Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 4985 6 пікір 10 Мамыр, 2022 сағат 12:33

Кене Ханның кегі. Шабуыл

Жалғасы...

Басы: Кене Ханның кегі 

Кекілік, Сеңгір таулары демін ішіне тартып, бұйығы жатыр. Жазға салым ғана осы жерде жер қайысқан қол шұбырып, қиянкескі соғыс болды дегенге нана қою қиын. Шу өзенінің кемеріне таяу барып, Майтөбеге әдейі тізгін тартты. Қаза болған Көкжал Барақ, Тауасар бабаларымен қатар Кене ханның және оның сарбаздарының аруағына арнайы мал шалдырып, құран бағыштады.

Сол күні ілгерлеп кеткен ертауыл топ, ішкеріге дендеп еніп, біраз мәлімет алып қайтып оралды. Қиырбайдың қабағы қиястау көрінді.

– Кенесарының қанын тікелей мойнына жүктеген Орманбет манап, әттең, қолымызға түспейді, – деді ұнжырғасы салбырай.

– Неге? – Болыс бұған бір қырындай иегін көтере қарады. Жүзінде сауал.

– Құйрығына шала байланып, елден үріккен Рүстем төре мен Сыпатай ежелгі сыбайластары Орманбетті бірге ілестіре кеткенге ұқсайды. – Молдасоқынған қалпы сөзін жалғады. – Орманбетті тірідей қолға түсірсек, арты аймандай ашылатынын білген жөйіттер хабар салып, күні бұрын сақтандырып қойса керек. Әйтпесе, сарыбағыштықтарды бастаған дүниеқоңыз Орманбет бұғы руының Ыстықкөл жағалауындағы шұрайлы жайылымдарын басып алып, жеке иемденгісі келіп дүрбелең салып жатқан жерінен үшті-күйлі із суытқан. Ештемеден айылын жимайтын дәулет пен мансапқа малынған манап Рүстем мен Сыпатайдың бой жасырғанын көріп, үрейі қатты ұшса керек...

– Ым-м... – деді болыс зығырданы қайнай түйіліп.

– Қалығұл манап та «қол келе жатыр» деген суыт хабарды естісімен үрейден жан таппай, қоқанға барып паналапты.

– Бұраттар біздің жазадан бас сауғалап құтылған екен, – деді Барақ сұлтан жүрегінің түгі жоқ, табанының бүрі жоқ кеппелерге миығынан күліп.

Барлаушы сөзін қайта жалғады.

– Кенесарыны өлтірген жендеттің бірі – Жантай да ізін жасырып үлгерген. Еліне барып, орнын сипап қайттық.

– Қап, Жантай менімен сыйласып жүретін еді, қолыма түссе, иттігінің жайын сұрайын деп едім... Жалпақтағаны көзге ғана екен ғой...

Би бір сәт томаға-тұйық іркіліп:

– Сосын... – деп, көздеп келген адамдардың бәрін жоқ деп айта ма дегендей Қиырбайға шұқшия қадалды.

– Хан өліміне қатысы бар ендігі қалған бұрат шонжарының біреуі – Төрегелді манап. Ең әуелгі ханды тұтқынға түсірген осы жөйіт. Ол жайлауында жайбырақат жатыр. Ауылына қай жағынан барған қолайлы, жасақты қай тұстарға орналастыру керек, бәрін байқап келдік.

– Дұрыс бопты.

Сол күнгі әңгіме сонымен доғарылды. Қазақ қолы ертеңінде Төрегелдінің қонысын бетке ұстай, елдің үрейін ұшырмас үшін сырт көзге түспеуге тырысып, сай-саламен ақырын жылыстай берді. Жолда жазығы жоқ бірде-бір қарашы қырғызға соқтықпады.

Буына піскен көксауыр бұрат жайлаудың төресінде отыр екен. Мыңғырған жылқы, жер қайысқан мал, қарағайлы, қайыңды алқап. Сәнмен тігілген киіз үйлер.

Тәнеке мен Барақ ауылдың іргесіне келген соң Шиырбайды бас етіп, сымбатты киінген оншақты жігітті манаптың отбасына жіберді.

– Манапты тырп еткізбей ұстаңдар, ауылын шапқанымызды көзімен көрсін, – деді.  – Бұл қырғынның не себептен екенін түсіндіріп айтыңдар!

Сал-сері кейпіндегі олар тура Төрегелдінің үйіне ат басын тіреді.

– Ассалаумағалейкүм, көксауырлы манабым! – деді Шиырбай.

Мамықта жатқан шора оқыстан кіріп кеп сәлем берген қазақтың даусын естігенде, қайраңға шыққан балықтай шоршып түсті. Көрпесінің төменгі жағында бұрымды отырды.

