкі көтерілді. Жиын басқарушы Ербол жиырыла қарады Әлияға. Оның «күрес жалынын бастың» дегені екенін, қыран тұмсығының күдіреюінен байқаған Әлия жылауды қойып, енді шақылдай жөнелді. Әкесін «мәйбан[3] буржуой тамады[4]» деп тілдеп жіберді де, гоминдаң уақытында «Америка жиянгерлігіне» отан сатқан делдалдардың бірі болғанын әшкереледі. Бижін мен Шанхайға барып жүріп, Жаңкайшымен тіл біріктіргендігін айтты. Сол сапарларында 500 мың долларлық қана сомамен барып, бес милион долларлық тауар алып қайтатындығын тізіммен дәлелдеді». «Отан сатпасаң оларды қайдан алдың?» деп сонан соң ақырдай келіп әкесіне... Сұлу мұртты сопақ бетіне түрмеде қауғадай қара сақал біткен саудагер, қызына мүлде түншыққандай тығылып, көзі атыла қарады. Кәкімбаймен қатар тұр екен. Әлияның әр ақыруына бір шатырлаған қолшапалақ пен күлкі араласа жауды.

- Әкесінен шекарасын осылай бөлмесе қалай бөлмек!

- Тұмсық күйеу разы болған-ақ шығар!

- Әкесін сойып берсе де разы болмай ма! -деген күлкілерде естілді көп арасынан.

Базардың таңқы құйрық Әлиясы сахнадан түсе жөнелгенде, сақараның бір таңқы құйрық қызылы тағы шыға келді сахнаға. Саркідір тартқан әйел болса да солай киініпті өзі. Мұның да активтің тым асқан аптығы екенін, кеуделей келісінен байқай қойдым.

- Мен жауыз Таңқан Үкірдай үстнен сөйлмек едім, -деп бастады сөзін. - Бұл жауыздың - кәрі қабанның елу жыл ішінде қол астындағы халыққа істемеген зорекерлігі қалмаған. Алғашқы айыптаушының айтқандарының бәрі рас, қол қойып қосыламын. Мен қазір Таңқанның өзіме қыз кезімде істеген бір зорлығын ғана өзіне сөйлетейін деп шықтым. Ей, кәрі төбет, көтер басыңды! -деп шаңқ ете түсті. Жетпістен асып бүкірейген шақшадай ғана аппақ шал төмен қарап тұрып алып еді. Көп арасынан Әлімбай хатшы шыға келіп ақырып қалды. Мақпал, негізгі бір жауын енді көріп, бадырая қарап қалған екен.

- Әлімбайды көрдің бе, Омарбектің орнына райыон бастығы болып сайланыпты! -деп Мақпал күбірлей күрсінді. Әлімбай ыршып барып, Таңқанның қураған селеудей селдір сақалынан көтеріп қалып, шалқасынан түсірді. Қайта көтеріп, шымға қағатын қазықша ырғап тіктеді де, бізге бір қарап қойып, жөнеле берді.

- Ей, кәрі қабан, жауап бер! -деп шаңқылдады шағым айтушы Таңқы. - Жиырма сегізінші жылы күзде... айдың... күні түнде маған не істегеніңді сөйле! Қаншалық қинағаныңды, бәрін сөйле!

Тұқырып алған Таңқанға бірқанша белсенді қатар ақырды.

- Шырағым, осы сөзіңе жап-жас өзің емес, өлмелі менің бетім шыдамай, жерге кіре алмай ұялып тұр едім. Құдай басқа салған соң сөйлейін енді, сөйлейін! -деді Таңқан. - Менің жауыз болғаным рас, өзім-ақ айтамын ғой бәрін. Халім барда әйел құмар болғаным рас. Үкіметке сондай пәлелігімнің барын айтып, қинаудан құтылу үшін, тіпті, артығымен сөйлеп беріп едім. Ал, сен туралы... мен... тіпті қараудан ұялатын қарғадай бала едің... оның үстіне сені... өзім қызым деуші едім... шынын айтқанда, ол кезде шешеңмен тәуір едім ғой, тергеушіге берген тізімімде ол мархұмның да аты бар. Нанбасаң содан қарашы, шырағым! Мұндай жала жауып, Құдайдан безбе! Құдай алдына барғалы тұрмын ғой, қызым, Алла сақтасын, сен жаққа беттеп көргенім жоқ! -дегенде шу көтерді көпшілік намыстың қатал шеңгеліне түгел кіргендей, рақымсыз уыста мыжылып бара жатқандай, аянышты күңіреністер естілді құлағыма. Беті қанға боялғандай қызарған әйелге бірнешеу қатар ақырды.

- Сөйлетпеді деп қазір атқызып жіберсең де, тоқтат арсыз сөзіңді, лағынат! -деп жіберді Құрышпек.

