Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3675 0 пікір 22 Қазан, 2012 сағат 07:10

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

ІІІ

Институт жақтан кеш түсе мылтық атысы жиілей түсті. Соғыстың қайта күшеюінің дерегі еді бұл. Әйел қонақтар шыға жөнелді. Бірге шығып есігін құлыптаған Ақия үйіне қайтып келіп кіргенде институттың тұс-тұсынан көп қолдың қарама-қарсы атысы басталды. Атаканың ұранымен бірге звес гранаттар да жарылды. «Бірінші мен үшінші» шабуылға өтті!» деп Ақия келді клетке. Іле-шала бүкіл қала көтерілгендей, алыс-жақын, батыс-шығыс, түстік-терістік түгел атака шуын көтерді. Маңайдағы көшелер тасыр-тұсыр жүгіріс, ат шабысы, айқай-ұранға толды. «Сырттан қоршаған әтіреттер шабуылға өтті!» деп Ақияның күлімсіреген шырайы пулемотпен автомат тақылдағанда өше қалды. Мені құшақтай алып ышқынды. «Екіншінің» сырттан келген көмегіне «бірінші мен үшіншінің» ашқан қырғын оты екендігі белгілі еді. Оқ тигендердің жан дауыстары шыққанда атака үдеп, араласа кеткендей болды. Тасыр-тұсыр, сарт-сұрт сойыл-шоқпарлардың, кіжінген боқтықтардың үні күшейіп, жақындай берді құлағымызға. «Қуып келеді «екінші» жеңді, жеңді!» деді Ақия. - «Міне, осы көшеге де келіп қалды. Үңгірге түспей тұра тұр, өтіп кетер!»

ІІІ

Институт жақтан кеш түсе мылтық атысы жиілей түсті. Соғыстың қайта күшеюінің дерегі еді бұл. Әйел қонақтар шыға жөнелді. Бірге шығып есігін құлыптаған Ақия үйіне қайтып келіп кіргенде институттың тұс-тұсынан көп қолдың қарама-қарсы атысы басталды. Атаканың ұранымен бірге звес гранаттар да жарылды. «Бірінші мен үшінші» шабуылға өтті!» деп Ақия келді клетке. Іле-шала бүкіл қала көтерілгендей, алыс-жақын, батыс-шығыс, түстік-терістік түгел атака шуын көтерді. Маңайдағы көшелер тасыр-тұсыр жүгіріс, ат шабысы, айқай-ұранға толды. «Сырттан қоршаған әтіреттер шабуылға өтті!» деп Ақияның күлімсіреген шырайы пулемотпен автомат тақылдағанда өше қалды. Мені құшақтай алып ышқынды. «Екіншінің» сырттан келген көмегіне «бірінші мен үшіншінің» ашқан қырғын оты екендігі белгілі еді. Оқ тигендердің жан дауыстары шыққанда атака үдеп, араласа кеткендей болды. Тасыр-тұсыр, сарт-сұрт сойыл-шоқпарлардың, кіжінген боқтықтардың үні күшейіп, жақындай берді құлағымызға. «Қуып келеді «екінші» жеңді, жеңді!» деді Ақия. - «Міне, осы көшеге де келіп қалды. Үңгірге түспей тұра тұр, өтіп кетер!»

- Әлем күрес тоқтатылсын!- деп дәл осы шақта күшті микрафон саңқылдай жөнелді. - «Жазалаушы армия шықпай тұрғанда» екі жақтың да құрал тапсыруын, қалам күресінен басқа күреске жол қойылмайтындығын қайталап-қайталап жариялады. Оған қарсы «екіншінің» электрлі кернайы айқайлады көшеден.

- Қалам күрес естеріңе енді түсті ме! Біздің төңкерісшілердің қанын төккен құралдар кімдікі?... Жолдастар, достар, тыңдамаңдар оны! Шабуылқор құралды жаудан кегіміз қайтқанша тоқтамаймыз! Қуыңдар, соғыңдар!... Шапқан қасқырды соқпасақ, қасқыр қайта шабады, шағыңдар қол-аяқтарын!...

Осы көшеге «екіншінің» звес бөтелкесінен үшеуі түсіп жарылды да уралап қуғандар тасырлатып өте шықты. Ендігі бір сәтте соғыстың бізден алыстаңқырап құлдап кеткенін ұқтық.

- Бұл көшеде үрейлі қараңғылықтан басқа ештеңе қалмағандай еді. Тамаққа енді отырғанымызда ыңырсыған үн естіліп, қақпа әлсіз ғана қағылды.

- Соғыста ауыр жараланған біреу шығар!- дедім мен. Ыңырсыған үн тағы естіліп, қақпа тағы да әлсіз қағылды. Ақияның көзі жалтақтай түсті.

- Қай жақтың адамы екендігі белгісіз, есік ашпайық, мұнда келіп өліп қалса, жаласы бізде қалады!

- Сонда да кім екенін байқамаймыз ба?

- Қорқамын!- деп жымиды Ақия.

- Олай болса мен біліп келейін!

- Болмайды, сен шықпа, дауалға шығып қарап отырған біреу болса, көріп қояды! - Ақия шығып клетті құлыптады да, өз үйіне барып кірді. Мен шырақты өшіріп, клет терезесінің пердесі мен портшканы аштым.

Қақпа алдында жатқан адамның сыртынан біреу келіп, тергей бастағаны естілді.

- Мен, мен.. Құлжан! - Ыңырсыған дауыс жауап берді. - Мен... мен.. осы үйдің иесімін!

Тергеуші саңыраудың құлағын қос қолымен қоршап қатты айқайлап сұрады.

- Олай болса мұнда неғып жатырсың?... Мұнда неғып жатырсың деймін?

- Қатыным... қатыным есік ашпай...

- Жаңағы қашқан жаудың жорығына қатынасқансың ғой?... Хұңисанссінің[1] жорығына деймін!

- Маужуши де ағатай, Маужуши де!... Маужуши алдында қасам етейін, оған мен қатынаспаймын дегемін ғой, Маужуши!... Хұңисансі мені таңертең ерте айдап әкетіп, абақтыға қамаған. Содан бері тіпті кешеден бері... Тіпті алдыңғы күннен бері аш едім! Өзімнің... әй өзіміздің Зұңарсы[2] азат етті ғой!..

- Қайдағы сенің хұңарсың? Үш күннен бері үйіңе келіп тамақ іше алмаған себебің де түсінікті емес пе!... Жүр біздің штапқа барасың, тексереміз!... Ей, біздің штапқа барып жауап бер деймін!

- Ағатай дедім ғой, ағатай, жүре алмаймын!... Аштан... аштан өлемін!

- Жүре алмасаң мұнда қалай келдің, хұңисансі неге міндетпен қалдырды, толық әшкерелетпей қоя бермейміз сені, жүр былжырамай!... Ақия! -деп айқайлады тергеуші, бұл үйдің жайын білетін жігіт тәрізді. - Ақия апай!

Ақия көше жақ терезесін ашып дауыстады.

- Ақия мұнда!

- Мына «кісіңізге» екі-үш күндік азық беріңіз, тексерілетін мәселесі бар, үйіне, кіргізбей әкетуге тура келді!

- Ақияш-ау, әкешім-ау мына кісіге менің жөнімді... қамалып шыққанымды айтшы, өлетін болдым ғой, алып қалшы, алып қалшы!...

Дауысы әрең шығып жалынып жатқан Құлжанға Ақия, қақпадан бірдеме шығарып беріп, құлыбын қайта салды. Айдаушы ысқырық тартты да ыңырсытып-шықынытып сүйрей жөнелгендей болды саңырауды.

Құлжан қайта сүйрелгенді қойып, қазір өлсе де өзінің тұрмысына титтей байланысы жоқ іспетті, Ақия клетке сықылықтап күле кірді. Маған тақала келіп отырды да, коньяктен бір-бір рюмка құйып қағыстырып ішкен соң күрсінді.

- Әлгі екі жесір Мақпал мен Күлән туралы ештеңе естімепті!- деді сонсоң. Іздеп-сұрастыра жүріп, бір дерек тапсақ, саған дереу жеткізелік деп қайтты. Тамақ жеші, бүгін жөндеп тамақтанбай қалдың!... Бұл әйелдер тосыннан сұрағанда білмей қалғанымен іздегенде жер астындағыны еститін сұмдар. Әрқайсысына осылай тапсыра берсек, таппай қоймайды!... Кел, бүгін мен де шаршадым, енді бір-бір рюмка алайық!..

- Сөйтіп, Гүлниса не бопты дедің?

- Ол, асқан жүректі қыз екен. Мықты жігіттерден жиырма шақтысымен бірлесіп, үлкен қызмет істепті. Көшеге үкіметке қарсы көптеген ұран, тіпті бірқанша жарнама шығарып, «оңшылдар» мен «ұлтшылдарды» ақтапты.

- Аттарын атап ақтап па?

