Кедендік одаққа қай елдер енуі мүмкін?
Әу баста Кеден одағы 2015 жылы Еуразия одағына айналады деп жоспарланған болатын. Бұл пікірді сарапшылар да қолдап, Кедендік одақ арқылы іргетасы қаланатын Еуразиялық одақтың Еуродаққа балама болатынын алға тартқан еді. Мұндай ауқымды дәрежеге жету үшін Кедендік одақ сапына қасқайып тұратын экономикасы мығым мемлекеттер керек. Яғни Кедендік одақ Ресей, Қазақстан, Белоруссиямен шектеліп қалмай, жаңа мүше елдермен толыққаны ләзім. Бұл орайда «Болашақта КО-ға қандай елдер мүше болып кіруі мүмкін?» деген сауалға жауап іздей берген жөн секілді. Мұның астарында «Қай мемлекеттер одаққа мүше болса бізге тиімді?» деген сұрақтың да төбе көрсетері ақиқат. Ендеше, саралап көрелік.
Әу баста Кеден одағы 2015 жылы Еуразия одағына айналады деп жоспарланған болатын. Бұл пікірді сарапшылар да қолдап, Кедендік одақ арқылы іргетасы қаланатын Еуразиялық одақтың Еуродаққа балама болатынын алға тартқан еді. Мұндай ауқымды дәрежеге жету үшін Кедендік одақ сапына қасқайып тұратын экономикасы мығым мемлекеттер керек. Яғни Кедендік одақ Ресей, Қазақстан, Белоруссиямен шектеліп қалмай, жаңа мүше елдермен толыққаны ләзім. Бұл орайда «Болашақта КО-ға қандай елдер мүше болып кіруі мүмкін?» деген сауалға жауап іздей берген жөн секілді. Мұның астарында «Қай мемлекеттер одаққа мүше болса бізге тиімді?» деген сұрақтың да төбе көрсетері ақиқат. Ендеше, саралап көрелік.
Тәжік, қырғыз, өзбек түбі КО-ға бет бұрады
Мамандар «КО-дағы әріптес мемлекеттер экономикалық байланыстардың маңыздылығын алға шығара отырып, мемлекеттік тар шеңберден шыға алса, КО-ның дамуына әсер етер еді» дейді. Сарапшылардың осы пікірі қаншалықты мүмкіндікке ие? Мысалы, іргедегі қырғыз ағайындар ДСҰ-ға мүше бола отырып, КО-ға да енуге буынып-түйініп дайын отыр. Алда жақсы нәтижелерге жетіп жатсақ, ар жағындағы Тәжікстанның да «кет әрі» емес екені белгілі.
Ал экономикасын ішкі өнімді өсіру арқылы өрге сүйрегісі келетін Өзбекстанның да шегінер жері жоқ. Белгілі саясаткер Сайполла Сапанов: «И.Каримов оқшаулану саясатынан ештеңе ұтпайтынын түсіне бастады. Интеграцияны дамытуда КО-ға балама альтернатива жоқ екенін де біледі. Прагматик саясаткер ретінде әліптің артын бағып отыр», - дейді. Осыдан-ақ түптің түбінде өзағаңдардың да беті бері қарауы мүмкін екенін аңғаруға болады. Десек те, саяси сарапшылардың пікірінше, Өзбекстанға нақты ұсыныстар болмаса, әзірге одаққа мүше бола қоюы екіталай. Олар: «Соңғы жылдардағы Өзбекстан саясатын сараптар болсақ, ТМД, ШЫҰ секілді ұйымдарға біресе кіріп, біресе шығып жатады, яғни тікелей Өзбекстанға тиер пайданы ойлайды. Осыдан-ақ КО өз жемісін беріп жатса, Ташкент бас тартпайтынын көруге болады. Исламдық терроризмге қарсы тұру қауіп-қатері де Өзбекстанды ойландырады. Себебі сепаратистік, экстремистік күштермен күресуге Өзбекстанның шамасы келмейді», - дейді. Тәжікстан мен Қырғызстанның КО-ға кіруге саяси мақсатты емес, экономикалық мақсатты көздейтінін, өйткені ол елдерге экономикасын көтеру бағытында басқа жол жоқ екенін ескерсек, біздің болжам алшаққа кете қоймас. Себебі ол елдерге басқа алпауыт интеграциялық бірлестіктер қызығушылық танытып отырған жоқ.
