Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Жаңалықтар 2438 0 пікір 14 Шілде, 2009 сағат 18:51

Шадияр Молдабек. Қырым безгегі Шымкентте «қыдырып жүр»

 

 

Газетіміздің өткен сандарының бірінде қауіпті саналатын қырым қанды безгек ауруының Оңтүстік Қазақстан облысындағы жағдайынан хабардар еткен болатынбыз. Онда дер кезінде көрсетілген дәрігерлік көмектің нәтижесінде кене шаққан үш адамның да аман-сау қалғанын айтқан едік. Айтып ауыз жиғанша болған жоқ, Түркістан қаласында қырым қанды безгегі деген күдікпен бірнеше азамат көз жұмды.
Облыстық прокуратураның берген мәліметіне жүгінсек, үстіміздегі жылдың 24 маусымында Түркістан қаласындағы перзентхананың акушерлік бөліміне 23 жастағы Шахида Исмаилова деген азаматша келіп түседі. Әйел осы күні аман-есен босанып, үш күннен кейін үйіне оралады. Араға екі күн салып, Исмаилова қан кету салдарынан қайта әйелдер босанатын үйге түседі. Алдын ала дәрігерлік зерттеулерден кейін ақ халаттылар сырқат әйелге 1 шілде күні ота жасайды. Алайда қайта қан кету салдарынан Түркістан қалалық орталық ауруханасының дәрігер-хирургы С.Өскенбаевтың қатысуымен ертеңіне түстен кейін тағы ота жасауға мәжбүр болады. Бірақ бұл жолғы ота да қанды тоқтата алмады. Енді түркістандық дәрігерлер облыс орталығынан көмек шақыруға мәжбүр болады. Сол күні Шымкенттен З.Қабдиев көмекке келеді. Алайда бұл әрекеттің бәрі сырқаттың өмірін сақтап қала алмады. Ол шілде айының 4-і күні жантәсілім етті. Ал бір күн бұрын дүние есігін енді ашқан нәрестесі де шетінеп кетті.
Бұл қауіпті ауру бір ғана шаңыраққа қайғы әкелумен шектелген жоқ. Өкінішке қарай, шілденің 9-ы күні өзгенің өмірін сақтап қалу үшін жанталасқан дәрігер З.Қабдиевтің өзі де көз жұмды. Ертеңіне түркістандық дәрігер С.Өскенбаев ауыр жағдайда аурухана төсегіне таңылды. Әріптестері қанша әрекеттенгенімен оны да ажалдан арашалап қалу мүмкін болмады. Сол аурухананың неонтолог-дәрігері Ш.Бақбергенова да дәл осындай диагнозбен шілденің 10-ы күні Түркістан қалалық-орталық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылды. Ол да Исмаиловаға медициналық көмек көрсетіп, жаңа босанған ана мен нәрестенің денсаулығына бақылау жасаған болатын. Бет қатталып жатқанда 36 жасар Бақбергенованың да дүниеден озғандығы жөнінде қайғылы хабар түсті.
Марқұммен қарым-қатынаста болған азаматтардың қатары бұдан да көп. Бас-аяғы 10-ға жуық. Мәселен, сырқатты бірнеше рет қараған акушер-гинеколог 25 жасар Нұрбол Өтепберген шілденің 10-ы күні жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылса, босанатын әйелге күтім жасаған медбике А.Қалыбекова дәл осындай диагнозбен шілденің 11-күні түнгі сағат 12.40-та ауруханаға жеткізілді. Сондай-ақ Ескі Иқан селосының тұрғыны А.Мамадазим деген азамат та Қырым қанды безгегі диагнозымен ауруханаға жатқызылып, ерекше қадағалауға алынды.
Жақындағанды қынадай қырған бұл қандай ауру болды? Дәрігерлердің әзірге қойып отырған диагнозы Қырым қанды безгегінің ауыр түрі болып тұр. Қауіпті аурудың белең алып, істің насырға шабуының себебі неде? Облыстық прокуратураның қорытындысына сенсек, бірінші кезекте дәрігерлер аурудың диагнозын уақтылы, әрі дәл қоймаған. Ең сорақысы, бірнеше адамның өліміне себеп болған қауіпті ауруды тудырушы ошақты тиісті орындарға хабарлау, залалсыздандыру, жою жөнінде шаралар қолданылмаған. Ал Әнуарбек Маймақов басқаратын облыстық денсаулық сақтау басқармасы болса, облыстық аурухананың дәрігері қайтыс болғанына қарамастан ауруды анықтауда жіберілген кемшіліктер бойынша шара көруге жүрегі дауаламағанға ұқсайды. Мұның артында, әрине жеке басты қауіптен арашалап алу мақсаты тұрған секілді. Өйткені басқарма басшылығы тарапынан орын алған қайғылы оқиғаны жасыруға әрекеттенгені әшкере болды. Өрт шыққан жердің түтінін жасыру мүмкін болушы ма еді? Әйтпесе босанушы әйел ауырған уақыттан бастап дәрігер З.Қабдиевтің көз жұмғанына дейінгі аралықта бақандай 13 күн өткен. Ауру диагнозы уақтылы анықталып, тиісті шаралар дер кезінде қолданылғанда қаншама адамның жанын ажалдан арашалап қалуға әбден болатын еді. Прокуратура органы мәжбүрлемегенде облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау мен облыстық денсаулық сақтау басқармасынан арнайы топ аттанбас та ма еді?! Сонда қалай, санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды қадағалаушы және адам денсаулығын күзетуші органдар үшін қызмет адам шығынынан да қымбат болғаны ма? Тікелей міндеттеріне салғырттықпен қарайтын мұндай басшылардың кімге, қаншалықты қажеті бар? Бір емес, бірнеше жанның өліміне себепкер болған оқиғаға байланысты тиісті органдардан мәжбүрлеу болмаса, селт етпейтін басшылардың жұмысын әрі қарай жалғастыруы қарапайым адамдар үшін қорқынышты емес пе?! Көпшіліктің ойы осындай. Ал прокуратура тарапынан қызметіне салғырт қараған лауазым иелерінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Қазір арнайы топ құрылып, тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Әнуарбек Маймақовқа қатысты прокуратура тарапынан айтылып жатқан сынның басы бұл емес. Бұған дейін де бірнеше рет сын-ескертпелер болған. Алайда нақты нәтиже байқалмайды. Мүмкін, бөлінген қаржыны қалай игерсек дегенге бас қатырып, негізгі міндеті – денсаулық сақтауға уақыт таба алмай жүрген болар. Соңғы үш жыл көлемінде облыстың денсаулық сақтау саласына бөлінген қаражат үш есеге дейін артып, ауруханалар соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен жабдықталуда. Аса қауіпті жұқпалы аурудан адам шығыны көбейіп жатса, мұндай жаңа технологиямен қамтамасыз етудің пайдасы қанша? Ал бұрынғы орынбасары болса тікелей міндетін атқару орнына жеке лотереясын мәжбүрлеп сатамын деп жүріп, қызметімен қоштасқан болатын. Шектен шыққан салғырттықтың салдарынан балаларға жұққан ВИЧ індетінен кейін облыстың денсаулық саласында үлкен «төңкеріс» болған еді. Сонда сапалы жұмыс істету үшін міндетті түрде «төңкеріс» орын алуы қажет пе?

 

 

Шадияр Молдабек, Оңтүстік Қазақстан облысы.
“Алаш айнасы” газеті 14 шілде 2009 жыл

0 пікір