Айдос Сарым: «Әкімдер мен министрлер – біздің жалға алған менеджерлеріміз»
Айдос Сарым, «Абай-ақпарат» қоғамдық қорының вице-президенті, саясаттанушы:
Айдос Сарым, «Абай-ақпарат» қоғамдық қорының вице-президенті, саясаттанушы:
- Айдос аға, қазақ өзінің ұлттық потенциалын қалыптастыра алды ма? Ұлттық идея жолында қандай қадамға бара алып жатыр? Идеологиямыздың көшін тоқтатпау үшін не істеуіміз керек деп ойлайсыз?
- Қазір қоғам «қазақ қандай ұлт?», «ұлттың болашағы қандай болуы керек?» деген сынды сауалдарға жауап қарастыра бастады. Үш қазақтың басы қосылған жерде түрлі клубтар құрылып жатқаны қазақ ұлтының оянғанының белгісі. Сонымен бірге қазақ өзінің метафизикасын, рухани кеңістігін, экзистенциясын іздеуде. Әр қазақты «біз кімбіз?» «қайда бара жатырмыз» деген сұрақтар мазалауы ұлт ретінде белгілі бір дәрежеге көтерілгенімізді айғақтайды. Мұндай әңгімелер түбі бір жерді жарып шығады. Өсіп келе жатқан ұлт өзінің интеллектуалды-зерделік потенциалын жүдетпеуге тырысады. Ол үшін тәуелсіз мемлекет, тәуелсіз ұлт екенімізді өзімізге, сонымен бірге басқаларға ұғындырып, әрдайым еске салып отыруымыз қажет. Азғантай қиындықтарға бола ақырзаманды төндіріп, жасуға, жасқануға болмайды. Қазір ұлттық идеологияны қалыптастырудағы басты проблема қазақ тілі де емес. Басты мәселе - «біз қандай ұлтпыз» деген сұраққа жауап табу. Сондықтан да үш адамның басы қосылған жерде қай ұлтпыз, ұлттың тілі қалай дамуы тиіс, мәдениеті, тарихы бұған қалай қызмет етуі керек деген секілді ірі мәселелерге аттың басын тірей беру керек. Ірі мәселеден тайқып, пайдасы жоқ майда-шүйде «Шыңғыс хан қазақ па, жоқ па?» деген дауға араласа берсек, ұлттық идеядан алшақ кетеміз.
- Жалпы, алашордашылар идеясы бүгінгі қазақ идеясымен қабыса ала ма? Тіпті біздің айтулы партияларымыздың бірі Алаш партиясының мұрагеріміз деп қалғаны бар...
- Бұл мәселеге де келейік. Қазақстанда қазір екі бірдей ұлттың қалыптасу үрдісі жүріп жатыр. Біріншісі - стихиялы түрде өзінің тарихи, табиғи үрдістеріне сай дамып, нарығын, парқын, сапасын, санын арттырып, өсіп келе жатқан қазақ ұлты. Бұл топқа сіз бен біз кіреміз. Өзіміздің ортақ әңгімеміз, баспасөзіміз, ақпараттық кеңістігіміз бар. 1972 жылы КПСС-тің съезінде Брежнев: «Патша заманындағы, одан бұрын да шиеленіскен ұлттық проблемаларды түбегейлі шештік, оның орнына «кеңес халқы» деген ұлт пайда болды» деп мақтанған болатын. Араға біраз уақыт салып, бұл пікірдің күлі көкке ұшты. Бізде қалыптасып келе жатқан екінші ұлт, сол «кеңес халқының» көшірмесі іспетті «қазақстандық ұлт» деген ұғым. Рухы, тілі, мәдениеті, әдеті, дәстүрі жоқ «қазақстандық ұлт» үшін шырылдап жүргендерді түсіне алмаймын. Бізді ерекшелендіретін, өзгеден бөліп алатын тіліміз бен дінімізді, салтымыз бен тарихымызды қайда қоямыз? Тарихи жолымызға көз салыңызшы... Қасым хандардың заманынан бері көшпелі халықтарды біріктіру идеясы - Алаш идеясы бой көтерді. Енді одан бас тартуға хақымыз жоқ. Алтын орданың мақсаты да, Шыңғыс хан хандығының мүддесі де күллі көшпелі жұрттың басын бір жағадан шығартатын империялық идея еді. Осы идеяның негізінде Алаш идеясы бой көтерді. Мұның астарында жаңарған түркішілдік идеясы жатыр. Кейбір алаштанушы ағаларымыз - алашордашылар осыдан бір ғасыр бұрын қабылдаған стратегиялық бағдарламаларды актуальды деп ойлайды. 