Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)
Режимге алудың мақсаты, ұйқыдан да шектеу болып шықты. Үйімнен кешкілік тамақты әкеліп берген Самсақ алдымен ұқтырды бұл нұсқауды.
- Бұл, ұйықтайтын үй емес, мәселеңді ойлататын үй, ұғып қой, түн бойы ұйықтамай ойланасың!
- Ұйықтамасын десе Жаубасар саған көрпе-жастығымды артып әкеле ме!
Күліп жіберген Мақұлбек «Сторж әпендіні» желкеден қыса итермелеп шығарды да, оған кіжіне кіріп қайта отырды.
- «Құлан құдыққа құласа құлағында бақа ойнайды» деп мына сарттың әлден басынуын!
«Бұл қай қырың?» дегендей өзіне түйіле қарап қойып, тамағымды іше бердім. Мақұлбек күбірлеп, бүгін әр жерде болған күрестердің «хабарын» жеткізе отырды: «құрған ұйымымыз бар деп Қапас мойындапты», «Тоқбай мен Зарықбек жазып тапсыратын болыпты»!
- Ұйымымыз бар дегенге сен өзің сенемісің?- деп сұрадым әдейі.
- Біздің неше жылдан бергі бірге жүруімізді ұлтшылдық блок емес деп ешкімді сендіре алмайды екенбіз, Биға, біз ғана емес ұйғырларда солай мойындап жатыр! Ақталамын деп сіз де бекер әуре болмай, мойындай салыңыз, жұртпен бірге көрмейміз бе!
- Сонда құрдан-құр «ұйым» деп, «блок» деп мен немді мойындамақпын? Байқауымша сондай табақтас болып жүргендердің ішінде Құлжан екеуің бір блок құрдық деп сендіре алуларың мүмкін. Ал оған қатынастым деп мен қалай дәлелдей алмақпын?
Режимге алудың мақсаты, ұйқыдан да шектеу болып шықты. Үйімнен кешкілік тамақты әкеліп берген Самсақ алдымен ұқтырды бұл нұсқауды.
- Бұл, ұйықтайтын үй емес, мәселеңді ойлататын үй, ұғып қой, түн бойы ұйықтамай ойланасың!
- Ұйықтамасын десе Жаубасар саған көрпе-жастығымды артып әкеле ме!
Күліп жіберген Мақұлбек «Сторж әпендіні» желкеден қыса итермелеп шығарды да, оған кіжіне кіріп қайта отырды.
- «Құлан құдыққа құласа құлағында бақа ойнайды» деп мына сарттың әлден басынуын!
«Бұл қай қырың?» дегендей өзіне түйіле қарап қойып, тамағымды іше бердім. Мақұлбек күбірлеп, бүгін әр жерде болған күрестердің «хабарын» жеткізе отырды: «құрған ұйымымыз бар деп Қапас мойындапты», «Тоқбай мен Зарықбек жазып тапсыратын болыпты»!
- Ұйымымыз бар дегенге сен өзің сенемісің?- деп сұрадым әдейі.
- Біздің неше жылдан бергі бірге жүруімізді ұлтшылдық блок емес деп ешкімді сендіре алмайды екенбіз, Биға, біз ғана емес ұйғырларда солай мойындап жатыр! Ақталамын деп сіз де бекер әуре болмай, мойындай салыңыз, жұртпен бірге көрмейміз бе!
- Сонда құрдан-құр «ұйым» деп, «блок» деп мен немді мойындамақпын? Байқауымша сондай табақтас болып жүргендердің ішінде Құлжан екеуің бір блок құрдық деп сендіре алуларың мүмкін. Ал оған қатынастым деп мен қалай дәлелдей алмақпын?
- «Мен» демей, «біз» дегеніңіз жөн шығар Биға! -сылқылдап күлді Мақұлбек. - Қазір «мен» дейтін, «дара, жалғыз жасасам» дейтін сөз ешкімде жоқ. Бәрі «біз» деп мойындап жатыр! - Есік пен терезе сыртындағы серіктері келе жатқан аяқ дыбыс естілді. Мақұлбек, «енді сөйлеспейік» дегендей құпиялық сақтағансып, басын шайқады. Мен әдейі дауыстап сөйледім.
- Жоқ істі бар деп бәрін шатыстырып жүр екенсің ғой!
- Мен емес, бәрі!- деп Мақұлбек тұра жөнелді. - Өздерінен естисіз әлі, онанда өздігіңізден ашылғаныңыз жақсы, мұным жанашырлық!
Сыртқа ол шыққан соң үшеуі келді де кілемнің бір шетіне қорланып отыра қалды. Өзара күбірлесіп, әңгімелесе отырды. Юсуп Қасымның аты естілгенде ғана тыңдай қалдым.
«Екі блокке қатынасыпты»,- деп қалды біреуі. - «Бірі, Әбілемет блогы, бірі, мынаның блогы..» -иегімен мені нұсқағанын байқадым да тамақ ыдыстарын жиыстырып, жастыққа шалқалай тыңдадым. Көзімнің өзі-ақ жұмулы еді. - «Бәрі әшкереленіп болды!»- деді бірнеше күбірден соң біреуі. - «Қапияда әшкерелеп жатыр...», «Шынжаң институтындағы блогы тіпті көлемді екен... Қапас ұйымдастырыпты..»
«Бүгінгі күресте Құмар да мойындапты, үлкен бастығы мынау екен!- дегенді тағы біреуі көсіп қалды...»
Мені қорқыту міндетімен әдейі естірте күбірлесіп отырғандықтарын білетінім бойынша ықылассыз тыңдап жатып, ұйықтап кетіппін. Онан соң не пәле өрбіткендіктерін ұқпадым. Бір шақта аяғымды жұлқи сілкіп оятты біреуі.
Көзімді сығырайтып әрең ашып қарадым. «Алты ит» түгел қоршап түгел шоңқиып отырыпты. Сағат түнгі бір. Мақұлбек бастап сөйледі:
- Бастықтар көріп қалса бізге сөз келеді. Басыңызды көтеріп отырыңыз!
- Біз тапсырманы орындаймыз, ұйықтауға рұқсат жоқ!- деп екеуі қатарласа үкім жариялады.
- Әңгіме айт!- деп бұйырды тағы бірі. Қалған екеуі шоңқиған қалпында ұйықтап отыр екен. Бастық кабинеті жақтан Жаубасардың шаңқылы естілді.
- Әне!- деп қалды біреуі. Аюдың дауысын естігендей үреймен ұйықтаушы екеуін екеуі түртті. Ұйықтаушылардың бірі шалқалай құлап бара жатып оянды да, бірі құлап түсіп оянды. Ду күлді өздері. Күлкіден Мақұлбек тез тиылып, тез бұйырды:
- Күлмеңдер!... Терезесі ашық тұр!