Басты «көзір» - Украина
Ресейлік экономистер «Украина секілді мемлекеттердің КО-ға мүше болғаны тиімді» деген пікірде. Олардың пайымдауынша, Еуразиялық экономикалық одақтың халқы 500 миллионға жетсе, оның экономикалық әлеуеті зор болады. Сарапшылар бұл ел одаққа қосылса, Украинаның ұлттық жалпы ішкі өнімі 1,5-2 пайызға өсіп, автокөлік жасау, ауыл шаруашылығы және химиялық өнеркәсіп салалары өркендейтінін айтады. Сонымен қатар мемлекеттің қосымша жылдық табысы 6,5-9 млрд АҚШ долларына жететінін алға тартады. Ал біздің саяси сарапшылар Украина билігінің басым бөлігін Ресейдің саясатын қолдайтын саясаткерлер ұстап отырғанын айтады. Мысалы, Сайполла Сапанов: «КО-ға мүше болу үрдісі Виктор Янукович президенттігі кезінде жүзеге асса, көп кедергі болмас еді. Өйткені қазір Украинада сыртқы күштердің әсері басым. Олар Украинаны еуропалық интеграцияға тартуға жұмыс істеп жатыр. Келесі президенттік сайлауға дейін Украинада осы саяси элита сақталса, бәлкім, КО аясы кеңейе түсуі де мүмкін. Украина КО-ға кірсе, одақ ауқымы да, тегеуріні де артар еді», - дейді.
Чили мен Вьетнам
Жуырда Чили Президенті Себастьян Пиньера өз елінің Кедендік одаққа кіріп, еркін сауда аймағын кеңейтуге дайын екендігін жеткізді. Ал Вьетнамның Кедендік одаққа қосылуын елдің бұрынғы басшысы Нгуен Минь Чиет қолдап, ол істі Чыонг Тан Шанг жалғастырмақшы. Егер бұл елдер КО-ға мүше бола қалса, Қазақстанға әсері қалай болады? Өйткені Вьетнам мен Қазақстан арасындағы сауда-саттықтың көлемі мәз емес. Десек те, сарапшы мамандар Вьетнамды одаққа енгізу арқылы бұл елдің бұрынғы кеңестік елдер үшін тоғыз жолдың торабында тұрған қолайлы сауда айлағына айналуы мүмкін екенін айтады.
Түрікменстан мен Әзірбайжан
Әлемдік һәм қазақстандық сарапшылардың пікірінше, Түрікменстан мен Әзірбайжанның экономикалық қуаттылығы орасан. Мысалы, Әзірбайжанның 1 манаты 1 евроға тең, яғни мұнайлы ел болған соң, валютасы тұрақты мемлекетке айналып отыр. Бұл елдердің КО-ға мүше болуын тек мемлекет басшылары немесе ішкі саяси күштер шеше салмайтынын да ескеруіміз керек. Өйткені бұл елдер КО-ға қадам жасаса, геосаяси ойындар басталатыны белгілі. Себебі қазір саяси тұрғыда Әзірбайжан мен Ресей арасы күрделеніп кетті. АҚШ, Еуроодақ елдері секілді алпауыттар Әзірбайжанның КО-ға бет бұруына қарсы. Сондықтан да Әзірбайжан мен Түрікменстанның одаққа кіруі тікелей сыртқы факторларға байланысты екенін ескеруіміз керек. Бірақ бұл аталған елдер КО-ға мүше болуы мүмкін емес деген пікірді туғызбайды.
Түркияны КО құшақ жая қарсы алса...