1917 жылғы бағдарламаны осы күнмен сабақтастырғысы келеді. Меніңше, бұл да дұрыс емес. Идеялар әрқашан дамып отырады. Алаш идеясының басты мақсаты - қазақ ұлтын азат ету. Осыны негізге алсақ, қателеспейміз. Ал қалған идеяның жерге, тілге, дінге қатысты құрамдас бөліктері заманға сай дамуы керек. 1917 жылғы Алаш зиялылары бекіткен бағдарлама сол кездегі білім деңгейі, түсінік, экономикалық, саяси, философиялық ойлаудың кемелденген үлгісі деп түсінген жөн. Арада бір ғасырға жуық уақыт өтті. Қаншама жаңалық, өзгеріс болды. Абай әрбір буын үшін өзінше Абай болады. Бүгінгінің оқырманы Абайды 40-70 жылдың түсінігімен қабылдай алмайды. Алаш идеясына да солай түйсіну керек. Бір жағынан қарасақ, Алаш идеясы сөзсіз түпкілікті, тыңғылықты түрде қазақ ұлтының идеясы, екінші жағынан, түркішілдік идеясы деп түсінеміз. Қазақ ХХ ғасырда геноцидті көріп, аштықтың кесірінен 60-70 пайызға қырылып қалды. Осындай тағдыр тауқыметін тартқан ел ешкімге әңгіртаяқ ойната алмайды.
- Елімізде 130-ға тарта этнос бар. Ұлттық идея жайлы сөз қозғағанда, «қазақ пен еліміздегі этностардың идеясын бөліп қарастыру керек пе?» деген заңды сауал туындайтын секілді...
- Тағдыр тауқыметін тарттық екен деп, өзге этностарға тізе батырсақ, өз тарихымызды түсінбегеніміз, одан сабақ алмағанымыз болып саналады. Біздің ағайындарымыз қазақ идеясын тек қазақ халқының идеясы деп біледі. Бұл дұрыс емес. Қазір саясаткерлер айтып жүрген еліміздегі 130 этностың бәрі қазақ ұлтының өкілі, қазақ ұлтының құрамдас бөлігі. Олар мұны мойындамай отырса, бұл біздің кінәміз. Қазақстанның заңын сыйлайтын, конституциясына бағынатын, оның міндеттерін мүлтіксіз атқаратын, салығын төлейтін, мемлекеттің тілін, мәдениетін, тарихын құрметтеп, қоғам мен мемлекет жүктеп отырған моральдік, заңдық нормаларды орындайтын, қазақ әскері сапында борышын өтеген, кез келген азаматты қазақ деп түсінуіміз керек. Чемпиондарымыз Мая Манеза да, Винокуров та - қазақ. Тегі орыстекті, корейтекті, дін тұрғыдан алғанда, христиантекті қазақ болуы мүмкін. Қазақы кеңпейілдікке сай саясат жүргізіп, философиялық ой тұжырымдасақ, арманымыз орындалып, ұлттық идеямыз өз тұғырына қонады. Өйткені уақыт та, тарих та біздің мүддемізді қолдайды. Өреміз жетпеген жерде күш қолданып, қазақтың әңгімесіне өзге этностарды араластырмауға негіз жоқ. Қазақстанда тұрып жатқан 17 млн халық пен шетелдегі 5 млн қандасымыздың бәрі, яғни 22 млн қазақ бар. Еліміздегі диаспоралар түбі қазақ ұлтына қосылуы тиіс. Көрші Қытай мен Ресейді қараңызшы. Ұсақ ұлттарды өздеріне сіңіріп, ассимиляциялап барады. Ерте ме, кеш пе дәл сол секілді еліміздегі қазақтан өзге этностар ұлт, халық ретіндегі негізін сақтап қала алмайды.