– Қазақ халқының ерік-жігерін ту қылып көтерген, ұлы даланың рухын аспандатқан Кенесарыдай асылды ажалға қиған, бұраттың бассызын хош көрдік!

– Әликүм... Төрлетіңіздер, мырзалар... – Үні жасып, абдырай сөйледі.

Ызбарлы өңді тыстан келгендерден именіп, әйел сытылып сыртқа шыға берді. Оның соңынан бай «тосқауылдар қайда құрыған?» деді елеусіз міңгірлеп.

– Төрлететін мейманың емеспіз, жаныңды алуға келдік!

– А-а... Не дейді?.. – Қой көздері жыпық-жыпық етті... Жазығым не ед?..

– Ханымыздың қанын төгіп, «жазығым не?» дегенің қай сандырақ?!

Манаптың кескіні монтаны халге көшті.

– Ешкімнің қанын мойныма жүктеген жоқпын. Мәжбүрлеген соң қорыққанымнан орыстардың бұйрығын орындап, қарсы жорыққа қатысқаным бар. – Әшейінде бұраттарының арасында даурыға айтып жүретін «Кенені алғаш мен ұстағанмын» деген сөзін бүгіп қалды.

– Қорыққан адамыңның бұйрығын орындай бересің бе?!

Бассыздың көзі байызсыз жүгірістеді.

Осы кезде тыстан «Аттан, аттан! Жау шапты!» деген үрейлі үн шықты. Іле дүркіреген ат тұяғы мен  ұрандаған дауыс жер әлемді алып кетті.

– Бөрібай, Бөрібай!

– Қабанбай, Қабанбай!

– Байторы, Байторы!

– Аруақ!

Манап босаға мен үй ішіндегі ызғар шашқан жандарға жапақ-жапақ қарады.

– Біз кек қуып келдік. Елді иесіз, жерді киесіз деп ойладыңдар ма?! Айылыңның қалай шабылғанын, бала-шағаңмен қоса еліңнің қалай шырқырағанын көзіңмен көріп, құлағыңмен есті! Қорғаның болған Орманбетіңді, орманың болған ордалыңды, бірде олай, бірде былай болған сор, бағыңды сынап көр. Бұтыңды орысқа созып, арқаңды қоқанға тірегің келген екен, езуіңді тіліп, екі көзіңді ойып, маңдайыңды қазақтың табалдырығына тәу еткізіп өлтіреміз!

– Алла, Алла, не сандырақ?..

– Сандырақ емес... Ақиқат!

Шиырбай Төрегелдінің тақыр басынан қамшымен тартып жіберді. Бұзау тіс дырау тиген жерден лып етіп қан білінді.

Киіз үйдің есігінің алды қайшалысып, шыңғырған, бақырған жан түршігерлік дауыстар құлақ тұндырды. Қазақтардың пәрменді үні өршелене естіледі.

Сөйтіп, Төрегелді манаптың айылы сүт пісірім мезеттің ішінде астан-кестеңі шығып, шаңырағы ортасына түсті, қазаны төңкерілді. Өзі қол-аяғы бұғатталып, кепілге алынды. Қыз-жігіттерін байлап-матап, бес жүзге тарта жанды олжалап, айдап жөнелді. Тұтқында жүрген Кенесары ханның он шақты сарбаздары босатылды.

Төрегелді манапты мойнын осылдырып, бидің алдына әкелді. Қаны қарайған Тәнеке мен Барақ сұлтан дөкір шораны аяусыз жазалады.

– Қарының тоқ, уайымың жоқ болғанға ғана мастанып, өзге ештемені ойламайтын доңыз, көрсетші сол сәуірдегі құдіретіңді. Ала шапанды қоқаның, түкті ауыз орысың, бәтуасыз бұратың бар – арадай құжынап, жабылдыңдар. Ханды өлтіргендегі кәне шыққан мүйізің, кәне кеңіген өрісің?!

Қамшымен жон арқадан осып-осып жіберді. Тұщы етіне ащы таспа тимеген пәруәдігер қайқаң-қайқаң етеді.

– Мен өлтірген жоқпын, ойбай! – Сақау тілімен шыр-пыр қақты. – Оллаһи-биллаһи!..

– Өлтірмесең, өлтіргендердің қолына ұстап апарып бердің?

Манаптың аузы ашылып, көзі айнала үрейі ұшты. Енді тірі қаларына күмәнданды.

– Орыс пен қоқан бектері «бар» деген соң жүрдім. Әттеңі, тура мен бастаған аламанның алдынан шыққаны...

– Ханды қайда апардыңдар?

– Жантай манапқа.

– Содан кейін?..

