Сейсенбі, 8 Шілде 2025
Әдебиет 222 0 пікір 8 Шілде, 2025 сағат 13:00

Қытайдың сал-серілік әдебиеті

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Вэй Цзинь және Солтүстік-Оңтүстік дәуірі Қытай тарихындағы ең жиі билік ауысқан кезең болып табылады. Бұл кезең б.з. 220 жылы Цао Пи Хань әулетінде хандықты алғаннан бастап, 589 жылы Суи әулеті Чэнь мемлекетін құлатқанға дейін жалғасты.

Осы кезеңде үш патшалықтың Вэй, Шу, У мемлекеттері өзара бәсекелесті, кейін Сыма Ян Вэй мемлекетінің орнына Батыс Цзинь әулетін құрды және елді уақытша біріктірді, бірақ көп ұзамай Батыс Цзинь құлап, солтүстікте он алты мемлекет арасындағы соғыс басталды, ал оңтүстікте Шығыс Цзинь әулеті басқарды. Кейіннен, солтүстік аймақты Батыс Вэй біріктіріп, ол Шығыс Вэй және Батыс Вэй болып бөлініп, әрі қарай Солтүстік Ци және Солтүстік Чжоуға айналды; оңтүстікте Сон, Ци, Лян және Чэнь әулеттері алмасты. Бұл кезеңде жиі соғыстар болды, қоғам тұрақсыз болды, бірақ мәдениет ерекше гүлденіп, әдебиет, сурет, каллиграфия, мүсін сияқты салаларда елеулі жетістіктерге жетті, буддизм де кеңінен тарады.

Вэй Цзинь және Солтүстік-Оңтүстік дәуірі Қытай әдебиетінің даму тарихындағы ерекше жаңашыл кезең болып табылады. Бұл кезеңде поэзия, фу, роман сияқты жанрлар жаңа замандық ерекшеліктерге ие болып, олардың кейінгі даму бағытын белгіледі. Ой-саналық және мәдени тұрғыдан алғанда, осы кезеңдегі әдебиеттегі “жаңашылдықтар” буддизмнің Қытайға таралуымен тығыз байланысты. Әдебиет тарихында Вэй Цзинь және Солтүстік-Оңтүстік дәуірі кезеңі Шығыс Хань әулетінің Цзяньань кезеңінен бастап, Суи әулетінің бірігуіне дейін созылды, шамамен төрт жүз жылды қамтыды. Бұл кезеңнің тарихи жағдайлары өте күрделі болды. Солтүстік және Оңтүстік дәуірі әдебиетте маңызды кезең болып табылады.

Сал-серілік әдебиет (隐世文学)

Вэй Цзинь және Солтүстік және Оңтүстік әулеттер кезеңіндегі сал серілік әдебиет ерекше тарихи жағдайларда қалыптасты, ол кейінгі әдебиетке өзіндік көрініс пен терең әсер қалдырды.

Бұл кезеңде қоғам тұрақсыз болды, соғыстар жиі орын алып, билік жиі ауысып отырды. «Сегіз бектіктің қақтығысы» және «Көшпенді бес Худың Қытайды басып алуы» (б,з.304-439жж көшпенді Ғұндар, Сяньбилер, Цзе, Ди, Цян тайпалар қытайдың солтүстігін жаулап алып он алты паташалық құрған) сияқты оқиғалар әдебиетшілердің өмірін қауіпті етті, олар өздерінің өмірін сақтау үшін саясаттан алшақтап, елден оқшаулануға тура келді. Ауқатты отбасы өкілдері биліктен орын таба алмай, ішкі күйзелісті кешті. Сонымен қатар, даосизм мен натурализм кеңінен таралып, шығармашылық ізденістер мен рухани еркіндікті іздеген ақындар әдебиетте жаңа ағымдар қалыптастырды. Олар елден кетіп орман, тоғай мен көлдің жағасында күрке тігіп бестен, алтыдан бірлесіп шығармашылқпен айналысты.