- Бұл өзі үш жылға созылған қозғалыс болды. Алғашқы кезде әрқайсыңды жеке-жеке атап жазып, қылмыссыздықтарыңды дәлелдеп жүргенін естігенбіз. Кейін жалпыластырып ақтап, үкіметті жендеттерімен қосып сындай берді. Халықтың қашан болса да кек алмай қоймайтындығын айтып, дереу босатуларын үздіксіз талап етті. Тобында баспахана наборшиктерінен де бірнешесі бар екен. Жарнамаларын басып көбейтіп, қолдан-қолға өткізіп тарата беріпті. Сақшы орындары тыңшыларын қаптатып жүріп, жігіттерді 63-жылы жазда қолға түсірген. Гүлниса солардың байланып жатқан үстіне барып өзін әшкерелеп, бірге байланыпты да бәріне жауап үйретіп болыпты: «бар қылмысты маған жауып, сүйем-тием дегеніме алданған болып құтылыңдар! Сендерге қолданған жазаны маған қолдана алмайды» депті. Тергеу басталғаннан жігіттер де қыз да осы жауаптан танбай қойған екен. Жігіттер екі ай-үш айдан қалмай, түгел ақталып шығыпты. Ал, сол әрекеттегі бар қылмысты өз мойнына алған Гүлнисаға не үкім шығарғанын білмедім. Тірілігінен ешқандай дерек жоқ. - Ақия сөзін осылай доғарды.

- Әттегене!- деп қалдым, қатты түйіліп. Халықтың бірқанша азаматы үшін құрбандыққа жараған аяулы аруды қимай қиналдым. Жүрегіме бір кесек шоқ түсіп кеткендей сезілді. Жастыққа қисая кетіп дөңбекшідім. Дәл қазір оны ең адал ел батырынан неше жүз жігітке теңдестірмейтіндеймін. Қадір-қымбаты асып тұрған жас сұлудың сонау бір шақта бүкіл өмір қызығын, тіпті ар-намысын да маған арнайтындығын айтқанда, санасына көрсе қызарлықтың лап етпе жалыны қосылып кетті ме екен деп жорығаным бар еді. Адамсүйер күрескердің мұндай, еш қоспасыз алтын жүрегін толық бағалай алмаппын ғой!...

Таңырқай қарап қалған Ақия, қазір мұндай қатерлі іспен қолға алынғандардың, ашық-жасырын өлтірілушілердің де көбейіп кеткенін айтқанда басымды көтеріп алдым. Тағы құйды коньякті, үнсіз қағыстырып іштік.

- Гүлниса, егер өлсе де недәуір іс істеп, бірқанша азаматты құтқарып өлді. Көпшілік жүрегінде жасайтын ардақты қыз болып қалды ғой! -деп күрсінді Ақия аздан соң. - Ал, мен опасыз аталып, өз намысымнан ғана өлер шағымда сен келіп қалдың. Әйтпесе, арақкеш Құлжан мен Мақұлбектің арам бастарын мұжып өлуді ғана армандап жүргенмін!

- Осы сасыған екі жемтікпен құның төленер ме еді сонда?- дегенімде күліп жіберген Ақия алдыма құлай кетті.

- Мені сол екі жауыңды өлтіріп өлуіме де қимайды екенсің!..

- Солардың өлгенінен осылай ғана «тірі жүргені» жақсы емес пе!... Мұнан соң Құлжанның күтімін біраз жақсарт, шегіне жетіп қапты!

- Мақұл, арақ жағындағы күтімін толықтайын, хы-хы-хы-һы-һы-һы...

- Жоқ, тамақ жағынан толықта!

- Тамақ жемейтін өзі!

- Тамақ жемесе, арақ бермейтіндігіңді айтып шарт қоймаймысың!

- Жаным-ау енді осы жалақорыңа да жаның ашып отыр ма!... Иә мені, азабын тарта түссін дейсің бе? - Ақия мойныма асыла түсті.

- Жоқ, екеуі де емес!... не қалды енді бұларда, зиянын енді тигізе алмайтын болған соң тез өле салуына себеп болудың қажеті не!... Тіріліктеріндегі өз «еңбектерінің» жемісін жеп, көргісі келген қызықтарын көрсін де!

- Бұл жөніндегі үкім өзімнен-ақ шықсын, сен араласпашы!

- Дәл осы кезеңде өліп қалса, алдағы ісімізге кесірі тимей ме!

- Тимейді!... Мұны мен де өз қолыммен өлтірмекші емеспін. Бірақ ата-бабасы көрмеген «рахатты» көрсетемін. Оған сен іш жиюшы болма!... Мақпал екеуіңнің табысуыңа титтей де бөгеті болмайтын менің бұл ісіме сен де бөгет болма жаным, мақұл ма!... Жүр, менің кереуетіме барып жатайық!

- Анау итің жатқан төсегіңе жатқызбақпысың?

- Жоқ, оны өз кереуетіме бір рет те жатқызып көрген емеспін!... Жүре ғой, бүгін қауіптенетін мәселе де жоқ!...

Бұрын өзім қонақ қабылдайтын ісханама кіріп, Ақия жайған төсекке шешініп жаттым. Иіс майын шашып, іш көйлекпен ғана келіп кірді ол. Лебімен де, бәдән нұрымен де, ырықтылығымен де Мақпалымды елестетіп бейғам алқына, күле кірді қойныма. Бірақ темір қақпа сол сәтте тықылдап, жат төсек екендігін жарқ еткізгендей болды. Селк ете түсіппін. Ақия шырақты өшіре қойып, «жата бер!» дей  түрегелді. Портушка ашып қойып тыңдап, темір қақпа үшінші рет тықылдағанда зейіл үнмен дауыстады.

- Бұл кім?

- Мен, Мақұлбек!... Аш есігіңді!

- Ашпаймын, Құлжан жоқ, сұраққа әкеткен!

- Не сұрақ?- Мақұлбектің дауысы қалтырап, тым бәсең жалынышпен шықты енді. - Ащы, ағатай, қарызға жарты бөтелке ғана арақ шығарып берші, кетейін!

- Арақ жоқ, жоғал әрі, арақ дүкені емес бұл! Қай уақытта келіп тұрғаныңды білесің өзің, дереу қайт!

- Ей Ақшы, ей, тыңдашы! Мен жаңа шықтым сол сұрақтан. Құлжанды қамап қойғанын хабарлап парткомға телефон бере қойсаң, дереу босатады, ұқтың ба біздің кім екенімізді! Ей Ақшы, ей, осы жақсылығым үшін!... Тым болмаса бір рюмка әкеліп берші, үш күн болды татпағаныма, ағатай, өңешім қатып қалды!.. Ағатай дедім ғой, ағатай!

- Үй кет деп тұрмын мен саған, бұл тілемшілігіңді қазір барып хабарласын демесең, жоғал!

- Мақұл-мақұл, ит қатын болдың ғой сен де!-Мақұлбек осы сөзбен жоғалды.

- Менің адам болатындығымды мына мақұлықтың осы қарғауынан да түсінген шығарсың! - Қойныма тығыла кіріп күлді Ақия.

- Қапияны жындандырған соң мұның алғаны қандай әйел болды?- деген сауалым Ақиямен бірге бүктетіліп қалып, екі-үш минуттан соң жауабын әрең тапты.

- Әлгі бір... мектепті Қапиялардан бір жыл кейін бітірген... жуансары келіншек,- деді Ақия, есіне әрең келтіргендей үзіп-үзіп, ентіге сөйледі. Сол шақта... Көрген де шығарсың... Қазір борсықтың дәл өзі... Бір ерден шығып келіп оқыған.. ол да «қып-қызыл аптық» болатын. Мақұлбекке шексіз разылығымен тиіп еді. Шексіз сорға батқанын алғашқы айында-ақ біліп, «сүйіктісінің» басын арақ бөтелкесімен жарды. Содан бері күнде төбелес. Бір күні бірінің жүзі, бір күні екіншісінің жүзі, кейде екеуінің жүзі бірдей көгеріп шығады. Ол екеуінің мына құл екеумізден бір ғана айырмашылығы - екеуі тең мас. Мақұлбектің көрсеткен «рахатына» шыдамай, қысаспен ішіп жүріп, ол да маскүнем болып кеткен.

- Құлжаннан сенің де тартып ішкен күндерің болыпты ғой. Ал, ұрысқанда қайсының көбірек жеңдіңдер?

- Алғашында мен онымен теңдескім келмей, жабатын даяр жаласы болғандықтан қорқып жүрдім. Әйтеуір арақпен алдап қана алысырақ жасап келдім. Сонда да таяқты аз жегенім жоқ: арақ, иә шай сұрап шақырғанында қарсы үйден тез шыға алмасам-ақ басыма таяқпен шақ еткізеді. Шашымды қанға бояп талай рет жарды. «Қай байыңның құшағынан шыға алмай қалдың» дейтін айыбын ұрып алып тағады. Сонысынан жаным күйіп, мен де бассалып буындыратын болдым. Оқыс ұрғызып алмаудың әдісін тапқанымнан соң ғана буындыруым азайды: жатын орнын тінтіп, таяқтарын жиып алып, үйіне, көсеу де қалдырмай кететін болдым. Кейін қойнына жұдырықтай-жұдырықтай тас алып жататын күндері де болды. Байқаусызда сол құралымен де екі-үш рет ұрып алды. Одан сақтану үшін қолшырақ жағып кіремін де сұрағанын, қолын көтертіп қойып беріп шығамын. Бірақ, ең сенімді әдіс, мағдырынан айырып, мас қып тастау екен. Қазір жиырма-отыз грам ақпен-ақ есеңгірейді. Ол болмаса қатерлі. Ал, арақ көбірек берілсе тіпті әуре. Алды-артынан жіберіп, маңайын түгел былғайды. Сондықтан, өзі әкелген арақты мен де ішкен болып алып кететін болғанмын (оның «арағымды тартып іштің» дейтіні сол). Таңертең сыртқа шығарында оның қалталарында тиіннің тегершігі де қалмайды.

