Кеңес үкіметі күштеп қоныс аударғандар...
Кеңес үкіметі тарапынан арнайы күштеп қоныс аударғандарды орналастыру территориясы туралы 1949 жылдың 10 ақпан күнгі КСРО Ішкі істер министрлігі (ІІМ) Арнайы қоныс аудару бөлімінің басшысы, полковник Шиянның тарапынан жіберілген қатынас қағазы барлық одақтас республикалардың ІІМ мен өлкелер, облыстардың ішкі істер басқармаларының басшыларына «өте құпия» грифімен жіберілген.
Қатынас қағазға жалғанған мәліметтерді қалалық, аудандық ішкі істер бөлімдеріне таратуға және көшірмесін беруге қатаң тиым салынған. Тек қызмет бабында пайдалануға болатындығы назарға берілген. Кеңестік кезеңде бұрынғы кулактар, поляк, неміс ұлты өкілдері, қалмақтар, Солтүстік Кавказдан жер аударылғандар, Қырымнан жер аударылғандар, ОУН (Украина Ұлттық Ұйымы) мүшелері, Грузиядан жер аударылғандар, нағыз-православиялық христиандар діни сектасының мүшелері, Власовшылдар және неміс армиясы құрамындағы әскери бөлімдерде қызмет еткендер, легионерлер, полициялар, Литва КСР-інен арнайы жер аударылғандар, «Фолькс-Дейч» және неміс қолшоқпарларын, указниктер сияқты 13 контингентке байланысты 1930 жылдан 1948 жылдар аралығында КСРО Халық Комиссарлар Кеңесі, Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитеті, КСРО Жоғары Кеңесі, БКП (б) Орталық комитеті, Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті, КСРО Министрлер Кеңесі және НКВД тарапынан 40-қа жуық жарлық, қаулы директива, өкімдер қабылданып, ондағы қарастырылған іс-шаралар партия, кеңес, күштік органдары тарапынан жүзеге асырылды.
Жоғары да аталған контингенттің 8 категориясы Қазақ КСР аумағына орналастырылды. Оны кестеден көруге болады. Бірақ Литва КСР-інен арнайы жер аударылғандардың орналасу территориясында Қазақ КСР-і атап өтілмейді. Дегенмен архив деректерінде мыңдаған литвалықтар Атырау жерінің топырағын басқандығы жөніндегі құжаттар хатталып, сақталған. Олар негізінен Мақат ауданына орналастырылды. Литвалықтардың жеке істері бүгінгі күндері архив қорында сақталуда. Сондықтан өз тарапымыздан кестеге қостық. Алғаш рет 1936 жылы Қазақстанға 102 мың поляк депортацияланды. Сонымен қатар 1941 жылдың тамызында әкімшілік тәртіпте Қазақстанға Еділ Немістерінің Автономиялық Социалистік Кеңестік Республикасынан (АССР НП) 360 мыңнан астам немістер көшірілді. 1941 жылдың 28 тамызында Еділ Немістерінің Республикасы жойылды. Соғыс жылдарында қарашайларға, ингуштарға, чешендерге, балқарларға, қалмақтарға, қырым татарларына, түрік-месхетиндерге де осындай пешене жазылды. 1946 жылғы 1 қазандағы дерек бойынша Қазақ КСР-інің аумағына 890 698 адам жайғастырылды. Депортацияланған және басқа да сенімсіз адамдардан құралған еңбек колонналары еңбекпен түзеу лагерьлерінің режимінде ұсталды. КСРО үкіметі тарапынан арнайы күштеп қоныс аударуға негіздеме болған құжаттарға назар аударсақ. Бұл құжаттар ұзақ жылдар бойы құпия болып келді.
1948 жылғы 8-ші наурыздағы мәлімет бойынша Гурьев (қазіргі Атырау) облысы территориясында Қырым, Солтүстік Кавказдан арнайы жер аударылғандар және немістер орналастырылған. Олардың ішінде Қырымнан жер аударылған 49 жанұя басшысы жанұяларынсыз еңбек мобилизация қатарына алынып, мекемелерге бекітілген. Арнайы жер аударылғандардың көпшілігі Өзбекстанда қалған жанұяларына барып қосылуды мақсат тұтып, қашуға бейім болды. Ал Қырымнан күштеп көшірілгендер мен немістердің көпшілігінің жанұялары мен туған-туысқандары Қазақстан аумағына орналастырылды. Арнайы қоныс аударылғандар мүмкіндік туған кезде Гурьев – Қандыағаш теміржол торабы бойынша, Гурьев – Астрахан – Махачкала теңіз жолы, Гурьев – Орал су жолымен, Гурьев – Ганюшкино – Астраханға Новобогат – Забурын және Орал бағытындағы автожолмен және Гурьев аэропорты арқылы туған жерлеріне қашты. 1948 жылдың желтоқсанындағы мәлімет бойынша облыс аумағында чешендер, ингуштар, немістер, Қырым татарлары, болгарлар, гректер, армяндар орналастырылған, жалпы саны 7320 адамды құраған. Барлық арнайы жер аударылғандар облыстың Мақат, Жылыой, Есбол және Бақсай аудандарына ораластырылды. Жер аударылған немістер мен Қырым татарларының 246 ересек жеке тұлғалары соғыс уақытында мұнай кәсіпшілігінде жұмыс жасау мақсатында арнайы мобилизация арқылы келгендер болатын. Осы контингент өкілдері туған жерлеріне қашуға биім болды және олардың тарапынан жиі қашу орын алды. Жеке есепке алу жұмыстары атқарушы және бақылаушы органдар тарапынан қатаң тәртіп арқылы көрініс тапты. Арнайы жер аударылғандар арасында тиісті органдардың агентуралық жұмыстары жақсы жолға қойылды. 