Бейсенбі, 23 Шілде 2026
Ақмылтық 262 0 пікір 23 Шілде, 2026 сағат 14:08

Қазақ мұнайы: Танкер келмесе, Қазақстан қанша күнге шыдайды?

Сурет: caravan.kz сайтынан алынды.

Ең бастысы, теңгемен және бізбен не болады?

Әзірге ешбір ел жауапкершілік алмаған шабуылдардан кейін, Каспий құбыры консорциумының Қара теңіздегі мұнай құятын құрылғысына ешбір танкер жақындамай тұр. Ал Қазақстан тоқтамай мұнай шығаруда және оны танкерге құймаса болмайды. Құймаса, өндірісті баяулату керек. Ал біраз уақыт өтіп кетсе, онда скважиналарды жабу керек болады. Оны қайта ашу өте қиын.

КТК Қазақстан мұнай экспортының шамамен 80 пайызын таситынын білесіздер. Құбыр арқылы Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ мұнайы Новороссийск маңындағы теңіз терминалына жеткізіліп, ары қарай танкерлерге құйылып, Қара Теңіз – Жерорта теңізі тізбегімен Италияға кетеді.

2025 жылы КТК-ға Теңіз кеніші 36,6 миллион тонна, Қашаған – 17 миллион тонна, Қарашығанақ – 9,2 миллион тонна мұнай құйды. Бұл жылына 62,8 миллион тонна. Тәулігіне және баррельге шақсақ – өткен жылы біз тәулігіне Ресей арқылы жүретін бұл құбырға 1,26 миллион баррель мұнай құйып келдік. Ол тоқтамай жүру үшін танкерлер кезекте тұрып, мұнайымызды Қара теңізде өзіне құйып алып кетуі керек. Енді танкерлер келмесе, біз қаншаға шыдаймыз деген сұрақ туындайды. Мен осыған жауап іздедім.

Танкерсіз бір-екі тәулікте мұнай өндіру жалғасады, құбырдағы ағыс сақталады. Өндірілген мұнай кен орындарының, насос станцияларының және терминалдың резервуарларына жинала бастайды. Ірі кен орнын тоқтату су шүмегін жабумен бірдей емес. Теңізде мұнай өндіру газ өңдеу, қысымды реттеу, газды қайтадан қабатқа айдау және компрессорлық жабдықтардың жұмысымен байланысты. Қашағанда күкіртсутегі жоғары мұнай мен газ аса күрделі технологиялық циклден өтеді. Кен орнын толық тоқтату және қайта іске қосу өндірістік, техникалық әрі экологиялық тәуекелдерді көбейтеді. Сондықтан компаниялар шамамен екі күннен кейін өндірісті баяулатады. Тек сақтау мүмкіндігі таусылған кезде ғана ұңғымалардың бір бөлігін тоқтатуға көшеді.

Бізде резервуар бар ма?

«ҚазТрансОйлдың» ел аумағындағы резервуарлық паркінің сыйымдылығы 1,4 миллион текше метрге жуық. Бұл шамамен 1,15–1,2 млн тонна мұнайға тең. Резервуарлар Атырау, Ақтау, Атасу, Павлодар, Шымкент және басқа да мұнай айдау станцияларында орналасқан. КТК-ның Новороссийск маңындағы терминалында жалпы сыйымдылығы шамамен 1 млн тонна болатын ірі резервуарлық парк бар. Онда әрқайсысы 100 мың текше метрлік он резервуар орналасқан. ТШО, NCOC және KPO компанияларының да өз технологиялық резервуарлары бар. Бірақ олардың нақты бос көлемі ашық жарияланбайды. Бірақ, бұл дәл қазір 2 миллион тонна мұнай сақтай алатын бос орнымыз бар екенін білдірмейді.

КТК терминалының резервуарлары Ресей аумағында орналасқан. Олар танкерлерге тиеу алдында мұнайды уақытша жинауға арналған және қалыпты жұмыс кезінде бос тұрмайды. Ал, ҚазТрансОйл резервуарлары елдің әр өңіріне шашырап орналасқан. Олардың бәрі Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ мұнайын дереу қабылдай алмайды. Онымен бірге, бұл резервуарларда үнемі мұнай болады. Олар сорттарды бөлуге және араластыруға, құбырлар мен зауыттардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге пайдаланылады. Резервуарды қауіпсіздік талаптарына байланысты жүз пайызға дейін де толтыруға болмайды.

