Халық ақиқаттың айтылуын талап етіп отыр
-Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесі төрағалығынан кетті ме?
-Кетті.
-Оның інісі Самат Әбіш Ұлттық Қауіпсіздік Қызметі басшылығынан кетті ме?
-Кетті.
-Дариға Парламентте жоқ па?
-Жоқ!
-“Хоргос” Болат Назарбаевтың ықпалынан босады ма?
-Иә!
-Үш “күйеу бала” кетті ме?
-Кетті.
-Нұрлан Нығматуллин кетті ме Парламенттен?
-Кетті
-Кәрім Мәсімов ұсталды ма?
-Ұсталды.
-Назарбаевтардың сырттағы активтерін әкелуге старт берілді ме?
-Берілді.
-Қыздарының бизнестегі үлестері біртіндеп алынып жатыр ма?
-Иә!
-Халықтың орташа жалақысы Назарбаев айтқандай 500 мың емес, 50-ақ мың теңге екенін айтты ма Тоқаев?
-Айтты.
-Елдің күллі байлығы 162 адамның қолында шоғырланғанын, халықтың кедейленгенін, болашақта әлеуметтік теңсіздік болдырмауға күш салатынын айтты ма Тоқаев?
-Айтты.
-Саяси реформалар жасаймын деді ме Тоқаев?
-Деді.
Ау, бұл өзгерістердің болуын 2 ай бұрын түсімізде ғана көретін едік қой?! Осы өзгерістерді айналдырған бір айдың ішінде жасады ғой? Неге мән бермейміз? Халықтың кедейшілікке ұшырағанын Назарбаев өлсе мойындар ма еді? Жоқ, әрине. Назарбаев және оның айналасы “отбасымен” қосып “ғарышта” өмір сүріп жатты емес пе? Олардың бізбен шаруасы да болған жоқ қой? Неге ұмытамыз?
Иә, маған да ұнамайтын нәрселер көп. 227 адамның өлімі көптің ішін күйдірмейді дейсіздер ме? Күйдіреді. Оқ атқан қанішерлер жазаға тартылғанын қаламайды дейсіздер ме? Қалаймыз. Ал бірақ, халыққа оқ атқан нақты кімдер? Полицейлер ме, содырлар ма? Кейбір полицейлер Президентке саботаж жасап, Назарбаевтардың мүддесіне ойнап, Тоқаевқа қарсы жұмылып, елді арандатты деген ақпар бар. Мұндай жағдайда кімнің ақ, кімнің қара екенін қалай анықтаймыз? Биліктің тергеуіне сенуге бола ма? Олар Мәсімовтың негізгі сыбайластарын айтады ма, айтпай ма? Егер Назарбаевтардың шын қатысы болса, онда неге олар қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды деген күйініш менің кеудемде де бар. Және бұл күйініш маған тыныштық бермейді. Олар 30 жыл ойран салады екен, ең аяғында қаламызды қиратып, халықты арандатып, елді туғанынан айырып, бүлік салып кетеді екен де, тайраңдап сыртта ғұмыр кешеді екен. Олай болмайды.
Жай ғана қала қираған жоқ, бұл жерде адам шығыны болды. Сондықтан нағыз тапсырыс берушілер жазасын алуы тиіс. Оларға кешірім жоқ және болмайды да. Мемлекетке террор жасағандарды кешіру деген сөз - 30 жылда елде жасалған бүкіл қылмыстық әрекеттерді ақтау деген сөз! Егер тергеуді әділ жүргізбей, түлкібұлаңға салса, нақты тапсырыс берушілердің аты аталмайтын болса, нағыз қылмыскерлер қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтын болса, онда қоғамның халықаралық сотқа жүгінуден басқа амалы қалмайды. Бұл бір Екіншіден, Тоқаев тарихи шансынан айырылады. Таразының басында ақиқат пен өтірік ілініп тұр. Қай жолды таңдайды? Мемлекеттің алдағы тағдыры таразы басындағы таңдауға байланысты өрбиді. Осыны ұмытпау керек!
Тағы бір ұнамайтыны, Тоқаев мәлімдеме жасаған сайын Назарбаевты неге мақтай береді? Жөн-жосықсыз бұл не мақтау? Шын жағымпаздыққа жаны қас болса, Тоқаевтың өзі жеке басқа табынуды доғару керек!
Көңілге күмән туғызатын тағы мәселе, Назарбаевтың биліктегі іні-қарындастары әлі отыр. Өмір бақи бір отбасына қызмет еткен күллі қоғам үшін осы бір аса жиіркенішті топ неге отырады? 30 жыл бойы саяси күрескерлерді қаралау жөнінде тапсырма беріп келген Аида Балаева бас идеолог болып неге отыр? “Жаңа Қазақстан” туралы айтуға Балаеваның моральды құқығы бар ма? Әрине жоқ! Онда Тоқаев неге “Шемолған менеджмент мектебінің” түлектеріне зәру? 18 млн халықтың ішінде небір мықтылары бар қазақтың. Неге шақырмайды репутациясы тап таза һәм шын мықтыларды? Бұрын Назарбаев қолбайлау болды. Ал қазір билік қолында тұр емес пе?
Азаматтарымызды түрмелерде азаптап жатқан Ішкі Істер министрі Тұрғымбаев неге отыр? Қауіпсіздік Кеңесінде Исекешов не істеп жүр? 2-3 жылда триллиондаған ақшаны жұтқан “Нұротанды” неғып тезірек таратып, рембрендинг жасауға асықпайды?
Көптің көңілін күпті еткен осы сауалдар. Наурыз айында қоғам бұл сауалдарға жауап алуға тиіс… Қоғам өзіне байлық бер, не аспандағы айды алып бер деп отырған жоқ. Халық ақиқаттың айтылуын талап етіп отыр.
Ел-жұрттың көңілінде кішкентай үміттің сәулесі жылт етті. Сол жылт еткені сәулені өшіріп алмау - Тоқаевтың ерік-жігеріне мен азаматтық ар-ожданына байланысты…
Дина Елгезек
Abai.kz