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Бұл кезеңдегі сал серілік әдебиеттің көптеген атақты өкілдері қалыптасты. Тао Юаньминьнің ауыл поэзиясы үлгісі классикалық әдебиет болып табылады, оның «Гуй юань тянь цзи» өлеңі ауылдық өмірдің қарапайым сұлулығын тамаша бейнелеген. «Шарап ішу» өлеңі оның рухани тыныштыққа деген көзқарасын көрсетеді. «Таухуа юань цзи» шығармасы нағыз ізгі және оқшауланған жердің утопиялық бейнесін жасап, көпшілікті қызықтырады. Цзи Каңның «Юй Шан Цзюй Юань Цзе Цзю» шығармасы үкіметке қарсы шықпай, өзін сақтауға деген шешімін білдіреді, ал оның «Юнфэн ши» өлеңі өзіндік ашуын және еркіндікке деген ұмтылысын көрсетеді. Руан Цзидің «Юнхуай баишы шу» өлеңдері шындыққа көңіл толмауын және өмірге деген терең ойларын білдіреді. Сонымен қатар, Се Линьюн өзінің тау мен су туралы поэзиясымен танымал, оның «Шанцзюй фу» сияқты шығармалары табиғатты нәзік сипаттап, оның суреттерін көрсету арқылы табиғатқа деген сүйіспеншілігін және сал серілік өмірдің ләззатын бейнелейді.

Вэй Цзинь және Солтүстік және Оңтүстік әулеттер кезеңіндегі сал-серілік әдебиеттің мазмұны бай, көбіне табиғаттың әсем көріністерін және далалық өмірдің тыныш, үйлесімді кезеңдерін суреттейді. Ол табиғатты бейнелеу арқылы ақындардың еркін, тыныш өмірге деген ұмтылысын көрсетеді. Сонымен бірге, шығармалар ақындардың жалғыздығын, қайғысын және өмірге терең ойларын көрсетеді, олардың бұл әлемнен тысқары болуға және рухани еркіндікті іздеуге деген ішкі дүниесін ашады. Стиль бойынша, бұл әдебиет жаңа және табиғи, қарапайым және әдемі болып келеді, тіл қысқа әрі мәнді, табиғат көріністерін жазу арқылы терең ойлар мен сезімдер білдіреді, оқырмандарды шығармашылықтың жоғары рухани деңгейіне жетелеп, авторлардың өзіндік көзқарастарын көрсетеді.

Вэй Цзинь және Солтүстік және Оңтүстік әулеттер кезеңіндегі жасырын әдебиет Қытай әдебиетінің тарихында үлкен маңызға ие. Бұл әдебиет тақырыптар мен мазмұнды байытып, кейінгі тау мен су туралы поэзия сияқты әдеби ағымдардың дамуына негіз қалады. Оның еркіндікке деген ұмтылысы және табиғатты құрметтеуі кейінгі ұрпақтың ойлау жүйесіне және шығармашылыққа терең әсер етіп, Қытай әдебиетінің асыл рухани қазынасына айналды.

Бамбук орманының жеті перісі

«Бамбук орманының жеті перісі» — бұл Вэй Цзинь кезеңіндегі Цзи Кан, Руан Цзи, Шань Тао, Сян Сю, Лю Лин, Ван Жун және Руан Сян атты жеті адамның бірігуі. Олар жиі Шанъянда (қазіргі Хэнань провинциясының Сювү қаласы) бамбук орманының астында жиналып, еркін көңіл-күймен уақыт өткізген, осылайша оларды «Бамбук орманының жеті перісі» деп атаған.

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Цзи Кан

Цзи Кан, лақап аты Шуе, — Бамбук орманының жеті перісінің рухани жетекшісі. Ол Лао-Цзы мен Чжуан-Цзыны жоғары бағалап, табиғатқа ұмтылды, «атақ-даңқтан адамдықты жоғары қойып, табиғатқа басымдық беру» дегенді ұстанды. Оның әдеби шығармаларының ең танымалы — «Шан Жу Юаньмен достықты үзген хат», онда өзінің мемлекеттік қызметке барудан бас тартқанын көрсетеді.

Цзи Кан пянино ойнауды жақсы көрді, әсіресе «Гуан Линь Сан» күйін орындаумен атақты болды, оның адамгершілік қасиеттері мен музыкалық дарындары кейінгі ұрпаққа терең әсер етті.

四言诗十一首•其一

淡淡流水,沦胥而逝。

泛泛柏舟,载浮载滞。

Төрт сөзді өлең, он бір өлеңнің біріншісі:

Су баяу ағып барады,

Тоқтаусыз, үнемі ағып жатады.

