Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Аласапыран 5576 0 пікір 12 Мамыр, 2022 сағат 13:40

Украина: Соғыс қимылдары қалай өтуде?

Украинадағы соғыс қимылдары  келесідей бағыттар бойынша өрбуде: 

Харьков бағытында Украина әскері алға жылжып барады. Қазір Ресей шекарасына жақын қалды. Ресей әскері шегіне отырып, көпір мен өткелдерді жарып кетуде. Украина әскерінің мақсаты Харьковті артиллериялық соққы жетпейтіндей етіп қауіпсіздендіру. Алайда Ресейдің алыс қашықтыққа ұшатын зымыранынан қорғану мәселесі бар. Ресей өз аумағынан тұрып атқылап береді.

Донецк пен Луганскте ауылдар мен аудандар қолдан қолға өтіп, шайқас болып жатыр. Екі тарап та қарқынды қозғалысты тоқтатты. Харьков маңында әскері қоршауда қалмауы үшін Ресей Донбасстағы әскерінің бір бөлігін Харьков бағытына аттандыруға мәжбүр. Донбасс шайқасы тығырыққа тірелген сияқты. Украина да алға жылжи алмауда, Ресей де қарқынды шабуылды азайтты. Позициялық соғыс пен артиллериялық соққы алмасу болып жатыр. Қалалар толық қирады.

Херсонды Ресей өзіне қосып алатынын ашық мәлімдеді. Херсон билігі (Ресей қойған) аймақты қосу бойынша өтініш айтып, Путин қабыл алуы мүмкін. Жыл соңына дейін қосамыз дейді. Алайда Украина Херсон аймағын АҚШ-тың Ленд-Лизі қарқынды келе бастағанда толық азат ететінін айтып отыр. Қазір дрондармен және артиллериямен соққы жасап келеді.

Соңғы аптада Ресейдің Одессаға соққысы артты. Қара теңіздегі кемелер арқылы зымыранмен соққы жасауда. Қалада қираған ғимараттар саны артқан.

Киевке әлемнің түрлі елшілері қайта келіп жатыр. Қалаға халықтың үштен екісі қайта оралған. Алайда қалаға әлі де зымырандық соққы қаупі бар. Жалпы соғыс басталғалы бері Украинаға 1.6 млн халық қайта оралған, оның ішінде басым бөлігі ер азаматтар.

Азовстальге шабуыл артты. Ресей ұшақтармен бомбалап жатыр. Алайда зауытты әлі басып ала алмауда. Зауыт ішіндегі сарбаздар мен бейбіт халықтың саны белгісіз. БҰҰ эвакуация жасаса да, әлі де ішінде бейбіт тұрғындар болуы мүмкін. Азов полкі мүлде берілмейтінін мәлімдеді, "Ресейге берілу сатқындық және өлім" деді олар.

Украина билігін қолдау, қорғанысын нығайту үшін АҚШ 40 млрд доллар көмек бөлетін болды. Оның 32 млрд доллары қорғаныс саласына жұмсалады. Зеленский АҚШ-тың Ленд-Лиз заңының арқасында Украина алдағы уақытта қарымта соққы беруге көшетінін мәлімдеді.

Abai.kz

0 пікір