Қазір Түркияның кейбір саясаткерлері өз елдерінің КО-ға мүше болғанын қолдайды. Түркия ислам мемлекеті болғандықтан, 60-жылдардан бері Еуроодаққа мүше болу саясатынан жеңіліс тауып келеді. Демек, Түркия үшін Кедендік одақ күшейіп, іргесі берік Еуразиялық одаққа айнала алса, экономикалық даму бағытына таптырмас төте жол болар еді. Өйткені Түркия - өзіндік күші, аймақтық салмағы бар мемлекет. Бұл елдің түркі мемлекеттерінің ынтымақтастығына мүдделі екенін ескерсек, КО-ға Түркияның кіруі бізге де тиімді болар еді. Десек те, қазір ресми Анкарада бұл қадамды қолдайтын саяси топтар аз. Саясаткерлер бұрыннан-ақ бұл елге Еуроодақтан гөрі, түркітілдес мемлекеттері бар, сонымен қатар экономикалық жағдайы төмендеу мемлекеттер мүше Еуразиялық одаққа жақындасу тиімді екенін айтып келеді. Ресей КО аумағын кеңейтіп, әлемдік саясаттағы орнын күшейткісі келсе, тарихи санадағы дұшпандықты ұмытып, Түркияны одаққа тартуы қажет. Сонда ғана Түркия мен Ресей тарихи жаңа кезеңге көтеріліп, үлкен саяси күшке айнала алар еді.
Сіз не дейсіз?
Сайполла Сапанов, саясаткер:
- Кедендік одаққа мүше болудың алғашқы кезеңі ТМД елдерінің енуінен басталуы керек деп ойлаймын. Еуропалық одақтың өзі құрылып, нақты даму институттары анықталған соң, яғни 20-30 жылдан кейін кеңею саясатын жүргізе бастады. Кедендік одақты құрудағы басты кемшілігіміз кейбір интеграциялық дамуды асықтыруымыз болып отыр. Сонымен қатар КО-ны көптеген саясаткеріміз экономикалық ұйым емес, саяси ұйым ретінде қарастырып келеді. Меніңше, одақты саяси жобаға айналдырмай, экономикалық тұғырнамасын бекіту керек. Қазақстан, Ресей, Беларусь арасындағы интеграциялық үрдістер дамып, КО өз жемісін бере бастаса, мүше болғысы келетін елдердің саны сөзсіз артады. Мысалы, қазір қырғыздар ұйымға мүше болуға дайын. КО-ның алдағы төрт-бес жылдағы нақты жетістігін көрген соң, өзбектер де, тәжіктер де, басқалар да алысқа кете қоймайды деп білемін. Бұл орайда КО-ға Вьетнам, Түркия, Пәкістан, Үндістан, Австрия, Жапония секілді елдерді тарту арқылы кеңеюді қалайтын саяси күштер бар. Бұл - тек қана жоба. Бұл - екінші кезеңге тиесілі мәселе. Оған ғаламдық кеңею тұрғысынан қарап, жоба ретінде ғана баға беруге болады. Бірінші жағынан, ТМД елдерінің КО-ға кіруіне бұрынғы Кеңес одағына мүше елдер, екінші жағынан, Ресей мүдделі. Өйткені Ресей әлі де бұрынғы одақтастарын экономикалық және саяси ықпалында ұстағысы келеді. Ресей саяси амбицияларын ашықтан-ашық жүргізсе, оның саяси ұстанымы басқа елдерді шошындырып алуы мүмкін. Мұны да ескерген жөн. Бұл жайт КО-ның дамуын шектеп тастайды. Ресейдің одақты экономикалық интеграция заңдылықтарына сәйкес дамытқысы келсе ғана алға жылжу болады. Мұны да ұмытпағаны жөн.
Түйін
Жалпы, Кедендік одақ саяси ұйым емес. Сондықтан да экономикалық әлеуетін арттыра берген жөн. Бұл орайда КО-ға мүше басты үш мемлекеттің Абхазия, Молдова, Оңтүстік Осетия, Армения секілді елдерге елеңдемей, экономикалық даму бағытын Қытай, Үндістан, Оңтүстік Корея, Жапония, Түркия, Иран секілді елдерге бұруы керек секілді. Мысалы, Түркияның экономикасы қарқынды дамып, өзінің шарықтау шегіне жетті. Енді оған кеңею керек. Еуроодақ оны бәрібір қабылдамайды. Ендеше, біз құшақ ашалық! Мұның Қазақстан үшін де тиімді болатыны сөзсіз.
Автор: Қанат БІРЛІКҰЛЫ
"Алаш айнасы" газеті