- Сөйле!... Сөйле!... Көтер басыңды!- деп сонсоң маған зекіді бәрі. - Әңгімеңді айт!..
Маған бұл зекірулері Жаубасарға өздерінің тірі екендіктерін білдіру ғана еді. «Бұралқы ит үргенмен жағады» деген мақал есіме түсе кетіп, басымды шайқап-шайқап қалдым. «Сонсоң бар қылығы адамзатта болғандықтан шыққан мақал ғой. Бұлар және 20-шы ғасырдың жоғары мектебін бітірген иттер!... Адамзат хайуандықтан құтылу үшін мектеп ашады, оқытады. Өздерінің тапқан ең жоғары білімі мен санасын балаларына үйретуге тырысады. Тырысқанда да өздерінің барлық қаны мен терін төге тырысады. Сол қан мен тердің бодауына оқып, жоғары білім алған ұрпақтарының бір тобы мынау!... Әлі сол ит қалпы...»
- Ең өкінішті жері осы!.. Ең жиренішті жері осы! -деп есіре дауыстап жіберіппін. Ыршып түрегеліп кезе жөнелдім кең үйді. Намыс пен ыза аяғымды жерге тигізер емес. Аңыра қалған аңдушыларымды жыртиған көзіммен енді көргендеймін. Осы ойдың екпінімен аузыма лақылдап келіп қалған ауыр сөздерді әрең тежеп қалдым.
- Қарашы сәугейліктерін!- деп мен жорттым. - Ой-қарымдарының сиқын қарашы! - Алдыларына келіп тұра қалдым біраздан соң. - Ей, «күрескерлер», бүгін менің денсаулығым бұзық, қузап әуре болмаңдар! Қорқытушыларыңа жауабын өзім беремін!.. Болмаса қазір-ақ айтып қояйын! - Терезені аштым да Жаубасарға естірте, өздеріне қарап зекіре сөйледім. - Күндіз таба алмаған мәселені түнде табамыз деп әуре болмаңдар!... Ұйқысырап сандырақтай бермей дем алыңдар!... «Демалуды білмейтін адам, жұмысты да білмейді» деп Ленин айтқан ғой. Идеялогиялық төңкерісте «жауды» ұйқысыратып-талықсытып жеңіп өзгертеміз деушілік - ақымақтың ісі. Себебі, бұл, жаңылтпаш ойыны емес! Көрген түс, материалистік заң алдында факт болып та мойындата алмайды. Шындығымен мойындата алмаса, идеялогиялық төңкеріс зиян тартады. Осыдан басқа сөзім жоқ. Жазып алыңдар да түс жорығыштарыңа апарып жорытыңдар!
Орныма келіп шешініп, көрпеме кірдім. «Төңкерісшілерім» күлісе-күбірлесе қисайды қатарыма. Жаубасардың біреуі қыстап жатқан шаңқылынан құлағымды аяй қымтап жатып ұйықтап қалыппын.
Түннің тыныш өткенін ұйқым қанып оянғанымнан білдім. Жараланып жұмылған көзім де жеп-жеңіл ашылды. Тағы да не сұмдық көруге асыққанын кім білсін, шырадай жанды. Сырттан сүйкімді бір таныс үн естіп, асыға киініп едім. Алты күзетшім, үйге өрт кеткендей абың-күбің өре шықты сыртқа. Есік-терезені мықтап бекіте шықты.
- Е, сен де бар екенсің ғой!- деп қалды сырттан, келген Мақпал екен. Мақұлбекке жанамалай айтқан мысқылы екенін түсіндім. - Тамағын ертерек әкеліп беріп қайтайын десем, мына Асқар алмай қойды. Көрсінші әкесін!
Күзетшілер жабыла күбірлеп, қайтып кетуді айтып жатқаны білінді. Мен дабыстап сөйледім.
- Асқар, келмей-ақ қой, өзім барамын, алаң болмаңдар маған. Тамақты мұнан соң сендер әкелмеңдер, күтушілерім көп!
- Кеше кеште, Құлжан бар бір нешеу барып, кітаптарыңды жиып алып кетті!- деп Мақпал дыбыстады. - Жазбаларыңның бәрін алды. Тексеріп қайтып береміз дейді. Бәрін де тізімдеп қол қойғызып алып қалдым. Сен де алаң болма, денсаулығыңды күт, ызаланба!
- Мақұл, мақұл, естідім. Алған тізіміңді жоғалтпасаң болғаны!... Енді қайта беріңдер, мына бейшаралардың жүректері жарылып кетпесін, тез қайтыңдар!
Мені балам мен әйелімнен қорғаушылардың жетеу ғана емес, жиырма шақты екенін, күлгендердің көптігінен білдім. Бірі «Мақпал», бірі «Нұрия», бірі «жеңеше», бірі «келін» атап қаумалап кетіп бара жатты. Мәселе болғаннан кейін тапсырғаннан абзалы жоқ» екенін қаудырласа айтып, қақпадан шығарғанына дейін тыңдап, таңырқап қалдым. Осының бәрі маған көрсетіп жүрген қалжың ойындары сияқты... «Менің жазбаларымнан, әсіресе, мен жиған ыңғай лениндік Совет кітаптарынан не іздемек?»
Тамақтан соң сағат тоғызда кірген Есқали тіпті таңырқатты мені: қызыл жүзі күреңітіп, бітіктеу көзі қанға толып алыпты. Маған қарағандағы қарашық отының шашылып кеткенінен біржолата «құтырғандығын» байқадым. Ұйпа-тұйпа сарғыш қоңыр шәші мен жамау-жамау ескі киім, «толық пролетарға айналғандығының» дакументі сияқты. «Буржуазиядан шекарамды мүлде айырдым» дегендей атыла қарады маған.
- Жә... мырза, енді сөйлеселік, көтер басыңды!
Көз алмай күле қарап орындадым бұйрығын.
- Неге қарайсың?... Неге күлесің?
- Қарағаным танымай қалғаным. Бір түннің ішінде әрқандай сиқыршы мұншалық өзгере алмас еді. Ал, күлгенім - азат болған Жұңхуа пролетариятының сегіз жылдан бері бір қабат бүтін киім тауып кимегені жоқ. Өз үкіметіне мұншалық жала жабатын пролетар да жоқ шығар!
- Тұр орныңнан!- ақырып жіберді Есқали. Сөз таба алмай қысылғандағы әдеті бойынша жұтынып-жұтынып қалды. Кеңірдегіне дым келмей тұншыққандығынан ақырғанын түсіндім. «Миына сызат түспеген ақынсымақ мынадай тосын мүсәпірлік халге түсе ме! Мұның маған жазығы, қинауға шыдай алмағандығында ғана, иә, менен шекара айырғансып көріне тұрғысы келгені ғана шығар» деген оймен бұл «бұйрығын» да орындай салғым келді. Дереу түрегеліп тұра қалдым. Азуын баса ызбарланды Есқали. - Төрт-бес жыл тойғаныңа мастанып... Табыңды ұмытып... буржуазияға құйрық түрген азғын, сенде мәселе жоқ па! Егер өткізген қылмысыңа өздігіңнен мойындамасаң, міне, мен шықтым күреске!... Шекарамды айырдым, барыңды әшкерелеймін!