- Бұдан құтылу жолын іздемедің бе?

- Мұнымен тұрмыс құрған күнімнен бастап менің мінез-құлқым кектің үстемдігінде ғана қалған. Бірақ, өлтіріп құтылуға да, ажырап құтылуға да жағдай туылмай келеді. Ең тынышы, көшеде өлсе еді!... алғашқы кезде өзімді өлтіруге де оқталып көрдім. Өзімді өлтірсем, кек үстіне кегім қалады екен. Ал, «сасыған етке борсыған май» болайын деп жаман стильге ауыссам жұрт алдында, оқушыларым алдында масқара болу тіпті қорқынышты!...

- Менімен бұлай жатуың жаман стиль емес пе?

- Сенімен менің қазіргі жағдайымыз да бұдан үлкен бақыт жоқ!- Ақия құшырлана аймалап алып, ойнақы қуанышты үнімен жалғастырды сөзін. - Уақыттық болса да мен үшін өмірлік жігер бағыштайтын үш түрлі жеңіс қалуы мүмкін!

- Қалай?... Қандай жеңістер ол?

- Қазір айта алмаймын!- Ақия сықылық қақты, аймалай түсті. - Мұным үшін... мұным үшін жалғыз-ақ, аяулы Мақпалдан кешірім ала алсам болғаны!... Арман деген де әр түрлі жолмен орындалады екен ғой!...

Таңертеңгі шайды кілетте іштім де Тарымнан келгендегі сиқыма қайта келіп, бір балдақ, бір таяқты қолыма қайта алдым. Ақия қақпадан шығып барлап тұрып ым қаққанда шойнаңдай жөнелдім. Ол сық етіп күліп жіберді де, суырша лып етіп кіріп, қақпасын жауып ала қойды.

Мен Тарымнан келісіммен Тоқты Баситтің үйін екі күн паналап, Асқар туылған шақта қолғабысшы болған ұйғыр кемпірдің шет көшедегі үйін тауып алғанмын. Бүгін сонда қайта шойнаңдап бардым. Кемпірдің Мақпалдан хабар таба алмағандығын білген соң жетерлік ақша беріп, екі міндет тапсырып шықтым: бірі, Гүлнисаны автоном райондық бірінші түрмеден іздеп, табылса, немерелес әпекесі атымен тамақ кіргізу. Одан Мақпалды сұрау. Екінші міндет, Мақпалдың қайда екенін Гүлниса білмесе Санжы, Құтыби аудандарындағы еріксіз еңбек майдандарынан іздеу.

Түс ауа ол үйден шығып, Тоқты Баситтің үйіне бардым. Ол, аңдушылардан секем алып, бала-шағасының қасына ел жатпай келе алмайтын болыпты. Атымды атамай жазып кеткен қысқаша хатын оқыдым. Ақша керек болса, әйелінен тартынбай, керегімше сұрауымды ескертіпті де қазірше үш аймақ жаққа жүрмеуімді қатты тапсырыпты. «Үлкен жол түгіл, басып өтер жер жоқ» екен. Күнбатыс жаққа беттеген жерлік адам сөзсіз қолға алынсын деген бұйрық, коммунаның кіші әтіреттеріне дейін қатал тапсырылпты. Үрімжі сыртындағы халық жасақтарының негізгі міндеті сондай саяқтарды іздеу екен. Егер біреуін қоя берсе, Совет шужыңжуйына байланысқан сатқын ретінде қолға алынып, шпион қолға түсіргеніне мол сыйлық берілетін болыпты.

Тоқты ахұнның өзінің күн көру ахуалын сұрағанымда «жақсы» деп күлімсіреді әйелі. Бірақ ерінің қолға түсіп қалуынан қорқатындығын жыламсырап күбірлеп қана айтты.

Осы райондағы бастауыш мектептің бұрынғы ғылыми меңгерушісінің қазір кәнігі ұры болып жүргені, хатынан да әйелінің қаупінен де айқын байқалды. Өзіне мен де қысқаша хат жазып, бала-шағамнан әлі де дерек таба алмай жүрген ахуалымды баяндадым да менің тұрмысыма қазірше қаражаттың қажетсіздігін айтып, өз әрекетіне сақтықпен қанағатты бекем ұстауын екі рет қайталап тапсырдым. Заулығалам өзімен күндіз сөйлесуім қажет бола қалғанда қайдан іздейтіндігім де сұралды.

Ол үйден шығып қиралаңдап барып үлкен көпірден өттім де төрт көшені айлана шойнаңдадым. Бүгін аяз сынықтау болса да сұрланып алған аспанның жалғыз көзі қызарып, қыдырстана қарайды. Әлде кімде айықпас кегі бардай, тым ашулы сияқты. Аспанның сол райынан қорыққаны ма екен, үлкен көшеден адам сирек көрінді. Олай-бұлай өткендерінің көбі Маузыдұң знагын омырауларына мен сияқты самсытып алған шал-кемпір. Сол құдіреттеріне сиынып шыққандай. Көрінгеннің бәріне үзінділерін сәлем бергендей иіле оқып, жалбарақтай өтеді. Жеңдеріне қызыл шүперек киіп алған жасақтары жүгіріп өте шығады да лезде ғайып болады.

- «Халық үшін істелік!» жақсы махорка бар, керек болса соңымнан еріңіз!- деп бір шал алдымнан теңселе өтті.

- Маужуши түмен мың жасасын! Килосы қанша? -деп мен сұрадым.

- Арзан, жетпіс юан ғана!

Бір жарым юандық темекінің жетпіс юанға шығып алып, «арзан» аталуына ызаланып келе жатқанымда одан да сұмдығын көрдім: бір кемпір артымнан қуып жетіп қойнына қағаздарын жұқа алақандай ғана ақ нанды жылт еткізді.

- «Жекелікке қарсы тұрып, шужыңжуиді сындалық! Сатылатын наным бар, қазір басқа жерден табылмайды. Әнеу бұрылысқа барып алыңыз!- деді.

- «Бірінші қиыншылықтан, екінші өлімнен қорықпалық!» бағасы қанша?

- Базар бағасынан да арзан. Ақ нан он юан, жүгері наны бес юан ғана!...

- «Жекелікке қарсы тұрып, шужыңжуйді сындайтын адам бір жапырақ нанды мұншалық қымбатқа сата ма?- деп сынай қарадым кемпірдің жүзіне.

- Дада, осы баға да табылғанына да тәубе деңіз!... Мына жақта атылып жатқан мылтық дауысын естімедіңіз бе? Ашаршылық үстіне соғыс болып жатқан қалада мұнан арзан нан таба алмай аштан өліп қаласыз, алыстан келген мүсәпір ұқсайсыз, табылғанын алып кетіңіз!...

Алпыс неше жастағы кемпірдің «дада» деп атағанына қуана шойнаңдадым. Қаланың батыс-солтүстік жағында атыс үдей түскендей, енді анық естілді. Оңтүстік дарбазаға жақындай бергенімде елу шақты ұзын қалпақтыны қызыл қорғаушылардың сартылдатып сабап қуып келе жатқаны көрінді. Көбі ханзудан шыққан «оңшылдар» көрінеді. Денелеріндегі жарақаттарының қаншалық екенін, найзадан қипақтап, жан ұшыра жүгіріп келе жатқан бейшаралардың өздері білер, жүздеріндегі қызылала, көгала таңбалар адам баққысыз. Оларға ілесе алмай жығылған біреуін екі қызыл қорғаушының тепкілеп-жұлмалап тұрғыза алмай жатқаны көрініп еді. Мен шойнаңдап жақындай бергенімде жатқан қалпақтыны сүйреп, оңтүстік дарбазаның бір қалтарысына апарды да мұрнына паужаңзы[3] тықты. Біреуі шақпақ шағып, білтесіне от тұтатты. «Енді түрегелмегеніңді көрейік!» деп от тұтатушы шегіне бергенінде тарс ете түсті паужаңзы. Недәуір қатты дауыспен жарылды. Шалқасынан жатқан қалпақты бір түрлі аянышты үн шығарып ыршып тұрмақ болды да ауызын жалғыз-ақ ашып жан үзді. Кектері енді қайтқандай күлкімен бірдеме дескен екі қызыл қорғаушы маған бір-бір қарай сала әлгі тізбектің соңынан жүгіре жөнелді.

Өлген қалпақты бір қозғалып қалып жан үзгенде мен ышқынып қалыппын. Сол қылмысым үшін өлікке қарамай, жеделірек шойнаңдап, оңтүстік дарбазадан алыстап кетуге асықтым. Өз қылмыстарын жасыру үшін екі қанішердің мені де өлтіре кетуі қиын ба!...

