Іштен шыққан жау - Любовь Панованы біле жүріңіз
Қазақта: «Іштен шыққан жау жаман», деген сөз бар. Міне, Украина мен Ресей арасындағы соғысқа да бір айдан аса уақыт өтті. Басқыншы Ресей бұл соғыста экономикалық жеңіліс тауып, әскери сәтсіздікке ұшырауда.
Дәл осындай соғыс өрті өршіген шақта Ресейдің ірілі-ұсақты депутаттары мен шенділері Украинаны ысырып қойып, айналасындағы өзге мемлекеттерге де доқ көрсетіп жатқаны да белгілі. Әлгінде ғана Мәскеулік депутат Сергей Савостьянов деген коммунист: «Қазақстанды да «денацификациялау» керек», - деп соғыс тілеген сөздер айтты.
Оның ізін ала, «Еуропа Плюс Қазақстан» радиостанциясының қызметкері, бағдарлама жүргізушісі Любовь Панова деген адам шығып: «Вова ағайды бізге де көмекке шақырамыз», - деп сөйледі. Сөйтіп, Панова дейтін орыстың маржасы Вова ағайынан Қазақстанға келіп, тәртіп орнатуын сұраған екен. Оның Вова ағайы – басқа-басқа емес, Кремльдің қожайыны, Ресей президенті, бүкіл өркениетті жұрт Украинаға жасаған басқыншылығы үшін Гитлерге теңеп отырған Владимир Путин.
Бұл ел ішінде қызу талқы болуда. Бізді қойып, алыс-жақын шет елдегілер де Панованың пасық ниет сөздеріне шүйлігуде.
Ал «Еуропа Плюс Қазақстан» радиостанциясы Любовь Панованың «Вова ағайды көмекке шақырамыз» деген сөзіне түсініктеме беріп, бүйдепті:
«Еуропа Плюс Қазақстан» радиостанциясы біздің қызметкер Любовь Панованың әлеуметтік желілердегі жеке аккаунттарында айтқан сөздері, оның жеке ұстанымы біздің радиостанцияның саясатына еш қатысы жоқ деп мәлімдейді. «Еуропа Плюс Қазақстан» ақпараттық саясаты Қазақстанның егемендігі мен тыныштығы, интернационализм сияқты мызғымас құндылықтарға негізделген».
Радиостанциялар Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық аренадағы саясатын басшылыққа ала отырып, хабар тарататынын мәлімдеген.
«Сонымен қатар, біздің қызметкердің мәлімдемелері компанияның тәртіп комитетінде қаралатын болады. «Еуропа Плюс Қазақстан» радиостанциясының ақпараттық саясаты қатаң тексеруден өткен өзекті жаңалықтарға негізделген. Біздің радионың эфирінде ешқашан радикалды пікірлер немесе расталмаған фактілер айтылмаған әрі қарай да айтылмайды.
Біз өз радио тыңдаушыларымызды, өз елімізді жақсы көреміз және біздің жұмысымыз Қазақстанның бейбітшілігі мен гүлденуіне қызмет етуі үшін қолымыздан келгенін жасай береміз», - дейді радиостанция.
Осыдан кейін, әйдік болған Панова қызметінен қуылыпты. Бұны «Еуропа Плюс Қазақстан» радиостанциясы жазыпты.
Айжан Темірхан
Abai.kz