Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 6244 4 пікір 16 Мамыр, 2022 сағат 12:03

Кене Ханның кегі. Құн. Айла

Соңы...

Басы: Кене Ханның кегі 

Жалғасы: Кене Ханның кегі. Шабуыл

Жалғасы: Кене Ханның кегі. Мәміле

Қырғыз биі мәмілеге ілесе келген тұтқындағы манаптардың адамдарын дереу айыл-айылға шаптырып, өзі боз үйін тіктіріп, бір көкқасқаны жықтырып, қазақ жұрағаттарымен қалды. Ертеңінде шабармандар түс болмай әсем киінген жүз жігітті жинатып алып келді. Енді бір маңнан жиырма-отызға тарта құрық сүйреткен аттылар мың жылқыны шұрқыратып айдап жетті. Әлден уақытта он орданы артып, шаңырағына он қыран қондырған, жанына тазы байлатқан жиырма нардан тізілген үлкен керуеннің легі көрінді. Олардың тұсында төрт үйір жылқы келе жатты. Осы нөпірдің арасында кіл қара атқа мінген, үстілеріне қызыл жейде киген жиырма жігіт бар еді. Кейбірінің көздері бұлаудай ісіп, қызарған. Таң сәріде бәрінің жаназасын шығарып жіберген. Бұлар – Кенесары ханның өтеуіне бауыздалатын міскіндер.

Шыжым би жанындағы мәмілегерлерімен Тәнеке батыр мен Барақ сұлтанға келді.

– Алдияр би, уәде еткендей бәрін қамдадық. Жан тапсыратын жиырма жігіт те дайын, жаналғыштар да әзір. Тек қырғызды қыра көрмеңіздер. Алты адырдың ар жағында Ағыбай батыр, Самсы алаңның қойнауында Сұраншы батыр қол жиып жатыр дегенді естідік... – Дауысы дірілдей бөгелді.

Тәнеке оң қапталындағы Мүсәпір мен Қиырбайға иегін қақты.

– Уәде – құдай сөзі болғанда, мәміле – Алланың аманаты. Қырғыздар өздері ханның құнына жиырма қыршынды қиып отыр. Алланың әмірі солай шығар, жаналғыштардың бауыздағанын көздеріңмен көріңдер.

– Мақұл, алдияр!

Бұл кезде иесіз кіл қара ат Кекілік, Сеңгірдің он бір жыраға қарай иініне барып ұйлыға матасыпты. Одан әрітаман қарбалас, қапылыс... Жан-жағын қаумалаған ала қалпақты аламандар, бақырған-шақырған айқай-сүрен басталып кетті. «Құрбан болатындай жазығым не?! Қалай қиясыңдар қыршын ғұмырды?!» дейді ышқына тұншығып, қасіретті үн. Енді қайсыбірі есіріктене бақыра озандады... Жаналғыш қаражүрек жөйіттердің үндері керісінше қатты, шолақ, нық... Әп сәтте қындарынан алмас қанжарларын суырып, күре тамыры білеуленген алқымнан орып кеп жіберді. «Алла, Алла!» деді әлдекім.

Мүсәпірлер қалыңның ішіне енгенде құбылаға қаратып, құныкерлерді бауыздап, жан алып жатыр еді. Ып-ыстық қан қара тасқа шапшып, төмен қарай буы бұрқырай ағып жөнелді. Қол-аяқтары байланған жас денелер жантәсіліммен қалш-қалш етіп, кеңірдек пен өңеш қор-қор дыбыс шығарады. Боздақтардың маңайында үстілеріне қара жарғақ киген, өңкей бір қабақтары түксиген шомбал диюлар жүрді.

– Кенесары ханның киесі мен назасы, Наурызбай сұлтанның аруағы қырғызды ата көрмесін... Бір жаратушы Алла өзің кешіре гөр... Мына жастардың жанын қинамай ала гөр... – Пірәдар күңірене сөйледі.

Өтеу өтеліп, құн төленгеннен кейін сол жерде Тәнеке келісім бойынша қолына түскен Дөнентай, Дайырбек, Қалша, Бөлекбай манаптарды матаудан босатып, Шыжым бидің алдына салды. Тек Төрегелдіні және оның ел-жұртын өздерімен алып жүрді. Өзгедей қарапайым халыққа қару көтермеді, тұтастай қырғыз жұртын шапқан жоқ. Тек Кенесары мен оның серіктеріне өлім кештіргендерді аямай жазалады.