Жеңдеріне қызыл белгі тағып, қызыл қорғаушы сиқына еніп алған сары киімді жастардың көбі ұйымдасқан ұрылар екен. Күндіз жалғыз-жалғыздан ғана жортып жүріп, кеште жаратын сауда дүкендері мен склаттарды барлайтын сияқты. Үлкен көшемен өрлеп бара жатып, сондай жортуылшылардың бірнешеуінің әрекетін көрдім. Әр көшемен жүгірісіп келіп, бір түйілісте ұшқаса қалады екен де. Тонамақ орындарын бір-біріне көрсете кетеді екен.

Ақша - қазыналы, мүлікті жеке семьяларға бәрінен осылар қатерлі көрінді маған. Өйтетіні, өздерін танып қалған адамды өлтіре кетуді қарақшылар ұмытпаса керек қой. Ал, халыққа жаманатты болып қалған Құлжан тәріздестердің үйлерін не оңдырмақ!... Ақиямен ақылдасып сақтық үшін кеште ыңғай үңгірге түнеуді ойлай қайттым.

Уәде бойынша ымырт үйрілісімен жеттім қақпаға. Хауіптенбей кіре берудің белгісі ретінде сәл ғана ашып қойыпты. Ептеп басып барып, клетке кіріп алдым. Ақия жуынатын суды да жылытып қойған екен. Қақпаны қайта құлыптап кіре сала сақал-мұртымды сыпырып қолыма берді де шешіндіріп жуындырды.

- Шала өлігім түс уақытында келген. Тамақтандырып алып қайта өлтірдім, қауіптен бе!-деп күлді Ақия, киімімді ауыстырып жатып. Өзі бүгін толық жасанып-безеніп алған екен. Қыз кезіндегі өңіне келгендей құлпыра түсіпті. Сол кездегі кофта-юпкасы қазіргі толық денесіне тарлық етіп тырсиып тұр. Сайлары - сайша, дөңі - дөңше, бар-мәзірімен көрінді көзіме. - Қалай, бұрынғы Ақия танылама екен?- деп күлді. Қарай бергенімнен қымсына сықылықтады.

- Танылғанда қандай, жүзіңнің бұрынғы шырайын тапқанына қуаныштымын! Жалғыз-ақ, омырауыңа қос Хантеңгір[4], құйрығыңа Эверест орнағандай ғана парқы бар екен!

- І...і!- деп еркелей асылды мойныма. Құшағыма тарта бергенімде бұлқынып қайта шегіне қойды. - Шатақ шығарасың, тамақ ішейік!... Кейінірек!... Тойымда көрмеген қызықты енді көре түсейін дегенім қате емес шығар? Жаралы жүрегімізді осылай жамай тұрайық та. Сен әлі де жігіт қалпыңда екенсің!... Бүгін үш «жесірді» шақырып сөйлестім. Мақпал жөнінде бұлар да хабарсыз екен. Оларға да мықтап тапсырып қайтардым. Қонақтарды жөнелткен соң Мақпал келгенше сенің көңіліңді қайтсем жүдетпей сақтармын деген қаммен осылай жасандым. «Еберест» пен «Хантенгір» ауасы таза таулар ғой, оның әйелге орнағаны жаман емес болса керек, әйтеуір шалшық көл орнамағанына сенімім толық. Солай шығар?

Бұл сөзіне қарқылдап күліп жібердім де үйіндегі Құлжан есіме түсіп аузымды баса қойдым.

- Сен «мәпелеп» осылай тап-таза қалпыңда көрістірген Құдайға да, Құлжанға да рахмет! -дегеніме Ақия сақылдады. - Менің көңілімді көтеремін деп көп жұмыс таба берме, Ақияш!... Өңім түгіл түсімде көруді қаламайтын құртты көлді Тарымнан көріп келгенмін. Ал, сен деген безенбесең де ертегідегі перизаттайсың. Көзіңе мақтағаным емес.. әлі де ерге тимеген сияқтысың!

- Сенің аузыңнан осындай мақтаудың шыққаны үшін!- Ақия құюлы бір рюмка коньякты көтеріп салды да көз жасын парлатып жіберіп күлді. Маған бір рюмканы толтыра құйып ішкізіп, - енді ішпей қоя тұралық!- деді. Жаудырай қарап отырып тамақ жегізді. Мұңлы көзінің не дәуір ұзақ қадалғанын өзі сезбегендей. - Періштем!- деп күбірлегенінде өзі селт етіп оянғандай болды. - Мен анау өлексені бір байқап келейін! - Орнынан жас қызша секіріп тұрды. Сыртынан ескі плашын кие сала кілеттен шығып, есігін сыртынан құлыптай жөнелді. Мен терезе алдына бардым. - Құлжан, Құлжан!- деп дауыстап оятқаны естілді. - Тұр, тұр, үйге өрт кетті!

- Не, не?... Өзімнің Ақамбысың?... Су қоспай, су қоспай, екі жұтым арақ берші... Құдай үшін! - Тілі сәл күрмеліңкі шықты Құлжанның. Ақия жауап қатпай бірдеме құйып бергендей болды.

- Мә!..

Бес-алты минуттай уақыт өткізіп, күле қайтты клетке.

- Бүгін сенен бірінші рет өтінейін, не десем де, қалай ишараласам да тілегімді қайтармашы, мақұл ма! -  Қолымнан тартып тұрғызды да жетектей шықты. Таңданыспен ілесе бердім. Түн қараңғы, үйлеріне шырақ жағылмаған. Құлжан жатқан үйге кіргізді. Ерінің дәл қасына төсек салған екен, ескі плашты тастай сала жау жағына алдымен өзі жатты да қолымнан тартты. Кек алудың ендігі бір сатиралы дастанын бастамақ екенін енді түсіндім. Қасына құлай кетіп, құша сүйдім. Ол, маңдайымнан бастап тамағыма дейін шөпілдете жөнелді.

- Құлжан!... Құлжан!... Ей керең!- дауыстап жұлқылап оятты ерін.

Мен тұрып шығып кетуге ыңғайландым да Ақияның өзі тар юпкасын жоғары түре қайырған соң орнығып шешіне бастадым.

- Ей, ей Құлжан, бүгін қасыңа жатамыз, разымысың?

- Лазы! - тым солғын үн шықты Құлжаннан. - Өз қатынымсың... ғой... осылай бірілге... қасыма... жатса...ңшы... қаталыма!... Алақ... арақ бал ма?... Бал ма?

- Бал! - сықылықтап күлді Ақия. - Қазір беремін!...

Ақия мені құшақтап өзіне көтере тартқанда Құлжан ұйықтағандай қор ете түсіп еді. Әйелі ыңырсып, мені емірене аймалағанда қорылы өше қалды.

- Естімейді!- деді Ақия. - Естісе ести берсін, түсінде көрсін! Неғұрлым!..

Байқасам, өзі мойнын бұрып салып, бір шекесімен Құлжанның құлағын сүзе жорықтап барады екен... Қыза шапқан жүйріктей езулеп, алқынысы үдей түсті. Тәуекел деп қасақана тебіне түстім мен де... Ол ышқына шапқылады. Бір кезеңнен асқандай соза-соза дем тартып тыныстады соңында... Ал, сүю жағынан тіпті, өзінің «неғұрлым» дегеннен де асырып ысқыртты.

Бас жағынан Құлжанның көйлегін алып төменгі жағымызға апара бергенінде білегінен ұстай алып едім. Қолымды қағып тастағандай қарсылықпен «қылмыстыларымызды» тазалап сүртті.

- Құлжан, мә, бал!- деп дауыстады сонсоң. Менің қарсы үйдегі кереуетке барып жатуымды күбірлеп тапсырды да сол көйлекпен Құлжанның аузын сүртуге кірісті. Еденге түкіре түрегелдім. Ақия Құлжан жаққа қарап жатты. - Арақ ішемісің, енді іш, мә!... Өй, мә, іш деймін! Тіршілігің үшін өзің еккен егіннің өнімі, мұны ішпесең өліп қаласың, мә, іш!... аш аузыңды!...

- Ойбай-ай мынауың немене, мынауың! Алақ емес қой!

- Ол - дәрі, міне арақ, міне!...

«Япырай!»- деп мен қатты күрсіндім. Қарсы үйге кіріп, кереуетіне екпетімнен түсіппін. - «Кек қуған адамның жабайы хайуанға айналуы оп-оңай екен-ау!...

Ақия сық-сық күле келіп, есік ілгегін салды үстіме көрпе жапты. Туфлин енді тастап шешініп, өзі де кірді көрпеге. Аймалай түсіп аударып өзіне қаратты.

- Не болды, өкпеледің бе маған?

- Бүгінгі қылығымыз, кек алудың әуейілік дәрежесінен әлдеқайда асып кетті!

