Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4496 0 пікір 21 Қыркүйек, 2012 сағат 07:33

Түркі академиясының тың туындылары

 

Түркі өркениеті әлемдік өркениеттердің қатарынан ойып орын алуға әбден лайықты. Оның тарихи да, мәдени де алғышарттары жеткілікті. Әлем түркі этносының қайта ояну дәуірінің куәсі болуда. Түркі мемлекеттері, түркі халықтары арасында әртүрлі саяси, экономикалық, мәдени, ағартушылық байланыстар орнауда. Сондай нақты іргелі істің бірі - Астана қаласында елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен халықаралық Түркі академиясының шаңырақ көтеруі болып отыр.

Академия бұдан былай түркілердің бай тарихын зерделейтін, түркологиялық бағытта кең ауқымда зерттеу жұмыстарын жүргізетін, әлемге мәлім түркологтарды ортақ іске жұмылдыратын, олардың арасында үйлестіру жұмыстарын жолға қоятын теңдесі жоқ бірден-бір ғылыми-зерттеу орталығына айналу үстінде. Халықаралық Түркі академиясы (ХТА) қолға алып отырған жалпытүркілік айтулы жобаларға ортақ әліпби, терминология мәселелері мен түркі тілдерінің сөздіктері, сондай-ақ ортақ тарих пен әдебиет оқулықтарына арналған ғылыми зерттеу бағыттарын атауға болады.

 

Түркі өркениеті әлемдік өркениеттердің қатарынан ойып орын алуға әбден лайықты. Оның тарихи да, мәдени де алғышарттары жеткілікті. Әлем түркі этносының қайта ояну дәуірінің куәсі болуда. Түркі мемлекеттері, түркі халықтары арасында әртүрлі саяси, экономикалық, мәдени, ағартушылық байланыстар орнауда. Сондай нақты іргелі істің бірі - Астана қаласында елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен халықаралық Түркі академиясының шаңырақ көтеруі болып отыр.

Академия бұдан былай түркілердің бай тарихын зерделейтін, түркологиялық бағытта кең ауқымда зерттеу жұмыстарын жүргізетін, әлемге мәлім түркологтарды ортақ іске жұмылдыратын, олардың арасында үйлестіру жұмыстарын жолға қоятын теңдесі жоқ бірден-бір ғылыми-зерттеу орталығына айналу үстінде. Халықаралық Түркі академиясы (ХТА) қолға алып отырған жалпытүркілік айтулы жобаларға ортақ әліпби, терминология мәселелері мен түркі тілдерінің сөздіктері, сондай-ақ ортақ тарих пен әдебиет оқулықтарына арналған ғылыми зерттеу бағыттарын атауға болады.

Түркі академиясы халықаралық мәртебе алмай тұрып, 2011 жылды түркітану мәселелеріне арналған 24 ғылыми еңбектер жинағын шығарып үлгерген еді. Бұл дәстүр биыл да жалғасуда. Жуырда Түркі дүниесі дәстүрлі де сүбелі басылымдармен толықты. Халықаралық Түркі академиясы биыл түркітанушы ғалымдар мен тарихи мұраға құштар оқырмандарға арнап,  «Түркі дүниесі» атты халықаралық альманах пен түркі әлеміндегі кесек туындылардың «Асыл мұра» атты антологиясын жарыққа шығарды. Бұл басылымдар алғаш рет, 2012 жылы 23 тамызда Қырғызстанның астанасы Бішкек қаласында өткен түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің ІІ Саммитінде мемлекет басшыларының назарына ұсынылған еді.   Аталмыш басылымдар Түркі өркениетін әлемге паш етудегі қадам болып табылады.

Түркі дүниесі үшін құнды болып табылатын бұл басылымдар жоғары сапалы қағазға басылған және мұқабасы барынша берік түптелген. Әрқайсысының тарихи маңызы зор жарқын жинақтардың салмағы 5 келідей тартатын көркем безендірілген академиялық жаңа басылымдар 1000 данамен басылып шықты. «Түркі дүниесі»  альманахын жыл сайын болатын Түркі кеңесінің саммиті қарсаңында ғылыми халықаралық басылым ретінде шығару дәстүрге айналмақ.

