Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3607 0 пікір 1 Қазан, 2012 сағат 14:37

ШЫМКЕНТ КҮЛКІ БРЕНДІНЕ АЙНАЛА МА?

Оңтүстік өңір зиялы қауым өкілдеріне кенде емес. Бірақ зиялының да зиялысы бар. Оқымыстылардың арасында аузының дуасы, сөзінің уәсі жоқ азаматтар да жүр. Былайша, сырттай бағамдағанымызда назарымыз «Шаншар» әзіл-сықақ театрының директоры Уәлибек Әбдірайымовқа ауды. Себебі өз өлшемімізде Уәлибек біз үшін айтары аз емес азамат ретінде әсер қалдырады.

Оңтүстік өңір зиялы қауым өкілдеріне кенде емес. Бірақ зиялының да зиялысы бар. Оқымыстылардың арасында аузының дуасы, сөзінің уәсі жоқ азаматтар да жүр. Былайша, сырттай бағамдағанымызда назарымыз «Шаншар» әзіл-сықақ театрының директоры Уәлибек Әбдірайымовқа ауды. Себебі өз өлшемімізде Уәлибек біз үшін айтары аз емес азамат ретінде әсер қалдырады.
Мысалы, оның күлкі мәселесіндегі оңтүстіктің алар орны туралы ойы қызық әрі сананы жаңғыртарлықтай. Бұл тұрғыда бізбен арадағы әңгіме барысында сықақшы былай деген еді: «Сатира өзінен-өзі оңтүстіктің брендіне айналып жатыр. Оны басшылар арнайы ұйымдастырған жоқ. Бірақ болып тұрған нәрсені неге әкімдер қолдамасқа?! Соңғы 3-4 жылда Астана, Алматыдағы театрларда оңтүстік өңірінің сықақшылары өнер көрсетуде. Астана күні мерекесінде де Елордада «Шаншар», «Шымкент-шоу», «Алдараспан», «Нысана» ұжымдары өнер көрсетті. Астананың күндерін Астанада емес, неге Шымкентте өткізбеске деген де ой туады. Енді Шымкентте тіл дамып кетсе қайтеміз? Сонау Петропавлда неге қазақ театры ашылмайды? Біздің өңірімізде тіл дамығандықтан, театр да көп, ән де көп. Мұны заңды құбылыс деп қабылдау керек.  Жалпы, Астана, Алматы қалаларының басты назарында - шымкенттік сықақшылар.  Оған қоса оңтүстік те қазақ тілінің қаймағы бұзылмаған, ал әзіл тілге байланысты туындайтын жанр. Сондықтан сатира өзінен-өзі оңтүстіктің брендіне айналады. Кезінде әзіл-күлкі өзінен-өзі Одессаның брендіне айналған, осы күнге дейін сол қалпы сақталып келеді.   
Бұрынырақта маған әдебиет зерттеушісі, саттартанушы-ғалым Әдіхан Шілдерханов әзіл-сықақ театрын ашу туралы идея тастаған еді. Сонда ол кісі әзілдің ең күлдіргі түрлері оңтүстікте екенін ескерген. Содан барып «Шаншарды» аштық. Тағы бір айта кетерлік жайт, Шымкентте неге Эстрада және миниатюра факультетін ашпасқа?  Ондай факультет Астанадағы Гумилев атындағы ұлттық университетте бар. Әр аймақтың сықақшыларының өз ерекшеліктері болуы заңды құбылыс.  Сатирада Санкт-Петербург пен Мәскеудің мектептері екі бөлек. Сол сияқты Шымкеттің, Алматының, Астананың да өздеріне ғана тән мектептері қалыптасуы керек.
Сықақшының тілді ту етіп отырғаны түсінікті. Шынында да, шырайлы, ойнақы, астарлы һәм образды тіл болмаса нағыз сатираның туындауы қиын. Осы орайда Уәлибектің тілге қатысты мына ойы да қызық:
- Еліміздегі театрлардың дамығанын не әлсірегенін әзіліне қарап ажырату керек, - дейді Уәлибек тағы бір әңгімесінде. - Олар қаншалықты әзіл айтып жүр, көрерменге қандай әзіл ұсынуда? Ал егер әзіл тілдің дамыған жерінде жүретін болса, онда тіліміздің беталысы қандай? Қазіргі жағдайда мемлекеттік тіліміздің жағдайы мүшкіл деп айтуға болады. Өзім араб тілі маманы болғандықтан, тілге қатысты бірнеше қағидалар барын білемін. Соның бірі   - ғасырлар өткен сайын тіл де дамып отырады, егер қоғам дамуына ілесе алмаса, онда тіл де тоқырап өшеді, - дейді. Иә, ол рас, мемлекетіміз көркеюде, шетел асып, білімін жетілдіріп жүрген азаматтарымыз қаншама! Бірақ біздің қоғамымызда тілдің өзектілігі ешқашан жойылған емес. Мемлекеттік деңгейде тілдің пайдасына қаншама бағдарламалар қабылдаймыз, оның орындалуы көңілден шығып жүр ме? Осы жағдайдың әсері театрға да тиіп жүр. Көрерменге қандай әзіл керек екен деп көңілін бақылап отыратын жайымыз бар. Бұрын театр көрерменді тәрбиелеуші еді, қазір керісінше біз көрерменге қарай ойыстық. Бұл дұрыс емес. Мұндай жағдайда алдымен тіл даму керек, демек тіл дамыса әзіл де дамиды. Ойлы, астарлы әзілдер шығады.
Шымкентте бір жекеменшік оқу орнына барып, «Шаншар» театры концерт берді. Бір қызығы, мұнда көп нөмірлеріміз қабылданбады. Демек, қойылымдарымыз нашар болғаны деп бағаладық. Ал сол қойылымдарды М.Әуезов атындағы ОҚМУ-ға барып қойдық. Ол жердегі негізгі көрермендеріміз филология, өнер факультеттерінің студенттері болды. Бұл жерде әзілдеріміз қыран-топан күлкіге ұласып жатты. Ал мұндағы мәселе тағы да тіл, мәдениетке келіп тіреледі. Егер көрерменнің мәдени деңгейі жоғары болса, театрлар да соған сәйкес қызмет етеді. Шымкентте бір ғана мемлекеттік әзіл-сықақ театры бар, бірақ оның көрермені аз. Бұл театрда әзілдің классикалық түрін көрсетеміз. Тамашалауға негізінен өнерді түсінетіндер келеді. Негізінен әрбір театрдың көрермендері де бөлек болады. Мысалы, «Шаншардан» жасы үлкен, сөзді түсінетін орта буын өкілдерін көп кездестіресіз.
Кейбір театрлар жеңіл күлкіге құмар болып жүр. Мысалы, қамыр дегені «Хаммер» деген көлік болып шығады, ал кеп осыған күледі. Осы да күлкілі ме?! Біз қазақы менталитетімізге сай күлкіден айырылып бара жатқан сияқтымыз.
... Несі бар, Шымкент күлкінің брендіне айналса, ол да өзінше бір қызық дүние емес пе? Оңтүстіктің Одессадан қай жері кем? Қайта әзіл-сықақтың отанына айналса, тілдің дамуына да оң әсері тиері рас.
Серік АЛДАНОВ

"Халық сөзі" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371