Сөйтіп, Кенесары ханды өлтірген Қырғыз манаптары қазақтардың кек қуалауынан қорқып, қазақ ханы мен сұлтандарына құн төледі. Ханның бір басы үшін жиырма жігіт бауыздалып, жүз ақсүйек жігіт ақүйліге берілді. Өйткені осы тұста қырғыннан аман кеткен Ағыбай қолбасы да Майтөбедегі майданға қатысқан сарбаздардың басын құрап, Кенесары ханның кегін қайтару үшін қырғызға қарсы жорыққа шығу жөнінде Әулиеата мен Сыр бойындағы елдердің арасына үн тастаған еді. Бұл дүрмектің алдында ханның он бес жасар ұлы Жапар мен он үш жасар ұлы Тайшық жүрді. Олар көздеген мақсаттарына жетудің бір жолы жиырма-отыз мың елі бар Ергене мен Әулиеата аумағын мекендейтін қыпшақтарды жұмылдыруға ұмтылды.

Түпкі ниеттеріне тоқтаған Кенесарының қос ұлы Қаратаудың маңайына қоныстанған ауылынан Түркістанға қарай бет алды. Олар қыпшақ жауынгерлеріне жолығып, Мұсылманқұл әмірге әкелерінің өлімі үшін қара қырғыздарға қарсы бірлесе қол құруға ықпал етулері жөнінде бұйымтай айтты. Дештілер қаршадай төрелердің бетін қақпады, келісімдерін берді.

Жетісу қазақтары да қыпшақтардың қолдау білдіретінін естіп, Саурық пен Сұраншы батыр бас болып, қырғыз манаптарынан Кенесары ханның өліміне құн сұрады. Кенесары ұлдарының қара қырғыздар мен казак-орыс жасағына қарсы қол жиып жатқанын білген үлкен ордадағы ақ патшаның өкілі капитан Перемышельский дереу басшыларына баянхат жазып, хабар берді.

Бұл хабар Қопалыдағы атаман Абакумовтың құлағына тиіп, ол жаны шыға Омбыдағы генерал Н.Ф. Вишневскийге «По собранным сведениям узнал я, что кыпчаки в числе 8 тысяч человек с сыном Кенисары пришли к черным киргизам требовать у них пленных, захваченных с Кенисарою равно и самих на верноподданство, на что сии последние решительно отказали, но боятся их многочисленности, особенно манап Джангарач, кочующий ближе к Ташкению...» деген алаң мен үрей бар хатын жолдады.

Ақыры, сатылай жылжыған ақпар Петербордағы әскери министрлікке жетіп үлгерді.

Міне, осындай қырғыздар тұс-тұстан қысымды сезінген уақытқа дөп келген Тәнеке мен Барақ сұлтан бастаған жорық орайымен болып, хан мен сұлтандардың, қазақ сарбаздарының қасіретті өлімі үшін сұраған құнды алды.

Ал, қырғыз шонжарларының Кенесары ханның қолын талқандап, өзін өлтірген бес ай ғана бұрынғы сәуірдегідей тізе қосып, бас құрай алмауы – Ресей империясына аса қауіп төндірген ханның көзі жойылып, басқыншы орыстардың ауқымды шараны абыроймен аяқтаған кезі болатын. Сондықтан аузытүктілер дәл сондағыдай ықылас танытып, әскерін жіберіп, қоқан мен қырғызды қойыртпақтатып жатпаған еді. Арқа сүйер орыстың қарасы өшкеннен соң, манаптар мен шоралар жайдақ суды жалаңаяқ кешкендай тайғанақтап қалды. Керісінше, бұғы руы сияқты өктемдіктен жапа шегуші қырғыз жұрты Тәнеке мен Барақтың жорығы арқасында манаптардың қыспағынан сәл де болса құтылып, кеңінен бір тыныстады. Осы сойқаннан соң қырғыз ішінде «Кене ханның кегі» деген оқиға қалды.

Төрегелдіні болыс Қопалыға әкеліп, түрмеге жаптырды.

Елдеріне жау шапқанда құйрығын борбайына қысып, үй іргесіне тығылатын дүрегейлерше қара қырғыздың білеуіттері бас көтермей бұқпантайлады. Тәнеке мен Барақ бастаған қол Қордай асуынан төмен құлдағанда білеуіттер інінің аузына шыққан саршұнақтай баспалап, тығылған жерлерінен өңештерін соза жан-жаққа үрке қарады. Жаудың қарасы әбден өшті дегенде барып, мән-жайды білуге атқа қонған. Жантай айнымас достары Сыпатай мен Рүстемге адам шаптырып, Төрегелдіні босатып беруге қолқа салды. Сонда екеуі бірдей «Найман-матайға қарсы сөзіміз өтпейді. Біздің құтқаруға шамамыз келмейді, – деп ашығын айтты. – Бірақ, Тәнекенің жіберген бір қателігі бар, ол Төрегелдіні Қопалы уезіндегі орыс қолына табыстаған екен. Сондықтан орыс ұлықтарымен сөйлесіңдер, Кенесарының кесілген басын апарсаңдар, олар Төрегелдіні босатып береді» деді.