- Дұрыс, шекараңды не ғұрлым тезірек айырғаныңа тілеулеспін!- деп күліп жібердім. - Неғұрлым бар-мәзімді бұзбай-шашпай, өзгертпей әшкереле! Бірақ, «буржуазияға құйрық түрдің» деп жала жаппа!... Сендерге қашан құйрық түріппін?... Мұныңа лайық қатты жауапты қоя тұрайын, иманын үйіріп тұрып, ар-намыстан безетін алдамшы, екі құйрықты таптан шықсаң да бостандықтан бері кемшілік өткізбей, жақсы істеп келіп едің. Әрқандай таласты мәселеде компартия тілімен ғана жауап беруші едің. Мен саған сондай жақсы ниетің үшін - дұрыс беталысың үшін ғана дос едім. Қылмыс түгіл, масшылықта қисығырақ басқан бірер қадамымыз да жоқ еді. Енді неден қорқып, кімнен үркіп, қай шекараңды айырып, бетіңе қайдағы күйені жағып келіп тұрсың?... Күрессең жұртшылық алдында күрес!... Кет, шық ұждансыз, жоғал көзімнен! -деп соңында ақырып қалғанымды өзім де сезбей қалыппын. Сезбей ақырсам да мұным, секемсіз дұрыс екен. Шындап шекара айрысқан адам адырайыспай айырылыса ма, тұмсық бұзыспай төбелес бола ма. Жауласқанымыз сенімді болу үшін үстемелеп ақырдым. - Жоғал көзімнен, немді әшкерелегеніңді көріп алайын!... Жоғал арсыз! - Ұмтылып сотқарлық көрсетіп алмауым үшін отыра қалдым да бар даусыммен «сайрадым» енді. - Өрбітіп жүргендеріңнің барлығы өтірік, алдамшылық, қайтып коммунизмші болмақсыңдар!... Менің көзіме қол сұққандарың «жаңсақтан» болсын-ақ, ал, компартияның көзін бояғандарың кімнің ісі!... Қаншалық ойланып жазып, жаламен ыңғай өтірік жиып мәлімдеп, төңкеріс ісін былықтырғандықтарың «жаңсақтыққа» жата ма!... Бұл алдамшылықтарың ашылмай қала ма, сол шақта не жауап бермексіңдер?... Қазірше біреу келіп, «өтірік болса да мойындай салыңдар, сендерге кір жуытпаймыз» десін, ал, мәселе анықталған кезде сол иең сендерге кір жұқтырмауы түгіл өзі немен көмілетіндігін біле ме! Жаламен пәленің барлық күйесі сендердің ауыздарыңнан ағып, қолдарыңмен шашылса, компартия алдында адалым, аппағым бола алмақсыңдар ма?...
Соқтанды қару іздеп жұтынып тұрған Есқали осы сөзімді алып өзімді көсіп жіберді.
- Барлық ұяластарың мойындап жатқан кері төңкерістік ұйымыңды жалғыз сен ақтап, аппағым бола алмақсың ба!...
- Ей, Есқали, тоқ қызыл шындыққа боқ қара жала жапқың келсе, қан майданда көп алдында жап! Шық мына кішкентай кеңсені былғамай! Қанжыға да көріселік дедім ғой, шекара айырысудың бұдан артық қандай жауабы керек саған! Бұл жолғы алып келген міндетің толығымен орындалмады ма, бар жүгір құр қиналып жұтына бергенше қиып түсетін фактыңды дайында!..
Бұл жатқаным, Жаубасардың көп амалды абақтысының бірі екен. Мөрті келгенде қағыса кетіп морт сынып тынатын осындай қысқа шоқпарлы соғыстарда болып тұрды. «Анау мойындады, әне жазып тапсырды. Мынау мойындады, міне жазып тапсырды. Сен мойындамай қайтып құтылмақсың» дегендей қара бұлт төндіріп, күркірете берді. «Өз кабинетінде» бірдемесін жарқылдатқан болып шарқылдап-шаңқылдап жібереді. Қанша күшенгенімен нажағай туа алмай жатқанын ғана білемін. Үш тәулік өтті сөйтіп. Төртінші түнде өз алдына шақыртты. Алтаудың қоршауымен кіріп, қарсы алдына жалғыз тұра қалдым. Айдаушылар есік сыртында қалды. Ырғайдай көкшіл сұр Жаубасар нәр татпағандай, тым жүдеу көрінді. Бет қабығындағы шұбар секпіл дақтары айқындалып, судан тапшылық көргендей семгендіктің нәзік әжімдері көбейіпті. Қақшиған басындағы тар маңдайына түскен селеу шашын жіңішке салалы саусақтарымен тарай қайырып тастап қарады маған. Шұбар дақтар енді мұз түйіртпектеріне айналып, зымыстан ызғарын шаша қалды.
- І...і... ойландың ба мырза?... Алдыңғы күні әйеліңе не тапсырдың?
- Сіздер алған кітап-дәптерлерімнің тізімін жоғалтпауды тапсырдым.
- Жоқ, басқа жасырын не міндет арттың деймін?
- Оған артатын жасырын түгіл ашық міндет те жоқ. Бақылаушыларыңыздың қырық шақты құлағы түрулі тұрды ғой, не деппін?
- «Жасырын міндет жоқ!»- ышқынып қалды Жаубасар. - «Алаң болма» дегенің не?
- «Менен алаң болма» демегенде, «қорық, бүжай, аю жейді» деудің жөні бар ма?
- Жөні, «ұйымымыз әшкереленіп қалды ма деп алаң болмаңдар» дегеннен басқа не болмақ! Ал, әйелің «бізден де алаң болма» деді. Мұның да не деген жауап екендігі көрініп тұрмай ма!
Жас балалы бір жас семьяның иесі ешқандай күнәсіз-түсініксіз қамалғанда менен алаң болма дейтін жөні жоқ па екен?... Бір-біріне сабыр-тағат...