«ТҮРКІ ДҮНИЕСІ»  - күллі түркітанушыларға ортақ басылым

Жалпытүркілік құндылықтарды паш ету - Халықаралық Түркі академиясының бір міндеті. «Түркі дүниесі» альманахы осы міндетті атқарудағы бастама ғана.  Альманах - түркі дүниесінің тарихи-мәдени асыл мұраларына қатысты өзекті мәселелерді қамти отырып, тың зерттеулерді жинақтап, насихаттауға және түркілердің әлемдік өркениеттегі алатын орны мен маңызын бағамдауға арналған ғылыми-көпшілік еңбек. Жаңа басылым  (Түркі дүниесі. ғылыми-көпшілік альманахы. - Астана: «Фолиант» баспасы, 2012. - 724 бет.) түркітанушыларға, жас ғалымдарға, түркі халықтарының тарихи-рухани мұрасына қызығатын жалпы оқырманға арналып отыр.

Мазмұны мен жазылу сипатына қарай жинақ жеті тараудан тұрады. Олар: «Қазіргі түркі мемлекеттері», «Түркі тұлғалары», «Дәуір тынысы», «Ғылым көкжиегі», «Ғұлама ғұмыр», «Түркі мәдениеті, «Түркі өнері».

«Қазіргі түркі мемлекеттері» айдарында Әзірбайжан Республикасы, Қазақстан Республикасы, Түркия Республикасы және Қырғызстан Республикасының тыныс-тіршілігі, саясаты, экономикасы туралы ақпарат беріледі.

«Түркі тұлғалары» айдарында аталған мемлекеттердің ұлы тұлғаларының болмыс-бітімі мен жаңа тарих беттеріндегі орны жайлы баяндалады.

«Дәуір тынысы» мен «Түркі мәдениеті» айдарларында түркітілдес елдердің тарихи-мәдени құндылықтары туралы сөз болады.

«Ғылым көкжиегінде» отандық, жақын және алыс шетелдік белгілі түрколог ғалымдардың, сондай-ақ түркология саласына қалам тартып жүрген жас буын өкілдерінің ғылыми мақалалары жарияланды. Түркілердің тарихы мен мәдениетінің, тілі мен ділінің, әдебиеті мен өнерінің, діні мен философиясының өзекті мәселелеріне арналған, сондай-ақ ғылыми экспедициялар нәтижелерін көрсететін  бұл мақалалар түркітану ғылымының қазіргі даму деңгейін көрсетеді.

«Ғұлама ғұмырда» түркі дүниесіне танымал белгілі түркологтердің мерейтойына арналған мақалалар орын алады.

«Түркі өнері» айдарында қазіргі заман түркі дүниесінің талантты өнерпаздары жайлы ақпарат және олардың түркілердің қайталанбас өзіндік тұрмыс-тіршілігін бейнелеген қылқалам, сәулет, мүсін, қолданбалы өнер туындылары берілді.

«Түркі дүниесі»  альманахы алты тілде - қазақ, түрік, әзірбайжан, қырғыз, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көріп отыр.

Алғаш рет құрастырылып отырған түркі әлеміне ортақ «Түркі дүниесі» атты халықаралық альманах жыл сайын жүйелі түрде шығарылып отырады.

«АСЫЛ МҰРА» - түркілік жауһарлар жинағы

«Асыл мұра» түркі ақыл-ойының көрінісі болып табылатын жарқын жазбалар мен туындыларды іріктеп, зерттеушілерге ыңғайлап, ортақ транскрипциялық  мүмкіндіктермен ұсынылып отыр. Бұл - түркітану әлеміндегі ғылыми зерттеу жұмыстарын ортақ құндылықтарды бірізденген мүмкіндіктер мен үйлесімді үдерістерге тартудағы алғашқы қадам. Бұдан былай бірыңғай транскрипцияға түскен түркілік жазба туындылар әлемдік ауқымда әр алуан зерделеушілер үшін қолайлы болмақ. Бұл үрдіс басқа да түркілік туындылар мен құндылықтарды зерттеу жұмысын ортақ ғылыми үдеріске айналдыруға жол ашатыны сөзсіз.

«Асыл мұра» антологиясына («Асыл мұра» түркі антологиясы. - Астана: «Сарыарқа» баспасы,2012. - 568 б.) жалпыадамзат өркениетінде өзіндік орны бар түркі халықтарына тиесілі жазба ескерткіштер мен түркі халықтары тарихындағы ұлы тұлғалардың еңбектерін қамтитын ҮІІІ-ХҮ ғасырларда хатқа түскен ортақ мұралардан, дербес тілдік белгілері айқын ХҮІ-ХҮІІІ ғасыр түркі жәдігерлерінен және қазіргі түркі әдебиетінің классикалық шығармаларынан үзінділер іріктелді.

