Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3078 0 пікір 1 Қазан, 2012 сағат 14:33

«Аспантаудан жаңғырып жеткен өлең...»

Қазақстан Жазушылар одағында белгілі ақын, аудармашы Алмат Исәділдің шығармашылық ізденістеріне 20 жыл толуына орай, сондай-ақ «Көкжиекке сіңген жол» атты жыр жинағының жарық көруіне байланысты «Аспантаудан жаңғырып жеткен өлең...» атты шығармашылық кеші өтеді.

Қазақстан Жазушылар одағында белгілі ақын, аудармашы Алмат Исәділдің шығармашылық ізденістеріне 20 жыл толуына орай, сондай-ақ «Көкжиекке сіңген жол» атты жыр жинағының жарық көруіне байланысты «Аспантаудан жаңғырып жеткен өлең...» атты шығармашылық кеші өтеді.

Алматыда туып, Кегенде өскен талантты жасқа ақындық қасиет атасы Исәділден дарыса керек. Әкесі де өнерден құр алақан болмапты.
Кеген аудандық денсаулық сақтау саласында Бас балалар дәрігері ретінде ұзақ жыл еңбек ете жүріп, «Әттеген-ай» атты халықтық театр құрады. Ауданның мәдени жаңғыруына, «ел іші-өнер кенішіндегі» дарынды ең­беккерлердің қарым-қабілеттерінің ұшталуына, дамуына аянбай тер төгеді. Анасы Ханшайым Ыдырысқызы да Кеген аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметінде аймақтың жан-жақты өркендеуіне тікелей ықпал еткен. Ол кісі де ән-өлең, той-думан десе ішкен асын жерге қояды екен.
Өкінішке қарай, қазір Алматтың ата-анасы бұл дүниеде жоқ. Бірақ кішкентай сары балапаны әлі күнге қандай жетістікке қол жеткізбесін, өмірінде қандай қуанышқа кенелмесін, «әке-шешем біліп-сезіп жатқан шығар» деп іштей күбірлеп, әрдайым са­ғынышпен еске алады.
Оның өмірдеректерінен Кеген ауылындағы орыс орта мектебін, ау­дандық Музыка мектебінің домбыра сыныбын тауысқанымен таныстық. ҚазМУҰ-дың журналистика фа­куль­тетін сырттай бітіріпті. Еңбек жолын №2 Кеген орта мектебінде му­зыка пәні мұғалімі ретінде бастаған. Қазіргі уа­қытта республикалық «Алаш айна­сы» газетінде Мәдениет бөлімінің редакторы. Қандай жұмыс атқарса да шығармашылықтан қол үзген жоқ. Ха­лықаралық «Шабыт» фестивалінің ди­­пломанты, бірнеше жыр мүшәйра­ның жүлдегері. Ілияс Жансүгіров ру­хына арналған республикалық ақын­дар аламанында Сайын Мұ­ратбеков атындағы арнайы сыйлықтың иегері атанған. Әдеби аудармамен де ай­налысады. Түріктің Ж.Әміре сынды классиктерімен қатар М. Джевдет, А. Тимучин, О. Рифат есімді танымал түрік шайырлары мен А.Пушкин, С.Есенин, М.Лермонтов, И.Северянин, И.Анненскии сынды орыс ақын­да­ры­ның шығармаларын тәржімалаған. Қазақтың көрнекті ақыны Олжас Сүлейменовтің бірқатар шығар­маларын ана тілінде сөйлетті. Ақын сондай-ақ балалар әдебиетіне де ден қойып кішкентай оқырмандарға, жалпы балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармалар жазумен шұғылданады. Ақынның бірқатар өлеңдеріне жазылған әндерді бүгінде қазақ ән өнерінің майталмандары орындап жүр.

Өлеңдері «ХХІ ғасыр ақындарының антологиясы» сынды бірнеше ұжым­дық жинақтарға енген. «Отырар кітап­ханасының» тұңғыш сериясымен жарық көрген «Жолдар, жолдар...», сондай-ақ «Көңілалаң» кітаптарының авторы. Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті «Әдебиеттің маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша шығарылған «Көкжиекке сіңген жол» атты кезекті топтамасының оқырман қолына тигеніне көп бола қойған жоқ.
Қазақ поэзиясына өзіндік үнімен келіп, айрықша қолтаңбасын қа­лыптастырған ақын-аудармашының бұл тартуына уақыт, заман, махаббат тақырыбына жазылған өлеңдері еніпті.
Сонымен қатар бүгінгі заманның шындығын ашуға ұмтылған ізденістері мен бірқатар көркем аудармалары, балаларға жазған өлеңдері арқау болған.
Ал жеке басына келсек, үйленген. Жары - Дина Смағұлова - Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің оқытушысы. Қыздары - Нарқыз, Ақтілек, ұлы - Мұқағали бірінің артынан бірі өсіп келеді.
- Өлең өлкесіне енгелі бері, азды-көпті шимайлап жүргеніміз бар. Баспасөз беттерінен ара-тұра ғана көрініп қалатыным болмаса, жыл аралатып кітап шығарып, интернеттен түспейтіндердің қатарынан емеспін. Дегенмен жақында «Жалын» бас­пасынан «Көкжиекке сіңген жол..» атты үшінші кітабым жарық көрген. Алдыңғы жинақтарымды жұрт жақсы қабылдаған сияқты. Қаламдас дос­тарым «осы уақытқа дейін бір шығар­машылық кешіңді өткізбедің?» деп, көкейіме бір ой салғандай болды. Содан жаңа шыққан кітабымның тұ­саукесері ретінде, әрі шығармашылық еңбегімнің 20 жылдығына орай Жазушылар одағында оқырманмен жүздессем деп отырмын.
Кештің атауы - «Аспантаудан жаңғырып жеткен өлең». Өйткені мен өсіп-өнген өлке қасиетті Хан-Тәңірі асқақтап тұрған Аспантаулар аясы. Кезінде сол Аспантаудан Алатаудың етегіндегі Алматыға арман қуып келген бала едік...
- Мәңгі солмай, көгеріп өссе деп ем
Көңілімнің бағына көктем егем.
Жүрегімнің бір қылын шертсе деп ем,
Аспантаудан жаңғырып жеткен өлең.
Ақ қағазға түсіріп сол өлеңді,
Барым болса, жасырмай көпке берем!
деген игі ниет-тілегім бар, - дейді кеш иесі Алмат Исәділ.
Сонымен, 12 қазанға жоспарланған шараның қонақтары - Рамазан Стамғазиев, Ұлту Қабаева, Роза Әлқожа, Тілеулес Құрманғалиев, Қадырғали Көбентай, Ербол Құ­дайберген, «Шарын», «Серілер», «Ғасыр», «Айтұмар» тобы, «Жас өркен» би ансамблі және Ермек Балжігіт. Жіберіп алып, қапы қалмаңыздар!

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

"Айқын" газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371