- Тыңда!... «кітап-дәптерлеріңді жиып әкетті» деп құзғын сәріден келіп хабарлауының да басқаша жөні бар ма, «жазғандарыңнан шығатын мәселе болса, жауабын ертерек дайындап тұр» деп ерте келіп ескерткені екендігін кім түсінбейді!... Тыңда сөзді!.. Сонсоң әйеліңе, «мына бейшаралардың жүрегі жарылып кетпесін, тез қайт!» дедің, мұның мәнін кім ұқпайды! «Жүректеріңді берік ұстаңдар, қорықпаңдар!» дегенің емес пе!... «Қорықпаймын», «қорқытпаңдар» дегенді бізге де жиы айтып жүрмеймісің! Айтып қояйын Биғабіл мырза, мұныңды енді мүриттеріңе уағыздай бергенше өзіңнің де қорыққаның жақсы. Есқалидан үлгі алғаның жөн!... Жетті енді, төңкеріс сабына қосылған комсомол Есқалиды қорқытқан сөзің де бір басыңа жетіп жатыр!... «Төңкерістік алдамшылық, факттерің өтірік пен жала. Шындығымен мойындата алмаған төңкерістік сөзсіз жеңіледі. Бастықтарың боққа көміледі. Сонда сенің аруағың қайда болатындығын ойла!» деп қорқыттың ғой! Мұның да кері төңкеріс емес пе!... Бадыраймаңыз! Осыларыңның бәрін, көзіңді шығартпай ғана жазып тапсыр, ұқтың ба!
- Жиған-терген бұралқы қоспа жалаларыңыз тағы да бар шығар? - қарқылдап күлдім. - Бәсе, жау деп досты басып беретін, қасқыр деп қой соғатын «жаубасар» екендігіңізді енді көрдім!... Бірақ менен әлі қатты өкпелейтін жеріңіз бар: мен, кімге не сөйлегенімді нүктесіне дейін ұмытпайтын малмын. Жаз десеңіз, көзім шығар деп қаймығар мінезім тағы жоқ, дәл өзін ғана жазып беремін. Өтірік жаз, бұрмалап жаз деп әрине менің өз бетіме айта алмайтын шығарсыз, солай емес пе? Рахмет оныңызға!... Қашан жазайын?
- Қазыр жаз!... Қазір бара салып жазасың, ұйықтамайсың! - Жаубасар соңғы сөзінде аспанды шарт айырғандай шақ ете түсті. Түсі тіпті бұзылды. Айтып қояйын осы айтқанымды бұзып, бұрмалап жазсаң, қайта жаздырамын. Қашан дұрыс жазғаныңа дейін жаздырамын!
- Абақтыңдағы сөйленген сөз менікі, тыңдаған құлақ көптікі. Сіз кабинетте отырып, менің айтқаным бойынша жаз десеңіз, кейін көп алдында күлкіге қаласыз. Өз сөзімді бұрмай, бұзбай жазуға басыммен жауапкермін!
- Әр сөзіңді айтқандағы мақсат-идеяңды да жасырмай жазасың! - Жаубасар бұл нұсқауына келгенде тіпті қатты шаңқылдады. Құлағымды баса есікке бұрылып бара жатып күле қайрылдым.
- Жауке, орыс халқында «күн күркіремей мұжық шоқынбайды» дейтін мақал бар. Олар, мұжық қой, көне надан шаруа. Ал, мен, сізше айтқанда «интеллигентпін». Нажағайдан қорқып шоқынар деп ойлай көрмеңіз, қорықпайтын басқа себебім де көп. Коммунистік партия бар жердегі адам өзінің қылмысынан ғана қорқуға тиісті! Сізге осындай оңашада айтып алуым қылмыс болмас: әнеу күні көзімді шұқытып, бүгін, «көзің шықпай тұрғанда» деп балаша қорқытқаныңыз, әрқандай естияр азаматтың намысына тиетін қорқыту. Егер көзім шықса, тіпті қорықпайтын «көзсіз тентекке» айналмаймын ба! Онда менің аянатын нем қалады?... Көз деген өзіңізде де бар шығар... Ал, қоғамға ешқандай жазығым жоқ екендігін біліп тұрып, осыншалық одағайлық көрсетуіңіз, ойын ба, шын ба?..
- «Ойын ба?» - Жаубасар тіпті шаңқылдады. - Қияметіңді ертең-ақ көрсетемін! Ей, кім бар сыртта, әкетіңдер мынаны!..
Абақтыма келген соң алдыңғы күнгі Мақпалмен кешегі Есқалимен сөйлескен сөздерімді сол қалпында, бұзбай, өшірмей жаздым да соңына ақ жол қалтырмай ескерту қостым:
«Дұрыс сөзімді бұрмалап, аузымды ашсам-ақ жала жабатын бұзғыншылық жойылмай жатыр. Сондықтан бұл материалымды анықтап, таза жаздым. Өшірілген, иә сызылған, жол сыртына қосылған сөз болса инаватсыз».
Атымды да оқшаулатпай, осының аяғына тығылыстыра қол қойып тапсырдым да ұйқыға жаттым.
- Қазірейілдерінен қорықпайтындығымды енді білген сияқты, басқа періштелері мен сайтандары мұнан соң ұйқымды бұзбайтын болды.
Жаубасар көрсетемін деген «қияметін» ертеңіне көрсете алмады. Содан тағы да үш күн тыныш ұйықтап оянған бір сәскелігімде аулада абыр-сабыр жүріс көбейе қалды. «Жерлік ұлтшыл» дегендерін әр жерге қадай тұрғызып, әрқайсысының сыртына екіден қарауыл қойыпты. Бір шақта әр «ұлтшылды» сол екі бақылаушысы ортаға алып тізіле бастады. Мәселелерін «өздігінен» артығымен тапсырып, «төңкерісшілер Қатарына қосылды» делінген қылмыстыларды бақылаушылары тіпті желкелеп апарып тізді.
Қалық, Ынтықбай, Рақымқан, Өлзе, Нұралы, Юсуп Қасым, Ясын Әмәттар бір-бірімен сөйлесіп қоймасын деген бұйрық бар сияқты. Тізім бойынша айырым-айырым шақырылып, зор тізбектің әр жеріне алыс-алыс тізілгенін терезеден көріп тұрдым. Ең артта мені апарып тіркеп, екі жағыма екі күзетші тұрғызды. Соңыма да кілең авчарка тізіліпті. Құлжан мен Мақұлбек дәл желкемде айдай жөнелді. Алдымдағы ортаға алынған тізбек ұйғыр, қазақ, мұңғыл, өзбек... әйтеуір ыңғай «жерлік ұлтшыл». Санап көрсем елуден асады. Мәдени-ағарту саласының өз кәсіптеріне маманданғандары осы мөлшерден аса қоймайтын. Демек, түп-түгел-ақ қоршалыппыз!..
