Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 12513 0 пікір 29 Қазан, 2012 сағат 13:40

Илья Жақанов. «Әлемнің жарығын сыйладың сен маған»

(эссе)

1959 жыл. Желтоқсан айының соңғы күндері. Қара сұр аспан жаңбырсыз, қарсыз тұнжырап, қалтыратып тұрып алды. Алматының сыптай түзу зәулім теректері жапырағынан айырылып, ұшар басында қобыраған ескі ұяларда құжынаған қара қарғалар мен тынымсыз шықылықтаған шымшықтар ғана қалыпты. Олардың шуы табиғат үйлестіре қойған ғажайып бір симфонияның қиял тербейтін иіріміндей жүріп жатқан тіршілік тынысы, тылсым ғұмыр. Жұрт жұмысқа асыққан таңғы сәт...

(эссе)

1959 жыл. Желтоқсан айының соңғы күндері. Қара сұр аспан жаңбырсыз, қарсыз тұнжырап, қалтыратып тұрып алды. Алматының сыптай түзу зәулім теректері жапырағынан айырылып, ұшар басында қобыраған ескі ұяларда құжынаған қара қарғалар мен тынымсыз шықылықтаған шымшықтар ғана қалыпты. Олардың шуы табиғат үйлестіре қойған ғажайып бір симфонияның қиял тербейтін иіріміндей жүріп жатқан тіршілік тынысы, тылсым ғұмыр. Жұрт жұмысқа асыққан таңғы сәт...


