«Қасіретті қаңтарға» бір ай: Жазылмайтын жара, ұмытылмайтын қаза...
«Қасіретті қаңтар» оқиғасына тура бір ай толды. Әлеуметтік және саяси талаптармен басталып, соңы қантөгіспен аяқталып, бүгінде азаптаумен жалғасын тауып жатқан оқиғалар тізбегі 2 қаңтар күні Жаңаөзен қаласында басталған еді.
Қаңтардың басында Жаңаөзен халқы сұйытылған газдың бағасы бірден екі есе қымбаттағанына наразылық білдіріп, қаланың орталық көшелерін жауып тастады. Олар газдың негізсіз көтерілуін түсіндіруді талап етті және газ бағасының 50 теңге болуы сұрады.
Жаңаөзен үшін газ бағасының тиімді болуы маңызды. Себебі аталмыш өңірдегі халықтың басым бөлігі көліктеріне газды қолданады. Арзан әрі қолжетімді. Ал газ бағасының өсуі қарапайым халықтың қалтасына айтарлықтай соққы болған. Сарапшылар тапқан табысының 20 пайызын газға жұмсайтындар саны көп дейді. Осылайша газ бағасының өсуі Маңғыстау өңірінің халқын алаңға шығарды.
2-4 қаңтарда наразылық акциялары Маңғыстау, Ақтау өңірлерінде бейбіт сипатта өтті. Мемлекет тарапы газ бағасын тұрақтандыру үшін арнайы комиссия құрып, Маңғыстауға аттандыратынын айтты. Вице-премьер комисся құрамын басқаратыны белгілі болды. Комиссия құрамында Мемлекет хатшысы Ерлан Қарин де болды.
4 қаңтар күні Жаңаөзен халқын қолдаушы өңірлер саны артты. Олар «Жаңаөзенді қолдаймыз, қымбатшылық тоқтатылсын» деген ұранмен қала орталықтарына жиналып, ұрандады. «Газ 50» ұраны әлеуметтік желіде басты талапқа айналды және митингтердің қозғаушы ұраны болды.
4 қаңтар күні Алматы қаласындағы «Алатау» театрының жанына кешке халық жинала бастады. Бастапқыда бірнеше жүз адам болған еді, артынша олардың саны артып, бірнеше мыңнан асты. Жиналған халық Төле би көшесімен көтеріліп, орталық алаңға аттанды. Полиция қызметкерлері оларды тоқтату және тарату мақсатында көзден жас ағызар газ қолданды. 5 қаңтарға қараған түні полиция мен алаңға шыққандар арасында алғашқы қақтығыстар болып, полиция көліктері өртенді.
5 қаңтар күні президент Тоқаев елдегі жағдайды алаңдатарлық деп атап, Маңғыстау облысы мен Алматыда төтенше жағдайлар енгізді. 5 қаңтар күні Қазақстан Үкіметі отставкаға кетті. Дәл сол күні «Алтын Орда» базарының маңына мыңдаған адам топтаса бастады, полиция оларды көзден жас ағызар газ қолданып, таратуға тырысты. Ал түстен кейін Алматы қаласының билігі қаланы бақылаудан шығарып алды. Наразы топ қала әкімдігін басып алып, өртеп жіберді. Өзге де мемлекеттік ғимараттар отқа оранды. Қала ішінде атыс басталды. Интернет байланысы үзілді, алайда түрлі ақпарат көздері арнайы проксилер арқылы жаңалық таратуға тырысты. Қала орталығындағы қақтығыста қаза тапқандар жайлы ақпараттар сағат санап арта түсті.
5 қаңтарда президент мемлекет бойынша төтенше жағдай жариялады. Бұл ел билігі ел бойынша бақылауды қолдан шығара бастағанының айқын дәлелі болатын. Мысалы Талдықорған қаласында наразы топ өкілдері Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін құлатты. Қызылорда, Шымкент, Тараз қалаларында қақтығыстан қаза тапқандардың бар екені айтылды.
Тоқаев 5 қаңтар күні ел астанасында қалатынын мәлімдеп, Қауіпсіздік Кеңесін өз қолына алғанын жариялады. Артынша президент елдегі жағдайды тұрақтандыру мақсатында ҰҚШҰ елдеріне өтініш айтып, әскер кіргізуді сұрады. 5-нен 6-на қараған түні Алматы қаласында жаппай тонау болды. Қарақшылар қала көшелерімен жүріп, банктер мен дүкендерді, сауда орындарын қиратты.
6 қаңтарда Алматы қаласы мен өзге де аймақтарда антитеррор операциясы басталды. Тоқаев елге «20 мың лаңкес шабуыл жасады» деп мәлімдеме жасады. Алайда халықаралық қауымдастық бұл мәлімдемеге үлкен күмәнмен қарауда. Еуропа елдері «Қасіретті қаңтар» оқиғасында және оқиғаны тергеу барысында адам құқығы өрескел бұзылуда деп санайды.
Президент 10 қаңтарды «Аза тұту күні» деп жариялады. Жалпы қақтығыс салдарынан ресми 227 адам қаза тапқан, ал тәуелсіз сарапшылар олардың саны әлдеқайда көп дейді.
11 қаңтарда президент ел үкіметін басқаруға қабілетті деп Әлихан Смаиловты премьерлікке ұсынды. Артынша Смаилов жаңа үкімет құрамын жасақтады.
13 қаңтар күні президент ҰҚШҰ әскері өз міндетін сәтті орындағанын айтып, елден шығарылатынын мәлімдеді. Ең соңғы болып Ресей әскері 19 қаңтарда елден кетті. Жалпы жиынтығы ҰҚШҰ тарапынан 2600 сарбаз келген болатын.
«Қасіретті қаңтар» оқиғасынан кейін елдің саяси жүйесінде біршама өзгерістер орын алды. ҰҚК басшысы Кәрім Мәсімов пен оның жақтастары тұтқындалды. Оларға «ел билігін басып алмақ болды» деген айып тағылуда. Елдегі бүлікті ұйымдастырды деген желеумен «Йакын Инкар» радикалдық тобының мүшелері ұсталуда.
Қазіргу уақытта елде үлкен экономикалық реформалар жасалатыны айтылуда. Алайда «Қасіретті қаңтар» оқиғасына қатысы бар деген жандардың тергеуде азап шегіп, соққыға жығылып жатқаны да белгілі болды.
Abai.kz