Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 3683 6 пікір 23 Мамыр, 2022 сағат 13:38

Қазақстан Ресейді құтқарушы рөлін сомдамақ...

Бірқатар Ресейлік сайттар шетелдік смартфондардың Ресейге Қазақстан арқылы жеткізіліп жатқанын жазды. Гаджет өндірушілер Еуразиялық экономикалық одақ аумағына техниканың әкелініп жатқаны туралы ел ішінде хабарламаларды тіркей бастаған айтқан. Сондай-ақ, мұндай хабар Еуразиялық экономикалық комиссияның бірыңғай нотификациялар тізімінде де пайда болыпты.

ЕАЭО-ға криптография және шифрлау элементтері бар тауарларды әкелу үшін нотификация талап етіледі. Оны Қазақстанда компаниялар Ұлттық қауіпсіздік комитеті арқылы ғана ала алады. Талапқа сай мұндай өнімді нотификацияның қай жерде берілгеніне қарамастан,  ЕАЭО құрамындағы барлық елдерге кіргізуге болады. Ресей де Еуразиялық экономикалық одаққа кіретіндіктен елге қымбат техниканы алып келу қиындық тудырмайды. Қазір Ресейлік ақпарат таратушы құралдар Қазақстаннан әкелінген орта класты смартфондарға бағаның күрт өскені туралы хабарлаған. «Huawei», «Intel Corporation», «Lenovo», «Hewlett Packard» және басқа да ірі өндірушілер гаджеттерді Қазақстан арқылы жеткізуді рәсімдей бастаған.

Сонымен қатар, елімізде Ресейлік бизнесмендер клубы құрылғаны белгілі болды. Бұл ұйымның президенті Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин болып сайланған. Ол бизнесмендер клубының не үшін құрылғанын былай деп түсіндіріпті:

«Қазақстандағы Ресейлік бизнесмендер клубы – бұл кәсіпкерлердің бір-бірімен байланыста болу үшін құрылған бейресми алаң. Клубтың құрылу мақсатының бірі – Ресейлік экономикалық операторларының қатысуымен республикада бизнес жүргізу. Екінші мақсаты – Қазақстанда бизнес бастап, оны жалғастырғысы келетін Ресейлік шағын және орта кәсіпкерлердің алдынан шығатын қиындықтарды анықтау. Ұйым әлі де нарыққа келген Ресейлік кәсіпкерлер мен Қазақстандық серіктестерді іздейді».

Бірлестікті құруға Ресейдің Қазақстандағы сауда өкілдігі, Нұр-Сұлтандағы Орыс үйі және Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшілігі бастамашы болған. Клуб өз қаражаты есебінен жұмыс істейді. Қатысушылар ай сайын қорға шамамен 20 мың теңгеден (шамамен 47$) аударып отырады.

Бұл жаңалықтар қазіргі күні Қазақстан жері Ресейді Батыстың санкциясынан «құтқарушы» қызметін атқара бастаған ба, деген сұрақты туғызады. Екі айға жуық уақыт бұрын Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді: «Қазақстан Батыстың Ресейге салған санкциясынан айналып өту үшін пайдаланылмауы керек» ,- деп нақты ұстанымын айқындаған еді. Сондай-ақ, министр санкция салушы елдерге Қазақстанның қосылмайтынын да жеткізді.

«Тәжірибе көрсетіп отырғандай, кез келген экономикалық немесе саяси санкцияларды қолдану халықаралық даулар мен жанжалдарды шешудің ең тиімді тәсілі болып табылмайды. Сондықтан Қазақстан Ресей Федерациясына жасалып жатқан санкциялық қысымға қосылуға және қандай да бір жолмен Ресей мүддесіне селкеу түсіретін және біздің әріптестігіміздің рухына қайшы келетін қандай да бір қадамдар жасауға ниетті емес», – деді Мұхтар Тілеуберді.

Айта кетейік, Қазақстанның ЕАЭО мемлекеттерімен сыртқы тауар айналымының 93,3 пайызы Ресейге тиесілі. Қазақстанның Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров: «Ресей – Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі, сондықтан Мәскеумен өзара қарым-қатынастарды қайта қарастырмаймыз» ,- деп мәлімдеген болатын.

Айжан Темірхан

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1471
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5420