«Қияметіне» енді апаратыны білінсе де сонысының қайда екені әлі белгісіз еді. Үлкен дарбазадан шыға күншығысқа қарап айдалуымыздан оны да білдім. «Шынжаң ұлттар институтында» екен. Бұл көшеде одан басқа орында «қарасарт майданы»[1] боларлық кең майдан жоқ. Әйтеуір моллаекемдердің қиямет қайымда «сүреді, үреді» дейтін Исрапыл дауылы соқпады. Жаз иісі мен жаз шуағын себе жарқыраған жайдары күн сәскеден көтеріліп қалыпты. Мұны бүркеп қияметқайым зұлыматына сүргізу, Жаубасардың қолынан келмей қалған өнер босла керек.
Маңымызға адам жолатпай айдап апарып, институт клубына кіргізді. Үлкен зал екі аяқты жануарға лық толып алыпты. Зал басқарушылар бізді бөліп-бөліп, сыналап қағып әрең орналастырды. Қарасам, бір жағымда «қатерлі жерлік ұлтшыл» тарихшы Юсупбек Мұқылс, бір жағымда «атақты Алашордашыл» жазушы Қалық Қасқырбаев отыр екен. Үшеуіміз бір-бірімізден үріккендей үңірейісе қалғанымызда сахнадан қақшиып Жаубасар қарап тұрыпты. Отыру-тұру да өзі жасатқан тізім бойынша басқарылмағанымызға шамданғандай шақшия сөйледі біреулерге. Олардан өте ыршып барып, өзінің Бижіннен бірге келіп «айғайкөк» аталған орынбасарына саусақтарын ербеңдетті. Ол, театр, кино, әсемөнер саласындағы күреске басшылық етіп тұрған құдірет иесі еді, айналып жүгіре түсті сахнадан. Мықты тыңшыларын бір-бірден жіберіп, алды-артымызға сыналаған соң біз де тынышталып, күле қарастық бір-бірімізге.
Клуб залына «дазыбау» да, ұран да жапсырылмапты. Бұл жиын кімнің үстіндегі «қиямет» боларынан ешқандай белгі жоқ. Юсупбек зал қабырғаларына түгел қарап алып, ашық сұрады.
- Бүгін сізге қонақ болар ма екенбіз?
- Менің қазірше мұншалық қонақ шақырар жайым жоқ екенін білдіргенімін,- дедім мен.
- Дайындығыңа қараймыз ба, қазақтың қонақ қумайтынын өзіміз де білетінбіз!- деп Юсупбек күлді. - Үйіңізге басып кірсек қайтесіз?
- Сол қонақ қуа алмайтындығымыздан қорлық көріп, «ұрылардың ұясы» аталдым. Енді қара шайдан басқа нәр таттырмай, шиқылдатып шығарамын!
Желкесінде отырған тыңшы, Юсупбектің бүйірінен түртіп қалды. Жым болдық.
Сахна сырты апалаң-топалаң, сарт-сұрт бола кетті бір шақта. Күрең құрым пальшопка киген бір жас әйелді он шақты жігіт желкелеп, екі жуаны екі қолынан қос қолдап ұстап, сахнаға шығарды. Келіскен келбетті денесі бар қызылсары татар қыз, қасқайып қарап тұра қалды. Сахна сыртында қатал шайқасқа түсіп келгендігі алқынысынан білініп тұр. Додаланған шашы бетін жауып, көкірегіне шашылыпты. Түбіт салысы бір иығында ғана. Қас кірпікті көкшіл көзі қасқыр қамаған еліктің көзінше шадырайып, жалт-жұлт етеді...
Жаубасар, сахнаның сол жақ шетіндегі кішкене столға бір қолын тірей шаңқылдады: «кері төңкерісші Сәда өз мәселесін тапсырады» деп бастап, Маужушидың көпке таныс бірнеше нұсқауын шұбыртты да, көпшілікті күрес сабына - төңкеріс жауынгерлігіне шақырды.
- Жолдастар,- деп қыз, өткір даусымен саңқ ете түсті. Ұйғырша-қазақша-татарша аралас ортақ тілде сөйлей жөнелді. - Мені бұлар «кері төңкерісші» атаса атай берсін, ақиқи марксизм мен ленинизмді қастерлейтін адамзаттың барлығын менің «жолдас» деп шақыратын хақым бар. Жолдастар, достар, сендерді бұлар «жерлік ұлтшыл» атап, ауыздарыңды таңып қаралап, халыққа дұшпан көрсетіп жоғалтпақ! Сөйтіп ғасырлар бойы жанышталып келген Шынжаң халқының жаңа өскен миын жемек! Ақиқат алдында сіздер ұлтшыл емес, өздері...
Жаубасар, алдындағы столды шарт еткізіп ұрып жіберіп еді.
- Ей жалап, тіліңді тартып сөйле!- десіп қатар ұмтылды бірнешеуі. Қыз оларға қолын сермеп бірдеме деп тастап, тез сөйлеп кетті Жаубасарға.
- Сөйле деп бұйырып тұрып, сөзімді тыңдамайсыңдар ма? Сайра деп зорлайтындарың қайда? Адам болсаңдар, істерің дұрыс болса, менің сөзімді тыңдап көріңдер!... Жолдастар сіздер халқымыздың ең асыл, ең аяулы перзентісіздер. Қараландық деп қамықпаңыздар!... 49-шы жыл коммунистік партия екен деп алданып, қабанды қарсы алыппыз!...
Айқайкөк бастаған бірнешеу күркіреп барып, қыздың алқымынан ала түсті. Қағып тастап қайта сөйлей берген қызды сыртынан келген біреуі мойнынан қылқындыра құшақтап, шалқалата басты. Сахна сыртынан «хайуандар!» деп айқайлап жіберді бір күшті дауыс. Жалт қараған Айқайкөк қыздың үстінен тұра ұмтылды сол дауыс шыққан жаққа. Соңынан төрт-бесі ере жүгірді. Еденді сартылдатып-сақылдатып сахнаның артқы есігінен шыққаны естілді. Қыздың қол-аяғына ие бола алмай алпарысқан төрт "батырына" Жаубасар залдағыларынан көмек шақырды. Залдан Мақұлбек бастатқан «қосын» жеткенше қыз етікті аяғымен екеуін домалатып түрегелді. Аузын тұмшалаған салыны жұлып тастай сөйледі.
-...Алдамшы қара жүз қарақшылықтарын көрсеткен өздері!...
Жабыла тілдей жеткен активтер қыздың аузын салысымен қайта баса қойды. Шығарып әкетпек болып бір тобы сүйрей жөнеліп еді, бір тобы сахнаның ортасына қарай тастабандап тартты. Өзара ұрысып-зекірісе тартысты. Жаубасардың шәңкілімен сахнаның ортасына қайта келіп қалған қыз бұлқынып тағы түрегелді. Салының бір шетінен зілді дауыс тағы шықты:
- ...Коммунистік бет пердесін жыртып тастап, гоменданның қанды аузын көрсеткен өздері!