- Кеңестік кезең қазақ ұлты жұтылып кетуге бейім ұлт екенін көрсетті. Аз болмағанда «қара орыс» болудың алдында қалдық. Осы мысалдан кейін қазақ бір ұлттың құрамына еніп, өз болмысын жоғалтып алмаса, өзгелерді сіңіріп, қазақыландырып жібереді дегенге сенбейтін секілдімін.
- Қазақ ұлты басқа ұлтқа сіңісіп, жойылып кетеді дегенге мен де сенбеймін.
- Аға, «қазақ ұлты тарих сахнасынан сызылып кетеді» деп отырғаным жоқ. Қазір Қытайдағы қандастарымыз қанша салт-сананы сақтады дегенімізбен, қытайлана бастады ғой.
- Ол рас.
- Түркиядағы қазақтар мен Қазақстандағы қазақты салыстыруға келмейді.
- Мұның бәрі шындық. Әлемдегі кез келген қандасымыз қазақ тілінің, қазақ мәдениетінің, қазақ білімінің отының маздап жанар ошағы Қазақстан екенін түсінуі керек. Одан басқа жерде қазақ тілінің салтанат құруы мүмкін емес. Қазақ тілі әлемдік тіл бола алмайды. Оның артында 100 миллиондаған халық тұрған жоқ. Бүгінде Қазақстанда орташа есеппен 10 мың шешен бар делік. Сол 10 мың шешеннің тілін 17 миллион халық үйренбейді ғой. Егер осы көрсеткіш керісінше болса, шешен тілін амалсыз үйренген болар едік. Ассимиляция дегенімізді күштінің әлсізге жасайтын тепкісі деп білеміз. Мұның мәдениетті, өркениетті жолын аккултурация деген терминнен іздегім келеді. Азаматтарды саналы түрде қазақыландыруға әкелу. Мемлекеттік тілді мемлекеттік қызметкерлердің бәрі білуі керек деп заңмен міндеттейікші. Мемлекеттік қызметке барғысы келетін барлық азамат ұлтымыздың тілін бес саусағындай біліп алар еді. Қазақ көшінің арқасында еліміздегі қазақ ұлтының саны 70 пайызға жетіп қалды. Оның үстіне қазақ өте жас ұлт. Еліміздегі славян тектес этностардың орта жасы 47-50-ге таяп қалса, қазақтардың орта жасы - 26-27 жас. Сонымен қатар қазақтың саны әр жылда кемі 1-1,5 пайызға артып келеді. Елімізден жыл сайын 70-80 мың орыс өздерінің тарихи Отандарына қоныс аударуда. Олардың дені жастар екенін де ескеріңіз. Бір қызығы сол жастардың көп бөлігі өздерінің тарихи Отанына емес, АҚШ-қа, Канадаға және басқа да Еуропадағы дамыған елдерге кетіп жатыр. Қазір Ресей әлемді, тіпті өзінің қандасын қызықтырып отырған жоқ.
- Енді осы ойыңызды «Қазақстан шетелдегі қандасын қызықтыра алатын елге айналды ма?» деген сауалмен сабақтап көрсек...
