Сенбі, 23 Қараша 2024
Білгенге маржан 3824 4 пікір 7 Сәуір, 2022 сағат 12:15

Баса билеуге қарсы тұрып, әлемдік бейбітшілікті қорғау

Басы: Дэн Сяопин және Қытайдың дипломатиялық стратегиясы

Баса билеуге қарсы тұру мен әлемдік бейбітшілікті қорғау Дэн Сяопиннің №1 дипломатиялық бағыты болатын. Ол: «Баса билеуге қарсы тұрып, бейбітшілікті қорғауды ту ете отырып, бейбітшілікті қорғаушы күштермен бір майданда тұруға тиіспіз. Кім баса билегісі келсе, біз соған қарсы тұрамыз. Кім соғыс өртін тұтатса, біз соған қарсы тұрамыз. Біз Қытайдың бейбітшілік сүйгіш күш екендігін, соғысты тежейтін күш екендігін әлемге әйгілеуге тиіспіз. Еліміздің мұндай образды қалыптастыруы ерекше маңызды», - деп атап көрсетті. Баса билеуге қарсы тұру баса билеушілерге қыр көрсету үшін ғана емес болатын. Ондай болғанда, ол «ерекше маңызды саясат» болмас еді. Бұл жайлы Дэн Сяопин бейбітшілікті қорғау үшін қажет болғанда қару қолдануға да дайын екендігін ескертті. Баса билеуге қарсы тұрып, бейбітшілікті қорғау Қытай үшін қандай реалдық маңызы бар?

Қытайдың дәстүрлі мәдениетінде зорлықты күшке қарсы тұрып, әлсіздің мүддесін қорғаудай рухани  құндылық бар. Күштінің әлсізге зорлық көрсетуі «басыну», «баса билеу» деп аталады. Мұндай адами-рухани қасиет әлсіздердің алаңсыз өмір сүруіне жағдай жасауға бағытталған. Сол кездегі халықаралық қатынаста Қытай, дау жоқ, әлсіздердің қатарынан табылды. Көптеген жақтардан өзін күшті сезіне алмайды. Батыстағы дамыған елдермен, әсіресе, шектен шыққан ірі елдермен белдесуге тіпті де қауқарсыз. Сол себепті бейбітшілікті қорғау - мемлекеттердің үлкен-кіші, күшті-әлсіздігіне қарамай түгелдей теңдік принципін ұстанғанда ғана мүмкін болады. Әлсізді күштіге талатпайтын тең құқылы принципі, дау жоқ, Қытай үшін пайдалы болмақ. Ең маңыздысы, сол кезде, тіпті қазір де болсын, әлсіздердің саны күштілерден әлдеқайда көп. Басқаларға қару кезеніп, басына әңгіртаяқ ойнататын баса билеушілердің саны тіпті де көп емес. Дэн Сяопиннің саясаты барлық елдермен барыс-келіс жасау. Ол құдіретті бола ма, әлсіз бола ма, үлкен бола ма, кіші бола ма – бәрібір. Келгендерге Қытайдың есігі айқара ашық. Бірақ егер ол баса билеуші болса, әлсіздерге әңгіртаяқ ойнатса, тіпті ол Қытаймен ешқандай байланысы болмаса да,  Қытай мұндай әрекеттерді айыптайды, әділет үшін күреседі, қолдан келгенше күштілерге тежеу салады. Бұл саясат аздаған баса билеуші ірі елдердің шамына тиюі мүмкін. Бірақ, әлемдегі басым көпшілік елдермен ынтымақ-берекеде болуға мүмкіндік береді. Егер көпшілік қолдаса, пәлендей құдірет-қарымы жоқ Қытайдың өзі алып күшке айналуы мүмкін. Ал өзінің баса билеу саясатының кесірінен Қытаймен қырғи қабақ болған елдер де Қытайға түк істей алмайды. «Баса билеуге қарсы тұру» деп аталатын бұл құрал күштіні тежеп, әлсізбен дос болуға жол ашады. Әлсіздер бірінен соң бірі Қытайдың қанатының астына топтаса бастайды. Күшітлер де ойына келгенін істей алмайды. Бұл саясаттың ерекше маңызы осында жатыр.

