Жұма, 29 Наурыз 2024
Әдебиет 5701 37 пікір 6 Мамыр, 2022 сағат 13:31

Кене Ханның кегі

Басы:

«Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогияның
«Серт» деп аталатын екінші кітабынан үзінді

Хабар

Бірер күн бұрын Маманның Ташкентке тартқан кіресі Қопалыға қайтып оралды. Кіре басшысы Жақыт бірден өзіне келіп тұр. Амандықтан соң «жаман хабар» әкелдім деді көзімен жер шұқып.

Болыс та оған үшкілденген бозғылт жанарын қадады.

– Кенесары ханнан айрылып қалдық.

– Не дейд?!. – Жыртиған шегір көзі бағжаң етті.

– Ресейге жағынған қырғыз манаптары түбіне жетіпті.

– Қырғызға мәміле үшін аттанып еді ғой...

– Ажалына аттаныпты. Хан басына тігілген ақшаға бола Орманбет, Жантай, Төрегелді, Жанғараш манаптар арысымызға ажал құштырған...

Тәнекенің басы салбырап түсіп кетті. Үйде тыныштық орнады. Сәлден соң Жақыттың бір сарынды үні қайта жалғасты.

– Қоқан жағында Кенесарының өлімі туралы хабар әр саққа жүгіртіліп, сан қилы реңде тарады. Орманбет манаптың қолынан Кенесары хан, інісі Наурызбай және өзге де отызға тарта сұлтан қаза тапқан. Сонымен бірге көптеген қатардағы қазақтар өлтіріліп, мыңға жуық адам тұтқындалған. – Кіре басшысы өңі солғын тарта биге бажайлай қарады. – Орманбет пен Жантай өздерінің ісіне риза болғанын жасыра алмай, әрі көлденең көзге мейманасын тасыту мақсатында «достығымыздың белгісі ретінде» деп, қазақтардың бастарын қоқан ханы Құдиярға жөнелтіпті. – Осы қанішерлік әрекетке кіреші өзінің де кінәсі бардай кібіртіктеді. – Пенде боп қынжылмас қырғыздардың шонжарларға тарту тұрғысында жіберген Кенесары адамдарының екі арбаға тиелген бастарын қалың жұрт Ташкеннің төрінен көрді. Біз де көрдік.

Би төмен салған жүзін жерден көтеріп алды. Ызалы жанары Жақыттың өңменінен өтіп кетті.

– Ол аз дегендей, өзге де бастарды ұзын сырыққа қадап, Ташкенттің Алай базарына айналдыра іліп қойған. Қарға мен сауысқан шоқып қарық. Жергілікті басшылар бұл іске риза болып, қоқи қырғыздарға алғыстарын жаудырып, сый-сыяпаттарын жарыса ұсынды.

Осы әңгіме Тәнекенің жанын түршіктірді. Ташкенттің көшесі мен базарында қазақ жауынгерлерінің бастары ойыншыққа айналуы, қасақана жасалған тірлік екенін білді. Таяуға дейін тізгіні қазақтың қолында болып келген шәріге әдейі шаһит болған қазақ жауынгерлерінің басын сырыққа ілдіру, «міне, кеше бұл жерге билігін жүргізген жұрттың ақыры – осы» деген ұғымдағы тірлік еді. Әрі, оның дені қазақтан құралған тұрғынын шошынтып, дымын құрту екенін ұқты. Сонымен қатар, бұрынғы ұлы жүздің астанасы Ташкентте орын алған оқиға алты алашқа тұтас тарайтынын да қансоққырлар тап басып тұспалдаған.

Тұтқиылдан жеткен Кенесары қазасы Тәнекені есеңгіретіп жіберді. Жеке өзіне ғана емес, хан Кененің серіктері мен қарулас достарына, қазақ даласына үлкен соққы, орны толмас қайғы болғанын іштей ұғынды.