Қайық ақырын жүзіп келеді,

Қайраңда тоқтап сонда қалады.

Өлеңнің стилі таза және табиғи, табиғат көріністері арқылы шабыт алады, ол дүниенің өткінші екенін көрсетіп, табиғатқа деген сүйіспеншілігі мен даос философиясына деген ұмтылысын білдіреді.

Руан Цзы

Руан Цзы, есімі Сы Цзун, Руан Юдың ұлы. Ол саясаттан қашу үшін жиі ішімдік ішіп, мас күйде өмір сүрген. Оның «Еркін ойлар» атты шығармасы бес жолды өлеңнің классикалық үлгісі болып табылады. Өлеңнің стилі терең әрі күрделі, көп жағдайда ішкі ауыртпалықты және қоғамға деген наразылықты білдіреді.

Руан Цзы салт-дәстүрге бағынбайтын адам болған, оның әйгілі «көк көз» деген хикаясы бар. Ол дәстүрді ұстанатындарды «ақ көз» деді, ал өзіне ұқсас ойдағы адамдарға «көк көз» деді.

咏怀诗•其一

夜中不能寐,起坐弹鸣琴。

薄帷鉴明月,清风吹我襟。

«Еркін ойлар» өлеңі:

Түнде ұйықтай алмай,

Тұрып, күй ойнаймын.

Жұқа пердеден айды көремін,

Таза да жел самал мені сипап өтеді.

Бұл өлеңде ақын түнде ұйықтай алмай, күй ойнаған сәтін бейнелейді, бұл өз кезегінде ішкі ауыртпалықты, қоғамға деген наразылықты және өмірге деген күмән мен ойлауды көрсетеді.

鸿鹄相随去

鸿鹄相随去,飞飞适荒裔。

双翮凌长风,须臾万里逝。

«Қаздар қатар ұшады»

Қаздар бірге ұшады, алыстағы далаға кетеді.

Қос қанат желмен көтеріліп, бір сәтте мыңдаған шақырымға жетеді.

Бұл өлеңде жоғары ұшып бара жатқан қаздар бейнесі арқылы ақын өзінің еркіндік пен идеалды өмірге деген құштарлығын білдіреді, сол арқылы  адамдар арасынан қашып кетуді меңзейді.

Шань Тао

Есімі Цзюй Юань, жеті перінің ішінде жасы үлкені. Жас кезінде елден бөлек қарапайым өмір сүрген, кейін мемлекеттік қызметке қатысып, үкіметте жақсы жетістіктерге жеткен.

Шань Тао адам ретінде салмақты, талантты жан болды. Ол мемлекеттік кеңеске Цзи Канды ұсынған, бұл Цзи Канның «Шань Цзюй Юаньмен достықты үзу хаты» атты шығармасын жазуына себеп болды, бірақ екеуінің достығы бұдан кейін де үзілмеді.

Сян Сюй

Есімі Цзы Ци, Лао Цзы мен Чжуан Цзының ілімдерін жақсы көрген, Чжуан Цзының түсіндірмесін жазып, оның таралуына үлкен үлес қосқан.

Цзи Кан өлім жазасына кесілгеннен кейін, Сян Сюй қызметтен кетуге мәжбүр болған, бірақ ол Цзи Канның ескі үйінің жанынан өтіп бара жатқанда атақты «Ескі достарды еске алу» деген шығармасын жазған, бұл шығармасында ол Цзи Канға деген сағынышын білдірген.

Лю Лин

Есімі Бо Лун, ішімдікті жақсы көретіндігімен танымал, «Ішімдік туралы мақтау» шығармасын жазған. Лао Цзы мен Чжуан Цзының ілімдерін уағыздаған.

Ол жиі бұғы арбасымен саяхатқа шығып, өзімен бірге ішімдік алып жүретін, адамдарға «өлесем, мені көміңдер» деп айтатын. Оның мінезі еркін және қоғамның дәстүрлеріне деген немқұрайды көзқарасымен ерекшеленеді.

Ван Жун

Есімі Цзюнь Чун, балалық шағынан ақылды, анық және терең ойымен танымал. Ол жеті перінің ішіне соңғы болып қосылған адам, Батыс Цзинь кезеңінде маңызды лауазымдарды атқарған.