Қытай әлсіздермен бір майданға тұрып қана қоймай, әлемнің төрттен үш бөлігін алып жатқан үшінші дүние елдерімен ынтымақ-берекесін күшейту арқылы бейбітшілікке зәру күштерді топтастыра алады. Міне, сол арқылы Қытай дипломатиясының көкжиегі күн өткен сайын кеңейе түседі. Әлемде бейбітшілік сүйгіш халықтар мен мемлекеттердің көп болуы соғыстан қыруар пайда тауып отырған елдер де аяғын аңдып басып, көріністе болса да бейбітшіліктің сойылын соғады. Түптеп келгенде бұл саясат әлсіздерді бейбітшілік үшін бір төбенің басына жинап, баса билеушілерді оқшаулау үшін керек. Дэн Сяопин баса билеуге қарсы тұру мен бейбітшілікті сақтауды қатар қою арқылы баса билеудің әлемдік бейбітшілікке қатер төндіретіндігін дәлелдеумен болды. Қытайдың бұл жақтағы нақты әрекеттері оның баса билеуді тежеудегі төзімділігіне, мүмкінділігіне, толымдылығына күштілер мен әлсіздердің көзін қатар жеткізді.

Дэн Сяопинді ең алаңдататын мәселе соғыс өрті болатын. Ол әлемнің қай түкпірінен тұтанса да, әлемдік геосаясатқа кері ықпалын тигізбей қоймайтын. Сол себепті Қытайдың баса билеуге қарсы тұрып, бейбітшілікті жақтауы тек қана өз қорғанысы үшін емес болатын. Бейбітшілік Қытайдың осы замандандыру құрылысындағы бейбіт халықаралық орта ғана емес, әлемдік геосаясатта да айрықша маңызға ие.

Әлемнің барлық елі Қытайды әлсіз елдердің қатарына санай бермейді. Тіпті әлемде «Қытай қаупі» туралы қауесет шұрқан боп шауып жүр. Ол тіпті Қытаймен көрші Қазақстандықтар үшін түсіңнен шошып оянатын құбыжыққа айналды. Мұндай қауесет ол кезде де аз болмайтын. Қытайдың баса билеуге қарсы тұрып, бейбітшілікті жан сала дәріптеуі оның әлем халықтары арасындағы сүйкімсіз образын да жақсартуға өз септігін тигізді. Бірақ күдік-күмән сол беті сейілген жоқ. Себебі Қытай әлемдегі жер көлемі жағынан үшінші үлкен мемлекет. Ал жан саны ең көп. Ол күндердің күнінде күшейіп, құдіретті елге айналса, сол әлсіздерді өзі басынуы да мүмкін ғой. Көптеген шағын елдер осындай көңіл-күймен Қытайға жақындасуға сақтықпен қарайтын. Тіпті, бір бармағын ішіне бүгіп, сақтықпен жүретін. Олар бір қырынан Қытайдың баса билеуге қарсы саясатын қолдағанымен, күндердің күнінде Қытайдың тұзағына түсіп қалам ба деп алаңдайтын. Бірақ Дэн Сяопин Қытайдың мәңгі үшінші дүние елдерінің қатарында қалатындығын, баса билеу мен бейбітшілікті сақтау саясатын жалғастыруды айтудан жалықпады. Ол тірі кезінде осы саясатты табанды жүргізді. Кейінгі үшінші, төртінші ұрпақ Қытай билеушілері де аталған саясатқа табанды болды. Бірақ, бүгінгі Қытай туралы олай кесіп айта алмайсың.