– Кенесары мен Наурызбай Майтөбеде Жолба деген қырғыздың айылында екі бөлек үйде үш жұмаға жуық тұтқында отырды.

– Табанда жазаламай, қамауда ұстауларының себебі не?

– «Оларды іздеушілер боп қалар ма, кеп қалар ма екен?» деп күтті. – Маңдайынан қаны сорғалаған Төрегелді көзінің астынан Тәнекеге қарады, батырдың мысы басып жанарын тез тайдырып әкетті де, мұрнынан міңгірлей сөзін жалғады. – Әрі, қырғыздар Кенесары ханды танымайтын еді.

– «Бұраттар» де! Ханды танымайтындай бұраттарды не қара басты?!

– Иә, бұраттардың арасында ханды танитындары бар, бірақ орыс ұлықтары «қазақтар өздері көрсетсін» деді. Қазақтың ішінен білетін адамды тауып әкегенше сонша уақыт өтті. Нақты көздері жетіп, Кенесары екенін анықтамай өлтірмеді.

– Себебі не?

– «Кенесары деп, бөтен біреудің басын Петерборға жөнелтіп жүрмейік» деп қауіптенді.

– Кенесарыны тануға кім келді?

– Мәуке би. Ол тұтқында отырғандардың Кенесары мен Наурызбай екенін растап берді. Содан кейін екеуінің жанын алды.

– Кенесарыны өлтірген кім?

– Білмеймін, көрген жоқпын.

Бұзау тіс дырау бастан ала шылп ете қалды.

– Кім?!

– Құдай ақы білмеймін. – Қос қолын төбесіне көтере жалбарына сөйледі.

– Наурызбайды өлтірген кім?

– Сарбағыш руының Тілеуқабыл балалары.

– Неге дәл солар өлтірді.

– Өйтетіні былтыр Пішпек төңірегінде Тілеуқабылдың бауыры Қалпақ батыр Кенесарымен соғыста мерт болған. Соның кегін қайтарғандары.

– Мүмкін Кенесарының да басын солар алған шығар?

– Білмеймін, мен дәл сол кезде жандарында жоқ едім.

– Онда Наурызбайды өлтіргендерді қайдан біліп тұрсың?

– Елден естігенмін.

– Кенесарыны өлтірген адамды да ел білетін шығар.

– Жоқ, білмейді. Оны орыстардың тапсыруымен қаумалай қоршап, бас алғышты елдің көзінен бүркемелеп өлтіртті.

– Ханның сүйегі қайда жерленді?

– Қызылсу мен Шәмсінің арасындағы Бордыда жерленді деп естідім.

– Бас сүйегі қайда?

– Не Жантайда, не Орманбетте. Нақты білмеймін.

– Атаңа нәлет, найсап, қазақ ханын өлтіруге жең сыбана кіріскенің үшін қанша ақша алдың?

– Елу теңге орыс ақшасы.

– Жарыған екенсің, сойқан!

– Орысқа қалтқысыз істеген қызметі үшін өзге манаптар қанша алды?

– Қанша алғанын білмеймін, ақшаның тең жарымын Сыпатай мен Рүстем әкетті деп жүрді...

– Сендердің құлқындарыңды құртқан – ақша, найсаптар! – Онысыз да басынан шып-шып қан шығып, сойдақ ізі көзін айнала бетіне құлаған  бұратты тағы да тартып-тартып жіберді. Төрегелді «ойбай-ойбай» деп, байлаулы қос қолын көтере қорғаштанып, баж-баж ете қалды.

– Жазықсыз шейіт болған аруақтардан кешірім сұрап, атын атап, құран бағыштап оқы, – деді Тәнеке.

– Қолымды шешіңдер. – Иегі кемсеңдеп, жыламсырап сөйледі.

Қолы босаған бұрат бүкжең қағып, жүрелеп отыра кетті де алақан жайды.

Кенесары мен Наурызбайдың және өзге де шаһид сарбаздардың аруағына бағыштап құран оқып, жасаған күнәсі үшін Аллаға жыламсырай жалбарынды. Содан кейін манапты қол аяғын матап ат артына теріс мінгізіп, өздерімен әкетті.

Жол-жөнекей сұрастыра жүріп Пішпекке Әлішер датқаны соғысқа шақыра баратын шерікші Дөнентай манапты, Кене ханның жылқысын ұрлататын және Ержан сұлтанды тұтқындайтын солты Бөлекпай манапты, Кене ағасын құтқармақ болып қайта оралғанда Наурызбайды ұстаған тынай Дайырбек пен Қалша манаптарды айылынан басып, мұрындарынан тізіп алды.

Жалғасы бар...

Әділбек Ыбырайымұлы

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5402