- Ие, тәрбиеші мұғалімдік басыма бұл ісім үшін хайуандық қара ноқта кигізсең де заңсыз емес!... Әрқандай бәдік шығармадан да мендей ұятсыз әйел кейіпкер көрмеген шығарсың!... Менің бұл әрекетімді біреуге айтуға, иә, жазуға ұжданың да шыдамас, адамгершілік ар-ұят шегінен аттап кеткенім рас!.. Бірақ, осы қылмысымды, мына ұждансыз жауыз жалақордың махаббат пен сана атаулыға істеген қастықтарын былай қойып, мені малданған малданысына ғана салғастырып көрші жаным!... Нағыз адамға болған осы құштарлық сүйіспеншілігімнің сүртіндісін тартырудан басқа не дауа бұған?... «Ата-бабасы көрмегенді көрсетемін демеп пе едім».

Ақияның бұл өрескел ащы әділетіне басқа жауап таба алмай жұмсарып, жай қағида ғана айта алдым.

- Ит қауып алды деп өзіміз де сол итше қапсақ, адам болғанымыз ба?

- Менің бүгінгі ісім, махаббаттасу мен өштесуге келгенде әйел заттық еркектерден әлдеқайда қабілетті де әділетті екендігін көрсету ғана. Әйелдерді байлаулы малы санап басынатын еркек аз ба, әсіресе арақкештік жалпыласқаннан бері еркектердің не боп бара жатқанын білемісің, менің бұл ісім, сол танымдарын саған шегіне жеткізе масқаралап көрсету ғана. Итше қапқаным жоқ қой!

Күліп жіберіп, мен де құшақтадым.

- Меніңше, арақ екеуің бірлесіп, мына иттен кектеріңді алып болыпсыңдар, қалғаны болса осы беталысымен өзі-ақ өтеп өлетін болыпты. Енді мұндай өрескел тентектікті қоятын шығарсың?

- «Тентек» дедің бе мені? - Екі шықшытымнан екі алақанмен құшып, ойнақы үнмен сөйлеп кетті Ақия. - Бәсе, осылай атап еркелетші, уақыттық болса да ерге мен де бір еркелеп көрейін-дағы!... «Өрескелдігімді» қояйын, мақұл, мақұл! Бірақ, мұндай жұмысыма енді тек екі рет қана рұқсат етсең  болды! Менің жаңағы тентектігім, өзімді алқымдап жүрген намыс азабын басу үшін ғана өтілді. Енді сенің кегің үшін бір, Мақпалдың кегі үшін бір «ойын» көрсетемін де сонан соң мұндай ұятсыз масқаралауды мүлде қоямын!... Әлде Мақпал екеуің оның жаласынан көрген азаптарыңды кек көрмейсіңдер ме?

- Мұндағы біздің кегіміз ұмтылмас кек болғанымен сенің қолданған жазаң - мұның сүйегімен бірге шығатын мәңгілік жаза болды. Орасан рақымсыздығымен осыныңның өзі үшке есеп!

- Сен бұл жазаны рақымсыздығымен ғана өшке есепте ме! Тірі кезінде көзіне бір көрініп қорламасаңдар, кек алу болып есептелмейді. Енді бұған күн аралатып екеуіңді екі рет көрсетемін! Сөйтіп, үш рет «сұмдық түс» көрсін! - Сықылықтап тұншыға күлді Ақия. - Сол «түстерін» мені шақырып алып, сайқалдықпен жорытуы мүмкін. Маған туралап айтудан қорқады. Ол менен, «тастап кетсе, иә қолға алынса қазір күн көре алмаймын» деп қорқады ал мен оның шебер жағымпаздығынан қорқамын. Өмірім зар-мұңмен жалғыздық, ішқысталықпен мағынасыз өтіп кеткендей көрініп, - Ақия солқылдап жіберіп жалғастырды сөзін. - Жындана жаздап жүргенімде келіп, мені үлкен масқарадан сен құтқардың. Енді ғана айығып келемін!

- Айықтыру емес, жындандырып алдым-ау деймін сені? Күліп жібердім.

- Егер бұл желпінуімді жындану десең де сорың емес, бақыттың жындандыруы болар.

- Мұныңды ағаттық санамаймын, тентегім! Қапалықтың қапасына жалғыздан-жалғыз ұзақ қамалған құс та кеңдікке шығып, қанат жаза қалғанда осылай желпінеді. Ал, бүгін көп жұмыс істепсің, шаршаған шығарсың, әңгіме-күлкіге ертең де күн бар, ұйықтап ал!

- Ертең күн жоқ! -деп «тентек» тартына күлді. - Ертеңнен бастап үш күнге дейін маңыма жолай алмайсың!

- Неге?

- Әлгі бір... айлықы... ертең келетін сияқты.

- Олай болса... қарманып қал десеңші!

Ақия сықылық қақты, тарта берді өзіне...

Таң ата клеттегі орныма барып ұйықтап едім. Мақпалым мен Асқарым екі жағымнан құшақтап күлкіге бөледі. Түске жақын ояндым.

Ақия жуынып, киім ауыстырып, қуырдағы мен шайын да дайындап болыпты. Қарақшылардың хаупін оған сол шай үстінде ескерттім. Бір тобы мұнда мен келудің алдындағы түнде ғана келіп, ақша боларлық ештеңе таба алмай шыққанын айтты Ақия. Тәуір нәрселерін үңгірге сақтап жүр екен. Тонаушылар Мақұлбектің үйіне, екеуінің де мас болып, соғысып жатқан уақытында басып кіріп, әйелінің алтын сырға, жүзігі мен тойлық киімдеріне дейін ештеңесін қалдырмай жиып әкетіпті.

- Қазіргі тонаушылар «қызыл қорғаушы» болып, түстерін бүтіндей өзгертіп келетіндіктен өздерін танып қояды деп қауіптенбейді. Өлтірмейді,- деді соңында. - Бірақ, үйдегі адам санын тексеруді сылтау етіп, санақ кнешкемізді көреді. Сондықтан, басы артық сені ұрысының да бөрісінің де көрмегені жақсы, оны білемін. Олар кіргенше жасырынып үлгересің, қамсыз бол!

- Ақия, Ақия!-деп айқайлады Құлжан осы шақта. -Неғып жүрсің, мұнда кел!

- Алдына итаяқтарын жайып келіп едім, мына иттің дауысы тірі ғой! - Ақия елеңдей қарады. - Осында кіруді талап етуі мүмкін, үңгірге кіріп тыңда, қақпағы ашық тұра берсін!- дей сала дастарқан мен көрпе-жастықты жиып, клет есігін ашық тастай жөнелді. Үңгір қақпағын алып дауалға сүйеп қойып түстім де үшінші баспалдағынан, үлкен көмірді далдалай баспалап қарап тұрдым. Өлексе Ақияның білегіне сүйене шығып, кішкене балаша есік алдына шаптырды. Бешпетін желбегей жамылып, шолақ штанымен ғана шығыпты. Оң жағына мойын бұрып, клет есігіне ісіп кеткен көзінің қиығымен қарап-қарап қояды. Арақтан ісіп, құрсақ салып, толған тұлыптай домаланып қалыпты өзі. Шұбар жүзі граниттей көкпенбек сұр.

- Өй-өй үлкен дәрет, үлкен, осы жерге отыра салайын Ақатай!- деді.

- Жүр әрі!- Ақия дәретхана жақты нұсқап итермелегенде домалай қалды. Ақия қайта көтермелеп тұрғызып тәлтіректетіп бұрыштағы дәретханаға әкетті. Талтаңдап қайта оралғанында Ақия оны қасақана клетке қарай жетектеді. Үнсіз келіп клеттің есігін тінте қарап тұрған сұмы жалына жөнелді бір шақта. Қарасам, Ақия қолтығына қысып клетке кіргізіпті.

- Енді үңгірге жат, үйді былғап болдың!- деп қатқыл үнмен зекіді.

- Ағатай, Ақашым, бүгін тыныштық қой, үңгірге қамай көрме мені, тіліңді алайын, тіліңді алайын!...

Ақияның «байы» үйіне қайта кіргенше ышқына жалынды да жер төсегіне қайта орнығып алған соң ер екендігін білдіре шаңғырлады. Терезеден келіп тыңдадым.

- Бәйбіше, мұнан соң айтқаныңның бәрін орындаймын. Жалғыз-ақ... ерлі-зайыпты жұбайлармыз ғой! Арамызда татулық болуы шарт екен. Сол үшін бір-бірімізге... әсіресе сыр жасырмайықшы!... Түнде менің қасыма... кімді әкеліп жатқыздың?

- Кім келіпті?- деп Ақия ақырды.

- Білмеймін әйтеуір... ыңғай жібек киімді, иіс майы бұрқыраған әйелді... сен емессің... саны жуан біреу келіп, аямай еңкілдетті. Менімен қосып... тіпті еденді солқылдатты. Әйелдің... әйел емес, қыз сияқты... құлын дауысын шығарды. Басымды көтеріп қуып жіберейін десем, өзімді соғып кетер деп қорықтым!

Ақия қарқылдап күліп жіберді де, тез тиылып, қай уақытта екенін тағы да айқайлап сұрады.

- Қайдан білейін, сағатым жоғалған ғой, әйтеуір түнде... Соққыдан мертігіп әлсіреп жатқан кезімде мұншалық басынғанына ызаланып жатып... ұйықтап кетіппін. Бір шақта қарасам жоқ!