Дәл осы жағдайда біз қанша күн шыдай аламыз?

Стандартты режимде біз КТК-ға тәулігіне 1,2 миллион баррель жіберіп тұрғанымызды және резервуар бойынша қазіргі ахуалымызды ескерсек, біз танкерсіз 4-5 тәулік қана шыдай аламыз. Одан кейін өндірістік проблемалар басталады.

Осы кезде теңге өзін қалай сезінбек?

КТК тәуекелі тек мұнай компанияларының мәселесі емес. Ең қиыны, ол валюта нарығына да шок жағдайын алып келе алады. Қазақстан мұнайды долларға сатады. Экспорттан түскен валютаның бір бөлігі салық төлеу үшін теңгеге айырбасталады, қазақстандық жұмысшылар мен мердігерлерге төленеді, Ұлттық қорға түседі, квазимемлекеттік сектор мен отандық акционерлердің табысына айналады. КТК арқылы экспорт тоқтаса, елге түсетін экспорттық доллар азаяды. Ал импорттаушыларға шетелден тауар, техника, дәрі-дәрмек, телефон, автомобиль және жабдық сатып алу үшін доллар бәрібір бұрынғыдай қажет. Нәтижесінде валюта нарығында доллар ұсынысы қысқарып, сұраныс сақталады. Бұл теңгені әлсірететіні анық. Оған қатарласа, квазимемлекеттік сектордан валюталық выручканың жартысын сату бойынша міндет алынып тасталды.

Бұл енді танкерлік кризистің қаншаға созылатынына тікелей байланысты. Егер локдаун апталарға созылса, девальвациялық күтулер күшейіп, халық пен бизнес доллар сатып алуға кіріседі. Сонда психологиялық сұраныс нақты экспорттық шығыннан да күшті әсер етуі мүмкін. Ұзақ уақыт бойы мұнай экспортының орнын валюталық интервенциямен жабу мүмкін емес. Біз резервтерімізді жағып жібереміз.

2025 жылы Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 143,9 млрд доллар болды. Оның ішінде экспорт шамамен 79 млрд доллар, импорт шамамен 64,9 млрд доллар көлемінде қалыптасып, бізге жағымды сауда профициті 14 млрд доллардан асты. Егер КТК бір ай толық тоқтап, балама маршруттар жоғалған көлемнің аз ғана бөлігін қабылдаса, экспорт шамамен 3–3,5 млрд долларға төмендеуі ықтимал. Ал импорт азаймайды. Дүкендер, кәсіпорындар мен халық бұрын жасалған келісімшарттар бойынша шетел тауарларын сатып ала береді. Сондықтан бір айлық толық тоқтау жылдық сауда профицитінің шамамен төрттен бірін жеп қоюы мүмкін. Екі-үш айлық ұзақ дағдарыс кезінде, мұнай бағасы мен импорт көлемі өзгермейді деп есептесек, Қазақстанның 14 млрд долларлық сауда профицитінің басым бөлігі жоғалуы ықтимал.

Сауда балансы тек тауар экспортын және импортын көрсетеді. Ал ағымдағы шотқа қызметтер, инвестициялық кірістер, пайыздар, дивидендтер және трансферттер де кіреді. Қазақстанның 2025 жылғы ағымдағы шоты 12,5 млрд доллар тапшылықпен жабылды. 2026 жылдың бірінші тоқсанында ағымдағы шот тапшылығы 2 млрд доллар болды, ал тауар саудасының профициті 4,1 млрд долларды құрап, бір жылда 15,7 пайызға азайды. Яғни Қазақстанның сыртқы төлем жүйесі КТК дағдарысына дейін-ақ мінсіз жағдайда болған жоқ. Саудадан профицит аламыз, бірақ шетелдік инвесторлардың дивидендтері, қызмет импорты және басқа төлемдер сол профициттің едәуір бөлігін сыртқа шығарады.

Біз мұнайды біршама өндіреміз, алайда оны ұзақ сақтай алмаймыз. Құбыр бар, бірақ оның теңіздегі соңғы нүктесі жабылса, бүкіл өндірістік жүйе бірнеше күн ішінде қиналып кетеді. Теңіз кенішінің маңына алып резервуар салатын уақыт жеткен сияқты. Басқа амал жоқ.

Айбар Олжаев

Abai.kz

0 пікір