Қытайдың үшінші дүние елдерімен бір майданда тұру саясаты

Дэн Сяопин Мао Цзэдуңның әлемді үш дүниеге жіктеу стратегиясын жоғары бағалайтын. Ол әлемнің барлық бейбітшілік сүйгіш халықтарымен ынтымақтаса отырып, әлемдік геосаясаттағы саяси күштердің ара қатынасын реттеуге айтарлықтай белсенді рөл атқарды. Оның саясаты Кеңес Одағының баса билеу саясаты арқылы Қытайды оқшаулау жоспарын бұзып, Қытайдың халықаралық ортадағы орнын бекемдеп, беделін арттыруда теңдессіз рөл ойнағаны шындық болатын.

Дэн Сяопин дәуірі басталып, Қытай жаңа тарихи кезеңге аяқ басқанда Қытай мен әлем елдері арасындағы қарым-қатынастар үлкен өзгерістерге ұшырады. Бірақ Дэн Сяопин Қытайдың үшінші дүние елдерінің қатарында қалатындығын үздіксіз дәріптеумен болды. Ол бір рет үшінші дүние елдерінен келген делегаттарды қабылдағанда ағынан жарылып: «Қауіпсіздік Кеңесінің бес тұрақты мүшесінің бірі - Қытай. Қытайдың осы мандаты үшінші дүние елдеріне уәкілдік етеді. Қытайдың өзі де үшінші дүние елдерінің бір мүшесі», - деген болатын.

Адамдардың бәрі біледі, үшінші дүние елдері түгелге жуық шағын, кедей, әлсіз мемлекеттер. Қалай қарасаң да, Қытай аталған елдермен салыстырғанда көш ілгері, алып мемлекет деуге болады. Тіпті сол кездің өзінде бүгінгідей тұмсығын көтеріп, басқа елдерге айбат шегуіне болар еді. Бірақ  Дэн Сяопин бұлай істеуге әсте жол берген жоқ. Мұндай әпербақан саясат Қытайдың дәстүрлі ақыл-парасатына сай емес деп білді. Қытай өзін әлсіздердің қатарына қойып, солармен бір майданда болғанда ғана өзін шынайы күшті ретінде сезіне алады. Себебі әлемде  әлсіздердің қатары көп. Олар біріксе – алып күшке айналып, күштілермен иық тіресе алады.

Дэн Сяопиннің Мао Цзэдуңның ғаламшарды үш түрлі әлемге жіктеу стратегиясына мұрагерлік етіп, Қытайды үшінші дүниеге жатқызуының екі түрлі ерекше мәні бар болатын:

  • Бірінші. Өзін үшінші дүниеге жатқызу арқылы әлемдегі баса билеу саясатынан зорлық көрген басым көпшілік әлсіз елдермен ынтымақтасу арқылы баса билеу саясатына ортақ қарсы тұруға болады. Бұл Қытайдың ғаламдық саясаттағы салмағын арттыра түседі. Қытай сол дәуірде пәлендей құдыретті ел болмағандықтан, басым көпшілікті құрайтын үшінші дүние елдерімен достасу арқылы әлемдегі ең қуатты елдерді өзімен санасуға мәжбүр ете алатын еді;
  • Екінші. Үшінші дүние елдеріндегі дамушы елдермен өзара селбестікті күшейту арқылы дамыған елдердің Қытаймен қарым-қатынасын жақсартуға да септігін тигізеді. Бұдан бұрын айтып өткеніміздей, оңтүстік елдердің өзара селбестігі арқылы оңтүстік пен солтүстік арасында диалог орнатуға болады. Дамушы елдердің өзара ынтымақтастығы дамыған елдерді өздерімен селбесуге итермелейді. Мысалға, дамыған елдер ғаламдық даму мен бейбітшіліктің қажеттілігі үшін дамушы елдерге капитал және технология жақтан көмек көрсетіп, ортақ дамуға жол ашады;

Әсте бас болуға ұмтылмау – Қытай дипломатиясының түпкілікті саясаты болуға тиіс

Өзін үшінші дүние елдерінің қатарына жатқызудың да түрліше жолдары бар. Өзіңді дұрыс орынға қоя білсең, Қытай үшін пайдасы шаша етектен. Ал дұрыс орынға қоя білмесең, азап пен тозақтан арылмайсың. Бұл Дэн Сяопиннің басты ұстанымы еді.