Күндіз күлкі, түнде ұйқысынан айрылды. Өшпенділік өзегін өртеді, намыс алқымын буды. Кенесары хан үшін кек алу мақсатында қырғыз манаптарына қарсы жорыққа аттану жайы маза бермеді. Әрі-сәрі халде жүргенінде «Кенесарының басын алып, денесін бұтарлап турап, суға ағызыпты»; «Ханның бас сүйегін ақ патшаға тарту етіп, Омбыға жөнелтпек екен»; «Ханның сүйегі қайда қалғаны белгісіз, басын қырғыздар қолдан-қолға өткізіп, қорлап жатыр екен» деген тұрғыдағы сан қилы әңгімелерді естіді.

Бұл бір ғана емес, әрірек үңілсе, ұлы жүздің жұртын азат ету үшін қаптағайдың қолын бастап барып, дәл сол Кенесары хан мен Наурызбай андасы жау қолынан өлетін Кекілік, Сеңгір тауында аталас болып келетін Тауасар батыр да қырғыз қолынан қапыда жан тапсырып еді. Қаншама ағайындарының басы кәлламұнараға айналды.

Ой үстіндегі Тәнеке би ауыр күрсінді. Уақыт өткен сайын, тіпті, өзін қоярға жер таппады. Ақыры жаманатты хабарды естігеннен кейін екі тәулік өткенде, түпкі байламына тоқтады да шұғыл жігіттерін жинады. Айналасы ет асым уақыттың шамасында керекті адамдар да төбе көрсетті.

– Ассалаумағалейкүм! – деп үн қата тізбектеле енген олар сегіз қанат орданың табалдырығынан еңкейе аттады. Сарғыш өңі раң тартып, би төрде жалғыз отыр еді. «Әлейкуммассалам» деген сәлем алған үні қасаң шықты.

Қос қолын ұсына амандасқан жігіттер іргені жағалай жайғасты. Барлығы аяқ астынан суыт шақырған шаруаның жайы не екенін аңдай алмай дал. Бидің қабағы түксиіп, ұрты суалған.

– Қазақ халқының басына қасірет төнді, Кенесары ханнан айрылып сансырап отырғанымызға да үшінші айға бет түзеді. Ешкім елең етпейді. Әшейінде, хан тұрмақ барымтада қаза болған жылқышысының құнын даулайтын шонжарлар – етекбасты ынжыққа айналды. Бойында бес еркектің буы бар батырлар – даңғой бәтірге айналды. Аттыға жол, жаяулыға сөз бермейтін билер – күйісінен жаңылды. Билік тізгініне таласатын төрелер мансап іздеп қағынды. Қазақтың тұтастығы мен ел абыройы шарайнадай шағылды. Мүсәпір, сен, қасыңа жолдастарыңды алып, арғы бетке қызай еліне аттан. Қызыр төреге дұғай сәлем де. – Болыстың сығырайған шегір көзі ұшқын ата, екі иығына екі кісі мінгендей домалақ жүзді, мұртты жігітке қадалды. – Күллі қазақтың ханы келекеге айналып жатқанда, қол қусырып отыру – ездің ісі. Алатаудан Арқаға, Алтайдан Атырауға дейін біртұтас ел екенімізді танытайық. Сол жақтан азаматтардың басын құрап, бері Амантекшеге түс. Кемінде мың сарбаз жиылатын болсын! Кене ханның кегін қоқан мен қырғыздан барып аламыз!

– Мақұл!

– Сен, Есқожа, қасыңа сенімді серіктеріңді алып, садыр еліне бүгін аттан. Сұраусыз кеткен бірде-бір хан жоқ, біріксін! Ханның бұтарланғаны – халықтың бұтарланғаны. Азаматтарымыздың басын итке тастатпаймыз! Қанға – қан! Манақбай батырға айт, аттансын! Алты-жеті күннің ішінде мың сарбазды жинап, Амантекшеге көтеріліңдер!

– Инша Алла, ұйысып жетеміз. – Қағілез сары жігіт малдасын құрып отырған қалпы оң қолын кеудесіне қойып, басын иді.

– Құлшанның қыраны, Тастанбек бауырым, сен матай жұртын көтер! Әңгіме біреу-ақ, шұғыл атқа қонсын. Ханын ажал құштырып қойып қарап отыратын қай ел бар? Байлық атадан балаға кетпейді. Ал, осалдық, ынжықтық, қорқақтық ұрпақтан ұрпаққа жайылады. Сүйекке түскен таңба, мәңгі бақи елдің бетіне шіркеу болмасын. Тізе қоссын! Бес қаруын сайлап, шұғыл атқа мінсін. Арғы жұмада Амантекшеде жолығамыз. Мыңды бастап сонда кел!