Шәмші үстінде көнетоз қара пальто, басында милықтыра киген жұп-жұқа сұр кепка, қоңыр шалбарының екі балағы далақ­тап, консерваторияға жүгіре басып, дірдектеп жетті. Сырт киі­мін тез-тез шешіп, өзін дәйім еркелете сөйлейтін вахтер Валя тә­тейге ұстата салып, екінші қа­батқа кө­терілді. Ұстазы профессор мін­детін атқарушы Василий Васильевич Велика­нов­тың класына кірді (Великанов 1937 жылы Ленинград композиторлары Одағының тапсырмасымен Ал­ма­тыға келген өнер иесі. Абай атындағы опера балет театрында көркемдік жа­ғы­нан жетекші боп қызмет етіп жү­ріп: «Тұтқын қыз» операсын, «Қал­қаман-Ма­мыр», «Қам­бар-На­зым» балет­те­рін, «Қа­зақ симфониясын», «Аман­­гелді» сим­фо­ния­лық поэмасын, «Ленин­град­тық өрен­де­рім!» хор-поэ­ма­сын, Абай мен Жамбыл сөзде­ріне ән-ро­манс­тар, Садық Кә­рім­баев ән­де­рінің негізінде сим­фониялық сюита жазған ғажап жан. Ол әріптесі Евгений Брусиловский секілді қа­зақтың музыкалық фольклорын терең зерттеген композитор еді.  - И.Ж.).
-Ва...а...Василь...Ва-а-си­лье­вич, сәлеметсіз бе? Ғапу е...ті-ңіз, трамвай... кешігіп, - деген сөз­дерді көзі жыпы­лық­тап, ке­кеш­тене тұтығып, зорға айтты.
Великанов заты жұмсақ, үл­кен­ді де, кішіні де: «Сіз», - деп сөйлейтін ізетті жан. Ақсары жүзі күлімсіреп, өзінің сыпа қал­пымен:
- Отырыңыз. Еш оқасы жоқ. Бүгін уақытым кеңдеу. Басқа шә­кірттерім бір себептермен сұра­нып кетті. Жаңа жылдың алды. Бір шәкіртімнің шешесі науқас екен. Ауылында біраз бөгелетін түрі бар. Ал, сіз екеуміз осы күн­дері емін-еркін дәріс өткіземіз. Қа­не, не жазып әкелдіңіз? - деді.
Шәмші елпектей ізет біл­ді­ріп, терезенің алдында тұрған столға қомпиған папкісінен біраз ноталарды жайып салып, ішінен үшеуін алды да рояльдің қақ­па­ғына қоя бастады. Великанов но­таларға ойлана үңіліп:
- Өзіңіз ойнайсыз ба? - деді.
Шәмші үнсіз бас изеді. Сөйт­ті де:
- Пьеса для фортепьяно, - де­ді естілер-естілмес қана.
Шәмшінің етсіз арық, жі­ңіш­ке саусақтары әр нотаны жеп-жеңіл басты. Аккордтар мақпал үнмен балбырады. Великанов бір лирикалы ән тыңдап отыр­ған­дай сырлы сезімге бөленді. Сансыз көкек сұңқылдаған тоғай ішінде жыландай ирелеңдеген жіп-жіңішке жыл­ғалардан еркелей жүгірген бұлақ үнін естіді. Пьеса ән болып төгілді. Шы­ғар­ма ойналып біт­кенде  ұстаз сәл ой­ланып отырып, сөйлей жө­нелді:
- Сіздің жүрегіңіз қайнап жат­қан мелодия кәусары. Мелодия... Симфонияның ұлы атасы Гайдн шәкірті Вольфганг Амадей Моцарттың фортепьяно октаваларына сыймай асып тө­гі­летін ұшы-қиыры жоқ мелодиясына таң-тамаша боп: «Вся прелесть музыки в мелодии», - дей­ді ғой. Пенде шіркін не демейді, біреулер сізді «мелодист» деп бе­кер жазғырады, ондай оғаш сөзді қаперіңізге ал­маңыз. Жү­ре­гіңіз не дейді, соның дегенін істеңіз.
Мен берген тапсырма осылайша сауатты жазылып, көр­кем­дік деңгейі жоғары болса, бірте-бірте форма мен жанрды меңгере бе­ре­міз. Композициядан ақсамай­сыз. Гармония мен сольфеджио... Осы пәннің керемет оқу­лығын жазып, музыка тео­ре­тиктеріне тәңірдей көрінетін про­фессор Игнатий Дубовский сабақта қатал болғанмен, негізі жақсы адам. Бұл кісінің са­ба­ғы­на салғырт қарамаңыз. Өте қиын пән. Оған ерекше көңіл бөліңіз. Менің сөзім ұстаздық сөз ғана емес, әкелік тілек. Мен сіздің әкеңізбен жастымын ғой, екеуміз де 1898 жылы туыппыз.
Шәмші жазып әкелген мына пье­са Великановты қатты тол­қыт­ты. Бір жарым минутқа жетер-жетпес шап-шағын пьесаға ұстаз қалам тигізген жоқ. Жұпар самалдай желпіген лиризміне сүй­сіне бе­ріліп: «Жақсы», - деді.
Шәмші енді прелюдияға кіріс­кенде саусақтары клавиш бетінде шапшаң жүгірді. Сол қолы ак­корд­тарды үйіріп, орай басқанда та­ғы да жаңағы пьесадағыдай шуақ­ты, сергек, сәулелі иірімдер мөп-мөл­дір күміс үн төкті. Великановты бір тәтті қиял Ленинград консерваториясына қарай тартты. Студент кезі. Екі профессорда екі ма­ман­дық бойынша оқып жүр. 1930 жылы ол В.Щербачевтың класында ком­позициядан, ал, 1931 жылы В. И. Миклашевскийдің класында фор­тепьянодан бітіріп шығып еді. Студенттік жылдарда осы екі профессордың алдында дәл осындай пьеса, прелюдия, ноктюрнге машықтанғаны есінде әлі күнге дейін сақталып қалған. Шәмшінің бүгінгі көрсеткен шы­ғар­маларын тап өзі жазғандай бір сәулелі оймен тамылжыды. Шә­кір­ті соңғы аккордты естілер-ес­тіл­мес лүп ет­кізіп қана тоқ­та­ған­да, Великанов тағы да: «Жақсы», - деді.
Шәмшінің жүзі нұрлана түсті. Іштей ширап, серпіліп отырды. Ве­ликанов ноталардан көз алмай:
- Сирек талантты компози­тор­дың бағы - сол, оның әр нотасы, әр аккордынан өз ұлтының музыка ко­лориті жарқыраған гауһар­дай, не­месе, өз даласының қыр­мызы гүліндей құлпырады. Мысалы, о, шіркін, анау армян Арам Ха­ча­ту­рянның, әзербайжан Кара Ка­раев­тың, қазақ Мұқан Төле­баев­тың шы­ғармаларындағы тұ­ма­дай тұ­нық мелодия адамды еріксіз елең еткізіп, тілмен бейнелеп жеткізуге болмайтын құ­ді­рет­ті әсердің тылсым күшімен баурайды ғой! Жа­ңағы фор­тепья­но­лық пьесаңыз бен мына прелю­дияңыз маған осы сөз­ді айтқызып отыр. Ойыңыз сондай айқын, әрі жинақы. Мұндай шағын форма салдыраған, сусылдаған, не болмаса ешбір әсерсіз дікілдеген жадағай тактылардың әуезден жұ­таң, реңсіз жиынтығы емес. Сіздің діттеген сезім шарық­тауы­ңыз бен идеяңыз маған көркем мелодиямен жарқын түрде көрінді. Өзіңізбен бірге оқуға түсіп, Бруси­ловскийдің класында дәріс алып жүрген қыр­ғыз жігіті Алтынбек Жаныбеков мұн­дай пьеса, прелюдия, вариацияларды сол өзі оқып бітірген Мұрат Күреңкеев атын­дағы музыка училищесінің қабыр­ғасында-ақ еркін игеріп келіп, дәл қазір аса күрделі жанр - сонатаға батыл кірісті. Жақсы. Таңға­лар­лық құбы­лыс. Профессор Дубовский Жаны­бе­ковті өте жақсы көреді. Гармония мен сольфед­жиоға алғыр екен, - деп өз пікірін жанға жайлы сөздермен қиырдан қайырып, ойландыра бітірді.