- Егер рас болса да өзіңді шиге шаншып масқараламай, тергеуші алдында ғана беттеспеймісің! -деп күбірлей келген біреу тарта жөнелді қолынан. Бұл әйелді сөйлеткен Әлімбай екендігі, олар сахнадан түсе салысымен көрінді.

- Зорекерлер үстінен шағым айтқызбай сүйреіп түсіретін кімсің сен! -деп кіжінді Әлімбай.

- Район[5] жолдас, мұндай есуасты қайрап, жоқты көкіткенше6 барын өзіңіз-ақ сөйлесеңіз болмай ма! Жауға өзін масқаралату үшін шығарғаның ба бұл! -деп Әлімбайды кінәлаған бір жігітке қарап отырып қалыппын. Атым мекрафонда аталғанына жалт қарасам, Ербол мені сөйлеуге шақырып тұр екен. Көптен таныс көпшілік дуылдай қолшапалақтағанда түрегеліп, бас идім де мекрафон алдына бардым.

- Мен бұл жиында сөзге шығушылардың ең соңында сөйлемек едім, -деп бастадым сөзімді. - алдымен мына дұспандар үстінен шағым айтушылардың - әшкерелеуші, айыптаушылардың сөзін тыңдамақ едім. Кім дәл айтты, кім жала айтты, бұлардың қылмысын толық білетіндердің қайсысы ашылды, қайсысы жасырды, бұларға бұрын қолшоқпар болғандардың қайсысы өзін әшкерелеп, шекарасын ажыратты. Анықтап алып сөйлесем, бұл күрестеріңізге үлес қоса алатындығыма сенемін. Өйтетінім, дәл мына алдыңғы қатарда тұрған айыпталушылар маған толық таныс. Бұлардың қылмыстарын білетіндерді де, бұлардың асырап өсірген күйкентайларын да, айтақтайтын жендеттерін де толық білемін. Өздіктерінен әшкерелемейтін болса сонан соң сөйлемек едім. Ал, жолдастар, қашан сөйлейін?

- Соңында сөйлесін!  Ең артынан-ақ сөйлесін! -деген дуыл көтерілді.

- Олай болса, қылмысты асыра сөйлеушілерге де, жасыра сөйлеушілерге де, жасырынушыларға да осы жолы қатал тиісетіндігіме сеніңіздер, отыра тұрайын!

Бықсымаларды дәл тауып көсеппін. Сөзге шығуға таласушылар лап ете түскендей шуылдай көтерілді. Тізімдеп алған, тәртіппен сөйлетуді Ерболға сыбырлай салып, орныма қайттым. Бұрын Кәкімбайға сыбайлас болған Сәрсен мен екі жендеті алдымен тізімделді. Кибірахұн мен Әлияның әкесінің әшкерелеушілерінен үшеуі, Омарбектің жандайшабы Әлімбай бастаған төрт әшкерелеуші, Таңқанның үстінен бес әшкерелеуші тізімделгенде Мақпал жайраң қақты.

- Бұлар енді сенімен маған сөйлейтін материал қалтыра қоймас! -деп күлді. Әлгі сөзіңнен қорыққан-ақ екен. Бәрі де Омарбек пен Таңқанның сайыпқыраны болған!... Әкемнің ісін білетін де осылар!

- Әкеңнің қылмысы аз болса керек!

- Недәуір бар шығар, бірақ, атылуға шарты тола қоймас! -деп күрсінді Мақпал.

Әрқай белсенді өзді-өз қожайындары үстінен сөйлей берді, түткілей берді. Ең мықтысы болып, оза шапқан Сәрсен мен Әлімбай Кәкімбай мен Омарбектің бет-аузын қанға бояп келіп сөйледі. Қайта барып сақалдап та сөйледі. Маған қарап қойып та, Мақпалға қарап та жұдырықтады.

- Өздерің қатысқан қылмыстары қалып қоймасын! -дегенді күбірлеп ескертіп мен отырдым.

Сәрсен саясат Кәкімбайды гоминдаң партиясына тартып, шаңзұңдыққа көтергенін әшкерелегенде иіле түсті. Оны Досан әкіммен бірге үш аймақ жазасынан құтқарысып-жасырысып келгендігін сөйлегенде бүгіле түсті. «Бұл кері төңкерісші Ахыметжан, Ысқақбек сынды көсемдеріміздің өлімі туралы ұлы құтқарушымыз Жұңго компартиясына, беті бүлк етпей жала жабуға дейін бармады ма!» деп сақылдады соңында. Осыны сөйлегенде ғана бой жазып, қайта тікірейді де, сахнадан ыршып түсіп, Кәкімбайын тепкілей жөнелді.