– Халық та ашулы. Бірігеміз! – Ат жақты, тарамыс денелі жігіт ағасы құп алды.

– Олай болса, уақыт тығыз, жөнеңдер!

– Алла жар болсын!

... Мұздыбұлақта отырған Тәнеке тау жағалап, Қызылауыз, Бүркітті, Ақтөбені басып, Амантекшеге кесімді уақыттан бір күн бұрын жетті. Нөкерлер алдын-ала бәрін жайғастырып қойыпты. Боз биені құрбандыққа шалып, батырға ақ жол тілеп ақсақалдар бата қылды. Кенесары мен өзге де сұлтандардың, сарбаздардың аруағына бағыштап құран оқылды.

Әр тараптан хабаршылар үздіксіз жиналған қолға қатысты мән-жайды мағлұм етіп отырды. Ширыққан шоқпарды бастап Шиырбай шешен де мың қолмен келіпті. Қасында қиянкестеу інісі – Қиырбай. Қараның қалыңдығы үшін бір кездегі Мұңайтпас батыр бастаған шоқпарлармен шайқасып қалғаны Тәнекенің еріксіз есіне оралды. Жеме-жемге келгенде ел намысы үшін тізе қосқандарына іші жылыды. Бірақ, тәніне ғана емес, жанына салынған жара ышқындырып жіберді.

Әрбір іске құмбыл, достыққа да, қастыққа да сайма-сай Манақбай бастаған садырлар да найзасын көкке шаншып, Тәнеке тіккен тудың астынан табылды. Мүсәпір де қызайдың мың жігітін қотарып, Жонықар Алатауды асып, арғы беттен бері түсті. Тағы да көкқасқалар шалынып, Алладан тілеу тіленді.

Ертеңінде Баянжүректі бетке алып Қопалыны көктей, Жонықардың бір сілемін Биесыймас шатқалы арқылы кесіп өтіп, Текелігі тіке тартты. Кене ханның кегін алуға аттанған қол әрмен қарай Қоғалыны басып, Матай тауын мінер жаққа ұстап, тоқтаусыз жүрді. Іленің сағасына ілінгенде, Тәнеке жасағының соңынан аттарын қара терге шомдырған бейсауат топ қуып жетті.

– Тәнеке батыр! Тәнеке батыр! – деп сонадайдан айқайға басып, үдере шапты. Болыс тізгінін тежеп, іркілді. Әлгілердің алдынан әлдекімдер тосқауылдап, іркіп, жөн сұрасты. Арасынан Шиырбайды аңдады. Сосын, би үдерген топты болыстың тобына қарай бастап алып жүрді.

– Мына келген жігіттер Барақ сұлтанның жаушылары екен, айтқан сәлемін жеткізсек дейді. – Желдірте таянған Шиырбай шешен жайды мағлұмдады. Барақтың атын естіп, маңайдағылардың бәрі елеңдесіп қалды.

– Ол қандай уәж екен, айтсын.

Аттарын ілгерінді-кейінді ентіктірген топ құрық тастам тұстан іркіліп, алдындағы қияқ мұртты жігіт, «ассалаумағалейкүм» деп амандасып, оң қолын жүрегінің тұсына қойып, басын иді.

– Барақ сұлтан Кене ханның кегін қуып, қырғызға аттанған сіздердің соңдарыңыздан мың сыпаймен келе жатыр. «Мүмкін болса кідірсе, бірге қанаттасып жүрейік» дейді.

– Біз күтпеген нәсте. Қай тұста келе жатыр?

– Ендігі Ақсудың Қопалыға беттер биігіне ілінген шығар...

– Іленің сол жағалауына өтіп, олар қатарымызға қосылғанша дамылдаймыз.

– Иншалла, біз де көп кешікпейміз.

– Алла жолдарыңды оңғартсын!

– Әумин! Онда біз сіздің хабарыңызды Барақ сұлтанға жеткізуге аттандық.

