Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 2902 7 пікір 14 Ақпан, 2022 сағат 15:04

Қаңтар қанды қырғыны. Қырық күн...

Қаңтар қанды қырғынынан кейін бәріміз де өзгердік деп жатырмыз. Мен де дәл сондай күй кешіп жүрмін: не ұйқы жоқ, не маза жоқ. Сананы небір астыртын жорамалдар жаулап алған. Ең бастысы, оққа ұшқан және азапталып жатқан бейбіт шерушілерга қатысты ащы сұрақтарға жөнді жауап жоқ!

Өлең де туа қоймады. "Алматыны тұман басты" деп бір өлең ғана жаза алдым. Бар ойымды мақалалар мен сұхбаттарда айтып жатырмын. Жыр қаламы болса, бұл күндері қаңтарулы күйде қалды...

Сондықтан бүгін, Қанды қырғын құрбандарының қырқы күні, осыдан тура 10 жыл бұрын, Жаңаөзен қанды трагедиясынан 40 күн өткенде жазған өлеңімді жариялап отырмын.Өкінішке орай, трагедиялар қайталануда!

Осы күнгі митингтерге қатысты айтарым мынау. Қаңтар қанды қырғыны бейбіт шерулер мен митингілерді билік те, үшінші күштер де өздерінің арам ойларын жүзеге асырып, құйтырқы арандатуларға бара алатынын ап-анық көрсетті. Қаншама адам қырылды, зардап шекті. Сол қауіптің бұлты әлі де сейілген жоқ! Билік тразиті әлі де аяқталған жоқ! Антитоқаевшыл күштер, кешегі заманын аңсап, қайтарғысы келіп, кез келген сұмдыққа баруы мүмкін. Ол үшін бейбіт адамдарды пайдалануы да мүмкін! Маған болса, әр қазақтың амандығы керек!

ЖАҢАӨЗЕН. ҚЫРЫҚ КҮН

Көзім жасқа жуылып тұр, тұнып тұр,
Керегі жоқ насихат пен үгіттің!
Саясаттан жолы биік әрдайым
Құрбандарды қадір тұтар ғұрыптың!
Қырық күн!

Қарс айрылған жүрегімді кім ұқтың?
Ей, Ақорда, неге сонша құнықтың?
Қанды колды қылмескерді табуға
Жетпейді ме саған, айтшы, қырық күн?!
Қырық күн!

Мен шындық пен шерулерде шынықтым,
Кішікпін мен, керек болса, ұлықпын.
Елу жылың әдірам боп қалсыншы,
Елді бүгін жаңартты ғой қырық күн!
Қырық күн!

Саған дейін бейшара боп жүріппін,
Жатқа сыйлап басын майлы жіліктің!
Қазағымның қанын сорған сүлік кім?
Қазағымның қанын төккен жүлік кім?
Қырық күн!

Мен де сенсіз беймәлім күн сүріппін
Ортасында былық пенен шылықтың.
Қазақылық дегенді мен қолдаймын,
Құрсын түрі тек «қазақбай-шылықтың»!
Қырық күн!

Үзілмесін алтын жібі үміттің!
Күнәһардың атын атар біліп кім?
Жесір менен жер дауы бар қазақта
Қырық күннің артында тұр қырық құн!
Қырық күн!

Төтенше боп төнді үстіңнен қырық түн.
Сен дегенде ұйқымды да ұмыттым.
ӨЗЕНІМЕ бара алмасам, мігітпін!
ӨЗЕНІМЕ бара қалсам, жігітпін!
Қырық күн!

Қылмыскерге табады екен құрық кім?
Қашан атар ӨЗЕНІМДЕ күліп Күн?
Қырық күнде көзін аштың қазақтың,
Таныттың сен қасиетін бір ұлттың!

Бекет ата бәтуасы қонса екен,
О, Құдайым, елге бостан берсе екен!
Адай малай еместігін көрсеттің,
Қазақ мазақ еместігін көрсетем!

Әміржан Қосан

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1485
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5514