Ван Жун бай отбасынан шыққанымен, ұқыпсыз және сараң болған, оның сараңдығы туралы көптеген әңгімелер таралған. Мысалы, өз қызы одан ақша қарыз сұрағанда, ол қарсы болған, бірақ қызы ақшаны қайтарғанан кейін ғана қуанған екен.

Руан Сян

Есімі Чжун Рон, Руан Цзының жиені, Руан Цзы екеуі «Үлкен және кіші Руан» деп аталған. Ол музыкалық сазды өте жақсы меңгерген, пипа аспабында шебер ойнайтын, әрі Гуй Цзыден келген пипаны қайта жасап, кейінгі ұрпақтар оны «Руан Сян» деп атаған.

Руан Сян да салт-дәстүрден бас тартқан, анасы қайтыс болғанда, ол нағашылырымен қарым-қатынас жасаған, ал туыстары оны алып кетуге барған кезде, ол қайғы киімдерін киіп, атқа мініп, оларды қуып жіберген.

Жеті пері де дарынды адамдар, олар әдебиет, философия, музыка сияқты салаларда жоғары деңгейде білім мен дағдыларға ие болған. Олардың ойлары мен іс-әрекеттері, әсіресе, Вэй Цзинь кезеңіндегі әдебиеттің рухани сипатын көрсетеді, әрі кейінгі ұрпақтардың мәдениетіне терең әсер етті.

Тао Юаньмин

Тао Юаньмин (шамамен 365—427 жылдар) — аты Цянь, есімі Юаньлян, лақап есімі У Лиу Сяньшэн, жеке есімі Цзиньцзе, халық арасында Цзиньцзе Сяньшэн деп танылған. Ол шынымен Жянсу округі, Чайсан ауданы (қазіргі Цзянси провинциясы, Цзюцзян қаласы) тумасы, ал басқа бір деректер бойынша, ол Қытайдың Яньфэн ауданында туылған деп те айтады. Ол шығыс Цзинь дәуірінің соңындағы көрнекті ақын, ритор және жазушы.

Тао Юаньмин Джанжоу (Цзянси) аймағында бірнеше мемлекеттік лауазымдарды атқарды, оның ішінде Цзянчжоу (Жангчжоу) маманы, Цзянчжоу әскери кеңесшісі, Пенцзе округінің басшысы болып қызмет атқарған. Соңғы рет Пенцзе ауданында қызмет еткен, бірақ шамамен 80 күннен кейін бұл қызметті тастап, ауылына оралды. Ол Қытайда ауыл поэзиясы тенденсиясын қалыптастырған ақын ретінде танылып, “сал сері ақындарының төресі”, Тао Юаньминнің шығармалары арасында “Шарап ішу”, «Гуй юань тянь цзи», «Цай цюйдун Шиян», «Таухуа юань цзи» шығармалары атақты.  Ол Цзянси провинциясының ең алғашқы әдебиет саласындағы ұлы тұлғасы болып саналады.

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

饮酒

结庐在人境,而无车马喧。

问君何能尔?心远地自偏。

采菊东篱下,悠然见南山。

山气日夕佳,飞鸟相与还。

此中有真意,欲辨已忘言。

Шарап ішу

Тао Юаньмин

Адамдар шоғырланған жол бойында үй салдым,

Бірақ мұнда миды ашытар көлік пен аттардың шуылы жоқ.

Сіз қалай ғана кермек өмірден құтылдың десеңіз,

Менің жаным адамдардан алыста, табиғат өз құшағына алған-ді.

 

Шығыс қабырғадан жүрегімнің тәжі гүлін жинаймын,

Басымды зорға көтеріп оңтүстік таудың ғаламатын көремін.

Ақ күміс бұлттар тауды бүркеп әдемі сурет салады,

Ұшқан құстарда алыстағы мекеніне асыға барады.

Шыныменде бұл ара ғаламат жайлы мекен-ді

Тіл жетпес бейнелеуге өмірдің мәнін.

Бұл өлеңнің тақырбы ауыспалы мағынада берілген, өлеңде шарап туралы сөз жоқ, алғашқы төрт жолы — ақынның дүниелік қиыншылықтардан арылған соңғы сезімдері туралы жазылған. Ал кейінгі алты жолы — оңтүстіктегі таудың керемет кешкі көрінісі мен ақынның одан алған рахаты туралы баяндалады. Бұл өлең ақынның ауыл өмірін сүйетін шынайы сезімін және оның асқақ тұлғасын көрсетеді.