Борбайынан ақ көбігі ақтарылған жорық аттары тері сүмектеп, кері қайта шапты.

Іленің сол жағалауына өткеннен кейін Қиырбайға бастатып, ертауыл тобын ілгеріге оздырып жіберді. Еңку-еңку жер шалған елу барлаушы жігіттерге әуелі Сыпатай батыр мен Рүстем төренің жайын білу тапсырылған. Себебі, бір түменнен астам қолмен ханға ілесіп барып, «таң ата соғысқа кірісеміз» деген түні Кенені тастап, кері тайып отырған Сыпатай мен Рүстемнің жылпостығы зығырданын қайнатқан. «Бұл – Лепсі өзенінің бойында генерал Вишневскийге берген антына адалдығы әлде үш мың рубльдің қомақтылығынан жолдан тайған ниеттің көрінісі ме екен? Қалай болғанда да хан мен оның қолдаушылары алдында опасыздық жасап, ажалдың аузына тастап кетті. Бұған астыртын бұраттармен жасасқан мәмілесі де әсер етсе керек...»

Тәнеке ханның кегін ең әуелі осы екеуінен алғанды жөн көрген. Содан кейін барлаушы жігіттерге Орманбет, Жантай, Қалығұл, Төрегелді, Бәйтік сияқты өзге де манаптардың дерегін білу жүктелген.

Араға бір жарым тәулік салып, Шұбартаудан аттанған Барақ сұлтан соңынан қуып жетті. Былтыр жазда ақ патша генералының алдында салт аттылар шеруіне әмір беріп, басқыншыларға қалтқысыз қызмет көрсететіндей қалып танытқанымен, ішкі жандүниесі мүлде бөлек екенін болыс әуелден білетін. Ішкі Аягөздің аға сұлтаны Бексұлтанның тапсыруымен атқа қоныпты.

– Үш матай елі дүрлігіп, күллі қазақ халқының намысын жыртып жатқанда іргеде тұрып, бұғып қалғанды бойымызға шақ санамадық. Кене ханның соңында жоқтаушысы – халқы бар. Көк сүңгілі, ақ сапты, шашақты найзаны қолға алып, жау қайда деп аттандық.

– Бәрекелді, осылай сөйлемесең Барақ болармысың, сені жолға салмаса, Бексұлтанның бектігі қайда? Сұлтанның бәрі қандас бауыры Кенесарыға ту сыртын бермегенін таныттыңдар. Дүлей мен түлей қосылса сүрейдің сұры қашады. Бұраттар әзірден бұғынып жатқан шығар...

– Алла ісімізді оңғартсын!

– Әумин, Барақ сұлтан!

Соңынан суыт жеткен қол сәл дамылдап, шалдығын бассын деп ол күні де Іленің бойынан жылжымады. Жер шолуға аттанған ертауыл тобынан әзірге хабар жоқ. Екі тәулік ауып барады. Апақ-сапақ мезетте қызыл іңір жамыла барлаушылар қосынға жетті. Танауы делдиіп Қиырбай Тәнеке мен Барақтың үстіне сәлем бере енді.

– Кенесары ханның басының шабылуына жымысқы әрекетпен жауыздық, сатқындыққа барған Сыпатайдың орынын сипап қалдық.

– Неге?

– Дулатқа көршілес өңірді жайлайтын жалайыр күшіктер қол жиналып жатқанынан астыртын хабар беріп, құлағдар етіп қойыпты. Жаны тәтті сардар қырғыз тауының Түйе асуы деген шыңынан асып, әрмен өтіп кетіпті. Жұртында қатын-баласы ғана қалған.

– Жазығы жоқ бала-шағаны қайтеміз... Ал, Рүстем төреден не хабар бар?

– Ол сумақай сұм да қоқан асып, табанын жалтыратып отырған.

– Әзірше жасырына тұрсын, бұларға сатқындық әрекеті үшін қайта айналып соғамыз. Қордай асуына тартыңдар!

Ертауыл топ ертеңінде қолдың бәрі жаппай қозғалғанда тағы да ілгерлеп кетті. Негізгі әскер жасағы баяу ілбіді.

Жалғасы бар...

Әділбек Ыбырайымұлы

Abai.kz

37 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2277
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3594