Салымен аузы тағы тығындалды. Тағы да тартысқа түсті. Екі топтың көпшілік ұқпайтын өзара даулары қызға көкпар лағынша таластырды. Кей бірі шашынан, кей бірі омырауынан, кәдімгі аш қасқырларша жұлқыласты.
- «Ей, ол, адам ғой!»- деген бір дауыс залдың шетінен зірк ете түсті.
- «Ей батырлар, ол, әйел адам!»- деген бір дауыс тағы бір шеттен шықты.
- «Ей, намыс барма сендерде!»- деген дауыс залдың арт жағынан қатар шықты.
«Қасқыр да ұрғашысын бұлай таламайды!»- деп дәл ортадан біреу тіпті айқын айқайлады.
Басын қақшитып Жаубасар, көздерін ақшитып активтерге қарай қалды. Жым болды зал. Додадан сәл босай қалған қыз, басын шайқап-шайқап жіберіп, аузын салыдан тағы шығара сақылдаы. Дауысы әлі тұнық.
- Жолдастар, сіздер тарихқа да, халыққа да, марксизмге де адалсыздар, ішкі соғысты бастаған өздері! Жаза өздеріне лайық! - Қыздың аузы тағы басылып, салымен тағы тұмшаланды. Тартыс, алыс-жұлыс қайталана берді....
«Қыздың жаны қырық» дегенге күлуші едім, көзімнен жас домалап-домалап кетті. Адамзаттың бар намысы мені басып, жүрегімді анау аяулы -алтын қызша жұлмалап жатқандай, қалшылдап кетіппін. Қалық түртіп қалды бүйірімнен. Сездірме дегені екен. Тісімді-тісіме басып, өзімді-өзім жия қойдым.
- Бұл қыз кім?- деп сұрадым Юсупбектен.
- Ләнжу институтында лектор деп естігенмін.
- Бәсе!...
Жаубасар шаңқылдап сөйлей жөнелді. Қыздың аузы мықтап таңылып, қолы артына қайрылып байланған екен. Соның додаланған әлемтапырық шашына, жыртылған жағасы мен юбкасына, көтеріліп-басылып тұрған құрыш көкірегіне, күш кернеген толық тұлғасына көзім тоқтап қалыпты да, атқалақтап тұрған алып жүрегінен құлағым айрылмапты. Басқа ештеңе көрінбеді де естілмеді. Зал өлік тыныштығында. Жан жоқ, қып-қызыл қан тасып жатқандай Жаубасардың жүзі жын ойнақ. Бүлк-бүлк, жыбыр-жыбыр, қыбыр-қыбыр. Иегі секеңдеп тұрғандай. Шөлдегі жел жұлмалаған тікен қурайдың тозығынша желпілдеп ұшып барады, дыбыссыз-сыбыссыз тозып барады.... Кейде ертегідегі албастының шашы мен етегіндей желбіреп елестейді.
«Бірақ, осы батыр қыздың сөзінде расында да кері төңкерістік ызғар бар-ау?.. Жоқ, бұл сынды террорлыққа тең түсетін жауап әрине осылай шығады. Тежеусіз қинаудың жемісі - шектеусіз наразылық. Әйелдік ар-намыс ағытқан шектеусіз ашу тасқыны тектеусіз қопарды. Тасқын жүрген жердің шірік томары ғана емес, шырынды гүл тамыры да қопарылады. Тасқын тақырлайды, ашу арандатады. Қасқыр талап жатқан қайраты ашуын шектеуге үлгере алмай қалды. Сәл тежеліп, есеппен сөйлесе тіпті еңсеріп түсетін еді!... Қайткенде де Жаубасардың «қияметін» қиратып мұқатып-ақ тастады»
Жиын бастығының тозақы шаңқылы тоқтай қалды бір сәтте. Сахнаға сақ-сұқ басып құралды сақшылар кірді. Қызды шандып таңған арқанды шешіп, қолына құрсау салды да мылтықпен айдай жөнелді.
Бағанадан бергі сахнада көкпар тартысудың себебі енді анықталды: «Бір тобы Сәйданы «у шашқызбай» шығарып әкетпек екен де, бір тобы оның қолға алынғанын сахнадан көрсетіп, көпшіліктің, әсіресе мендейлердің жүрегін осы құралды «қияметімен» алмақ екен. Сәйданың қолға алынғандығын Жаубасар асқақ «салтанатпен» жариялады. Ендігі сөзі осы «жеңісін» негіз етіп шыт жаңадан қайта басталды. «Пролетарият дектатурасының үстемдігін» үстемелеп-үстемелеп сөйлеп, «буржуазияның қара түтек кері төңкерісін тағы бір рет быт-шыт етіп талқандағандығымызды» автоматша шақылдатып жар салды. Залды оған қарата кекесінді-әсірелі ұран қопарып, боран сілкіледі.
Егес пен есерлік араласқан да даурықты Жаубасар әрең тоқтатты. Үңіле түсті залға. Маған қараған қарасынан қияметіңді көрдің бе дегендей ызғар байқата шолып өтті. Сәйдаға ара түсіп дауыстаған «кері төңкерісшілерді» іздеді сонсоң. Солардың дауысы шыққан тұстарға тінтіне қарады:
- Бағана төңкеріске зобалаң көрсеткендер кім?- деп шақылдады. Тым-тырыс бола қалды зал. - Кім сөйлеген?... Тұрсын орындарынан! -Жаубасар қузай шаңқылдады. - Құтырған кері төңкерісшіні «ол - адам» деп айқайлаған кім?... Тұр орныңнан!... Тұр-тұр-тұр!..
- Оны әйел адам деген біз! - Екінші шеттен «ұлтшылдары» аралас одан да көп адам көтерілді.
«Намыс бар ма сендерде» деген арт жақтан да, «қасқырда ұрғашысын таламайды» деген орта тұстан да топ-тобымен көтерілді. Төрт топтың арасы түгел түрегеліп, тұтаса кетті ақырында.
- «Қателеспейтін адам жоқ!...»
- «Қателесу айып емес» қой, мойындап түзетсек болды!- деген ащы мысқылдар да естілді.
Күлбеттеніп Жаубасар, көзін шатынатып Айқайкөк сахна үстінен қатар зекірді.
- Сөйлегенің ғана тұрыңдар!... Күрес жиынына қарсы сөйлегендер ғана тұрсын!
- Сөйлемегендер отырсын!
- «Сөйлеткен біз!» - бәріміз бұйырып сөйлеткенбіз!» - «қателік бәрімізден өтті!» - Жамыраса дауыстады көпшілік. Жаубасардың дауысы бәрінен асып түсіп, баса бұйырды.