Аталған мәселеге байланысты Дэн партия ішінде мынадай ескерту жасаған болатын: «Үшінші дүниеге жататын кейбір елдер Қытайды осы елдердің бас қалқасы, ағасы болса дейді. Біз ешқашан әсте де бас болуға ұмтылмауымыз керек. Бұл Қытай дипломатиясының түпкілікті саясаты болуға тиіс».

Бас болудың, аға болудың  қандай пайда-зияны бар? Тарихқа көз жіберіп, талдау жасап көрейік. Бір кездері Кеңес Одағы күллі социалистік лагердің бас қалқасы, ағасы болды емес пе?! Кеңес Одағы осыдан не пайда көрді? Шынында, түк пайда көре алған жоқ. Сол кездегі социалистік лагерді үлкен бір отбасы деп есептесек, социалистік лагердің ішінде де ағайын-бауырдың өзара қырқысы бір толастаған жоқ. Қай елде дүрбелең болса, Кеңес Одағы араласып, реттеуге мәжбүр болатын. Ал сыртқа қарата, олардың қауіпсіздігін қорғауды да өз міндетім деп санайтын. Нәтижесінде, өз халқының қан-терін сүліктей сору арқылы әскери жақтан құдыретті елге айналуға ұмтылды. Ал экономикалық жақтан сол әлсіз күйде қала берді. Сыртқа да жаман атты, өз халқына да сүйкімсіз билікке айналды. Ең соңында, күйреп тынды.

Мәдениет төңкерісі жылдары Қытай да қайыршының күйін кешіп жатқанына қарамастан, Кеңес Одағына еліктеп, өзін үшінші дүние елдерінің қормалы санады. Оны айтып, дәріптеп қана қойса, бір сәрі ғой. Қытайды әлемдік төңкерістің базасы ретінде дәріптеп, өз халқы аш-алаңаш жүрсе де, үшінші дүние елдеріне аса жомарттықпен көмек көрсетті. Тіпті тұтас адамзатты азат етеміз деп ұрандататынын қайтерсің. Дэн Сяопин мұндай саясаттан түбірінен бас тартты. Қытайды үшінші дүние елдерінің қатарына қоюға болады, бірақ ол үшін басы артық міндеттеме алудың қажеті жоқ. Олар үшін ақиқатты айтып, рухани демеу берсең, жетіп жатыр. Бірақ оларға бас қалқа, аға боламын деп тыраштанудың керегі жоқ. Оның зиянынан басқа пайдасы болмайды.

Мұның бірнеше түрлі себебі бар. Біріншіден, Қытай - экономика жағынан әлсіз ел.   Өзің диуанасың, кімге пір боласың дегендей, өзің жарымай жүріп, кімге пана болып жарытасың? Бас болу деген сөз - біреудің мойнындағы жүкті өз мойныңа іліп алу деген сөз. Ол жүк сенің беліңді жаздырмайды, адымыңды аштырмайды. Қытай олсыз да дамуда әлемдік деңгейде кенжелеп қалған ел. Өз жыртығын жамап алса да, үлкен олжа. Ал біреуге аға болады екенсің – іні-бауырларға қол ұшын беріп, көмектесіп отыруға мәжбүрсің. Бермесең – олар сырт айналады. Сол үшін үнемі жақсы атанып отыру керек. Ал өзің жарымай тұрып, басқаларға жақсы аттанудың қажеті қанша?!

Біздің Қазақстанда сыртқы елдерге жәрдем беретін сондай бір комитеттің құрылғандығын құлағым шалғаны бар. Миллиардтаған сыртқы қарыз арқалаған еліміз үшін ойланатын шаруа ғой деп ойлайсың кейде. Біз де көтере алмайтын шоқпарды белімізге байлап, босқа тыраштанып жүрген жоқпыз ба өзі?!