- Жаның шықсын!- деп шаңқылдады Ақия. - Түн бойы қасыңда мен жатқамын ғой, бірін-бірі осында келіп шыңғыртса, саңырау сен естігенде мен естімеймін бе?... Арам жүрегіңе ұялап алған өз шайтандарың ол!

- Жоқ, анық, Құдай біледі ағатай! Тіпті өзімді қызға сүздіріп жатқанын да сездім. Қыздың біз өкше туфлиі тік көтеріліп бұлғаңдағанын да көргендеймін. Байпағы да жалаңаш саны да аппақ. Ал сенде біз өкше жоқ. Қызыл қорғаушыларға өзің тапсырып бергенсің ғой. Біздің қып-қызыл семьямызда ондай «төрт көнеден» ештеңе қалған жоқ қой! Ал, түндегі шайтанның өне бойы түгел шірік көне, шужыңжуий мүлкі!

- Сөйтіп кім деп ойладың оларды? -Ақия дауыстап естірте сұрап, рас жауап ала алмаған соң факт көрсете» шабуылдады өзіне. - Түнде іңірде бір құсқаныңнан кейін келіп қасыңа мен жатқамын ғой, өзіңе айқайлап тұрып айтпадым ба! Аузыңдағы құсығыңды сүртіп, шөлдегеніңді айтқан соң су да, арақ та бердім. Төсегіңе тағы да жіберіп қоймауыңды айтып неше рет ояттым ғой, ал кім келеді соның арасында!... Әлде менің өзімнен күмәнданып отырмысың?

- Жоқ, жоқ, оллаһи сен емессің, басқа, ыңғай жібек киімді қыз дедім ғой! Сен болсаң, еңкілдеп жылау түгіл елейсің бе ондайды. Тіпті танауының демі борандай соғып ысқырп кетті дедім ғой, шиқылдап бір жолата өліп кете жаздады дедім ғой!... Юпкасын төсіне дейін түріп тастапты, әлгі неме, екі-үш бүктеп аямай ышқынтты. Сен емессің, сен болсаң, үстіңе шыбын қонғандай да сезбей, әдеттегіңше тып-тыныш ұйықтай берер едің ғой! Әсіресе мені сүзгілеп оятатын жынды емессің ғой!... Басқа! Басқа біреулер! Екеуін сен шақырып әкеліп табыстырған екен дедім!

- Ей, сен енді маған біреуді-біреуге қамап беретін кезеп деп жала жаппақпысың? Қамап берсем кең үй тұрғанда, басқа жер құрығандай сен пәленің қасына әкеліп жатқызамын ба!

- Жоқ, жоқ, оллаһи енді жала жаппаймын Ақатай! Жала жаппаймын, сендім!.. Арақтан есеңгіреп жатып көрген жаман түсім болды!... Соның түс болғаны қандай жақсы! Одан да зорырақ біреу келіп сені бүктесе не оңар едім, тәубә-тәубә!... Болды-болды қойдым!... Таң атқалы осы мәселені шеше алмай қорқып, сенен сұрайын деп арағымды да ішпей қойыппын!- дайын тұрған бір ыдыстағысын жұта салғандай қырылдады. - Әкел тағы бір жұтым берші, көңілім жай тапсын, соның түс болғаны қандай жақсы!

- Енді шай ішіп, нан жеп ал, құрғақ іше берсең өліп қалып, мені зарлатарсың!... Мә, тамақтың артынан іш!... Алдымен көйлегіңді киіп ал!...

- Мақұл, мақұл!.. Өй мына көйлекке де құсық тиген бе?

- Көзіңе де құйылыпты, түнде келіп қасыңа жатқаным сол емес пе!... Үй, қоя тұр десем тағы ішіп алдың ба!

- Ендігісін қоя тұрам, Ақатай, қоя тұрайын!- деп Құлжан қырылдады...

Ақия үйінен шыға сықылықтап-шиқылдап келіп маған жабыса түсті де ішегі түйілгенше күлді.

- Бәрін естідің бе?... Кел енді тамақ жейік, ойынның бірінші көрінісі табыспен аяқтады!..

 

Тергеушім, сіздің алдыңызда өтірік қоспау жөніндегі антым бойынша, шіріктескен жер асты клубының арсыз сары ойынын да сарапқа салып, жас оқушылар алдында кешірілмес ұятқа қалдым. Бұлай аңқылдата берсем, сіздің көз бен ауыз-мұрныңызға да пайдасы тие қоймас, бұл комедияның екінші, үшінші көрнісі әшкере сөйленбей-ақ қалсын, кешіріңіз! Әйтеуір бірінші көрінісінен артпаса кем түспейтіні белгілі болды ғой. Бұл баян еткенім, төңкерісші саптасыңыздың біздегі махаббатқа жүргізген төңкерісі өзін қандай табысқа жеткізгенін, не ішкізіп, не жегізгенін ұқтырғанымыз ғана. Әрқандай адам не ексе соны ормай ма!...

Ал, Ақия өз арызын маған айту арқылы сізге де жеткізіп болды. Осы арқылы бар жайын түсініп болдыңыз. Оны тексеріп, мәселесін шешуден үмітіңіз кесіліп те болды, білем: оны жазаласаңыз да, ақтасаңыз да Құлжаныңыз өледі. Сүйгеннен айрылып, мораль жағынан әлдеқашан өліп болған Ақияға енділікте жалаңыздың да жазаңыздың да өтпейтіндігі, оның төңкерісшіңізді өз қолын былғап өлтірмейтіндігі де, сол төңкерісшіңіздің «қатыны» болғандықтан оның іш киімін қазіргі шақта құлыптай алмайтыныңыз да белгілі. Оның мәселесін осы бойында жауып тастаудан басқа амалыңыз жоқ. Асқынған мерез бұрқырап тасқындап бүкіл қоғамды, тіпті өз мұрныңызды да сасық қанды іріңге бөктіріп жатқанда Құлжанның төңкерістік семьясынан шіріктік түгіл қолаңса иісін сезуіңіз мүмкін бе, сондықтан қылмысымды мен де қамсыз баяндай берейін!

Сол құлыпталған кішкене қақпалы үйде мен Ақияны емдеп, Ақия Құлжанды емдеп жата бердік. Мақпалым мен Асқарымнан ешқандай дерек табылмады. Сәбиімнің «әке, әке, жүй-жүй» деп шыралдаған үні тіпті жиы естілетін болды құлағыма. Солардан хабар іздеп Ақия да мен де жорттым. Автобус табылмағанда есек арбамен секектеп кемпір де қаңғырды. Ол, Гүлнисаның бірінші түрмеде екендігін анықтап тапқанымен түрмешілер жолықтырмай, апарған тамағын ғана қабылдапты. Әке-шешесін де көрістірмейді екен. Кемпір білу үшін әдейі Мақпалға деп ұсынған тамағын алмай қайтарыпты. Ол түрмеде ондай есімді әйел жоқ екен.

Құлжанның қып-қызыл кінешкелерін түгел алып, Дөрбілжінге сол болып барудың да амалын іздеп көрдім. Бірақ, ол жаққа «төңкерістік қызмет әтіреті» болмаса жалғыз-жарым «қызылды» да жүргізбейтін болып қапты.

Сөйтіп, қанша кезгеніммен дерек таппадым. Көшеде өліп көмусіз жатқан, есінен айрылып жынданып кеткен, аяғынан айрылып шоңқиып, белінен айрылып бүктетіліп қалған адамдардан басқа сау таныстарымнан ешкім кезікпеді. Мол қара сақал-мұртын сыпырып тастап, бір күні тақыр иек қызыл қорғаушы, бір күні аппақ мұртты ұраншы болып жантаңдап жүрген Тоқты Баситті ғана танимын. «Не қажет болса үйдегі келініңізге айтып қой!» деп қана жөнелді ол.

Ақия екеуіміз екі жақтап жортып, жылт таба алмай жабығып қайтамыз да кеште бас қосып, бір-біріміздің көңілімізді жабдықтаймыз. «Сен келмесең қазірге дейін қападан жынданып, мына итті ажалынан бұрын өлтіріп арандайды екенмін!» деп ол жабысады да, «сен болмасаң, ызаға булығып барып бірдеме істеп қолға түседі екенмін!» деп мен жабысамын. Әлемде бір-бірімізден басқа көңіл жұбатарлық жұбай да дос та жоқ сияқты, тіпті өз десіп кеттік. Уақыт өте келе ол, қуанышын жасыра алмай қолымды құрсағына басып жататын болды. Бірақ, жеміс пайда болғаны өзіне де кейінірек айқындалыпты.

Бір күні доқтырхананың әйелдер бөліміне көрініп келіп кешінде бірақ айтты ол табысын.

- Бала!... Өз сезуімде де бір айдан асты!- деді.

- Одан бері «байыңның»қасына жаттың ба?

- Жоға!... Неге сұрадың?

- Осы іңірде соныңның қасына жатып қайт!

- Қойшы!

- Жолықпасаң кімнің баласы демексің оған?