Жауынды күні Зарықбай, Қоңқай ауылындағы қарақшылығын сөйлеген Әлімбай «мені де алыңдар қолға!» деп қос қолын көтере айқайлап еді. Мақпалды аңдып жүріп қолға түсірген қарақшылығын әшкерелегенде, өзін шапалақтап-шапалақтап жіберді. «Осының барлығын зорлап істеткен осы боқсақал!» деп ыршыған Әлімбай Омарбегінің сақалына сап ете түсіп шартылдатты.

Бұл рет тізімделіп сөйлегендердің көпшілігі осындай фоксшы жендеттер екен. Пышақтарын өз беттеріне қадап қойып, қожаларының қолқаларына сүңгіте берді.

Бұлар түгіл сөйлеп болғанда, өзім тағы сөйлеп өш алу түгіл, байлаулы сорлы дұспандардың өші менде кеткендей, жаным ашыды. Қорқытып өз жендеттеріне өздерін өлерде тепкілеткен мен болмадым ба! Маған жымия қараған Ербол «ең соңында сөйлеймін» дегенім бойынша мекрофонға сөзге шақырды. Түрегеліп барып, көпшілікке бас идім де ресми дауыспен! «Менің бұл реткі жазалау жиынында кері төңкерісшілер үстінен әшкерелейтін мәселелерім осымен бітті!» -дегенімде ду ете түсті көпшілік. - «Кейінгі тізімделіп сөйлеушілердің жұдырықтарынан басқасы түгелімен менің сөзім!».

Жиын басқарушы Ербол Лиңдәйшіңнің қасына барып, сөйлейтін сөзі бар-жоқтығын сұрап еді. Секретар басын, көңілсіз ғана шайқай салды. Алдыңғы ұзақ сөйлеген тергеушінің қасында отырған жепаңжүн порымдас сары киімді Ерболдың ымын көре сала түрегелді де үкім оқуға кірісті. Солт осы кісі екен. Мойнына тақтай асылған он екі адамның аттарын алдымен атап, өлкелік жоғары соттың бекітуі бойынша өлім жазасына үкім етілгендігін сақылдай сөйлеп бір тынды. Іле-шала қайта сақылдап, несие өлімге (екі жыл кешіктіріп атуға) кесілгендердің тізімін оқыды (оны санай алмай қалдым. Әйтеуір ұзағырақ оқыды). Онан соң мүддетсіз қамалатындар мен жиырма жылға кесілгендердің тізімін оқыды. Неше мыңдаған адамның өліктей үнсіз тынып қалғандықтарына қарап отырып, бұлардың қанша адам екендігін де санаусыз қалдырдым.

Нақ өлімге үкім етілгендердің автомобил кузыбына лақтырылғандағы аянышты үні әлі де құлағымда.

- Лиңдәйшің, Лиңдәйшің! -деп айқайлап барып үзілді бір үн.

- Төңкеріс деп сұраған көмектеріңнен немді аяп едім, көргендерің айтсаңдаршы шырақтарым-ау! -деп бірі лақтырылмай тұрып-ақ жалп ете түсті.

- Секретар-ау, қарағым-ау жүзің жылы еді ғой, рахымың қайда! - деп бірі зарлай ұшты кузыпқа.

- О дүниеде қолым сенің жағаңда, Әлімбай! -деп Омарбек лақтырыларда қалтырап кетті.

- Лиңдәйшің-ау, арқамнан қағып жүріп, басымды қағып тастадың-ау!..

Өзінің аты қазір өлетіндердің аузынан шыға бергеннен көрге бірге кететіндей түршіккені ме, иә, ішіндегі ашынышын жасыруға күші жетпегені ме жалғыз көзі шақшиып, күре тамырлары бадырая қалған секретар сахнаның артынан түсе жөнелді. Сол басқышпен Мақпал екеуіміз де сырғи жөнелдік. Қолдасып алып, тұп-тура үйге тарттық. «Омарбек өлтірілмесе, разы бола қоймаспын» деп келген келіншегімнің көзі тіпті бақырайыпты...

Әділетті тергеушім, өз танымымда бұл тараудағы қылмысым -  отты басқалардың қолымен көсегендігім еді. Ал, сіз, сол өнер арқылы жұрттың қолын түгел өртеп болып, отты енді тұмсықтарымен көсетіп жатқаныңызда менің мұным қылмыс болып жарытар ма. Кешіре тұрыңыз, ендігі тараулардың бірінде егіз қылмыс тудырып берермін!

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»


[1] Бұл шақта Толы Дөрбілжіннен бөлініп жеке аудан болып құрылған.

[2] Яту (ханзуша) - қыз.

[3] Мәйбан - компрадор, делдал.

[4] Тамады - шешесін.....

[5] Район жолдас - район бастығы демекші.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364