Неге екені белгісіз, Шәмші бір қызарып, бір сұрланып, беймаза халде қозғалақтай қобалжыды. Ве­ликановтың байсалды үнін тың­дап отыр, тыңдамай отыр. Тіл ұшында мақпалдай жұмсақ әуез: «Көзіңнен күн күліп, Жайнаттың әлемді», - деген сөз.
Бұл еш ақынның сөзі емес, өз сөзі. Біраздан бері ділі мен дітін билеп алған сөзі. Тебіреніс отына күйдіре бастап, тағы бір әннің бас­тауы, қайнар көзіндей сезілген жүрегіне ыстық сөз. Он екі так­тыға түзіле қалған осы сөз, о, тоба, со­нау Шәуілдірге, «Темір» сов­хо­зына қарай елеңдетіп, анасы Са­қып­жамалдың ақ жүзіне емі­рен­теді. Великановтың әлгі бір сөздері бірте-бірте бәсеңдеп, баяулап барып біткен майда қоңыр аккордтай, енді мүлде естілмей қалды. Шәмші әп-сәтте құлазып, көзіне мұң тұнып, алдындағы ноктюрнді үн-түнсіз ойнай бастады. Жаңағы фортепьянолық пьеса мен прелюдиядай емес, ноктюрн жан түк­пірінің тұңғиық тереңінен шымырлап, жүрек сыздатты. Ноктюрнды үш күндей жазып еді, ә деп бас­талған сәтте биыл қайтыс болған анасының қазасына бара алмай, еш уақытта... еш уақытта кешуге болмайтын ыждағатсыз, болымсыз қы­лығы әбден қорын­тып, езіліп, егіліп жүрген-ді. Сол дәрменсіздігі жанын жегідей жеді. Күллі қазақ даласына еркін жа­йылған «Қара­көз», «Жүрек сыры», «Қайықта» әндерінің буына мастанып, ресторан жағалап, оқыс отырыстар мен дарақы, даңғаза жиындардың мақ­та­нына айналып бара жатқан әу­лекі ісі еріксіз өкіндірді. Және әр кез ұмытылып, алмағайып қайта оралып: «Қайран дүние... есіл апам!» дегізіп, үһілеткен әннің әлгі екі жолға сыйған он екі тактысы өксігі басылмайтын өкінішті қай­ғы­сының азабын ауырлата берді. Ноктюрн баяу аккордтармен аяқ­та­ла бергенде Великановтың күр­сі­нісін сезді. Ойнап біткен соң ұстаз алдындағы нотаға қадалған күйі:
- Ноктюрнді жазбаған композитор жоқ. Бұл өзі адам сезімін терең қозғайтын әуезі ауыр, тұң­ғиық сырға булыққан өте те­бі­реністі, толғанысты бітімі бар форма. Жақсы меңгеріпсіз. Аяқ­талған шығарма. Консерваторияда әр кез өтіп жататын концерттерде пиа­нис­терге ойнатуыңызға әбден болады. Осындай ноктюрн, пьеса, прелюдия, сонаталары үшін ке­зін­де Фредерик Шопенді: «Фортепьяно ақыны», - деп атады ғой. Өзінің өте шағын пьесалары кейде шөп басына ілініп тұрған таңғы шық­тай мөлдірейді. Қайсыбірі құсалы жүректің көз жасындай клавиштің бетіне бырт-бырт үзі­ліп түсіп жатады. Шопеннің қай суретіне қа­расаңыз да қабағының астындағы көлеңкелі тұңғиық жанарынан жылт еткен үміт сәулесін көре алмайсыз. Ал, ол осы шерлі кейпімен «Жетінші вальсін» фортепьянода қалай шалқытты! Бір ойды бір ой жетелейді. Мына ноктюрніңіз жаңа әніңізді қозғап жүр екен. Соны сездім, -деді.
Ұстазының осы сөзі желпінтіп жібергендей болған  Шәмші:
- Ва-Ва-Васильевич! Сізге сол жаңа әнімнің бастапқы тактыларын көрсетейінші, - деді қым­сы­на қызарып.
- Жақсы, ойнап көріңіз, - деді Великанов бас изей қоштап.
Шәмші лып ете түрегеліп, стол үстінде жатқан папкісінен жарты бет нота қағазын алды да рояль қақпағына қойып, оған ұз-а-ақ қа­рады. Бірте-бірте көзінің жан-жа­ғы қоңырқай тартып, қаба­ғы­нан кір­бің көлеңкесі сезілді. Саусағын кла­вишқа салуы мұң. Әп-сәтте жан-дүниесіне не боп кетті, құ­дай-ау? Шәмші Великановтың көз алдында оқыс құбылды. Ұстаз тау қозғалса, қозғала қоймайтын сабырлы жан. Үндемеді. Шәмші но­таға қадалған күйі:
- Василь... Ва-а-асильевич, - деді үні дірілдеп.
Великанов Шәмшінің иығына қо­лын салып:
- Не... не жағдай болды? - деді аң-таң боп.
Шәмші іштей жылай-жылай шер күйігін тартып, діңкелеткен өк­сік тамағын қырылдатып, үнін шы­ғармай қойған жан азабын ұс­тазының алдында ойда жоқта сез­діріп алды. Ыстық жас кіл­кіл­деген көзінен екі-үш тамшы тырс-тырс етіп еденге үзіліп түсті. Великанов:
- Айтыңызшы, не жағдай?.. -деп күмілжіді.
Шәмші екі иығы бүрісіп, мұң құрсаған кеудесі дір-дір етіп:
- Бұрын өзіңізге айтқам, Василь Васильевич. Әкем қолынан балға, балтасы түспеген ез бей­неттің адамы. Ұста. Шешем Са­қып­­жамал әкемізден сегіз жас кіші. Оңтүстік Қазақстан облысында Созақ ауданы бар. Сол жерде ағайынды Шәді, Бұқарбай есімді төре тұқымының белгілі, бе­делді адамдары болған. Шәді ке­зінде Бұқара медреселерінде дә­ріс алған, діни сауаты терең, болмысында көл-көсір ақындық дарыны бар және он саусағынан өнері төгілген зергер, шалқар сезімді бір ғажайып адам екен. Осы Шәдінің туған інісі Бұқарбай - шешемнің туған әкесі. Бұл кісі де зергер, ұста. Дүр­бе­леңді жиырмасыншы жылдардың аяғы. Бұ­қарбайдың әйелі қайтыс боп, шү­пір­леген бес-алты баламен қала­ды. Тағдырдың мына бұй­ры­ғын қараңыз, әкем Қалдаяқ оты сөніп, қайғы жүгін арқалаған Бұ­қарбайға туған қарындасын қо­са­ды. Бұ­қар­байдың сөнген оты қайта жанады. Тұрмысы, дастарқаны тү­зеледі. Үйдің шырайы кіреді. Әкем Шәді мен Бұқарбайдың зергерлік ісіне ден қойып, қисса-жырларына бір­де домбырасын, бірде қобызын қо­сып, бір-біріне ықылас-пейілі жа­расып, әндетіп, сауық құрып жүріп, әншілігі жан-жүрегін тербеген Сақыпжамалға қосылыпты. Шешем ажарлы, ақылды... жүрегі мөлдіреген әнші еді... Әнші еді, - деді де кемсеңдеп. Сөйтіп зорға айтып отырған сөзі үзіліп кетті.
- Сабыр етіңіз, - деді Великанов. - Білем... биылғы жыл ауыр, сізге. Сол тамаша анаңыздан ай­рылғаныңызды айтқансыз... Қай­те­сіз, жазмыш ісі ғой бұл.
Шәмші әлі де сол солықтаған қалпы:
- Бір басымда көп қателік бар, Василь Васильевич... Сіздің ал­дыңыз­да да кінәм жетерлік. Бі­рін­ші курстан әлі көше алмай, бәр-бәріңізді ұятқа қалдырып, радиодан тынымсыз беріліп жатқан әндерім әбден әуейі қылып... Жұрт мені сөксе де, сөкпесе де жағ­дайым осылай боп тұр, - деді де тағы да кілт сынды.
Великанов Шәмшінің осы бір сөздері не үшін айтылып, неге тірелетініне үн-түнсіз ойланды да отырды. Шәмші күйзеле тұн­жы­рады. «Анамның аруағы алдында ешуақытта өтелмейтін, орындай алмайтын қарызым бар. Қазасына барып, топырақ сала алмаған дәр­менсіз басым... Енді осы өкі­ніш­пен өтетін шығармын», - деп айта бе­ретін көлгір сөзін бүгін де қай­та­ла­ғандай боп, рояль қақ­па­ғында тұр­ған жарты бет нота қағазындағы он екі такты қоңыр әуез ойда жоқ­та ішкі дүниесін шай­қап-шайқап жіберді.