- Өзінше жала жаба саламын, һа-һа-һа...а... мас болып алып маған не істегеніңді де білмейсің деп ұрсамын өзіне!

- Арамнан болған деп көңіліне бүгіп жүріп, сәті түскенде баламызды тұншықтырып өлтіре салса қайтпексің?

Селк ете түсті Ақия, өңі сұрлана қалды да тіземнен басын көтеріп алды.

- Рас!.. Өліп қалмаса ондайдан тайынбайды бұл жауыз! - Кілеттен асыға шықты да үйінен бір құмыра қара сұйықтық пен кірлеген ескі киім алып кірді. Дастарқанды асыға жайып шай құйып берді де термосты қасыма қойды. Өзі шешіне бастады сонсоң. Әкелген іш көйлегін кие сала ошақ алдына барды, қара дәріні мойыны мен омырауынан бастап, білегіне, балтыры мен санына, тіпті... бәр жеріне жағынды. Қарап отырмын, аңқиып таңырқап отырмын, ай нұрлы аппақ дене қара сұр бұлт жамылғандай өшкіндеп көгілдір қара сүп-сүркей бірдемеге айнала қалды. Орнымнан ыршып тұрып, қасына бардым. Нафталин бе, пармалин бе, сірке сума, тіпті, шуаш-қолаңса ма... әйтеуір бәрі араласқан бір түрлі жиркенішті иіс мүңкіді.

- Мұның не тентегім-ау!... Қасыңа теке болмаса кім жуиды енді? Күлмей, өзі де тыжырына жауап қатты.

- Әуелден осы «эстетикаға» үйреткемін оны!... Итті ләззәттандырып дәндетпекпін бе!

Бұзауын жанастырмау үшін сиырдың емшегіне өзінің жапасын жағып қоятын кей бір малшы әйелдерінің амалы еді бұл. Сонау үйленген тойынан бастап Құлжанды осындай «сасықтығымен» жирендіріп-түңілтіп келгенін енді түсіндім.

- Бәсе, мен келгелі әйелін бір іздемейтіндей бұл итте еркектік жоқпа деп жүрсем, арақтан басқа құмардан осылай жерітіп болған екенсің ғой!

Ескі белдемшені өлімге беттегендей көңілсіз киіп, плаш жамылды.

- Кешір періштем, балаңның амандығы үшін ғана барамын! - Кебісшең шыға жөнелді. Біраздан соң кілеттен мен де шықтым. Безенуі бұлай болғанда кезігуі тіпті керемет болса керек қой, ішкі есігін ептеп сәл ғана ашып қойып тыңдадым.

- Ей Құлжан, Құлжан!- деп құлағына айқайлап жатыр екен. Оянбаған соң шымшып алған тәрізді, шыр еткізді.

- Ойбай-ай... не болды, не болды, ә-ә?- деп басын көтеріп алды «байы».

- Әйелің барын ұмыттың ба?.. Бүгін еркексіреп келдім қасыңа!

- Е, солай ма екен.. бәлем!... Мен... керек пе... екенмін саған?... Қалжыңым ғой... ауру болып... қалдым ғой... әйтпесе... Ақатай, Ақатай, олай көтермеші, жата... жата тұрайыншы!... Ойбай бүйрегім!... Бүйрегім деймін, ақырын!... Үй-үй! ... І,і, енді осылай жата тұрайын!... Әйтеуір үстіңе шықтым ғой... Сәл дем алып... шіркін, бір жұтым арақ!... Осындайда керек екен ғой!...

Үнсіз недәуір жатты екеуі. Көрпе анда-санда қымырлап қояды.

- Ал, болды, түс енді! - Әйелі домалата салып түрегелді.

- Ойбай-ай!... Үй, арақ бермей кетемісің енді!..

Мен сыбдырсыз басып қана кілетке барып алдым. Соңымнан Ақия ренжи кірді кілетке.

- Енді бұл иіс оңайлықпен кетпейді! - Босағадағы үлкен легенді әкелді де үстіндегі жаман киімін бұрышқа лақтырып тастап тыржалаңаш түсіп отыра кетті. - Қолым таза емес, шәугімнен су құйып берші жаным!- күліп жіберді. - Өзің жібердің ғой, енді өзің жуындырып ал керек болсам!... Көтерем тайыншаны бұлақ бойына айдап апарсам, судан қашып, жолайды деген не, желкесінен бассам, шегініп барып жағаға құлайды, ха-ха-ха-һа-һа...а.. сөйтіп, жерге жабысты да қалды. Мойынын созып апарып тұмсығын әрең тигіздім. Болған-біткені сол!

Бұл суреттеуінен жүзім қыза қалды менің. Бір шақтағы әдеп-ұятқа аса бай, сырбаз қыздың енді мұндай тантық қатын болғанын әнеу түндердегі үш көріністі комедиядағы істерінен көріп едім. Мына сөзі соның шыққан қайнары болды. Бірақ, жаным аши қалды өзіне: «болған-біткенім осы болды» деп жылайтынын көріп жүрмін ғой.

«Иә, мораль жағынан бәріміз де айырылып болып қалдық. Кешегі жас буындарды тәрбиелейтін бастауыш мектеп меңгерушісі бүгін кәсіптік жүлікке айналды. Кешегі жоғары мектеп оқытушысы болған тұтқын әйел мен маман педагог осы кілетте бас қосқаннан бері стиль азғындығының не қилы сұмдығын істеп болмады ма!... Бұл екеуіміз бұрын тіземіз тиісіп кетсе де қызара қалушы едік қой! Бұрынғы ерекше біткен нысап-ұятымыз қайда қалды? Бәрі де басымызға кейінгі түскен ұждан азабының дерті. Көкірегімізге симаған іш қысталықтың, құсаның кернеу күші. Жарылып кетуден сақтану үшін азғындық болса да қисыны табылған ойынға бой ұрып, жадырағымыз, іш кеңіткіміз келеді. Ал, білім иесі аталған біз, кепкен ішімізге дару таба алмай, осылай «құйрығымызға қол сұғып күліп» жатқанымызда басқа орайын тапқан, тұсауы кеңірек жұртшылық не істемей жүр дейсің!»

Алдыңғы жағын қайталап сабындап жуып тұрған Ақия күле берді. Мен арқасын, «еберестінен» де ештеңе қалдырмай ысқылап жуып болып, желкесінен сүйіп алдым.

- Үйбай ғалымым!- деп тағы күлді Ақия. - Сасық шығар әлі!

- Күле бер тантығым, күле бер, ішіңді кеңітіп ал сөйтіп!

- Мен тантықпын ба?- Ақия тұла бойымен бұрылып құшақтай алды мені.

- Жоқ, жоқ, тантық емессің!- көтеріп апарып кілемге тұрғызып аймаладым.

- Тоса тұр, дизенфекцилап алайын! - Иісмай насосын қуыс-қалтарыс қалдырмай жүгіртіп шықты да - ал, енді түгелімен сенікі болдым! -дей сала ақ сазандай бітіммен көрпеге шалқасынан түсті. - Кел, жат қасыма, әнеу күнгі бір айтқан, «өмірлік жігер-қайрат беріп тұратын үш жеңіс» дегенімді енді сөйлеп берейін!... Бірінші, Құлжандағы кегімді сол үш көріністі комедиямен негізгі жағынан алып болдым. Оған сол көрген «түстері» арқылы рухи азаптың өлтірмей қоймайтын уын ішкіздім. Екінші, тұңғыш перзентім алғашқы сүйгенімнен-көкейімдегі құштарымнан пайда болды да жүрегімді бақытқа бөледі. Үшінші, кейін танысқандығымнан айрылып қалған арманыма, уақыттық болсаң да жартылай болсаң да жетіп болдым!

Екеуіміз қатар күлдік. Іш киімінен бастап киіндіріп болғанымды енді білдім. «Тентек тоқал» құшақтап сүйіп-сүйіп алды да ыршып тұрды. Қолыма су құйып дастарқан жасады.

- Сен арақ ішсең іше ғой, мен мұнан соң баламыз емшектен шыққанша ішпеймін!

- Араққа жерік болсаң қайтесің?... Мақұлбектің қатынына қосылып аламысың?

- Айтпақтайын сол қатынымен іштесіп, Мақпалды содан да сұрайын ба?... Қайда екенін Мақұлбек білуі мүмкін ғой!

- Міне, міне, ақылды енді таптың! - Құшақтап алдыма алдым да күйшіл миығынан обына сордым. Дастарқанды бір қолымен қайыра салып, көрпеге қисая берді.

Ертеңіне оған, жұмыс істемей тынығып алуды тапсырып, өзім радио қабылдағыш пен термос алып, үңгірге түсіп жаттым. Үкімет радиосы әр қаладағы құралды қақтығыстарды тоқтата алмай әлі бажылдап жатыр екен. Үрімжі мен Шихаңзыдағы шайқас тіпті қатайып кетіпті. Бір жағы Уаңынмауды, бір жағы Угуаңды жоймақ болып, қан төгісіп жатыпты. Ішкеріде Люшяушиге таласқан жаңжал тіпті қатал көрінеді. Сондай қиқулы хабарлармен кеңірдек жыртысқан ұрандарды тыңдап жатып ұйықтап қалыппын.