Ботпайдың биі мен жаныстың төресі әлгіндей ақыл айтқан соң, Жантай бастаған манаптар Орманбеттің алдынан табылды. Бәрі хан Кенені тұтқындағандағыдай алшаң басып, жарқ-жұрқ ете алмай, арты күйген күшіктей күйбелектейді. Араз адамдардай бір-біріне тура қарай алмай көзінің қиығын жүгіртеді. Халыққа қадірлілер жеме-жемге келгенде елді тастап қашып кеткендеріне қысылатындай.

– Төрекелдіні де сол кезде ерте кетпеген екенсіңдер. – Орманбет қиыс қарай Жантайға жазғыра ләм қатты.

– Бәрі құлақтанды деп ойладық қой...

– Жарайды, болар іс болды, енді қарекетке көшейік. – Әлдекім араша ләм тастады. Осы әредікте Жантай сөзін жандандыра түсті.

– Сыпатай Төрекелдінің айылын шауып, өзін тұтқындап әкеткен Тәнекенің қателігін айтты.

Орманбеттің үш бұрыш көзі шажырқайдың безіндей бағжаң етті.

– Не қателік?

– Ол Төрекелдіні Қопалы бекінісінің түрмесіне қаматыпты, яғни, бауырымыз орыстардың қолында. Орыстар біздің сөзімізді жерге тастамайды...

– Барып, бұйымтай айтайық дейсің бе?

– Иә, барып, шаруаны түсіндірейік. «Орыстың қас жауы болған Кенесарыны тұтқындағаны үшін оны қазақтар жазалап отыр, босатып беріңіз» дейік.

– Босат-а-ды ма?

– Әрине, босатады. Қолдарына Кенесарының бас сүйегін табыстаймыз. Ол оны одан әрмен қарай ақ патшаға қуана жөнелтеді.

– Ал, бұларың қисынға келетін сияқты. Енді, кімдердің қолына бас сүйекті ұстатып, елші етіп жібереміз?

– Оның да жөнін ойластырған едім. Маған салсаңыздар, жандарал-күбернатор Горшакоптан алғыс қағаз алған Қалығұл барғаны дұрыс.

– Орынды, орынды, – деп жамырасты өзге отырғандар.

– Оның қасына кімді қосасыңдар?

– Басты-басты екі рудан бір-бір адам шықса, үшеуі жарайды.

– Дұрыс екен, – Орманбет кеудесін көтеріп, төңірегіне бітеу мойнын соза қарады, – білмейтін жердің ой-шұңқыры көп, біреу бастап апару керек қой оларды. Жолда әлдекімдер ұшырасып, қанжығаларында ханның басы барын білсе, өздерінің басын қағып әкетер.

– Сыпатай мен Рүстемге жүктейміз, солардың адамдары бастап апарады әрмен қарай.

– Жиен жарап тұр. Ақшасын алып па еді олар?

– Тең жарымын алған.

– Олай болса бұл қаракеттеріңнің қайыры бар тәрізді. Орыстың қолындағы адам – босанып шығар. Ал, енді, тұтқында кеткен бес жүз кісіні қалай қайтарамыз?

Манаптардың тауы шағылған тұсы осы болды.

– Бір лажы болар, – екпіндей шыққан Жантайдың үні әп-сәтте пәсейді, – әуелі Төрегелді аман-есен ортамызға оралсын.

Міне, осындай кеңестің келесінен өрбіген ұйғарым бойынша атқа қонған үшеу бұраттардың бағалы бұйымына айналған басты қоржынға салып, арнайы сапарға аттанған. Бұл уақта бастың миы мен қарашығы ағып, құр қаңқасы қалған-тын.

Баянжүрек өңірін Рүстем төремен талай шарлаған атқосшы алты адамды бастап, таң ата Қопалы бекінісіне суыт жетті. Оған жүктелген тапсырма – жанындағы адамдарды жат көзге түсірмей, тікелей патша приставы, подполковник Степан Абакумовке апару, болмаса, Қопалы уезі басқарма басшысы Эрентальға жолықтыру. Сондықтан жер жадысын жақсы білетін жырынды тек түн жамылып жүруді қолай көрген. Күндіз ат шалдырып тынығып жатады да қорқаулардай түнде жортады. Біреуінің жетегінде ер-тұрманымен ереуіл ат бар.

Қарағайдан қиылып салынған үлкен үйдің дарбазасына ат басын тіреді.

– Патша өкіметінің үйі – осы. – Атқосшы сыбыр етті. Кәндек иттер шабалана үріп, қайсыбірі қоршаудың іргесінен суырылып шыға тап-тап берді. Ізінше мылтық асынған әлдекімдер көрінді.