Шәмші енді осы сөздерінен ыңғайсызданып, алдындағы нотаны жайлап ойнай бастады. Он екі такты ойналып біткенде Шәмші күрсіне тоқтады:
- Әрі қарай қолым жүрмейді, Василь Васильевич... Бірақ осы фраза есімнен шығар емес, анам­ның мейірлі жүзін көрем, қоңыр үнін естимін. Әннің басталуы, осы, Василь Васильевич... Осы он екі тактыдан әрі аса алар емеспін.
Великанов: «Терең толғаныс­тың лебі сезіледі, - деді баяу үн қатып. - Мұңға батырсаңыз ауырлап кетеді. «Оренбургский пуховый платок» әнінде анаға деген ізгі ой адам жанын тіл жетпес нәзік лиризммен керемет тербейді ғой, Людмила Зыкинаның жан рахаты дерлік үнінде. Тыңдаңыз:
В этот вьюжный неласковый вечер,
Когда снежная мгла вдоль дорог,
Ты накинь, дорогая, на плечи
Оренбургский пуховый платок.
Я его вечерами вязала,
Для тебя, моя добрая мать,
Я готова тебе, дорогая,
Не платок, даже сердце отдать...
Музыкада күрделі жанрдың құр­сауынан шыға алмайтын біз сияқты композиторларға Понама­рен­коның бұл әні арман ғой... Арман... Мына он екі такты тол­ға­нысты сезіммен қоңырлап басталыпты, оған «Оренбургский пуховый платок» әніндегі сәулелі лиризм нұрын құйсаңыз... Сонда бұл әніңіз ауырламайды да, жеңіл­демейді де. Анаға деген махаб­ба­ты­ңыз әр жүректі мамырдың қо­ңыр кешіндегі жібек самалдай аялайды, өбектейді, тебірентеді... Сөй­­тіп анаға деген іңкәр жүректің құштарлығы аһ дегізеді. Қазақтың арғы, бергі әндерінде ана бейнесін әлпештеген әндерді кездестіре қойғам жоқ. Ал, қазақ фольк­лорын­да ананың мейірлі үнінен шыққан «Бесік жырының» жүрек­ті елжіретер тамаша нұсқалары көп-ақ... Көп. Оның лебі де осы әніңізге әсер етер, деп ойлаймын. Ана жүрегінің лүпілі, ол!
Великанов Шәмшінің әр жаңа әнін тыңдағанда дәйім осылай шешіліп, өз болмысына мүлде ке­реғар сергек ойлы лирик боп шыға келеді. Шәмшіден бұрынғы шә­кірті Әбілахат Еспаевтың ән­де­ріне ықылас білдіргенде дәл осы сәт­тегідей төгілетіні болушы еді.
Шәмшінің мұңды жүрегін жылы лебізбен желпи сөйлеген Великанов: «Бір тебіреністі әнді осылайша бастаған екенсіз, ендігі гәп -музыкалы логикада. Ол еш­уақыт­та өз жүрісінен айнымайды. Мына тактылардағы тың ойды әрі қарай жетелей береді», - деп ойлана тоқ­тады.
Осы сәтте не құдірет биледі, Шәмші алдындағы нотаға шүйіле үңілді де қырылдаған үнімен:
Көзіңнен күн күліп,
Жайнатып өмірді.
Көзіңнен ай күліп,
Көркейтіп көңілді, - деп им­про­визация жасап, аузына қи­сын­сыз іліккен осы бір «рыбаны» (ком­позиторлардың бір дағдысы -жаңа жаза бастаған ән, романс­тың, тіпті, кантата, оратория сөз­дерін де буын өлшеміне орай «рыба» дей салады. Бұған әбден үй­реніп алған ақындар компо­зитор­ларға: «Қане, рыбаңды» көрсет деп, қағазына түртіп алып жатады - И.Ж.) емін-еркін қайталады. Еш кібіртіктемей мөлдіреп төгілді. Осы құбылысқа таңғалып: «Бөгеп жүрген ой қисы­нын тапты»,- деді ішінен ұстаз.
- Василь Васильевич... - деді Шәм­ші де осы кезде шабыт қы­зуын анық сезіп.
- Байқап отырмын. Он екі тактыны дамытып жібердіңіз. Қырық сегіз такты болып түзілді.
- Сіз айтқан музыкалы логика ма, бұл, Василь Васильевич? - деп Шәмші күлімсіреп, тұтыға бу­лық­ты.
- Иә... иә. Қайырмаға кеп ті­рел­діңіз. Мамырлата қозғаған ойыңыз қайырмада шарықтауы тиіс. Логи­калық ойдың жан-жүректі тебі­рен­тетін түйіні, ол! Моцарттың алдында он алты жасар Бетховеннің қолма-қол импровизация жасаға­нын елестеттім. Импровизация шал­қуы қазақтың өз жаратылысында бар таңға­жа­йып құбылыс қой. Біз күні кеше Иса Байза­қов­тың кез-келген та­қырыпта ағылған импровизациясын көрдік. Соның сиқырлы құ­діреті болар, Евгений Григорьевич Брусиловский Иса­ның атақты «Желдірмесін» Құр­ман­ғазы атын­дағы ұлт аспаптар оркестріне клас­сикалық фантазия ғып түсірді ғой. Сізде де сондай импро­ви­за­цияның таусылмайтын, еш суынбайтын қызулы лебі бар. Бу­лықтырып, шешілмей жүрген әніңіздің түйінін таптыңыз - деп жымиды Великанов. - Бұл әнді не деп атайсыз?
- Василь Васильевич, сіз мені «Оренбургский пуховый платок» әнімен қозғап жібердіңіз. Мен бұ... бұл ә...әнді «Ана туралы жыр» деп атаймын. Басқа бірде бір сөз ойға оралар емес...
- Ал, қайырма... Ол әндегі ой­дың - мәйегі.
- Қайырманың сұлбасы алыс­тан бұлдырап, әр кез елең еткізеді. Құбыла береді. Әзір ұстатар емес.
- Әннің бітімі қандай әншіге келеді, деп ойлайсыз? - деді Великанов әр сөзі сынап отырғандай сезіліп.
- Ришад Абдуллиннің ойлы үні өзіне қарай тарта береді. Ол кісіге осы жылдың басында Абайдың:
Буынсыз тілің,
Буулы сөзің,
Әсерлі адам ұғлына.
Кісінің сөзін,
Ұққыш-ақ өзің,
Қисығын түзеп тұғрыға, деп бас­талатын бар болғаны он екі жол өлеңін былайша толғадым, - деді де жайлап қана әндетті.
Великанов өз ойын ішке ірікті де:
- Абдуллин бұл әнді қалай қа­былдады? - деді.
Шәмші басын шайқап, сәл үн­сіз отырда да:
- Мен - Абаймын, бала! Абаймын! Абай сөзіне ән, романс жаз­ған композиторлар сол дүние­лерін маған Абайша толғаныспен жазып әкеледі. Олар кімдер? Мұқан Тө­ле­баев, Сыдық Мұхамеджанов, Нұр­ғиса Тілендиев, Әбілахат Ес­паев! Осы төртеуі ғана. Ал, сен­дердің қа­тарларың Абайға жолай алмай жүр. Шәмші шырағым, сен де со­лар­дың ішінен табылып қа­лып жүр­ме. Мына әніңді ыж­да­ғат­ты се­зіммен асықпай қараймын. Әзірше уақытым тар деді, -деді.
- Әрине, қалай десе де Абай­дың әнін биік профессионалдық деңгейге көтеріп, Абдуллиндей тол­ғаған әнші жоқ. Бұл - шындық. Жүсіпбек Елебеков дала табиғ­а­ты­ның дәстүрлі үлгісімен шыр­қа­ды. Сондықтан, Абай сөзіне жа­зылған ән, романстарға бұл екі әншінің тәкаппар көңілмен қа­рауы заңды да. Басқа не деуге болады, жаңағы әніңіз бен мына әніңіздің бағын ашатын Абдуллин болғаны жақ­сы... өте жақсы. Көкейімде бір ха­лық әні тақы­ры­бына вариация жазып көрсеңіз деген түйткіл бар...
Великанов Шәмшімен өткізген бүгінгі сабағын осылайша ойландыра тәмамдады.