Дэн Сяопин: «Қытайда миллиардтан аса халық тұрады, солардың қарнын тоқ, көйлегін көк қылсақ та адамзатқа қосқан теңдессіз үлес болады. Миллиардтаған халықтың мүддесінен безіп, кедей жомарттық жасау жараспайды», - деп есептейтін.

Екіншіден, бір топ ағайынға бас қалқа болдым деген сөз – түбі тесік шелекпен су тасығандай еңбегің еш, тұзың сор болары даусыз. Өз еркіңнен, өз ырықтылығыңнан айырыласың. Онда сен үшінші дүние елдерімен бір кемеге шығасың. Шығып қана қоймайсың, және кеме капитаны болуың керек. Оларды межелі жерге есен-сау жеткізуді міндетіңе аласың. Теориялық тұрғыдан алғанда, үшінші дүние елдері бай-қуатты елдермен, әсіресе, шектен тыс ірі елдермен жауласуға бейім. Сен олардың бас қалқасы болған соң, өз іні-бауырларыңды қорғау үшін аталған елдермен сен де жауласуға міндеттісің. Бай-қуатты, дамыған елдермен жау болған соң, дербес, өз-өзіңе қожа болып, олармен достық қарым-қатынас, тіпті, қарапайым экономикалық істестік жасау да қиындай түседі. Демек, Қытай өзінің қағылез-ептілігінен, ырықтылығынан айырылады. Қытайдың үшінші дүние елдерімен сөз жүзінде бір майданда болуы шектен тыс ірі елдермен қарым-қатынастағы маңызды бір көзірі есептеледі. Егер сол үшінші дүние елдеріне аға болып, өзін құйғанға батырса, Қытай осы аш-арық, кедей елдердің қолындағы көзірге айналады. Мұндайда дамыған елдер Қытаймен ынтымақ-берекеде болып, оған капитал мен технология бермек түгілі, Қытайды босағасынан да сығалатпайды. Міне бұл Дэн Сяопиннің сыртқы саясатта шындықты іс жүзінен іздейтін кемеңгерлігінің бір қыры болатын.

Қоғамдық түзім мен идеология сыртқы қарым-қатынасқа кедергі болмауға тиіс

Дэн Сяопиннің ХХ ғасырдың 80-жылдарындағы дипломатиялық идеясын бейнелейтін мына бір атақты сөзі бар: «Мемлекетаралық қарым-қатынастағы ең басты мәселе – мемлекеттің стратегиялық мүддесі мен қажеттілігі басты назарға алынуға тиіс. Қоғамдық түзім мен идеологиялық парыққа мән берудің қажеті шамалы».

