Сенбі, 23 Қараша 2024
Деп жатыр 3851 6 пікір 26 Сәуір, 2022 сағат 16:04

"Болат Назарбаев бұзбаған бірде-бір заң қалмаған"

Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев BaitassovLive ютуб арнасына берген сұқбатында Қаңтар оқиғасы жайлы пікір білдіріп, «Алтын Орда» базарындағы өзгерістер туралы, өзін бұрынғы және қазіргі президенттермен байланысы бар –жоғы туралы айтыпты.

Бозымбаев Қаңтар оқиғасы кезіндегі Талдықорғандағы жағдай туралы сөз қозғады. «Шынын айтқанда, егер біреу адам өлтіру, ұрлау сияқты ауыр қылмыс жасамаса, тек зат ұрлаған болса ондайға процедуралық келісімдер жасалады. Бұл жазаны жеңілдетеді. Көбіне жас жігіттер қатысты. Кейбірі қателесті, кейбірі елдегі жағдайды осылай өзгерте аламыз деп ойлады. Көпшіліктің де әсері болды. Ішімдік пен есірткінің де әсері болды. Сондықтан әрбір нақты жағдайды құқық қорғау органдары сұрыптады»,- деді ол. Әкім Алматы облысында 566 сотқа дейінгі тергеу жүргізілгенін, оның ішінде 50-ге жуық іс басқа аумақтық органдарға берілгенін, 1500-ден астам адам ұсталып, 160-қамауға алынғанын атап өтті.

Бозымбаев құқық қорғау қызметкерлерінің ұсталғандарды азаптауы – арсыздық екенін, олардың әрекеті үшін ұялатынын айтты.

«Мұндай іс - әрекеттермен олар жергілікті билік пен президентті жерге қаратады. Біз жәбірленушілердің туыстарымен үнемі кездесіп отырамыз. Олар, бір жағынан күдікті болса, екінші жағынан- жәбірленуші. Олармен құқық қорғаушылар мен туыстары ғана байланыса алады. Қоғамымызда азаптауға мүлде жол берілмеуі керек»,- дейді ол.

Президенттің жолдауында айтылғандай алдағы уақытта Алматы облысы екіге бөлінеді. «Бірі – Жетісу деп аталады, бұрынғы Талдықорған облысының шекарасында анықталады. Бұрын Алматы облысын тек әкім мен әкімдік қана емес, бейресми басшылар да басқарды - бақытымызға орай, қазір олар басқара алмайды», - деп айтып өтті әкім.

Оның айтуынша, Жетісу құрамына сегіз аудан және екі қала: Талдықорған мен Текелі кіреді. Жалпы облыста 352 елді мекен болады. Халқы - 660 мың адам. Алматы облысына 9 аудан және бір қала — Қапшағай кіреді. 1 млн 400 мың тұрғын тұратын болады.

Бозымбаев әзірге қай облысты басқаратынын білмейді екен. Ол облыстағы инвестициялық әлеует, логистика (Достық және Қорғас) және қайта өңдеу өнеркәсібінің проблемалары мен перспективалары, сондай-ақ G4 City мегажобасы туралы айтып берді.

«Ешқандай да төрт қала болмайды, бір ғана қала «Gate District» болады, ол Первомайкадан басталып Қапшағай қаласына дейін барады, - деп хабарлады Бозымбаев.

«Оған 37 миллиард теңге инвестиция салынды, қазандық бар, су жүйесі де салынуда. Сингапурлық Surbana Jurong Group осыған инвестиция құйғысы келеді. Бұл төрт ауданға бөлінген үлкен қала болмақшы. Ені 40 шақырым, ұзындығы 70 шақырым. Бір бөлігі әкімшілік-тұрғын үй, екінші бөлігі — әлемдік университеттермен ғылыми-білім беру және медициналық хаб, үшінші бөлігі-өнеркәсіптік, үлкен дата-орталықтар құрылатын болады. Қапшағайға жақын Green District-ойын-сауық, туристік бөлімі болады. Диснейленд сияқты саябақ салынады. Олар казинонының жұмысын тоқтатады деп болжанып отыр. Шетелдік инвесторлар тұруға ықтиярхат ала алады. Бүкіл қала ағылшын құқығымен реттелетін болады, АХҚО юрисдикция болады деп болжануда. Болашақта әуежай да салынады деген жоспар бар. Облысқа барлығы $1,8 млрд көлемінде инвестиция қажет,- деді Бозымбаев.

Облыс әкімі Болат Назарбаевтың отбасына тиесілі делінетін "Алтын Орда" базары туралы да айтып өтті.

"Алтын Орда" нарығында бұзылмаған бірде-бір заң қалған жоқ", - деді ол. “Құрылыстардың жартысынан астамы заңсыз салынған, ешқандай санитарлық нормалар сақталмайды. Барлық қалдықтар тікелей өзенге құйылады. Бірақ ең маңызды мәселе — монополиясыздандыру. Бұл базар азық-түлік нарығында монополист. Сонымен қатар, базарды мүмкіндігінше жолдан әріге жылжыту керек.

Бозымбаев өзінің бұрынғы және қазіргі мемлекет басшыларына қатысы жоғын айтты.

“Бұл жалған ақпарат. Менің Қайрат Сатыбалды тегіне  ешқандай қатысым жоқ. Менің қайын атамның аты – Сатыбалды. Биыл 75 жасқа толады. Еліміздің еңбек сіңірген құрылысшысы. Оның да бірінші президентке еш қатысы жоқ. Кейбірлер мені президент Тоқаевтың бөлесі дейтін көрінеді. Бұл да жалған сөз. Менің президентпен ешқандай туыстық байланысым жоқ. Тек руласпыз. Рулас деген көп қой, 600-700 адам бар шығар. Егер соны айтса, онда туыс шығармыз» деп күлді әкім.

 

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5340