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

Шәмші дегбірсіз, тағатсыз жан. Есіл-дерті Ришад Абдуллин! Әнді осы түрінде қалайда сол кісіге көр­сетуі керек. Осыны ойлап, іштей тыпыршиды да: «Оу, Шәмші шы­ра­ғым, бұл әнің әлі бітпеген ән ғой, а где припев?» десе, не дей­ді?» Және Абай сөзіне жазылған «Буынсыз тілің» әні қозғаусыз жатыр. Одан еш хабар жоқ. Қанша мазасызданса да Абдуллинге бата алмай, амалсыз тосылды.
... Өстіп әрі-сәрі боп жүргенде біраз уақыт өтті. Шәмші көңілсіз. Бір күні Жамал Омарованың үйіне келді. Екеуі жайбарақат шай ішіп отырды. Жамал жігіттің жүдеу әл­пе­тіне ойлана қарап: «Шәмші айналайын, «Қайықтаны» жұрт­тан бұрын мен шырқадым. Қан­дай ән екенін ел танып-білді. Мерейің әуе­леп барады. Қанаты талмайтын ән ғой «Қайықта», ұзаққа... тым ұзаққа самғай береді. Оны әлемнің алыс-алыс түкпіріне Бибіш... өзі­міз­дің Бибігүл Төле­ге­новадай бұл­бұл әуезді әнші ғана жеткізеді. «Қайықтаны» енді өз қолыммен Бибішке беремін», - деді.
Ол кезде Шәмшінің Бибігүл­мен еш қарым-қатысы жоқ. Мына сөзге елең ете түсті. Содан көп ұзаған жоқ, Құрманғазы атындағы Мемлекеттік ұлт аспаптары ор­-кес­тр­інің кезекті бір кон­цер­тінде Бибігүл Төлегенова «Қайықтаны» сызылтты. Бұрын Жамал Ома­ро­ваның орындауында бірден ел жүрегіне ұялай қалған «Қайықта» Бибігүлдің кәусар үнімен мүлде жаңа... бітімі өзгеше шуақты ән боп құлпырды. Күллі коло­ро­ту­ралық сопраноларды ішқұста   қыл­ған арманға айналды.
Шәмші сол күндерде оркестр­дің бас дирижері Шамғон Қажы­ғалиевпен танысты. Бұл кісі кез-келген жанмен шүйіркелесе бер­мейтін кірпияз, тәкаппар жан-тын. «Менмін» деген компо­зиторлар­дың өзі қаймығатын маэстро жі­бектей сызылған жұмсақ үнімен: «Былтыр оркестрімізге конферансье етіп, тамаша актриса Нүкетай Мышбаеваны алдым. Шашы жерге түскен, көрікті қыз. Концерт жүр­гізгенде сахнаға ерекше сән береді. Дауысы әдемі. Осы Нү­кетай бір отырыста «Қайық­таны» айтты. Тол­қытып орындағаны сон­дай әсер­лі болды. Мен: «Бұл кімнің әні?» дедім. Нүкетай: «Шәмші Қал­даяқовтың әні» деді. Бұған дейін мен сен жайында еш нәрсе білмейді екем, «Қайықта» маған қатты ұнады. Оркес­трі­міз­дің бі­лік­ті дирижері Глеб Сафонцевке тапсырып, оркестровка жасаттым. Міне, енді, Бибігүлдің репер­туа­рын­дағы концерттік ән­дер­дің ішін­дегі ең шырайлысы - осы «Қайық­та». Алғаш рет оны репетиция басталғанда Бибігүлдің тез үй­рен­гені сондай, Глеб Са­фон­цевтің шалқыта дирижерлік етуіне шаттанып: «Браво, Шәмші Қал­даяқов - вальс королі!» деп қуана қол соқ­тым. Оркестранттар мәз болысып, дүрілдеп қоя берді. Қал­қам, есіңде болсын, «Вальс коро­лі» деген сөз мына менен шықты. Менен! Оған оркестр ұжымы куә! Бибігүл куә! Ал, қазақ музыкасына вальс жанрын енгізіп, «Қазақ вальсіндей» шедеврді жазған Латиф Хамиди нағыз - вальс королі! Алдыңда сон­дай құдірет бар, Шәмші! Сенен бұрын «Махаббат вальсімен» тербеткен Бекен Жама­қаев­қа да айтар сөзім осы, Шәм­ші. Бұрынғы жаз­ған­дарыңды, жа­ңа әндеріңді әке­ліп, көрсетіп тұр», - деді.
Шамғонның ілтипатты сөзі Шәмшіні ой бір жадыратты дей­сіз. Консерваториядағы күнделікті са­ба­ғына келуі сұйылайын деді. Ол радио мен «Қазақконцертте», «Қа­ра­көз» әнін репертуарына алып, ре­петиция өткізе бастаған хор-капелласының буы еді. Композитор міне, осылардың арасында дедек қағып, жортақтады да жүр­ді.
* * *
Қысқы сессия басталды. Профессор Дубовский ректораттың алдына: «Қалдаяқов бірінші курс­та тағы неше жыл отыруы керек. Музыка теориясынан ноль. Бұл қай консерваторияның тарихында бол­ған іс? Қалдаяқовты консервато­рия­дан шығаруларыңызды өті­не­мін», - деп мәселе қойды. Ду­бовскийдің бұл пікіріне ректор Құдыс Қо­жа­мьяров келіспеді. Ашу­лы ұстаздың у-шуын елеусіз қалдырды.
Шәмші өзі үшін дүниедегі ең аяусыз, қатал адам деп осы Ду­бовскийді кінәлайтындай. Бірақ бәріне кінәлі өзі екенін білмейді емес, біледі де. Өзімен бірге композиция класына оқуға түскен қыз-жігіттердің легіне ілесе алмай, сол бірінші курста отырған күйі өз қатарларынан қалып бара жатты. Жүріс-тұрысы олпы-солпы. Жеке басының құнты жоқ. Тұрмыс-тір­ші­лігі берекесіз. Жатын жері де тұрақсыз. Стипендия алмайды. Ауылдан келер қайраны да болымсыз. Әннің буы дедектеткен кербез кедей. Шығармаларын бәз біреу­лер қолпаштаса болды, лепіреді. Алмағайып жолыға кеткен пенделерге еш ойланбай ілесе жөнеледі. Кеу-кеулеп дуылдаған ортадан шыға алмай, кез-келген үйге қона салады. Саналы басын сергелдеңге салған қандай ғана бейопа өмір, бұл? Өзі қызыға әндететін: «Катится, катится голубой вагон», - боп кете бере ме? Әйтеуір  бірі есінде, бірі есінде жоқ тұрлаусыз, дәйексіз күндер?
Жамал Омарова анда-санда үйіне шақырып алып, бірде: «Мен гастрольге кетіп бара жатырмын. Мына «папаняның» қасында бол (Жұпар есімді кенже қызын еркелетіп «папаня» деп атайтын-ды -И.Ж.) Бұл кішкентай ғой, әлі. Сабағына қара, мектебіне апар. Осы үй - сенің үйің. Қарның ашпайды. Сырғақтап жүгіре бермей, ана қара пианинода әндеріңді жаз», - десе, енді бірде: «Ой, құдай-ай, үсті-басың не боп кеткен, а? Мә, алшы, мына ақшаны! Бар да киім ал... Бас киімің мен бәтеңкең ұнамай-ақ қойды, маған. Сұлу әндерді шығарған сүйкімді жігіт боп жүрші, көкетай! Менің Нұрғисам мен Әбілахатымды әуейі қылған ана бір ішкіш ақын­дар сені де оңдырмайды. Ол құр­ғырлармен сусылдаған жүрісіңді тоқтат. Айналып кетейін Ахаң... иә... иә, сол Жұбановты алға салып, Қо­жамьяровпен сен үшін әлі күнге дейін қиыла сөйлесумен келеміз. Оқуыңды түзе! Қысқарт бәрін!» деп зірк ете түседі.
Бұл сөздерді мүләйімсіп тың­даған Шәмші етек-жеңін жинап, киімін жаңартып, мұнтаздай таза боп, біразға дейін Жамалдың үйінде жүреді, келеңсіз тірлік­те­рінен арылғандай боп. «Ана туралы жыр», деп жаза бастаған әнін ауық-ауық қарайды, жүректі балбырата, ойландыра қозғайтын «за­певіне» қайырма жалғасатын емес. Анасына деген бар құштарлық сезімі осы қайырмада аһылаған аң­саулы көңілдің емін-еркін төгіл­ген тәтті лебізі боп, шарықтап, күллі әлемді тербеп, шарлап кетуі тиіс. Сол керемет құбылысты елес­тетеді, ал клавишта саусағы жүрмейді. Сонда ғана... сонда ғана көзіне жас кілкілдеп: «Апа, бір тіл қатшы, апа!» дейді қабырғасы сөгіле дәрмен тілеп. Анасы үн­демейді...