- Өкінішке қарай, біз де қандастарымыздың армандаған еліне айнала алған жоқпыз. Көші-қон мәселесіндегі жемқорлық, екі күннің бірінде оралмандарға бөлінген қаржының үптеліп кетуі, салынып жатқан үйлердің сапасыздығы жайлы естиміз. «Жазушылар одағы» немесе «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» секілді үкіметтік емес ұйымдар ұлттың болашағы үшін маңызы бар «Нұрлы көш» бағдарламасына кешенді түрде қоғамдық бақылау жасау қажет еді. Қазір Отанына асыға жеткен ағайын орыс тілін білмесе, қатарға қосыла алмайтын жағдайда қалып отыр. Біздің «Нұрлы көш» бағдарламасына жаңаша көзқараспен қарап, түзетулер енгізгеніміз жөн сияқты. «Қанша қандасымыз тарихи Отанына көшуге дайын, қанша қазақ жағдайы қиындаса көшуі мүмкін» деген сынды сауалдарға жауап беретін нақты дерек жоқ. Меніңше, қазақ баспасөзі көтеріп жүрген «қазақ картасы», «қазақ паспорты» деген мәселені қолға алу керек. Он жылдыққа елімізге көшіп келем деген азаматтарға төлқұжатын рәсімдеу, түрлі бағдарламаға, квотаға іліну үшін ең болмағанда суреті ілінген, мөрі бар құжат берейік. Ол ресми күші жоқ, қоғамдық тұрғыдағы құжат болсын. Сол құжат арқылы алдағы он жылдықта қанша ағайын елге келетінін біліп отырар едік. Осыны түсіндіру жағын зиялы қауымға міндеттеу керек секілді. Өкініштісі, қазір бізде зиялы дейтін жазушы ағаларымыз бір-бірімен қырық пышақ болып, айқасып жүр. Жуырда Одақтың жиылысына барып, алты-жеті сағат отырып, «оқырман» деген сөзді ести алмай кеттім.
- Одақ деп қалдыңыз ғой. Кеңестік кезеңде жазушыларымыз белгілі бір дәрежеде саяси ойындардың көзіріне айналушы еді. Қазір саясатымыз бір бөлек, оқырманымыз бір бөлек, жазушымыз бір бөлек жүр. Осыны жою үшін жазушыларды саясатқа араластыру керек пе?
- Жазушылар одағындағы жиылыстан кейін байқағаным, біздің жазушылар әлі кеңестік кезеңді сағынып жүрген сияқты. Кеңестер Одағы не үшін қазақ жазушысының жағдайын жасады? Ол дәуірде отарлап жатқан елдің зиялысының аузына құм құйып отыру керек болды. Сондықтан жазушыларға пансионат салып берді, қаламақы берді, үй берді. Тәуелсіздік деген - жауапкершілік деген сөз. Мемлекеттен ештеңе күтпей, өзің үшін өзің жауап бересің. Мен кеше екі термин шығардым. Оның біреуі - «қаламақымақтық» деген сөз. Жазушылар «қаламақы» деп етегін жасқа толтырғанша, жұрт оқитын роман жазсын. Қоғам өзі іліп әкетіп, кітап дүкендерінен сатып алмаса, маған келіңіз. Жалпы, жазушылардың бірлі-жарымы болмаса, бәрінің жағдайы жаман деп айта алмаймын. Біз қаламгерлердің мықтылығын сөз етеміз де, олардың сұранысын, нарығын айтпаймыз. Менің ойымша, жазушылар съезінде «кім төраға болады?» дегеннен бұрын, «Қазақ оқырманы қандай романмен қауышты?» деген сұраққа жауап табуға асығуымыз керек еді. Осыған дейін қолына қалам ұстағанның бәрі шығармашылығына ауыл қазағының өмірін арқау етті. Олар қаладағы тіршілікті құбыжық етіп суреттеді. Бұған себеп - қазақтардың қаланы жаулай алмағаны еді. Кеңес кезінде қалаға келіп қоныстанудың өзі проблема болды. Алматының 8 пайызын, Өскеменнің 3-ақ пайызын қазақтар құрады. Қазір жағдай өзгеріп, Алматының 70 пайызы қазақыланды. Урбанизация үдерісі жүріп жатыр. Осы сәтте бізге қазақтың қалалық мәдениетін насихаттайтын әдебиет қажет. Біздің ағаларымыз қалалық мәдениетті насихаттайтын шығарма жазуға асығар емес.
- Осы арқылы белгілі бір дәрежеде әдебиетті де саясиландыру керек дейсіз ғой.