Дэн Сяопин дәуірінен бұрынғы 30 жылдан астам уақыттағы Қытай дипломатиясының табыссыз болуы, тіпті әлемдік қауымдастықтан оқшаулануының басты себебі капитализм мен социализмнің идеологиялық құндылықтарын халықаралық қатынасқа әкеліп телуінде жатыр. Мұндағы ұғым тым қарабайыр болатын. Қоғамдық түзім мен идеология қас пен досты айырудың өлшеміне айналды. Бұл өз ойыңды басқаларға зорлықпен таңумен бірдей еді. Тіпті, социалистік елдердің кейбірі өз жағдайларына қарай басқа бір жолды таңдаса, ол да Қытайға ұнай бермейтін. Ұнай бермейді дегеніміз жұмсартып айтылған сөз. Олардан мүлде теріс айналып, жауғып шыға келетін. Осы ойдың жетегінде Қытай АҚШ-пен 20 жылдай дауласты. Батыстағы дамыған елдермен мүлде ат ізін салыспады. Тіпті кеше ғана қамқор ағасы болған Кеңес Одағымен де бітіспес жау болып шықты. Әрине, бұл жерде сол елдердің де белгілі кінәсі болуы мүмкін. Бірақ, басты кінә Қытайдың өзінде болатын. Біреусін империализм, біреусін капитализм, тағы біреусін Марксизм-Ленинизмнен безген түзетімпаздар деп жазғырып, өзін әлдеқандай біреу санап, бүкіл жау күштерді түп-түгел жойып жібереміз деп ұрандататын. Өзінің жаулық пиғылын жасырып-жаппай айтып, айбар шегіп отырған қызыл көз біреумен қай ел ынтымақ-берекеге келіп, бір дастарханнан дәм тата қоюшы еді?! Дэн Сяопин мұндайды бір ауыз сөзбен, «өз өзіңе ор қазу, өз қолыңды өзің байлау» деп атаған болатын. Шын мәнінде, мемлекет аралық қарым-қатынастың басты кедергісі адамдардың ой-қиялы емес, оның түпкі мәні мүдделі қақтығыста жатады. Ал оған қоғамдық түзім мен идеологиялық кедергілер барып қосылғанда, жағдай одан бетер күрделілене түседі. Күрмеуі шешілмес түйінге айналады. Егер тек қана мүдделі келіспеушіліктер болса, оны дастархан басында, жайбарақат отырып талқылап, ақылдасып, кеңесіп, екі жақ та қабылдайтындай шешу жолдарын іздеуге болады. Ал оған қоғамдық түзім мен идеологиялық парықтарды араластырып жіберсең, екі жақ бір-бірімен жау болып шыға келуі мүмкін. Онда жаумен тек қарудың күшімен ғана сөйлесуге мәжбүр боласың. Бір-біріне жол берсе, онда қарсы жаққа тізе бүккен болып шығады. Содан барып бітіспес жаулық, қырғиқабақ күндер жалғаса береді. Одан ең басты зардап шегетін билеушілер емес, қарапайым халық болады. Қоғамдық түзім мен идеологиялық парықтарды мемлекет аралық қарым-қатынасқа араластырудың соңы басқаларды жау деп жазғырумен бірге өзіңді де оқшаулай түсесің. Өзіңмен бірдей қоғамдық түзімдегі ұқсас құндылықтармен өмір сүретін елдерді іздесең, онда тек өзіңді оқшау, жалғыз қалдым деп есепте. Сенімен егіздің сыңарындай ел жер шарында болмауы да мүмкін, сол себепті Қытай бүкіл адамзатты бауырым деп, сыртқы әлемге есігін айқара ашуы үшін аталған құндылықтардан бойын аулақ ұстағаны мақұл. Дэн Сяопин солай ойлады және солай істеді. Бүкіл адамзатты түгелдей бауырым деп қараған соң, Қытай дипломатиясы үшін бәрімен де тіл табысу дәуірі басталды. Үшінші дүние елдерімен де, дамыған капиталистік елдермен де, оңтүстік Кореямен де, солтүстік Кореямен де. Сол баяғы «ақ мысық, қара мысық – тышқан алса, жақсы мысық» дегендей, әйтеуір Қытайдың дамуына пайдалы болса, бәрімен де тіл табысып, достасуға ұмтылу керек. Бәрімен де достасу керек болғаннан кейін, Ібіліспен де тіл табысуға тура келеді. Бұрынғы ата жау, қас дұшпан санап келген елдермен қарым-қатынас жасауда, дау жоқ, ерекше парасаттылық керек. Барыс-келіс барысында пайдалысын аласың, зияндысынан безесің дегендей. Мұндағы принцип - біреудің отбасы, ошақ-қасындағы тірлігімен Қытайдың шаруасы жоқ. Сен де менің отбасылық тірлігіме қол сұқпай-ақ қой. Алыстан сыйласып, жақыннан араласып дегендей, бейбіт, қатар тірлік кешейік деу болатын. Дипломатиядағы мұндай икемділік, дау жоқ, айрықша табысты болды.

Жалғасы бар...

Рақым Айыпұлы

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371