Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2897 0 пікір 5 Қазан, 2012 сағат 06:38

Серік Ерғали. Тоғыз ат

(Аңыз-әңгіме)

Бұл аңыздың желісіне жалпытүркілік тарихи танымдар мен  «Тоғызқұмалақ» ойыны арқау етілді.

Есте жоқ ескі заманда Ақорда мен Көкорда аталған туыстас екі мемлекет болыпты. Екі елдің халқы тілі жағынан да, дәстүрі мен өмір салты жағынан да өте жақын екен. Бірақ екі хандық арасында дау ылғи да туып, араздастық жиі орын алыпты.

Екі халықтың да рухани атасы саналған егіздің сыңарындай Ақби мен Көкби есімді абыздары бар еді. Оларға екі елдің халқы әбден шегіне жеткен жағдайда, хандарын да тыңдамай, билік айттырып, төрелік орнатуға жүгінеді екен.

Бір күні Ақорда-Көкорда арасында кезекті рет жағдай ушығып, бауырлас халықтардың соғысы тағы тұтанатындай ақуал орнапты.Тіпті, бұл жолы екі орданың бірі құлап, бірін-бірі алапат қырғынға ұшырату қатері төніп, саяси жиындардың арты әскери дайындыққа ұласыпты.

Алдын ала бұл жағдайды көрегендікпен біліп отырған Ақби мен Көкби қос абыз өзара күнде келісіп, бейбіт күнді орнатуға бас қатырумен болыпты. Бірақ әбден қартайған, бұрынғыдай қуаты мен қайраттары жоқ, халықтары тыңдаудан қала бастаған қос қария өздерінің екі елге билік айтып, араздыққа араласу мүмкіндігінің азайғанына налып, екеуі  қол ұстасып, дала кезіп кетеді.

(Аңыз-әңгіме)

Бұл аңыздың желісіне жалпытүркілік тарихи танымдар мен  «Тоғызқұмалақ» ойыны арқау етілді.

Есте жоқ ескі заманда Ақорда мен Көкорда аталған туыстас екі мемлекет болыпты. Екі елдің халқы тілі жағынан да, дәстүрі мен өмір салты жағынан да өте жақын екен. Бірақ екі хандық арасында дау ылғи да туып, араздастық жиі орын алыпты.

Екі халықтың да рухани атасы саналған егіздің сыңарындай Ақби мен Көкби есімді абыздары бар еді. Оларға екі елдің халқы әбден шегіне жеткен жағдайда, хандарын да тыңдамай, билік айттырып, төрелік орнатуға жүгінеді екен.

Бір күні Ақорда-Көкорда арасында кезекті рет жағдай ушығып, бауырлас халықтардың соғысы тағы тұтанатындай ақуал орнапты.Тіпті, бұл жолы екі орданың бірі құлап, бірін-бірі алапат қырғынға ұшырату қатері төніп, саяси жиындардың арты әскери дайындыққа ұласыпты.

Алдын ала бұл жағдайды көрегендікпен біліп отырған Ақби мен Көкби қос абыз өзара күнде келісіп, бейбіт күнді орнатуға бас қатырумен болыпты. Бірақ әбден қартайған, бұрынғыдай қуаты мен қайраттары жоқ, халықтары тыңдаудан қала бастаған қос қария өздерінің екі елге билік айтып, араздыққа араласу мүмкіндігінің азайғанына налып, екеуі  қол ұстасып, дала кезіп кетеді.

Екі елдің халқы қос абыздың бұл әрекеттеріне таң қалғанымен, аса қатерлі уақыттың таяғанын біліп, тау-тас кезген қос ақсақалды іздеуге мәжбүр болыпты. Бірақ екі қария да елдеріне қайтудан бас тартып: «Құты мен берекеті қашқан екі елдің бір бірін қырғанын көру бізге таңсық емес, бармаймыз, бірің өліп, бірің қалыңдар! Біздің өлер шағымыз келді, сендерге біздің ақылымыздың да, төрелігіміздің де керегі жоқ! Мазамалаңдар! Жаратқанға алаңсыз қайтуға кедергі жасамаңдар!» - десіпті қос абыз еңіреп отырып.