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

1960 жыл. Шәмшінің сырдаң тірлігі оңалмады. Бұл кездерді оның жары Жәмила: «Менің шешем - қаракесек руының бір белді, ықпалды, бай әулетінен. Өзі жас кезінде Орынборда оқыған. Әнші кісі. Әкем - төлеңгіт руынан, Қос­танай жағында военком болған. Ол кезде мен іште екем. Әкем серілеу боп, бір татар келін­шегімен желігіп, шешемді тастап кетіпті. Кейін сандалып, қайтып келіпті, бірақ, шешем сондай арлы кісі, әкемнің опасыздығын кешір­мей, қосылмай қойыпты. Ол кісіні мен «әке» деп есептемеймін. Шешем байғұс жылап-сықтап, екі жасар мені жетектеп жүріп, Алматыда негізі Ұзынағаштан, қасқарау руының бір иманжүзді кісісіне қосылып, мен сол екінші әкемнің аялы алақанында өстім. Зайыбы қайтыс болып, шүпірлеген бала-шағамен қалған сондай мейірбан жан. Шешем келе-келе ұстамалы науқасқа ұшырады. Қантбала деген сіңлісі бар, соның үйінде Шә­м­­ші екеуіміз танысып, сол 1960 жылы қосылдық қой»,- деп еске алады.
* * *
1961 жыл. Алматыда күздің ле­бі сезілді. Құстар әлі қайта қойған жоқ. Көк аспанда тырналардың тыраулаған үні естілмейді. Ағаш басынан алтын жапырақтар судырай төгіліп, жұпар салқын жел­піген, жанға рахат, тамылжыған тылсым шақ. Левитанның «Алтын күзі» дерлік тып-тыныш шуақ.
Шәмші сол күні Великановтың сабағына бір сағат бұрын ерте келді. Ұстазының өткен дәріс­тер­де: «Вариацияға ден қойыңыз», - деген сөзі есіне түсті де, әрі ойланып, бері ойланып Сыдық Мұха­мед­жановтың «Балқадиша» әні тақырыбына жазған вариациясын қайта-қайта ойнап көрді. Ойнаған сайын «Ақан серінің» тұңғиық жүрегіне қалай-қалай сәуле, шуақ берген... ғажап», - деп еміренді. Сөй­тіп отырып, оқыс қалғып кет­кенін сезді. Екі-үш күн қайдағы бір шулы ортаға тап болып, әбден сілікпесі шығып, Жәмиланың ре­нішті сөздерін естіп, не істерін біл­мей, дағдарып, шаршап жүр­ген-ді. Қажыпты, қалжырапты. Ұсқыны өрт сөндірген жанның реңіндей сұп-сұр. Көзі кіртиіп, құр сүлдесі отыр. Солай мүжіле мүл­гіп, тағы да кірпігі кірпігіне шалынысты. Орнынан сүйретіле тұрып барды да, столға жата жабысып, ұйықтап кетті. Езіліп жатып, түс көрді... Түс...
Анасы... ақ шәлі жамылып тұр, аппақ жүзі үлбіреп. Қарақат кө­зінен мейірнұры төгіліп: «Шар­ша­дың-ау, құлыным!» дейді. Шәмші булығып: «Иә... иә... Жо-жоқ, апа, мен бұл дүниені таңғалдыруға келдім ғой, сол жолда шаршауым керек пе?» дейді. «О, жарқанаттай ғана болған құлыным, есіңде ме, сен Алматыға келіп, оқуға түскен жыл... дәл осындай тамызға бергісіз маужыраған қыркүйек?»... «Есімде, апа, сол жолы қара басып, ұмытып кетіп, күтіп ала алмадым ғой, апа!»... «Е, құлыным, ондай-ондайды елеп қайтесің, одан бері де біраз жыл өтіпті. Зы­мыраған уақыт... құлыным, сағын­дым сені. Сен шыр етіп дүние есі­гін ашқанда, Сырдың бойы, кіндік қаның тамған Сарыкөл... Сол тө­ңі­ректе жамырасқан қалың ел Қал­даяқ пен Сақыпжамалға құдай бер­ді... ұлды болды, оу, жарандар, келіңдер, келіңдер, түге... да­рия­ның жағасында қауын-қарбыз егіп, суға ау салып, қоянға тұзақ құрып, оу, өстіп қана жанын жалдап, күн көрген бір жағалбайлыны жалғыз­сыратпайық, ағайын, дескен шулы дүбірді естідің бе, сен? Сен туа сала шырқырап жылай бердің, құ­лы­ным. Сонда қоңыраттың бір есті қариясы: «Бұл батыр жылап жат­қан жоқ, ән салып жатыр... Ән!» деп көңілімізді көтере сөйлеп, жұрт­тың бәрін күлдіріп еді.
Сенің алдыңда айналып ке­тейін, Тұмаргүл бар, тұлымшағы жел­кілдеген. Сырдың жағасында жеркепеде «таңғы тамақ тәңірден» деп, сол тірлігімізге мәз болысып отырдық. Құдайдың таңы атады, алтын шапақ шашып, көкжиектен көтеріліп келе жатқан Күнге қол созып, «Алып берейін бе, саған, а?» деймін сені тал бесікте емі­рене емізіп. Сен терлеп-тепшіп, езу тартасың.
Мақпал түнде толықсып Ай қалқиды, дүн-дүниені жарық қып. Оған да ұмсынып, саған алып бергім келеді. Сен тал бесікке сый­май, бұлқынасың, құлыным, ап­пақ Айға жаутаң қағып.
Тәй-тәй бастың, талпынып. Сыр­дың жағасында таң нұрымен ашылған қырмызы гүлдің ең әдемісін үзіп беруші едім, сонда, а, құлыным!..»
«Айт, апа, айта бер...»
«Көктемде Сыр бойына жылы жақтан көк аспанды әнге бөлеп, құстар қайтады тізіліп. Соларға қарап, құшағыңды жая жығыла-сүрініп ұмтылушы едің, құлыным! Сонда... сонда саған сол құс­тар­дың әнін... тіпті қанатын алып бер­гім келген дәрменімді не деуге болады, а?»
«Апа, дүниеде не дәмді, не тәтті, соның бәрін аузыма салдың, сілекейімді шұбыртып. Ал, ақ сүтің... о, апа, оған не жетеді, не? Оны ақтау мүмкін бе, апа, мүмкін емес! Апа... апа, қайда барасың, кетпеші... кетпеші! Тоқта-а-а, а-па-а-а!»