- Әрбір әтреттегі басшы жолдастар, «сөйледік», «сөйлеттік» дегендерін түгел тізімдеңдер! -Тағы бір лекцияның шабыты келгендей, столына ұмтылды, сөйлей жөнелді. - «Кім төңкерісші жақта тұрса, сол төңкерісші!... Кім жиянгерлік жақта, феодализм жақта, бирократ капитализм жақта тұрса, сол кері төңкерісші» деп бастады да «оңшыл, жерлік ұлтшылдарды» солардың белсенді жендетіне айналдыра «дәлелдеді». Сәйда соның ішіндегі ең құтырғаны болып сайланды да мына түрегеп тұрғандар жұқтырғаны болып соған байланды. Сәйданың қылмысы осы амалиятымен өлшеніп, зор жазаға тартылатыны, тамыры ада-күде қырқылатыны ескертілді.
«Жолдастар, оңшылдық пен жерлік ұлтшылдық обадан да жұқпалы дерт екендігін көрдіңдер, лезде жұқпады ма! Оң мен солды аса сақтықпен айырып, әр минут, әр секонтта содан сақтануды ұмытпаңдар! Әйел Сәйда жоғалды. Одан да қатерлі еркек Сәйдалар әлі бар, сақтаныңдар! Олардың да ойланатын уақыты жетті, қылмыстарын танымаса кететін жерін көрді. Осыдан сабақ алсын!» - Жаубасар сөзін осымен тоқтатып, маған бір қарады да Айқайкөк пен бұрынғы жуан қара сұрға күбірлеп тастап шыға берді. Ендігі шешендік екі орынбасарға тиді сөйтіп. Жаубасар сахна босағасына барып тұрып, залдағы «ұлтшылдарға» көз жазбай қараумен болды. Аса қымбатты бірдемесін алдырып қойғандай, жүзі әлемтапырық, алақ-жұлақ қарайды. Сәйданың «құтырығы» өзіне де жұқты дегендейсің.
Жаубасардың жаңағы сөзі екі орынбасарына «қиыннан жол ашып беру» екен. Кезектесіп дәл осы ізбен бұлжымай жосылта берді. Екеуі бақандай үш сағат сөйлеп «тәрбие» берді.
Енді қайтейік дегендей елеңдей қараған екеуіне Жаубасар қолын сермей сала жөнелді. Болары болды тарасын дегені екен. Қиралаңдай басып артқы есікке беттеді өзі.
Жиын тарап, залдағы екі мыңдай адам алдыңғы бір ғана есіктен шығуға бұйрылды. Шектелгендерді келгендегідей шеңберлеп айдап қайтарумен ешкімнің ісі болған жоқ. Иесінше авчаркаларда өзді-өз беттерімен жөнеле берді. Сыпыра арлан ғой, осындай да әрқайсысы бір-бір өлекшін соңынан шұбауға асыққан сияқты.
Сәйданы тұмылдырықтап айдатқанымен Жаубасарлардың өздерінің тұмсықтан жеп, есеңгіреп қалғандықтары байқалады. «Жерлік ұлтшылдар» тыңшылардың арам ырыздығына айналып қалмау сақтығымен бөлген қошқарша өз қатарларында жылжып еді. Сонда да жамырасқан-маңырасқан қоралас-үйірлестеріміз тұс-тұстан қосылып, арамызға сіңе, жандаса жылжыды. Күлән қолымды екі қолымен алып сылап, аймалай өтті де Ынтықбайына ұмтылды. Жауынгер Нұрияшым маған күліп жайраңдай ілесті де, қасындағы Ақия мұңайып, жылай амандасты. Менің «блоктастарымды» олардан да сұрастырып жүріпті. Асығыс күбірлеріне қарағанда Ақияны Құлжан мен Мақұлбек қатты қорқытып жүр екен. Қапияның соңынан кәндекше еріп келе жатқан Құлжан көрінгенде Ақия басқа бір «ұлтшылдың» ар жағына өтіп, бізден алыстай қойды.
Қапас пен Құмар залдың қарсы жақ іргесімен жылжыған қатардан көрінді. Тым жабырқау, көз астыларымен ғана қарайды бізге. Мақұлбек қуған түлкісінен көз жазып қалған төбетше сол жақтан жалтақтап тұр екен. Дию мен сайтанның басынғандықтарын байқап, Мақпалға Ақия мен Қапияның олардан қаймықпауын ғана тапсыра алдым. Ондай немелер қаймыққан сайын қыдыңдай беретін ғой.
Ауыз залдан шыға бергенімізде шеттен қосылып сөйлеушілер қала берді. Жаубасар клубтың шығар есігіне қарсы қарап тұр екен. Сәйда сені де құтыртып кетті ме дегендей «ұлтшылдардың» әрқайсысына қанталаған көзін қадап, жеп жіберердей тістене қарап өткізеді. Бет-аузы көк аязданып алыпты. Ерні дір қағып, шықшыты бүлкілдейді. Мен жақындағанда иегі де жыбырлап кетті. «Қияметіңіз өзіңізді қылбұрауға салғанба қалай?» деген сұрау аузымнан шықпаса да көзімнен ұғылғандай. Құтырған қиық көзі қып-қызыл кесек ұшқын атып жіберіп, кірпігін қағып қалды да төмен қарай берді. Айдаусыз-бақылаусыз еркімізбен жайылып шыққанымыз үшін ешқайсынымызға тіл қатпай қалды. Ол бұйрығы қазір есінде де жоқ іспетті.
- Пәле қыз мынаны мылжалап-ақ кеткен екен!- деді Қалық былай шыға бере.
Юсупбек күліп жіберіп, жан-жағына қарап жауап қатты:
- Ұмытпастай мықты ескерту болды. Жоғарғы жақ естісе... Ойластырып көруі мүмкін!
«Жерлік ұлтшылдар» бағана «қияметке» келе жатқанда ағыдай сөлміреймей, қыл көпірден аман өткендей түгел жайраңдасып, күлісіп келеді екен. Алдыңғы жақтағы Ынтықбай да Рақымқанмен даңғырласып барады. Біздің алдымыздағы «Құйын соққан» ғана дара. Мойынын ішіне тығып, үнсіз-тлсіз көңілсіз оймен келе жатқандай көрінді.
- Ей Құй аға,- деп қараттым. - Сырқаттан саусыз ба?
- Сырқаттан қиынырақ бір мәселе қинап келеді! -Сол көңілсіз қалпында тұнжырап айтты жауабын.
- Біз көмектессек қалай?
- Кемпірімнің ақылы болмаса, ешкімнің шипасы қона қоймас!... Алла тағала Сәйда екеуімізді жасағанда қателесіп қалыпты. Сәйдаға ерлік қайрат беріп, оған лайықты құралды маған ауыстырып жібергенін бүгін білдім. Әділет керектігін ойластырсам да кемпірімнен қорқып келемін. Сәйдаға тамақ апарған болып, сол құрғырымды әлде де соған тапсырып бергім келеді.
