Сенбі, 11 Шілде 2026
Аласапыран 999 0 пікір 10 Шілде, 2026 сағат 15:49

Ядролық соғыс: Қытай Ресейге ультиматум қойды мa?

Сурет: dw.com сайтвна алынды.

Бейжің мен Мәскеу арасындағы «шексіз достыққа» сызат түсті ме? Украина президенті Владимир Зеленский Түркияда өткен НАТО саммитінен кейін әлемді елең еткізген мәлімдеме жасады.

Оның айтуынша, Қытай билігі тарихта тұңғыш рет Кремльдің ядролық қаруды қолдану ықтималдығы туралы риторикасына аса қатал әрі үзілді-кесілді — ультимативті түрде жауап қайтарған.

Зеленский не деді?

Еуропа лидерлеріне сілтеме жасаған Украина басшысы Бейжіңнің позициясын былай жеткізді: «Маған еуропалық жетекшілердің айтуынша, Қытай алғаш рет өте нақты әрі қатал, тіпті ультиматум түрінде ескерту жасаған: ядролық қаруды қолдану туралы сөз қозғаудың өзіне жол берілмейді!»

Шиеленістің төркіні қайда жатыр? Бұл реакция Мәскеу мен Минскінің мамыр айында Беларусь аумағында бірлесіп өткізген, жерүсті, әуе және суасты тасымалдаушылары жұмылдырылған ядролық жаттығуларынан кейін туындап отыр. Владимир Путин мен Александр Лукашенконың бұл демонстрациялық қадамы Батысты ғана емес, Бейжіңді де қатты шамдандырған сыңайлы.

Трамппен не талқыланды?

Владимир Зеленский НАТО алаңында АҚШ президенті Дональд Трамппен де кездесіп, Қытайдың бұл соғыстағы рөлі мен ықтимал келіссөздер процесіне ықпалын талқылаған. Бірақ бұл әңгіменің егжей-тегжейі әзірге құпия сақталуда.

Шығыстағы алып көршінің бұл қадамы Ресей-Украина соғысының бағытын өзгерте ала ма? Кремль Бейжіңнің ультиматумына құлақ аса ма, әлде текетірес ушыға түсе ме?

Abai.kz

0 пікір