1949 жылдың 7 ақпандағы КСРО ІІМ № 067 бұйырғын орындау мақсатында арнайы қоныс аударылғандарды қайтадан есепке алу жұмыстары облыс аумағында 20 ақпан мен 10 наурыз аралығында жүргізілді. Бекітілген жоспар бойынша бұл жұмыстарға басшылық жасау облыстық ішкі істер басқармасынан арнайы қоныс аударылғандарды қадағалау бөлімінің бастығы, майор Соколенко бекітілді. Қайта есепке алу жұмыстарын аудандарда уақытында жүргізу үшін Мақат және Жылыой аудандарына кіші лейтенант Пискарев, Бақсай мен Есбол аударына кіші лейтенант Серікбаев бекітілді. Ал арнайы комендатуралар бойынша Гурьев арнайы комендатурасы (капитан Колесин), Завод комендатурасы (кіші лейтенант Хусаинов), Теңдік комендатурасы (Дыгин – Бұқар бет комендатурасы бастығының орынбасары), Мақат арнайы комендатурасы (Оразғалиев – Облыстық ішкі істер басқармасының жедел өкілі орынбасары), Доссор арнайы комендатурасы (Облыстық ішкі істер басқармасының аға жедел өкілі, кіші лейтенант Бисенғалиев), Байшонас арнайы комендатурасы (аға инспектор Сарсенғалиев), Құлсары комендатурасы (ОВПО бастығының орынбасары, капитан Казаковский), Индер арнайы комендатурасы (милиция – инспектор Әбілхасов), Жаманқала арнайы комендатурасы (қарсы барлау тобының қызметкері Тоғаев), Қазақ КСР ІІМ-нің Гурьевтегі № 9 түрмесі мен Астрахан лагері бөлімшесіне (№ 9 түрменің аға жедел өкілі, аға лейтенант Степаненко) бөлінді. Облыс бойынша арнайы қоныс аударылғандарды қайтадан есепке алу жұмыстарының есебін 20 наурызға дейін тапсырып болу міндеттелген. Гурьев облысы аумағындағы арнайы қоныс аударылғандар ай сайын тұрғылықты жеріне байланысты арнай комендатураға барып ай сайын тіркелуге міндетті болды.
Ұлтаралық қатынастардың практикасына тұтас халықтарды күштеп қоныс аударту, мәжбүрлеу элементтерімен еңбек колонияларын құру сияқты режимнің қылмыстық шаралары көлеңке түсірді. Жалпы еңбек ресурстарын пайдалану мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Елде кең ауқымды құрылысты өрістетуге байланысты барған сайын жұмыс қолдары көбірек қажет болды. Салынып жатқан нысандарды жұмысшы күшімен қамтамасыз ету үшін оларды жасақтаудың барлық көздері, соның ішінде жабық түрлері де пайдаланылды. Сайып келгенде тұтас халықтарды арнайы қоныс аудару мен күштеп көшіру көп ұлттардың тәні мен жанына бітпес жара салып кетті. Арнайы қоныс аударылғандардың жоғары жаққа жазған хаттарынан олардың жазықсыз жан айқайларын естуге болады...
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесi жаппай саяси қуғын-сүргiндерге ұшыраған адамдарға қатысты әдiлеттiлiктi қалпына келтiруге батыл бел байлап, осы қуғын-сүргiндердiң барлық құрбандарын ақтау, оларға тигiзген моральдық және материалдық залалды қазiргi уақытта барынша мүмкiн болатын өтеудi қамтамасыз ету мақсатында осы Заңды қабылдайды.
Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуiрдегі N 2200 Заңы:
3-бап. Саяси себептер бойынша елден аласталған, тұрған жерлерiнен немесе мекендi аудандарынан аулақтатылған (айдауға немесе жер аударуға жiберiлген), арнайы қоныс аударылған, бостандығын шектеп еңбекке ықтиярсыз тартылған, сондай-ақ әкiмшiлiк тәртiппен құқықтары мен бостандықтарынан айыруға немесе шектеулерге ұшыраған, әкiмшiлiк тәртiпте немесе сот емес органдар шешiмдерi бойынша психиатриялық мекемелерде емдеуге күштеп жатқызылған адамдардың бәрi ақталған адамдар деп жарияланады. Елден аластату, тұратын жерлерiнен немесе мекен еткен аудандарынан аулақтатылу (айдауға немесе жер аударуға жiберу) арнайы қоныс аударуға жiберу түрiндегi саяси қуғын-сүргiндердiң қолданылғанын растайтын құжаттар болмаған жағдайда (олардың жойылып жiберiлуiне байланысты), қуғын-сүргiндердi қолдану фактiсiн тану үшiн негiз адамдардың қуғын-сүргiндер акцияларының салдарынан Қазақстанның аумағында нақты тұрғанын анықтау болып табылады.
Осы ізгі ниеті Заң аясында Кеңес өкіметінің әділетсіз жүргізген саясатына қарсы қолына қару алып күрескендер, көтеріліске қатысып, қолдап сотсыз немесе тергеусіз атылғандарды, байлар, орта шаруалар, дін өкілдері, соғыс тұтқындарын, Түркістан легионерлерін, еліміздің тәуелсіздігі мен тұтастығы үшін жеке күрескен адамдарды ақтау күн тәртібіндегі өткір мәселе болып табылады.
Аққали Ахмет,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті
тарих ғылымдарының докторы, профессор
Abai.kz