Суперпрезиденттің суперәкімдері
Әділет министрі арнайы брифинг өткізіп, президент Тоқаевтың суперпрезиденттіктен арылу идеясы құқықтық тұрғыдан қалай жүзеге асатынын айтып берді.
Министр біраз жайтты жайып салды, мен болсам, осы бастаманың бір тұсына ғана тоқталайын.
Сонымен, ендігі жерде президенттің туыстары саяси басшылық пен квазимемлекеттік секторда басқару қызметтерінде бола алмайды.
Тамаша идея!
Аузы күйген үріп ішеді, 30 жыл бойына Назарбаевтың отбасы мүшелерінің билік пен үлкен бизнесте тапжылмай отырып алғанынан әбден запы боп, зардап шеккен жұртшылық бұған қол шапалақтап жатыр.
Мен де қолдауға қосыламын.
Бірақ, сонымен бірге, көңілдегі түйткілдерді де айтпасам болмас.
Біріншіден, суперпрезиденттік жүйеден ықпалды парламенті бар президенттік жүйеге көшу осындай бірен-саран өзгеріспен шектелмеуі тиіс.
Ол үшін, ең бастысы, жүйелі жаңару қажет.
Ең алдымен, биліктің үш тармағының – заң шығарушы, атқарушы және сот - өзара тепе-теңдігін қайта құру керек. Ондай басымдық әлі де көрінбейді.
Көп нәрсе сайлауға кеп тіреледі емес пе? Сондықтан, Орталық сайлау комиссиясының төрағасын президент емес, көппартиялық парламент баламалы негізде сайласа, сайлау әділ де ашық өтуіне мықты алғышарт болар еді.
Иә, президент ОСК төрағасы партия мүшесі болмасын деген ұсыныс айтты. Бірақ, біздің жағдайда ол партия мүшесі болмаса да, президентке тәуелді боп қалады емес пе? Содан барып, сайлаудаға былық-шылық орын алады.
Осы талапты жергілікті деңгейдегі сайлау комиссияларына да енгізсе, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені, бұрмалаушылықтың көкесі сол ауыл-аймақта боп жатады ғой. Ондағы сайлау комиссияларының төрағаларын көппартиялы мәслихаттар сайлуап алуы тиіс.
Екіншіден, президенттің жақындары тек оның туысқандары ғана емес. Мәселен, Ресейдегі Путиннің ең жақын достары - басшы қызметтерде, мемлекеттік монополиялардың жетекшілері. Бәрінің шыққан жері – КГБ.
Соңғы кезде біздің де кадр саясаты «дипломаттанып» бара жатыр.
Сондықтан да саяси басшылық мен квазимемлекеттік сектордағы басқару қызметтеріне кадрларды іріктеуге тек қана президент емес, көппартиялы парламент те белсене ат салысуы шарт. Сол кезде біз кадр саясатындағы субъективизм мен волюнтаризмнен, тамыр-таныстық пен топшылдықтан, жершілдік пен рушылдықтан біржолата құтыла аламыз.
Үшінші мәселенің, әсіресе, ауыл-аймақтағы ағайынға тікелей қатысы бар. Мемлекетте бас тұлға президент болса, біздің облыс, қала, аудан, ауылда «әй дейтін әжесі, қой дейтін қожасы жоқ», аймақта ашса алақанында, жұмса, жұдырығында ұстап, билеп-төстеп отырған бірден-бір қожайындар – суперәкімдер!
Президент өз туыстарын басшы қызметтерге қоя алмайтын болса, сол талапты ендігі жерде әкімдерге неге қоймасқа?! Әйтпесе, көптеген жерде (бәрі деп айту ұят болар, билікте ары таза, былық-шылыққа салынбаған әкімдер де баршылық) әкімнің туыстары, жақын-жұрағаты, құда-жекжаты, тамыр-таныстары ғана қызметте өсіп-өніп, аймақтағы бас бизнестерді иеленіп алған жоқ па?!
Қазір тиісті заң жобалары әзірленіп жатыр.
Меніңше, суперәкімдерді тәубасына келтіріп, ауыл-аймаққа әділеттік принциптерін орнықтыратын уақыт пісіп-жетті.
Бәлкім, облыс, қала және аудан әкімдерін халық өзі сайлап алатын жағдайға жеткенде ахуал өзінен-өзі түзелер. Ал әзірше тек осындай қатаңы заңдар арқылы ғана суперәкімдердің саяси және бизнес тәбетін шектеуге болады.
Басқа амал жоқ!
Әміржан Қосан
Abai.kz