Шабдал гүлді ауыл

Тао Юаньмин

Шығыс Цзинь кезі тайюань жылдары, Вулин ауданында бір балықшысы болыпты. Бір күні ол кішкене қайығымен жүзіп бара жатып, жағалаудан ұзап кеткенін аңғармай қалды. Шабдал ағашты қалың орманға тап болды, артына қараса өзі тұратын аумақ жүздеген шақырым артта қалыпты. Табиғаты тамаша орман балықшыны өзіне қатты баурады, гүлдер мен шөптері сондай әдемі әрі таза. Мүлде мұндай әсем табиғатты көрмеген балықшы таңғала-таңғала орманның ішіне қарай қайығын айдады.

Орманның ішіне кіре өзен бастауында бұлақ суы ағып жатты, одан ары алдында  қалқиып тау тұрды, тауда кішкентай үңгір көрінді, үңгірден жарық сәулесі шыққандай болды. Балықшы қайығынан түсіп, үңгірге кірді. Алғашында үңгірдің аузы өте тар, тек бір адам ғана өтетіндей сияқтанды. Бес алты қадам жүріп еді, кенеттен кең алқап ашылып, жарқыраған жазық дала мен қатар-қатар үйлерді көрінді. Онда шақпақты егістік алқаптары, атыз ортасында әдемі тоғандар, жібектей төгілген ағаштары мен бамбук ормандары сән беріп тұрды. Алқап арсындағы егістік жолдары өзара қиылысып атызға одан сайын сән береді, құстар сайрап, иттер үріп жатты, адамдар егіс басында жұмыстарымен харбалас, ер-әйелдің әңгімелері естілді. Ауыл тұрғындары шабдал гүлді киімдермен жұмыс істеп, бала-шаға алаңсыз қуанышта өмір сүрді.

Ауыл тұрғындары балықшыны көріп, танғалып, одан қайдан келгенін сұрады. Балықшы бар жайын толығымен түсіндіріп берді. Барлығы оны үйіне қонаққа шақырып, тауық сойып, тамақ дайындап, қонақ етті. Балықшы келгенін естіген басқа тұрғындарда онмен әңгімелесуге зәру болды. Олар өздерінің ата-бабаларының Цин әулеті кезінде соғыстарынан қашып, отбасы және көршілерімен осы жерге келгенін, басқа адамдармен байланыс орнатпайтынын айтты. Олар балықшыдан бүгінгі заман туралы сұрады, Хань әулеті мен Цзинь және Вэй әулеттері туралы білмейтіндерін айтты. Балықшы өз білгендерін толық айтты. Ауыл тұрғындары оны тыңдап, таңғалды. Оларда балықшыны өз үйлеріне шақырып, қонақ қылды. Балықшы бірнеше күннен соң ауылдан қоштасып, кетуге шешім қабылдады. Ауыл тұрғындары оған: «Біздің жеріміз туралы сыртқа айтушы болма!» деп өтініш жасады.

Балықшы өз қайығын тауып, ескі жолмен кері қайтып, жолдың бойына белгілер қалдырды. Ол ауданға барып, губернаторға бұл оқиғаны баяндады. Губернатор оны дереу белгілер бойынша іздеді, бірақ олар жолдан адасып, Шабдол гүлді ауылға апаратын жолдың қайда екенін таба алмады.

Наньян қаласының тұрғыны Лю Цзыцзи рухани дәрежесі жоғары адам болатын, ол бұл әңгімені естіген соң, сол ауылға баруды жоспарлады, бірақ ол бұл сапарды жүзеге асыра алмай, көп ұзамай аурудан қайтыс болды. Содан кейін Шабдал гүлді ауылдың жолын сұраған адамдар болмады.

Бұл шығармадағы Шабдал гүлді ауылдыдағы тыныштық пен бақыт, еркін әрі адамдардың тең дәрежеде өмір сүретін жерін суреттей отырып, автордың жақсы өмірге деген арманын және қазіргі өмірден алаңдаушылығын көрсетеді.

Нұрхалық Абдырақын

Abai.kz

0 пікір