Шәмші бастырылығып, шошып оянды. Көзін, бетін уқалап, бір нәрсе шалықтаған жандай елеу­реп, тәлтіректей тұрды. Ұйқылы-ояу шайқалақтаған күйі рояльге кеп отырды. Жан-жағына қарады. Бір өзі. Ептеп сергіп қапты. Жұпар лебі желпіген салқын бақта ұйық­тап, шаршауы басылған жандай. О, тоба! Ендігі бір сәтте әлгі түс қаз-қалпында көз алдында таң-тамаша ғып, өзіне елжірете тартып, іштей тамылжытты. Өңі ме, түсі ме? Анасы... күлімсірейді... осы сәт не құдірет биледі, Шәм­шінің саусағы көл бетіндегі бала толқындай діріл қағып, «Ана туралы жырдың» запевін мамырлата жетелеп, қайырмаға жалғастырды. Қайырма бірден қанат жая әуелеп, анаға деген ынтызар көңілдің құштар лебін кәусар сезімнің тұп-тұнық нұры ғып мөлдіретті. Жаңа ғана столды жаншыла құшып, құдды бір вокзалда жатқан шаршаулы жолаушыдай езіле тыным алған Шәмші, енді міне, жар­қыл­даған жай отындай ыстық құштар­лықпен қайыр­маның әр жолына бар мейірімін, жан ләззатын төкті. Қайырманы қайта-қайта қуалай шалқытып, бар дүниені ұмыт­қан­дай боп серпіп отырғанда сықыр етіп, есік ашылды. Великанов кі­ріп келді. Шәмші сасқалақтап, ұшып түрегелді.
- Отырыңыз... отырыңыз. Мен есік алдында ойыңызды бөлмей, тыңдадым да тұрдым. Жаңа әні­ңіз­ді жеріне жеткіздіңіз. Керемет! Ришад Абдуллиннің тереңнен толғап, әуелете көтеріп, қиырдан қайыра­тын, иә, ана жүрегіндей кең, әрі биязы, балбыраған мейірлі үнін елестетіп көріңіз. Бұл әнді тек Абдуллинге ғана бергеніңіз жөн. М­е­нің ақылым осы...
Шәмшінің жүзі өн бойында дуылдаған қызулы қанның нұры­мен алаулап, кеудесін құрсап жүр­ген қырыс-тырысы жазыла түсіп, бірдеме деуге тілі күрмеліп, ала­бұрта толқып, кірпігінде қуаныш­ты сезімнің маржан тамшысы жылт-жылт етті.
* * *
Шәмшінің көп әні о баста осылайша сөзсіз туады. Оны өз кө­ңіліндегі алмағайып қиыса салатын «рыбасы» іштей «сөйлеп» түртпектеп, шабыт отына жел беріп, үрлеп, жетелеп отырады. Бұл - композиторлардың болмысында бола беретін құпия құбы­лыс. Шәмші дәл осы әнге дейін қанша ән жазды, соның бірі -«Буынсыз тіліңді» ғана Абай сөзіне барынша үңіліп отырып шығарған еді. Одан кейін мұндай дағдыға көндіккен жоқ. Ақынға «тәуелді» болмай, өз жүрегі не дейді, соның діті, соның әмірімен толғанды. «Ана туралы жыр» да осындай тебіреніспен дүниеге келді. Енді, жан-жүрегін бірде сыздата ұйы­тып, бірде мөлдірей қалып, ауыр толғанысқа салған махаббатын ойлы да асқақ сезіммен беретін ақы­ны кім болмақ?
Шәмші осы ойдың үстінде іш­тей мазасызданып жүргенде «Ана туралы жырды» опера театрының бір репетиция бөлмесінде жанындай жақсы көретін, әр әніне қы­зы­ға қарайтын ағасы Әбілахат Ес­паев­қа айтып берді. Ол кісі қатты толқыды. Өте ұстамды, байсалды жан боталаған бадана көзінде кіл­кілдеген ыстық тамшы... өз ана­сы­ның дидарын көргендей бір пәк сезімнің шуағына бөленді. Бі­реу­лер секілді қазымырлана сөйле­мей­тін Әбілахат:
- «Анама керемет мазар тұрғы­за алмаспын, балалық махаббатымды білдіретін бір ән жазсам», - дейтін тілегің орындалыпты, -деді ақырын ғана.
Шәмші бұл сөзге үнсіз бас изеп, жеңіл күрсінісін ішке тартып:
- Сөзін қай ақынға жаздырам? - деді көңілі әлі де алаң күйде бі­раз ақынды елестетіп.
Әбілахат үндемеді. Бірден не десін?
* * *
Сол күні кеште Шәмші Әбі­ла­хат Еспаев, ақын Ғафу Қайыр­беков үшеуі «Алматы» ресторанында отырды. Әбілахат аспай-сас­пай «Ана туралы жырдың» мән-жайын, анасы Сақыпжамалды көр­генін айтты. Ғафу шешек дағы торлаған қоңырқай жүзін қайта-қайта сипалап:
- Е, Шәмші, сенің жүрегіңдегі ол мұң менің жүрегімде де бар. Ана... ана... Ол - жайнаған жарық дүние! - деді қарлығыңқы үні кү­тір-күтір етіп. - Мына Әбілахат осы ресторанға келгенше, мені сол жаңа әніңмен балаша өбектеп келді. Жай ғана әндетіп көрші.
Шәмші бірсыдырғы баяу үн­мен тебірене айтты. Ғафу шамыр­қана қозғалақтап:
- Әбілахат ағаң мені: «Поющий поэт», - дейді. Сенің әндеріңе сөз жазып жүрген ақындарыңның бірде-бірі мен секілді әндете алмайды. Мен еш ақынға дес бере қоймайтын Қасым Аманжоловтың «Дариға, сол қыз» әнін өз аузынан үйреніп, өле-өлгенше тәнті қылған жанмын, - деді. - Ол әнді, Әбіл­ахат, сен менің айтуыммен нотаға түсірдің ғой. Ән шіркіннің не екенін білем, мен! Кез-келген әнге сөз жазбаймын. Арқаның класси­калық әнімен өскен жанның сөзі деп біл, Шәмші бұл сөзімді! Жаңа әнің көңіліме қонды. Ана... Дәл қазір жасымыз нешеде? Ана алдында әлі де болса сәбиміз, баламыз...
Ғафу осылай дей бергенде Шәм­ші көзінде тұнжыр ой бұл­дырап, ана жолы көрген түсін, анасымен «тілдескенін» қаз-қалпында езіліп отырып айтты. Ғафу мен Әбілахат селт етпей тыңдады.