Кешкі сағат үште үңгір қақпағы тақылдағанда ояндым. Ақия тамақ әкеліп, «хантеңгірлерін» көкірегіме арта қойды. Үйге Мақұлбектің қатыны шақырылмай-ақ келіп отыр екен. Онымен әңгімесін Құлжанға естіртіп алмау үшін клетке ертіп келіп сөйлеспек екенін айтып, дыбыс шығармай жатуымды тапсырып шықты.

Кілетке кірген дыбырларын естісімен түрегеліп, үңгір аузына бардым да қақпақтың сәл ашық қалған саңлауынан тыңдадым.

- «Сыпайы сырын жасырмайды» Ақияш, бүгін осы үйден араққа бір тояйын деп келдім!- деп саңғырлады Мақұлбектің «мәтіні». - Тығып қойған арағымды анау маскүнем қоймайтын болды!

- Менің маскүнемім де нысапсыз болған соң қараңғы базардан аз-аздан әкеліп жүрмін. Бар-жоғы міне, өзім ішпейтін болдым. Ертеңдер бір бөтелкені бұзбай саған-ақ сақтайыншы!

- Сөйтші жаным!... Сенің мынауың тіпті бас көтере алмайтын болып қалған ба?.. Әжетіңе жарап жүр ме өзі, сылаң қағып құлпырып алыпсың?

- Бәле, түніміз құр емес, қанды кенеше қадалады! -деп күлді Ақия. - Содан жүдеп бара ма, қоя тұр десем, ерегесе түседі! Сенің дәуің қалай?

- Бізде не қызық қалды дейсің, шуын жеп қойған сиырша, бір жолата суалды!- күрсініп жіберген абысын қонақ, арақтан ыстық шайша бір ұрттап қойып, абиыр дертін тіпті ақтара төкті. - Шандырын қанша тартсам да дым шығар емес. Сонысына жарай үстімнен түспейтінін қайтерсің! - Ақияның сақылдап күлгеніне мырсылдап қойып, тұлғалай түсті сөзін. - Құрысқан бүйенін қарныма жайып тастап қорылдайды келіп!

- Өзің де ұйықтайтын шығарсың, һа-һа-һа...а..

- Бір тонна балшық басып жатқанда ұйқы қайда, аударып тастаймын!... Төбелесіміздің басы осыдан шығады. «Еріңді қадірлегенің осы ма!»- деп ол, -еркек болғаның осы ма!»- деп мен зекіремін. -«Мұнан да қатын болдым деп мойындасаңшы, басқа бірдеме тауып алайын!»- деп күйіп кетемін тіпті!... Осындай тілімнен қорланама екен, кейде бірдеме қып шала-шарпы тіріле қалады. Бірақ, жылы орынға барысымен тағы ұйықтайды, ал, қайтып оянсашы!... Дым да жоқ, қымыр да жоқ!.. Тым болмағанда кіші дәреті тамсашы!... Өсти берсек, ұрпақсыз құрығанымыз емес пе!

Ақия сақылдап күліп отырып, соңғы мұңына келгенде томсара сұрады.

- Оған не болған сонша?

- Безін спирт күйдіріп тастаған да баяғы!

- Ал, сен де арақты қалыспай сілтеп жүрсің ғой, өзіңнің жайың қалай?

- Мен арақты оған ерегесіп, кейіннен бастадым ғой, жайыным тіпті жалаңдап тұрады, лаж не, жаман атқа қалмайын деймін!... Ал, бұл жойт араққа мен туылудан бұрын-ақ дәнігіпті. Денесінің жуандығына мақтанып сілтеп жүріп, өртеніп біткен!...

Екі тантық ұзаққа созды әңгімесін. Қоғамдық пікірге, саяси жағдайға аяқ басар емес. Бұрыннан қалған идеялогиялық сыз, аңдысу бар сияқты араларында. Ақияда өзінің қортығының «өнерін» айтып күлдіріп қояды. Әлдеқашан ымырт түсіп, өздерінің шам жаққандарын да ұмытқандай. Арақ соңынан шай құйып, сораптай отырып тантысты. Күлкі құмарларынан әбден шығып, күрсінісіп алып, клеттен шығар кезінде ғана Мақпалдың жөнін сұрады Ақия. Семіз қатынның ол жөнінен бейхабарлығын естіген соң жалына өтінді.

- Мақпалдың менде қарыз ақшасы бар еді, Алтынгүл. Сонысын жіберіп берейін десем, адресін таба алмай жүрмін. Дәуіңнен сұрап анықтап берші жаным!

- Мақұл, мақұл, ол білсе, бұрынғы құмыралардың жұғынын шайқап беріп-ақ айтқызып аламын ғой. Әлгі маған беретін бөтелкеңді сен де ұмытпа! Ертең түс уақытына дейін-ақ сұрап біліп келейін!... Ал күлдіретін әңгімем әлі көп. «Халық үшін істейік», сау тұр!- деп шықты арақ бөшкесі. Ол шығысымен үңгірден мен де шығып, терезеден қарасам, бұлтты түнек қараңғы түн екен. Сонда да буаз жайындай жайқалып көрінеді Алтынгүл. Ақия оның қасында шабақ қана сияқты.

Ақия қақпасын құлыптап қайтып, үйіне, кірді де қортығына зекіре жөнелді: «тұр, өзің жу анауыңды!» дегеніне қарағанда, қортығы «төңкерістік жұмыстан» недәуір «міндет» орындап болған көрінеді. - «Сен менің кішкене балам емессің, осыдан бастап, мұндайыңның бәрін өзіңе тазалатамын. Егер тазаламасаң, көше бастығын шақырып әкеліп көрсетемін де некеден ажырауға куәлікке тартамын!... Ұқтың ба, серт осы!»- деген кесіммен «байын» шырқырата жалынтып тастап шықты да кілеттен шлапшын, шаугім апарып кіргізіп қайтып дастарқан жасады.

- Өлтірді, өлтіріп кетті!- деп шаңқылдаған әйел дауысы естілді осы шақта. Көшені бір-ақ көтерді басына. - Құдай үшін шығыңдар, ағатайлар, шығыңдар, Мақұлбекті өлтіріп кетті!... Өлтіріп кетті, Мақұлбекті, Мақұлбекті!

- «Мақұлбекті өлтіріп кетті» дейді, әлгі Алтынгүл! - Ақияның көзі шоқтай жайнады маған қарағанда. Жүрегін қолыммен басып, сипалай түстім. Алтынгүл шаңғырлай жүріп, көрші қақпаларын сақылдата жүріп, осы қақпаға жақындады. Ақия мені үңгірге түсіріп, қақпағын көмірмен бастыра сала жөнелді.

- Байқа, қараңғыда шошынып қалып жүр ме!- деген сақтықты әрең ескертіп қалдым.

Оқиға жайын Ақия маған түн ортасына таман қайтып кеп жеткізді. Алтынгүл мен қорадан шығып өз қақпасына жеткенде Мақұлбектің біреулерге өз жатқан үйінен дауыстап сөйлеген сөзі естіліпті: «жігіттер қанша өзгеріп келсеңдер де танып тұрмын, алған нәрселеріңді тастап кетіңдер!»- осы сөзінен соң-ақ бақырғаны естіліпті. Ішінен бекітілген қақпаны тепкілей берген Алтынгүл бір топ жігіт қаулап шыға жөнелген соң ғана жүгіріпті үйіне. Кіріп барса, мойны қайрылып, екі пұты екі жаққа айрылған Мақұлбек сұлап жатыр екен...

Ақия жеткенде көршілерден екі-үшеуі ғана құралып, аңыра қарасып тұрыпты. Сақшылар мен қызыл кресті машина жетіп, өлікті тексеріпті де дереу ала жөнеліпті. Жүрегінен білінер-білінбес қыбыр байқалған екен.

Көреген тергеушім, осындай «төңкеріс» жүргізгендіктеріңізге не деп алғыс айтарымды білмей қалдым. Әсіресе мұны «пролетарияттың зор мәдениет төңкерісі» деп атағандықтарыңыз неткен данышпандық! «Атым - Маржанбүбі, пұтымда штан жоқ» дейтін бикештің қойған аты шығар-ау!... Қоғамды ең озық төңкерісші таптың мәдениетіне бөлеп, қазірдің өзінде-ақ ұжмаққа айналдырып болмадыңыздар ма!... Дүниежүзілік коммунизм қозғалысының жеңісі үшін қосқан бұл данышпандық үлестеріңізге марксизм қаншалық сүйінер екен!... Иә, бұл таланттарыңыз бүкіл адамзатты қылмыстан құтқарар-ақ!

 

(Жалғасы бар)

«Abai.kz»


[1] Хұңисансі (ханзуша) - қызыл 1-ші, 3-ші қосын.

[2] Хұңарсы (ханзуша) - қызыл 2-ші қосын.

[3] Қағазға нығыз оралған мылтық дәрісі. Мереке күндерінде ханзулардың көне дәстүр бойынша ататын қағаз ойыншы гранаты.

[4] Хантеңгір - Тяньшань тауының ең биік шоқысы.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5408