Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 4064 1 пікір 25 Наурыз, 2022 сағат 14:42

Шәмші туралы жаңа кітап шықты

Нұр-Сұлтан қаласында жазушы Еркінбай Әкімқұловтың «Шәмші Қалдаяқов – ән патшасы» атты жаңа туындының салтанатты таныстырылымы өтті.

Аталған туынды алғаш рет 2012 жылы жарық көрген, араға жылдар салып екінші басылым шығып отыр. Автор роман-эссе стилінде жазылған туындысында Шәмші Қалдаяқовтың жастық шағы, өмірдегі айтулы сәттері мен тұлғалық қасиеті туралы жазған. Сондай-ақ, кітаптың алғы сөзінде жазылғандай шығарма бастан-аяқ Шәмшінің өз атынан өрбиді, деп жазады qazradio.fm.

«Наурыз мейрамымен қатар келген бүгінгі туындының тұсаукесері құтты болсын! Ойламаған жерден осы кітаптың алғысөзін жазу маған бұйырыпты. Еркінбай Әкімқұлов ағамызды бұрыннан танимын. Біздер журналист болсақ екен деп армандап жүргенде, Еркінбай ағамыздың «Лениншіл жас» газетіне мақалалары бірінен соң бірі шығып жататын. Осылайша ағаларымызға бой түзеп өстік. Кейін тағдырдың жазуымен ағамызбен тікелей танысып, араласудың сәті түсті. Талай әңгіме-дүкен құрып жақын сыйластықта болдық. Ерекең ізденіпмаз жан еді, бірнәрсені білгісі келеді де жүретін. Басқа туындыларын айтпағанның өзінде ол кісінің 2 кітабы көпке үлгі. Бірі Өзбекәлі Жәнібеков, екіншісі Шәмші Қалдаяқовқа арналған. Қазақтың осы 2 тұлғасын ерекше құрметтеймін, - деді саясаткер, мемлекеттік қайраткер Қуаныш Сұлтанов.

Кітаптың тиражы 12 мың дана. Оқырмандар жаңа туындыны еліміздің облыстық, қалалық және аудандық кітапханаларынан оқи алады.

«Бұл кітаптың тарихы ерекше. Аталған туынды алғаш рет 2012 жылы жарық көрді. Қоғамның сұранысы бойынша міне екінші басылымы шығып отыр. Шәмші Қалдаяқовты білмейтін қазақ жоқ. Ол көптеген танымал әндердің авторы ғана емес, еліміздің әнұраны авторларының бірі. Еркінбай ағамыз Шәмші Қалдаяқовпен замандас болып, дос, шығармашыл тұлға ретінде жақын араласқан. Бұл кітапта туып-өскен ауылынан бастап, өнерге шыңына жеткен сәтіне дейінгі кезең баяндалған. Жалпы Еркінбай ағамыз өзіндік жазу стилі бар ерекше жазушы. Өкінішке қарай, ағамыз 2019 жылы бақилық болды. Бүгін ағамыздың рухын еске алып, кітаптың тұсаукесерін ұйымдастырып отырмыз. Жаңа туынды өз оқырманын табатынына сенімдімін», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай.

Сондай-ақ, айтулы шарада Еркінбай Әкімқұловтың қызы Құралай Әкімқұлова өз естелігімен бөлісті.

«Кітап алғаш рет 2012 жылы шықты. Сол жылы Қазақстан жазушылар одағы туындыны мемлекеттік сыйлыққа ұсынды. Бүгін екінші рет басылып жарық көруде. Осы орайда осы іске ұйытқы болған ҚР Парламентінің депутаттары мен мәдениет және спорт министрлігіне алғысымды білдіремін. Менің әкем Шәмші Қалдаяқовпен студент кезінен жақын араласып, өмірінің соңына дейін дос болған. Біраз жылдар жақын араласқандықтан менің әкем Шәмшіні тек шығармашыл тұлға ретінде ғана емес, азамат ретінде жақсы таныды. Сондықтан кітабында қазақтың ұлы композиторын басқа қырынан көрсетті десем болады. Сонымен қатар туынды да Шәмшіден бөлек, сол заманда өнерде жүрген танымал тұлғалар туралы да естелік бар. Есімде, бала күнімізде Шәмші Қалдаяқов біздің үйге қонаққа жиі келетін. Біз «Шәмші аға» дейтінбіз. Өте көңілді кісі еді», - деді Қ. Әкімқұлова.

Кітаптың тұсаукесер салтанаты елордадағы ұлттық академиялық кітапханада өтті. Оған белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, Сенат және Мәжіліс депутаттары мен автордың жақындары қатысты.

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364