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

Арада үш күн өтті ме, өтпеді ме, Ғафу «Ана туралы жырдың» сөзін жазып бітірді.
Әлемнің жарығын,
Сыйладың сен маған.
Даланың әр гүлін,
Жинадың сен маған.
Сен бердің құстардың,
Қанатын самғаған.
Балалық құштарым,
Өзіңе арнаған.
Қайырмасы:
Әлдилеп аялап,
Өсірген жемісің.
Самал жел, сая бақ,
Құшағың мен үшін.
Есейіп кетсем де,
Мен саған сәбимін,
Көңілді көктемдей,
Көзіңнен танимын.

Өтеуге борышым,
Анашым, жан сырым,
Іздедім сен үшін,
Әлемнің асылын.
Әлемнің байлығын,
Сыйлар ем, кеш мені,
Сыйлар ем ай, күнін,
Қолыма түспеді.

Ете гөр қанағат,
Әзірге берерім -
Балалық махаббат,
Балалық жүрегім.
Бол риза, анашым,
Қолдағы осы бар.
Өзіңе арнаған,
Әнімді қосып ал.
Осы сөзді қайта-қайта оқыған Шәмші бір сөзіне: «Мына жері қалай?» дей алмады. Рояльда осы сөзбен әндете бастағанда, кла­виш­қа ыстық тамшы тырс-тырс етіп тамып тұрды.
* * *
Шәмші үшін тәңір иген бір жақсы күннің қисыны опера театрында үйлесе кетті. Әбілахат, Ғафу, Шәмші үшеуі алдын ала хабарласпай, Ришад Абдуллиннің репетиция бөлмесіне келді. Мезгіл ұлы сәске еді. Ришад үлбіреген ақ көйлегінің жағасын айқара ашып, тершіген маңдайын алақанымен желпіп отыр екен. Қоңырқай жүзі қызыл нұрмен албырап, ептеп алқынғаны сезіледі. Бұлар елпек қағып, сәлемдесіп жатқанда:
- Ә, серілерім келіңдер, -деді майда қоңыр мақпал үні жылы сезіммен баурап.
Амандасып, жөн сұрасып бол­ған соң, Әбілахаттың ымдауымен Шәмші «Ана туралы жырдың» нотасы мен сөзін үн-түнсіз рояль қақпағына қоя берді. Ришад Шәм­шінің мына тірлігіне таң­ғалып:
- Әлгі «Буынсыз тілің» дейтін әніңнің тағдырын білмей жатып, тағы бір ән әкелдің бе? Ал... ал... көрейік, - деп мырс-мырс күлді. -Әбілахат, мен саған үйренген жанмын, бұл әнді сен ойна. Солай ет... Концертмейстр қызым сендердің алдарыңда осы қазір ғана сұранып кетті.
Әбілахаттың барбиған жұмсақ саусағы «Ана туралы жырды» балбырата бастағанда, екі көзі қара бұлақтай тұнып, нотаға қадала қараған Ришад қалай қосыла кеткенін сезбеді. Бір шумағы біте бергенде:
- Играй... играй... дальше... даль­ше! -деп орнынан тебірене, толқып түрегеле берді.
«Ана туралы жыр» жарты сағат бойы опера театрын сүттей ұйытып, тербеді де тұрды.
Шалқар сезімнің нұрына бө­ленген Ришад Абдуллин:
- Бәрімізді жарық дүниеге әкел­ген құдірет - Ана... Ана! Оған деген махаббатың, Шәмші, мына әнге қалай ғана құйылып түскен? Гениально! Басқа сөз тіліме оралар емес! Ал, «Буынсыз тілің» әнінде Абайдың жүрек кілтін таба алмай, елпектеген түріңе қарап: «Ұста­ра­ның жүзіндей лыпылдай берме, Абайға терең үңіл. Құй­рығыңа бір пұт кірдің тасын байла да, Мұқан Төлебаев, Сыдық Мұ­хамеджанов, мына Әбілахат Еспаев сияқты Абай жүрегінің пер­несін тереңнен тартып, ойлана басып көр. Сөйтіп, жазған ән-романсыңды көрейік. Ал, мы­науың жеңіл желпі бір­де­ме... болмай тұр. Абайға маңай­лай­тын түрің жоқ», - деген сөзімді кө­ңіліңе алма. «Ана туралы жыр» - Ана құдіретін аспандатқан асқақ гимн! Гениально! -деп Шәмшіні көкірегіне басып тұрып, жеңіл күр­сінгенде, ой бұлдыраған жанарынан ып-ыстық жас сызылып бара жатты.
Ана жүрегіндей кең, Ана се­зіміндей шуақты, Ана ойындай те­рең мұндай толғаулы ән бұрын-соң­ды туған емес. Ол Ришад Аб­дуллиннің ешбір әншіде жоқ қо­ңыр үнімен сағымдай бұлдыраған болашаққа қанат қағып, ұзап барады... Ұзап!
Илья ЖАҚАНОВ.
АТЫРАУ.

"Егемен Қазақстан" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5333