.
Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Хабиба Елебекова қыркүйек айының ортасында біздің басылымға арнайы сұхбат беріп, «Елбасыға айтар екі аманатым бар» деген тақырыпта көлемді мақала жарияланған еді.
Онда тоқсанның алтауынан асқан сахна саңлағы басынан өткен небір нәубет жылдар мен өткен ғасырдың бүкіл шындығын бүкпесіз, бұрмалаусыз баяндаған «Ғасыр қасіреттері» деректі фильмін Елбасына жеткізе алмай отырғанын айтқан болатын. Сондай-ақ Әлия Бөпежанова жазып шыққан өзі туралы кітаптың және Қазақстанның халық артисі, Абай әндерінің шебер орындаушысы Жүсіпбек Елебеков пен туған апасы, театр артисі Дәлила Оңғарбекова жайлы да тарихи еңбектердің баспа бетін көрмей отырғанына қынжылыс білдіріп, Президенттен көмек сұраған. Кеше редакциямызға қайта хабарласқан Хабиба апа мақала жарық көргелі телефон түбінде отырғанымен, тиісті орындардан ешкім қоңырау шалмағанын айтып, мәселені аяқсыз қалдырмауымызды өтінді. «Егер Нұрсұлтан Әбішұлы менің аманатымды оқыған болса, сөз жоқ тапсырма берер еді. Газет Елбасының қолына тимей қалды-ау деймін» деп, тағы бір құлаққағыс жасауымызды сұрады. Естеріңізге қысқаша сала кетсек, ол мақалада Хабиба апа: - Қарағым, Нұрсұлтан! Менің ашаршылық, қуғын-сүргін құрбандары мен полигон зардабын шеккендер туралы түсірілген «Ғасыр қасіреттері» деген деректі фильмімді қанша талпыныс жасасам да өзіңе жеткізе алмай-ақ қойдым. Хатымды оқысаң, аяқасты қалдырмайтыныңа, жеке фильм етіп шығаратыныңа сенемін. Оған көзім жетеді, құлыным. Көзімнің тірісінде өзім жайлы, Жүсіпбек пен Дәлила жайлы жоғарыда айтып өткен үш кітапты қолыма ұстап, көріп кетсем деп ойлаймын. Арманым сол менің. Оны шығаруға менде шама жоқ. Құрыған мынау жасымда, бейшара болған басымда төсекте ғана жатып, әркімге бір телефон соғамын. Бірақ бұған өзің кіріспесең, өз бетімен түк шығатын емес. Мені түсінеді деп өзіңе үміт артамын. Балам, әркімнің өлер алдындағы ақырғы тілегі, ақтық сөзі болады. Менің соңғы тілегім - осы. Өзіңе деген шексіз құрметпен, сөзімді жерге тастамайды деген үлкен сеніммен сәлем жолдап отырған - Хабиба апаң» деген еді. Біз мақала жарық көрген соң өз тарапымыздан Мәдениет және ақпарат министрлігінің Министр хатшылығы меңгерушісі Қойлыбаев Әзімхан Серікұлынан сұрап білгеніміздей, Әлия Бөпежанова жазған Хабиба апа туралы кітап «Өнер» баспасына бекітілгені белгілі болды. Қалған екі еңбектің тағдыры не болатыны әзірге белгісіз. Лауазымды қызметкер ол туралы нақты ештеңе айта алмады. Ал Хабиба апа болса, үш жинақ оқырман қолына тиіп, «Ғасыр қасіреттері» деректі фильмін жеке фильм етіп түсірілсе деп армандап, жоғары жақтан жылы хабар күтумен күн өткізіп жатыр. Сондықтан кейуананың тілегін жерге тастамай тағы бір назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ
"Айқын" газеті
|