- Бәрімізде де сондай ой бар!- деп Қалық күлгенде, естігендер түгел күлді. Күлкіні қатты сағынып қалыппын. «Құйын соққанша» мен де әртістік бейнеге келіп, шошынғанси қарадым оларға.
- Астағыпыралла, бәріңіз құралдарыңызды «құтырған қызға» берсеңіздер Жаукеңді қырық тесік қып жібермей ме!- деп ду күлдірдім. Алдыңғы жақтан Нұралы бізге қайрыла қарап тұра қалып қостады менің қалжыңымды.
- Әйел боп келіп істегені мынау, егер еркектікпен құралданса, Жаукеңе «сенікі төңкеріс, сенікі төңкеріс!» дегізер!
Қарқылдап көшені басымызға көтере жөнеліппіз. Дәл тұсымыздағы қақпа далдасынан үш-төрт бақылаушымыз кідіңдей шықты.
- Ә, не күлкі, не күлкі!... Кері төңкерісіміз жеңді деп қуанып келесіңдер ме?...
- Тоқтаңдар!- деп зекіді біреуі. Түгел тоқтап, сабымызды түзедік.
- Әй, сен не дедің?- деп Самсақ сторж Нұралыға қадала кетті.
- Не деуші едік, әлгі қыздың жуан дауыспен сөйлеп, сіздерді де қателестіргеніне күлеміз де!
- Мына кері төңкерісшілерге не дедің деймін?
- Сіз оның әйел екендігін бұрымынан танымай, сахнада етегін түріп, қызыл штанын көрген соң ғана шегіндіңіз ғой, соны айттым!
- Ей, мен қашан шегініппін!...
Нұралының өз сөзінен бұлтара қашамын деп Самсақты қағып кеткеніне тіпті қатты күлдік.
- Бет бар ма сендерде!- деп ақырып жіберді Самсақ. Өзінің мұншалық сәулетті кадрларға бастық болып тергегенін мақтаныш еткендей, көшеден өтіп бара жатқандарға қарап, бір бүйірін таяна қойып зекірді. - Намыс, ұждан бар ма сендерде!
- Бізде ол расында да жоқ екен Сторж әпәнді!- деп «Құйын соққан» Самсақты өзіне қаратып әкетті. - Намысымыз болса, сол кері төңкерісші қызбен біз де күресіп, сахнада үстінен көрінер едік!
- Келгендегі тәртіппен тізіліңдер!- деп зекірді біреуі.
- Сенің сөзің басқа!- деп бір актив Нұралыге қатарласа түйіліп аяңдады. - «Сенікі төңкеріс, сенікі төңкеріс» дегенің не сөз?... Дәл қасыңнан тыңдап тұрсақ бізді саңырау деп бұлтарып құтылмақпысың?... Қазақша сөзді ұйғырлар түсінбейді деп сөйлегеніңнің бәрін ұқтық!
- Дәл үстінен түсті-ау мына ит! - «Құйын соққан» маған қайрыла сыбырлады. Енді бір сәтте Нұралыны сол пәле ықсыратып, мойындатып алғандай тұмсығын соза күбірлеп бара жатты.
Түбірлі қорқыныш енді жабысты маған: Нұралының бұл қалжыңы, мағына жағынан дәл қазір айқын да терең қарсылық. Жаубасар қазбаласа қазынаға қарық болды дей бер! Бығып-кернеп тұрған сап-таза «кері төңкерістік» бұл сөздер түрткен сайын атылып шыға бермей ме!... Бастаған «құйын соққан», қостаған Қасқырбаев, дамытқан мен, дабылдатқан Нұралы. Түгелімен Жаубасардың жауығып, факт-дәлел қақпанына түсіре алмай жүрген «түлкілері». Егер Нұралы қалжыңының құйрығы ашылса, бәріміздің шегімізді содан суыра бермек. Түрі басқа болғанымен түбі бір пікірлер ғой. Ашық кері төңкерістік әрекет үстінде қолға алынған қызды нағыз қаһарман санап, оның бүгінгі ісіне сүйінгендік, төңкерісті қорлап, кері төңкерісті ашықтан-ашық қолдағандық... Қысқасы, Жаубасардың бізге жаппақ жаласының барлығын аузымыздан ағызып бермедік пе!... Өзімізден кертартпа блок таба алмай жүргенінде «кері төңкерістік партия» шыға келгенін көр!...
Дарбазаға қайтып кеп кіре бергенімізде Нұралыны әлгі төрт авчарка түгел қоршап, етек-жеңінен тартып ала жөнелді. Қан майданда жабылып, қолға әрең түсіргендей төртеуі де алқынады. Төртеуінің танауы да түрегеліп алыпты!..
Абақтыма өздігімнен асығып барып кірдім. Тобымызбен түскен қақпанның серперін басып қайырып көру керек қой! Ал ойлан... ал дөңбекші...
Қырағы тергеушім, «ел аман, жұрт тынышта осы немелер сонша неге қиқулап қоқаңдай береді» деп сіздердің мінездеріңізді жазғырушы едім. Кап мінездеріңізде емес, құйрықтарыңызда екен ғой. «Ұрының арты қуыс» болады екен де, сол қуыстан жел кеулеп, кісіні құйын құйрыққа айналдыра қояды екен. Бұл халдеріңізді осы жолы өзім қылмыс өткіріп, өзімнің қопақтауымнан түсіндім. Сіздерде мылтық бар, құрал құдіреттеріңіз жеткілікті ғой. Сондықтан өздеріңіз қопақтағанда қоқаңдайсыздар да, қорыққандықтарыңыздан қорқыта бересіздер. Егер енді бақыра қалсаңыздар ақырғаннан да сұсты-қорқынышты көрінетіндіктеріңіз де сөз бар ма. Мұны былай қойғанда апат сипатты төтенше қорқынышты бір ахуалдарыңызды да өз құйрығымның осы қуысталуынан мөлшерлеп біліп қалдым: бұл қуыс, менің құйрығыма қалжыңдағы шекті бір қылмыстан ғана пайда болған, шекті қуыс қой. Кірген жел аз. Сонда да құйын құйрыққа айналып қопақтап отырғаным мынау. Ал, сіздердің қуысқа жершарының атмосферасы түгел кіріп кетуі кәдік. Сонда бұл ғаламыңыздағы мақұлықтар мен нәбәдат ауаны қайдан тауып тіршілік етпек, соншалық құйын өздеріңізді қайда тоқтатпақ? Есекқырғанға барып, қоқаңдап, күнге барып ақырып үркітер ме екенсіздер деп қорқам.
(Жалғасы бар)
«Abai.kz»
[1] Қарасарт майданы - Ислам сенімінде өлген адам түгел тіріліп жиналатын майдан. Күнәлі адамдар өте алмай, тозаққа құлайтын «қыл көпір» сол майданда.