Көпшілікке ұсынылып отырған антологиялық жинақ «Асыл мұра» - «Түркі антологиясы» сериясының алғашқы қарлығашы. Антологияда түркі халықтарының маңызды да көлемді тарихи ескерткіштері, кесек туындылары мен түркі әлемінің көрнекті тұлғалары шығармалары тарихи дәуірлер бойынша жинақталған. Бұл жинақ түркі халықтарына ортақ ұлан-ғайыр мұраны игерудің бастамасы.

Антология мынадай бөлімдерден тұрады:

  • Көне түркі жазба мұралары;
  • Түркі дастандары;
  • Орта ғасыр;
  • Жаңа дәуір.

Антологияға жалпыадамзат өркениетінде өзіндік орны бар түркі халықтарына тиесілі жазба ескерткіштер мен түркі халықтары тарихындағы ұлы тұлғалардың еңбектерін қамтитын VІІІ-ХVІ ғасырларда хатқа түскен ортақ мұралардан - Күлтегін (VIII ғ.), Тоникук (VIII ғ.), Білге қаған (VIII ғ.) ескерткіштерінен, «Қорқыт ата кітабынан» (VIII ғ.), түркілердің асыл мұрасы - қырғыз эпосы «Манастан»;  Әбу Насыр әл-Фарабидің (ІХ-Х ғғ.) «Мемлекет қайраткерлерінің нақыл сөздері» трактатынан, Жүсіп Баласағұнның «Құдатғу білік» дастанынан (ХІ ғ.), Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ит-түрк» сөздігінен (ХІ ғ.), Қожа Ахмет Йасауидің «Диуани хикметінен» (ХІІ ғ.), Ахмет Йүгінекидің «Хибатул хақаик» кітабынан (ХІІ ғ.), Низами Гәнжауидің шығармаларынан (ХІІ-ХІІІ ғғ.), «Кодекс куманикус» ескерткішінен (ХІІІ ғ.), Қажы Бекташ Уәлидің (ХІІІ ғ.), Юнус Эмренің (1238-1321 жж.) шығармаларынан, Рабғузидің «Қисса-с-ул анбийа» еңбегінен (ХІV ғ.), Хорезмидің «Мұхаббат-наме» дастанынан (ХІV ғ.), Сайф Сараидің «Гүлістан бит-түрки» аударма дастанынан (ХІV ғ.), Әлішер Науаи (1441-1501 жж.) шығармаларынан; дербес тілдік белгілері айқын ХVІ-ХVІІ ғасыр жәдігерлерінен - Махмуд ибн Әлидің «Нахдж ул-фарадисынан» (ХVІ ғ.), Физули Сүлейман Бағдади (ХVІ ғ.) өлеңдерінен, Захир ад-дин Мұхаммед Бабырдың (1483-1530 жж.) «Бабырнама» шығармасынан, Қадырғали Жалаиридің «Жамиат тауарих» (ХVІІ ғ.) жылнамасынан;  қазіргі түркі әдебиетінің көшбасшылары (ХІХ-ХХ ғғ.) - қазақ әдебиетінің өкілі Абай Құнанбайұлының (1845-1904 жж.), түрік халқының өкілі Зия Гөкалыптың (1876-1924 жж.), түрікмен әдебиетінің өкілі Молланепес Кадырберды оглының (ХІХ ғ.), өзбек әдебиетінің өкілі Абдурауф Фитраттың (1885-1938 жж.), татар әдебиетінің өкілі Ғабдолла Тоқайдың (1886-1913 жж.), башқұрт әдебиетінің өкілі Ақмолда Мұхамедияровтың (ХІХ ғ.), қырым татарларының өкілі Исмайыл Гаспыралының (1851-1914 жж.), қырғыз халқының ақын-жырауы Тоқтағұл Сатылғановтың (1864-1932 жж.), әзірбайжан әдебиетінің көрнекті өкілі Хусеин Джавидтің (1882-1941 жж.), қазақ халқының бірегей ақыны Мағжан Жұмабаевтың (1893-1938 жж.) шығармаларынан үзінділер топтастырылды.

«Абай-ақпарат»

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320