Рүстем төренің атқосшысы орысшаға да жүйрік екен, сақал-мұрты қауғадай сарқылшықтармен тілдесіп, көп ұзамай барлығы қырғыз приставы Абакумовтың алдынан табылды.

– Біз қара қырғыздар, Ыстықкөлден келдік, – деп бастады Қалығұл. – Ақ патшаның айтқанын жерге тастамай үрей тудырған Кенесары ханның көзін құрттық. Міне, сол еңбегімізге алғыс айтқан жандаралдың хаты. – Қойнынан шүберекке оралған төрт бұрышты мәйпездей ашып, бүктелген қағазды шығарды. Қыртысын жазып, атаманның алдына тастады. Ондағы көзіне таныс та әрі ыстық Горчаковтың мөрін көрісімен жендеттердің басшысы құбылып, түсі өзгеріп кетті. Қара қырғыздың қайыс бетіне бір қарап, алдындағы қағазға саусағын соза берді. Оқып шықты да орнынан атып тұрып, Қалығұлдың қолын қысты. Өңіне күлкі жүгіріп, дауыс ырғағына да әуен араласты.

– Осындағы қаптағай Тәнеке болыс Кенесары ханның кегі үшін елімізді шауып, Төрегелді манабымызды тұтқындап әкетті. Манапты осы Қопалы бекінісінің түрмесіне қаматыпты, сонда отыр деп естідік. Қоршаудан қашып шыққан ханды ең әуелі қолға түсірген – сол, Төрегелді. Ақ патшаға сіңірген еңбегі зор. Сондай орыс үшін ісі ерен адамды тұтқыннан босатып берсеңіз.

Аядай бөлме ішінде болмашы тыныштық орнады.

– Сіздерге ортақ қас жауымыз Кенесарының бас сүйегін ала келдік.

Оң қапталындағы қоржынына қолын сұғып, көк пүлішке оралған бас сүйекті Абакумовтың үстелінің үстіне қойды.

Ол бұйымның орауын жазып, мойнын екі жағына кезек қиқайтып, мұрыны опырайған қаңқаны айналдыра барлай қарады.

– Кенесарыны қалай өлтірдіңдер?

Қолға түскеннен кейін ханды тұтқындадық та әскерінің бірін қалдырмай қырдық. Өзін содан кейін халықтың алдына шығарып, елге қан құмар Кенесары екенін айтып, басын шаптық.

Кеудесін мақтаныш кернеп, Қалығұл ұзақ баяндады. Сөзге еліткенде жымсық көздері ара-тұра бағжаңдап, қиқы-жиқы сары жағал тістерінің арасынан қызыл тілі сумаң-сумаң көрінеді екен. Мысық мұрттары желп-желп етеді. Оның ақ патша үшін тындырған ісіне риза болған пристав:

– Төрегелдіні қазір шығартып беремін, бірақ ың-жыңсыз, бөтен көзге түспей кетіп қалыңыздар. Кейін абайсызда қашып кетіпті дерміз, – деп тиянақтады.

Бұйымтайшылар басын шұлғып, бәйек қақты.

Сөйтіп, Сыпатай мен Рүстем төренің айтқандары дәл келіп, Қопалыдағы орыстар Төрегелдіні түрмеден астыртын босатып жіберді. Бірақ, ол тұзақтан құтылғанмен ажалдан құтыла алмады, еліне келгеннен соң Кене ханның қаны үшін тісін қайрап жүрген Ергенедегі Мұсылманқұл бастаған қыпшақтар манапты ат құйрығына байлап, сүйретіп өлтірді.

Арманда кеткен Кенесарының кегін қырғыздардан қайтарғаннан кейін Тәнеке би мен Барақ сұлтанды халқы: «Қазақтың соңғы батырлары» атады. Аты шулы Кенесары ханның жақтасы, жанашыр іздеушісі болғанымен Тәнеке би мен Барақ сұлтан патша өкіметі алдында да беделден айрылған жоқ. Қос алыптың айбындылығынан шығар, айыбы көзге ұрып тұрса да ешқайсының батылы барып, кінә таға алмады.

Көкқия тауының Қызылағаш пен Сағабүйен арасындағы бір шатқалы, күні бүгінге дейін «Қырғызсай» аталады. Өйткені бес жүзге тарта тұтқындап әкелген жанды сонда қоныстандырып, күндіз-түні бақылау орнатқан. Тәнеке болыс өзі ара-тұра ар жағынан Тереңөзекті басып кеп, Көкқияның төбесінен қырғыздарды қарап қояды.

Қазіргі кезде ол қырғыздар қаптағай руының бір тармағы қыдыралы-қырғыз боп, матайлардың арасына әбден сіңісіп кеткен. Қайсыбіреулері өздерінің түбі қырғыз екенін де білмейді, «қырғызсың» десең жанжалдасуы да мүмкін...

Әділбек Ыбырайымұлы

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5499