Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 4664 93 пікір 18 Қаңтар, 2022 сағат 17:34

Назарбаев. «Билік Тоқаевта. Мен қазір зейнеткермін»

2021 жылдың 28 желтоқсанынан бері баспасөзге бірде-бір мәрте көрінбеген экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Elbasy.kz сайты арқылы Қазақстан халқына үндеу жариялады.

«Құрметті отандастар! Ардақты ағайын!

2022 жыл халқымыз үшін күрделі де қатерлі сынақтан басталды. Баршаңызға мәлім, ұйымдасқан экстремистік топтар елімізде жаппай тәртіпсіздік орнатып, террористік шабуыл жасады. Соның салдарынан бейбіт тұрғындарымыз зардап шекті.

Қасіретті оқиға кезінде қаза болғандардың жақындары мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Лаңкестер елдігіміз бен егемендігімізге, тыныштығымыз бен тұтастығымызға қауіп төндіріп, жұрттың берекесін қашырды.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың шұғыл шешімдерінің арқасында ел іргесі сөгілген жоқ. Мемлекет басшысын қолдау – баршамыздың азаматтық борышымыз. Ендігі кезекте осы оқиғадан сабақ алып, мұндай бассыздыққа жол бермеуге тиіспіз.

Бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздіктің отыз жылы ішінде атқарған істеріміз аз емес. Қазақстан әлемге танылған еңселі елге айналды. Ұлан-ғайыр шекарамыз түбегейлі бекітілді. Елімізде іргелі реформалар жүзеге асып, Орталық Азияда көш бастадық. Еуразия жүрегінде, Сарыарқа төсінде жаңа астанамыз бой көтерді. Бірлік барда ешбір жау сағымызды сындыра алмас», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев соңғы рет 2021 жылдың 27-28 желтоқсанында Петерборда өткен ТМД елдері басшыларының бейресми жиынында эфирден көрінді. Содан бері бірде-бір мәрте баспасөзге шықан жоқ. Оның (Назарбаевтың) Қауіпсіздік кеңесінің тізгінін президент Тоқаевқа тапсырып бергені туралы ақпарат 5 қаңтар күні жария болды. Ал күллі әлем жұрты әңгіме еткен «қаңтар оқиғасы» мен одан кейінгі елішілік ауыс-түйістер, саяси өзгерістерге қатысты экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев еш пікір білдірмеген еді.

Назарбаев өзінің бүгінгі үндеуінде де елішілік саяси өзгерістер мен ауыс-түйістер туралы ештеңе айтпаған. Elbasy.kz сайты Назарбаевтың қазақ және орыс тіліндегі үндеуін жариялады. Аталған үндеудің орыс тіліндегі нұсқасында қазақ тілінде айтылмаған бірлі-жарым сөз бар екен. Онда елдегі билік ішіндегі тартыстар мен Назарбаевтың шетелге кетуі туралы сөздерге жауап берілген.

«Маған қойылып жатқан көптеген сұрақтар мен баспасөзде жарияланып жатқан мәселелерге жауап бере келе айтарым: мен 2019 жылы Президенттік құзыретті Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырып бергенмін. Содан бері зейнеткермін. Қазір заңды еңбек демалысындамын. Ешқайда кеткен жоқпын, астанадамын», - деп мәлімдеді Назарбаев.

Осыған дейін Назарбаев қайда деген сұрақ қазақстандық және шетелдік БАҚ-та қызу талқы болған. Біріккен Араб Әмірліктері мен Қытай Халық Республикасы Сыртқы істер министрлігі деңгейінде бұл сұраққа жауап беріп, Нұрсұлтан Назарбаевтың өз елдеріне келмегенін ресми мәлімдеп үлгерген.

«Елдің билігі толықтай президент Қасым-Жомарт Тоқаевта. Ол Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы. Жуық арада президент Тоқаев «Нұр Отан» партиясының төрағасы болып сайланады. Сондықтан, элита ішінде ешқандай тартыстар мен қақтығыс жоқ. Бұл жөніндегі алып-қашпа әңгімелер негізсіз. Баршаңызға белгілі, мен 30 жыл еліміздің гүлденуі жолында тынбай жұмыс істедім. Прогрессивті реформалар жүргіздік. Шекарамызды бекіттік», - дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Abai.kz

93 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1479
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5470