Украина біз үшін де соғысып жатыр
Қалай десек те, Украина-Ресей соғысына айналып келе береміз, себебі біздер – қазақтар үшін бүгінде бұдан өткен маңызды тақырып жоқ. Шындығы керек, украиндар біздер үшін де, біздің болашағымыз үшін де соғысып жатыр. Өкінішке орай, көп қазағымыз басқыншының сөзін сөйлеп, соларды жақтап, өліп жүр. «Дүниеде ең әділ бөлінген нәрсе – ақыл» деп тегін айтылмаған, бәрі өзін ақылды санайды, жөн сөз айтсаң, сені жау көреді.
Польша
Сонымен Ресей Польшаға шабуыл жасауы мүмкін бе? Сондай ойы бары рас. Неге? Себебі:
1) Польша Украинаға Батыс қаруын тасымалдайтын хабқа айналған, барлық қару түрлері Польша арқылы жеткізіліп жатыр. Кеше АҚШ-тан Украина үшін «С-5 Galaxy» ұшағымен кезекті қару жеткізілді. Не қару? Құпия. Бірақ әлгі ұшақтың үлкендігі соншалықты, украиндық «Мриядан» сәл ғана кіші. Оның қасында қазіргі ұшақтар баланың ойыншығы сияқты.
2) Путин қалай да НАТО-ны соғысқа тартқысы келеді. Сонда оның тактикалық ядролық қаруды қолдануға мүмкіндігі туады.
3) Калининград облысына тура жол тартамыз деген сылтаулары бар.
Мұндай жағдайда НАТО соғысқа кірісе ме? Мүмкін. Бірақ Байден егер НАТО-ның бір мүшесі өз бетімен соғысам десе, біз қарсы болмаймыз деп не үшін айтты? Яғни, соғыспауымыз да мүмкін дегені ме? Не де болса, мәселе ертеңгі (24 наурыз – Ред.) үлкен саммитте шешілуі керек.
Қытай
Байден Шыжыңпинмен сөйлескеннен кейін, Қытай РФ-ға қандай да болсын қару-жарақ беруден бас тартты. Яғни, Қытай тарапынан РФ-ға ешқандай көмек болмайды. Нүкте.
Қазақстан
Украиндық достарым жекеге жазып, қайта-қайта Қазақстан әскер жібере ме деп сұрайды. Жоқ десем, сеніңкіремей, сондай ақпарат бар дейді. Бұл жерде өзбектер сияқты нақты жауап беруге басшылықтың «жұмыртқасы» болат темірден болмағандығы кедергі болып отыр. Қазіргі жағдай «дипломатиялық мәймөңкелікті» емес, темірдей жұмыртқаның болуын әлдеқашан тілеп отыр. Егер қазақ әскері украиндар жеріне аяқ басса, ешкімді де аямаймыз, қырып саламыз дейді олар. Және онысы рас та.
Беларусь
Путин мен Лукашенко қаншама итермелесе де, Беларусь соғысқа кіре ме? Кірсе – Украина оларды да қырып салатындығы аян. Әскері де, жалпы халқының 90%-ы да соғысқа қарсы. Ендеше әзірге тап басып айту қиын. Біздіңше, екі халықтың бұрынғыша сыйлас күйлерінде қала бергені жақсы, ал РФ сөзсіз тарайды, Путин кетеді немесе кетіреді.
Ресей
Ойлап қараңызшы, көп ұзамай РФ деген мемлекет жер бетінен жоқ болады, себебі Батыс алдына сондай мақсат қойып отыр! Соғыспен болмаса да, экономикалық әдістермен. Оны құтқарам деу – бос әурешілік, өзімізді су иірімінің тұңғиық түбіне тартып кетеді. Сондықтан иірімнің жағалауынан мүмкіндігінше алысырақ тұру керек. Соны түсінуге қаншалықты ақыл керек? Көзбен көріп тұрған нәрсені? Соны да түсінбесе, біз білмедік, ондайлар ауруханаға жату керек шығар.
АҚШ
АҚШ РФ-ға 117 млн доллар бөліп, оның Батыс акционерлерінің алдындағы проценттерін жабуға мүмкіндік туғызған. Бұл қалай дейсіздер ғой?
Бұл жерде бірнеше мақсат бар сияқты. Біріншіден, РФ-да дефолт бола ма, болмай ма – оның кілті АҚШ-та екендігін көрсету. Егер қаласа, кез келген уақытта РФ-ны дефолтқа жібере алады, аяушылық танытса, кішкене ұстай тұрады дегендей. Уақыты келді деп есептесе – «шесть секунд» деген сөз.
Екіншіден, ол проценттер бәрібір сол Батыстың өзіне қайтып келетін ақша.
Үшіншіден, РФ-ның Батыс банктерінде бұғатталған 300 млрд долларының қасында 117 млн деген не, тәйірі?! Теңіздегі тамшыдай ғана ақша ғой.
Жалпы АҚШ-тың саясаты мынаған саяды екен – санкциялар әлі өз күшіне мініп, толық жұмыс жасай бастаған жоқ. Ал дефолт дегеніміз табыттың қақпағы іспетті, бәрі біткеннен кейін, қақпағын жауып, нән шегемен шегелеп тастау ғана қалады.
Ең алдымен мекемелер мен өндіріс орындары жабылуы керек. Адамдар жаппай жұмыссыз қалуы керек. Банкілер бірінен соң бірі банкротқа кетуі керек. Алдымен қаржы биржасы құрдымға кетуі керек (ашылғаннан кейін). Былайша айтқанда, РФ атты корабль суға кете бастауы керек. Сол кезде барып, оны тереңірек батыру үшін, үстіне кранмен нән темір-бетон блокты қоя қою керек. Міне, дефолт дегеніміз сол.
Егер дефолт қазір басталса, кеменің суға кету процесі басталып кетеді де, олар тез бейімделіп үлгеруі де мүмкін екен, сондықтан жағдай біртіндеп ушығып, дефолттан құтылып кететіндей иллюзия пайда болып, өздерін-өздері алдарқата тұрсын деген стратегия. Тіпті тағы бір-екі ай процент төлеуге ақша беруі де ғажап емес.
Бастысы – жәй да болса жағдайын бірте-бірте қиындата беру. Түпкі мақсат – РФ-ны экономикалық жағынан тас-талқан қылып ыдыратып, жер бетінен жоқ ету. Байден свифті жапқанда, бұл әлі «цветочки», қызықтың көкесі алда деп бекер айтқан жоқ. Қайда асығады олар – уақыт соларға жұмыс жасайды. Жәй айтқанға түсінбейді екен орекеңдер, ендеше мә, ескерттік, енді өкпелемеңдер деп отыр Батыс.
Енді осыны дұрыс түсініп, соған сай өз стратегиясын жасақтайтын қазақ үкіметі болса, кәні?..
Қуаныш Еділхантегі
Abai.kz