Екі жақтың билері мен қолбасшылары не істерін білмей күмілжіп, жер шұқып отырып қалыпты. Бір жағынан хандарына бос бару да абыройсыз іс еді. Сол кезде екі қарияның шөберелері сөз сұрапты. Олар өзара құрдас бойжеткен мен ержеткен екен. «Қайтпасаңыздар, біз де осы арада қаламыз. Бір бірін қырған ел мен қырғызатын ел басшыларының қанішер қылығына куә болғымыз келмейді. Ұлы бабаларымыздың соңғы күндерін аялап, сауаптарын алғанымыз біз үшін бақыттың басы!» депті қызбалана ақордалық бозбала. Көкби абыз шөбересіне қарап, сөйле дегендей ым қағыпты, сонда қызбала екі жақтың төрелеріне қарап: «Ең болмаса абыздарға соңғы төрелік айтқызайық» депті.

Жауласқан екі тараптың төрелері хандарына кісі шаптырып, солардың келісімін сұрапты. Абыздардың бұл қылығы әскерге де, халыққа да үлкен ықпал екенін ұққан екі елдің хандары да абыздарға соңғы билік айтқызуға амалсыз келіседі.

Сонда қос қария екі жақтан 9 күн мұрсат сұрапты. Ол заманда бұл елдер тәңір деп Көкке табынған, оның ұлы деп Күнді, қызы деп Айды пір тұтқан екен. Әсіресе, 9 саны екі елге де аса қадырлы әрі табыну белгісі болыпты: «тоқ іс» аталған бұл сан тәңірдің толыққанды әрі кемел құбылысының нышаны танылып, әр айдың 9-ға қатысты күндері қасиетті саналып, сыйлық пен жүлдеге дейін тоғыз санымен өлшеніп, туған нәрестенің шілдеқанасы мен өлген қарияның жаназасы да 9 санымен безбенделген ғұрыптардан тұрыпты.Тоғыздық таным қос халықтың да дәстүріне сіңген, қастерлі санға айналса керек.Ежелгі сол ғұрыпты дәріптеген Ақби  мен Көкбидің 9 күн мұрсат алуында сол мән бар еді және оған елдерінің қарсы тұра алмайтынын да қариялар ескерсе керек.

Сөйтіп, жандарына өздерінің шөберелерін ас-су қамдауға қалдырып, бір күркені тіктіріп, тоқсанға келген қос абыз тоғыз күн бойы толғаныпты. Шешімге келгенін қыр басына тігілген күркенің түндігінен будақтайтын түтінмен белгі беретінін айтыпты.

Бірақ қариялар екі елдің саясатына толғанып бас қатырмапты, екі елді мәңгіге біріктіру арқылы ғана бітпес дауды жойу мүмкін екенін ескеріпті. Қос абыз бар білімі мен біліктерін ортаға салып, егіз елді соған жеткізетін ойын ережесін ойластырған деседі.

9 күн біткесін, түтін түтетіп белгі береді. Екі жақтың игі жақсылары жиналып, қос абызға құлақ түріпті.Қариялар екі тарапқа ойын ережесі ұсынылатынын,сол ережемен екі жақтан есепке жүйрік екі адам шығып, екі елдің атынан ойнайтынын айтып, «сол ойынның шарты бойынша қай ел ұтса, жеңіс - соныкы болады» деп кесіпті!  «Бірақ екі елді біріктіріп басқаратын ханның қай жақтан сайланатынын осы ойынның нәтижесі шешіп беретін болады. Әгәрәки, ойын тең ойналса - хандар бір мерзімді екіге бөліп, басқарсын» - дейді. Осыған келіссе, ғана ойынның ережесін жария ететінін айтыпты қос данышпан.

Абыздардың бұл үкімі хандардың ашу-ызасын туғызғанымен, халықтың көкейінен шығып, екі тараптың бұқарасы босқа қырылудан бас тартып, ойын сайысына ден қойыпты. Жастар жағы қызық үшін ойын ережесін білуге ынтығыпты. Бірақ екі жақтан да адам шығару мәселесі тұйыққа тіреледі: есепке жүйрік талай адам бас тартып, хандарының қаһарынан қорқып шықпай қойыпты. Сонда әлі де өздерінің екі елдің азаматы екенін мойындатқан Ақби мен Көкби елдерінің бейбітшілігі үшін ғұмырларының соңғы күндерін екі тараптың ойыншысы болуға арнап, бір біріне қарсы ойнауға келісіпті.

