Прозаға тың құбылыс әкелген тұлға
Күн сайын кезекті жиындар мен конференциялардан бір босамайтын елорданың еңселі залдарында елдің рухын қанаттандырып, санасына серпіліс әкелетін кештердің өтуі сирек. Өткен апта соңында Конгресс-холда қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Төлен Әбдіковтің мерейтойлық жиыны сондай олқылықтардың орнын толтырды десек, артық айтқандық емес. Қаламгердің 70 жасқа шығармашылық ізденістің тізгінін тартпастан, күш-қуатын кемелдендіре отырып келгені ақиқат. Әбдіковтің 1969 жылы әңгімелер жинағы топтастырылған «Көкжиек» кітабынан басталған әдебиеттегі сүрлеуі бүгінде даналығы мол даңғылға айналды. Тілі тереңнен, нәрі уыздан тартылған жазушыға оқырманның ыстық ықыласы мен айрықша құрметін кеш барысында тағы бір рет сезіндік.

Алдымен Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай Елбасының арнайы құттықтау хатын оқып, жүрекжарды лебізін жеткізді. Төлен ағаның руханияттағы салмағын саралып, елге жасаған еңбегін жоғары бағалап, иығына шапан жапты. Мерейтой иесінің өз кешін өзі жүргізуі де, қасаң қалыптан қашу, жаңа форма іздеуге деген өмірлік ұстанымдарын ұғындырып тұрғандай. Мұны мінберге көтерілген Әбдижәміл Нұрпейісовтей классик ағасы, Әшірбек Сығай сынды сыншы інісі секілді ел ортасынан шыққан тілекші ағайын жан-жақты қаузап, тереңнен толғап тартты. Иә, оқығандар ойланатындай, оқымағандары сол шығармамен танысуды ойға алатындай Төлен Әбдіковтің тылсымы неде?
Қарымды қаламгер жарты ғасырдан бері тоқтамай, талмай жазып келеді. Бұл кісінің 1 романы, 2 пьесасы, оннан астам повесі оқырманның қолына жетіп, өз бағасын алды. Жиырмасында «Райхан» деген әңгімемен әдебиет әлеміне жорығын бастаған балаң жігіт бертінде «Өліара», «Біз үшеу едік» пьесаларымен сахнада салмақты дүниелердің қойылуына еңбек сіңірді. Алпысқа жетіп, кемелденудің кезеңінде тудырған «Парасат майданы» повесі талайларды таңғалдырды, тамсандырды, тіптен қызғандырды десек те, қателеспейміз. Сүйекті һәм сүбелі дүниелер автордың халықаралық Франц Кафка атындағы сыйлықты иеленуіне себеп болды. Талай жылғы дау мен жауды тауып беретін мемлекеттік сыйлық та тынымсыз еңбегі мен талантының тартуы ретінде Төлен Әбдіковке бұйырғанда ешкім ештеңе демеді. Сірә, бұл - дара дарынды досы да, дұшпаны да мойындауының бір белгісі болса керек. «Ардагер» пьесасы егемендіктің жиырма жылдығы кезінде драматургия жанры бойынша ұйымдастырылған байқаудың бас жүлдесін иемденді. Ал «Оң қол» мен «Тұғыр мен ғұмыр» повестерін замандастары мен сыншылар қазақ әдебиетіндегі таңдаулы классикалық туындылардың қатарынан ойып тұрып орын алған шығарма ретінде атады.
Сыншыларының айтуынша, қаламгердің соны соқпақ, жаңа формат іздеуі прозаны философиялық астармен астастырып, кейпкерлердің тұлғасына басқа қырынан үңіліп, беймәлім тұсынан ақтаруы оқырманды ой тұңғиығына жетелейді. Әдетте былайғы жұрт жазушыларды жаңа заманның ағысын жаза алмайды, тамырын баса алмайды деп жазғырып жатады ғой. Шынтуайтында кітап оқи білген жанға «Оң қол» талғам мен талапқа жоғары деңгейде жауап бере алатындығымен ерекшеленеді. Адам психологиясы мен жаратылысының құпия қатпарларын бойлап, көзқарас, дүниетаным, болмыс сынды қасиеттердің оқиғаға орай құбылуының қыр-сырына қанықтыруымен баурай түседі.
Мерейтойының өзі жиналғандарды ойға, ойлауға үндеуі жазушының жаратылысын аңғартса керек. Мемлекеттің жауапты жұмыстарында жүріп, ұлттық руханияттың жүгін қайыспай көтере білген Төлен Әбдіковке зал толы жиналған ел зор ризалық сезімдерін білдіріп жатты.
Бейсенбай ДӘУЛЕТҰЛЫ
Астана қаласы
"Айқын" газеті