- Саясиландырған осы екен деп, оларды сарай ақыны етіп, билікті мақтатып қоюға болмайды. Бұл - қоғам қажеттілігінен туындап отырған мәселелерді әдебиет арқылы, кино арқылы халықтың санасына сіңіру деген сөз. Саясаттың көкесі - осы. Саясаттың басты міндеті жол салу емес, құндылықтарды қалыптастыру. Біз Тәуелсіздік алған 20 жыл бедерінде қандай образ, қандай кейіпкер бейнелеп үлгердік? Бұл сұраққа кеңес кезеңінде жазылған әдебиет бар ғой деп жауап бересіз. Ол басқа формацияға, басқа нарыққа, басқа экономикаға негізделген басқа заманның әдебиеті, басқа дәуірдің кейіпкерлері.
- Өзіңіз шығарған екінші терминді ұмыт қалдырдыңыз...
- Жазушылар ақылман болуы керек. Ақыл мен ақырзаманды біріктіріп, қаламгерлерге «ақырман» деген атау бердім. Олар бір жағынан ақылын айтса, екінші жағынан ақырзаманды төндіріп жүр. Аймақта жүрген біраз әкімқараны білемін. Әкімшілікке жазушы келді десе, шенеуніктер «тағы да келген бе?» деп кіжінетін дәрежеге жеткен. Күнделікті шенеуніктің алдында алақан жайып тиын сұрап жүрсең, сені кім сыйлайды? Кім сенімен санасады? Қазір орыстілді ортаға да, қазақтілді қоғамға да сөзі өтетін бес қаламгеріміз жоқ. Мыңдаған адам алаңға шықса, басу айтар кімің бар? «Жігіттер, қойыңдар, сендермен де, билікпен де келісейік. Айналып келгенде, бұл - біздің мемлекет, анау тұрған өзіміздің ұлттық полициямыз, қазақ пен қазақ қырылмасын, қазақтың қаны төгілмесін» дейтіндей зиялы қалды ма? Ондай зиялы қалмаса, қазірден бастап насихатына кірісейік. Халыққа да, билікке де сөзі өтетін қадірлі азаматтарды тәрбиелеп шығаралық. Оларды саясатқа араластырмайық, партияларға мүшелікке шақырмайық. Олар ұлттың ішінде ұлттың әңгімесін айтып жүрсін. Егер осылай жасай алсақ, бұл саясатымыздың жемісін болашақта көрер едік.
- Интернет парақшаларынан талай даудың куәсі болып жүрміз. Жалпы, сіз жеке басыңыз ғаламтор арқылы қоғамға қандай қозғау сала алдыңыз?
- Қазақ ғаламторын дамыту - менің нан тауып жүрген салам. Аз-маз сайт құрдым, біраз сайттың ашылуына мұрындық болдым. Мысалы, Мұрат Әбеновтарден сұраңыз, «Википедияның» қозғаушыларының бірі болдым. Бұл болашақта мақтанып айтатын әңгімемнің желісі болады деп ойлаймын. Күніне әлеуметтік желіге бір сөз болсын жазып қоямын. Бұл да болса кішігірім еңбек деп білемін. Әр қазақтың үйіне Абылайдың не Кенесарының суретімен қатар, «Сен қазақ үшін не жасадың?» деген плакат іліп қойғым келеді. Бүгінгі ұрпақтың сабыры, парасаты өткен буынға жетпегенімен, рухы асқақ. Жаны жасымаған. Жас ұрпақты кеңестік кезеңнен қалған үреймен қорқытып алсақ, үлкен трагедия болады. Өткен буынның санасын, келбетін, психологиясын, ойлау жүйесін аштық өзгертіп жіберді. Оларды аштықтан құтқарғанымызбен, рухани аштықтан арашалап алу қиын. Ол ұрпақтың санасында «бастыққа қарсы шықпа, мен кішкентай ғана құлмын, шыбынмын» деген психология бар. Әр қазақ қазір интернет арқылы я басқа жолдармен «Мемлекет деген - менмін. Мен мемлекет үшін емес, мемлекет мен үшін, қазақ үшін, қазақша сөйлеуім, ойлауым үшін жаралған. Әкімдер мен министрлер - біздің жалға алған менеджерлеріміз» деген психологияны оятуға жұмыс жасауы керек.
- Жалпы, біздің санамызды отаршылдықтан құтқару қажет секілді...