Ақсақалдар жұртқа ойын ережесін жариялап, қамданғанда, Ұлы дала алып ойын тақтасына айналып шыға келіпті: кең жазыққа Ақорда хандығына қараған 9 тайпаға - 9 отау, оған қарсы жаққа тізбектей Көкорда елінің 9 көк отауы тігіледі; екі тараптың ортасын ала ақордалық алып ақ шатыр және көкордалық көк шатыр орнатылыпты, бұлар екі жақтың ордасын білдіретін нышан болыпты. Әрбір отауға 9 аттан, бір елдің тарабына барлығы - 81 ат байланыпты.

Қомдалған ақ нардың үстінде отырған Ақби мен көк нарға жайғасқан Көкби абыз жеребемен ұлы ойынды бастап кетіпті. Солдан оңға бағытталған ойын ережесі бойынша жүріс басталған отауда бір ғана ат қалдырылып, қалғанын оңға қарай орналасқан отауларға бір бірден үлестіріп отырыпты. Жүріс кезінде ат үлестіру екі елдің отауларына тиесілі болыпты, бірақ соңғы ат байланған қарсы жақтың отауындағы жылқы саны жұп болса, сол отаудағы барлық аттар ойнаушы жақтың шатырына қамалыпты да, сол орданың қазынасына жатқызылыпты.

Қос абыздың ойлап тапқан ережесі барынша әділ әрі айқын болғандықтан, ешкімнің күмәні боларлық ойын ережесі бұзылмапты. Ойын барысында қарсы тараптан әр ордаға бір отаудан тиетіндей «Түздік» ережесі енгізіліпті. Ол бойынша әрбір тарап өздерінің 9 отауына қоса, қарсы жақтағы отаулардың біріндегі байлаулы 2 атқа өзінің жылқысы қосылып үшеу болғанда, сол тарапқа оныншы отауға  ие болу мүмкіндігі қаралыпты.  Бұл «түздік отау» арқылы өткен әрбір жүріс сайын бір жылқыны осы отау жақтың ордасына байлау міндеттеледі.

Жүрісті Ақби бастап, Көкби қостаған ойынды ауыздан ауызға жеткен мәлімет бойынша қос қария тоғыз күн ойнапты. Басында  ұта бастаған Ақбиді Түздік алған Көкби қуып жетіп, мол жылқыға ие болғанын көріп, Көкорда ханы шаттана бастағанда, көкордалықтар отауындағы ат түгесіліп, ойынды бітіруге тура келеді. Ереже бойынша Көкорданың  9 отауындағы жылқы таусылып, «атсырайды» да, ақордалықтар өз отауларындағы аттарын жинап ереже бойынша ақ шатырға айдап кіргізеді. Енді Ақорда ханы өзінің жеңгеніне күмәні қалмапты. Алайда, санақшылар мұқият 9 рет санап шықса да, екі жақтың шатырында жиналған аттардың саны тең болып шығыпты: екі жақта да 81 -ден, барлығы 162 ат!

Хандар ойын ережесіне амалсыз бағынады - жарты жыл Ақорда ханы, келесі жарты жылды Көкорда ханы билеуге халықтық шешім шығады. 9 күн бойы жұртшылығы үшін барын салып, әбден қажыған Ақби мен Көкби абыздар 10-күні уәделескендей төсек тартып жатып, бір уақытта қайтыс болыпты. Екі қарияны екі ел бірігіп жаназа тұтып, бір төбеге жерлепті деседі. Сол төбе әлі күнге Қосабыз аталады. Ал, қариялар қайтыс болғаннан кейінгі бір жыл өткен соң, олардың қос шөбересі үйленіпті. Көп ұзамай, бірі - хан, екіншісі - ханша болған жас жұбайлар Тоғызат аталған қағанатты басқарып, кемеліне келтіре нығайтқан көрінеді. Кейін сол оқиғаның негізінде «Тоғызат» ойыны дүниеге келіп, жас-кәрінің сүйікті ермегіне айналыпты. Оны бүгінде қалпына келтірген қазақ жұрты «Тоғызқұмалақ» атап ойнап жүр.

«Abai.kz»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5404