Қырғызстан азаматтары көрші елге әуе жолы арқылы ғана өте алады. Ал Қазақстан азаматтары болса Қырғызстан шекарасынан еркін өтіп жүр. Шекарадағы бақылау-өткізу бекеттерінде қазақстандықтарға ешқандай шектеу жоқ.
Коронавирус індетіне дейін "Ақ-Жол" шекара бекеті арқылы күнде шамамен 10 мың адам және 1,5 мың автокөлік өтетін. Туристік маусым басталған уақытта 35 мыңға жуық азамат, 2,5 мың автокөлік шекара асатын.
"Министр Руслан Қазақбаев Қырғызстан азаматтарының қырғыз-қазақ мемлекеттік шекарасынан кедергісіз өту мәселесін тағы да көтеріп, шекараны тезірек ашуын сұрады", - деп хабарлады Қырғызстанның сыртқы істер министрлігі.
Қазақстан елшісінің не деп жауап бергені ресми релизде айтылмады. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі және Қазақстан елшілігі бұл кездесу туралы әзірге ақпарат таратқан жоқ.
Қырғызстан сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, кездесуде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстанға ресми сапарын ұйымдастыру, Бішкекте қырғыз-қазақ үкіметаралық кеңес отырысын өткізу мәселелі сөз болды.
Украинаға қатысты жағдай көтерілген уақытта, тараптар жанжалды саяси-дипломатиялық жолмен шешу керек деген ортақ пікір айтты.
Abai.kz