- Латын әрпіне көшу керек. Жиырмасыншы ғасырдың өзінде әліпбиімізді үш рет ауыстырдық. Одан қырылып, жойылып қалғанымыз жоқ. Мемлекеттік ерік-жігер болса, латын әрпіне көшу қиын емес. Әр нәрсенің құны, төлемі болады. Жетпісті еңсерген ағайынның әріп түсінбей қалуы трагедия емес. Олар көрерін көріп, оқырын оқып тастаған. Қазақ аман болса, немерелері аман болса, рухани, мәдени кеңістіктен қалып қалмайды. Осы жылдан бастап латын әрпіне көшсек, келер ұрпақ басқа елдің тілін, әліппесін түсінбейтін еді. Осы арқылы рухани тұрғыдан азаттыққа қол жеткізер едік. Қазақтың латынға көшуі - ішкі проблемамыз. Өзгелерге жалтақтаудың қажеті шамалы. Латынға көшсек, сыртқы саяси күштер келесі ұрпақтың тәуелділіктен құтылатынын көріп отыр. Біз деколонизацияланып, отарлық санадан айығып келеміз. Сөйте тұра, Міржақыптың «Оян, қазағының» парқын дұрыс бағаламай, «ел оянғанда, мен де оянармын» деп жүрміз. Ұлт ұлт ретінде оянбайды. Бұл әрбір қазаққа жекелей айтылған сөз. Әр адам жеке тұлға ретінде ұйқыдан тұрады. Мысалы, Израиль қоғамын қараңызшы. Жоқ жерден мемлекет құрып, тілін қалыптастырды. Оянды. Құндылық атаулы сұраныстан пайда болады. Израильге саяси күштер Африка, Аргентинадан жер алып бермек болған. Олар алдыға мақсат қойып, арабтардың қоластында қалған өздерінің тарихи Отанынан жер сатып алып, мемлекет іргесін қалады. Адамды жасытатын идиш тілінен бас тартып, өз Тәурат негізінде өз тілдерін дүниеге келтірді. Мұның қасында, Құдайға шүкір, бізде бәрі бар.
- Әңгімеңізге рақмет!
Алашқа айтар датым...
Түбі бәрін ұлттық исламға негізделген жаңашыл мәдениет жеңіп шығады. Ұлт, дін, жаңашыл мәдениетті біріктіре алған күш Қазақстанды билейді. Геосаясатта «өзінің географиясын білген адам сыртқы саясатын айқын түсінеді» деген ұғым бар. Бағыт-бағдарымызды білу үшін соған сай ұлттық символикамызды жасауымыз қажет. Мысалы, Әбілқайыр көшесі Ақтөбеде бар да, Алматыда жоқ. Бұл - жершілдікке бастайтын үрдіс. Осыған жол бермей, ұлттық құндылық дәрежесінде тұлғаларды дәріптей білуіміз қажет. Екінші мәселе - ұлттық дизайн. Ол да жаңарып, жаңа мәдениетпен астасып жатқаны жөн. Ұлттың аясынан шыққан құндылық мәңгі болады. Біздің мемлекетке тағар айыбымыз - қоғам қажеттілігін өтейтін құндылықты қалыптастыра алған жоқ. Құндылық жоқ болған соң, мемлекеттік тапсырыс ретінде миллиардтап ақша төксең де, құмға сіңген тамшыдай жоқ болып кетеді. Біздегі білім, руханият саласының ақсап жатқаны «қандай мемлекетпіз, мақсатымыз не?» деген сұраққа жауаптың жоқтығынан. Фридман деген экономист: «Оң өзгерістер тоқ заманда емес, қиын қыстау кезеңде болады», - дейді. Тығырыққа тірелген кез - өзгеріс атаулының басы. Саяси еркіндігі жоқ елде ешқандай инновация, ешқандай модернизация болмайды. Қазақ деген сөз еркін, азат деген сөздің синонимі. Біз осы қазақтыққа лайық болуымыз керек. Әрқайсымыз жеке тұлға ретінде «қазақ - азат» деген ұғымды насихаттайық. Азат болайық. Сонда ғана ұлт тәуелділіктен құтылады.
Автор: Қанат ӘБІЛҚАЙЫР
«Алаш айнасы» газеті