Жексенбі, 29 Қыркүйек 2024
Билік 2464 2 пікір 24 Мамыр, 2022 сағат 14:33

Қазақстан ТМД салық келісімінен шықты

Қазақстан Парламентінің Сенаты (Жоғарғы палатасы) 1992 жылғы 13 наурыздағы салық саясатының келісілген қағидаттары туралы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттер арасындағы Келісімнің қолданысын тоқтату туралы заң қабылдады.

"Келісімге тәуелсіз посткеңестік мемлекеттердің қалыптасу кезеңінде салық салу қағидаттары мен ережелерін біріздендіру негізінде келісілген салық саясатын жүргізу мақсатында қол қойылды. Тараптар сол кезде ТМД-ға қатысушы барлық мемлекеттердің мүддесін қозғайтын негізгі салықтардың бірыңғай тізбесін қолдануға уағдаласты. Бұдан басқа, тараптар КСРО-ның шет мемлекеттермен табыс пен мүлікке қосарланған салық салуды болдырмау туралы бұрын жасасқан келісімдерінің орындалуын қамтамасыз ету мәселесін келісті", - делінген Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің қорытындысында.

Келісімге қол қойылған күннен бастап 30 жыл өткендіктен, құжат өзектілігін жоғалтқаны айтылды. Бұдан басқа, құжаттың мерзімін ұзарту туралы өтінімдердің болмауына байланысты ТМД мемлекеттері оның қолданысын тоқтату туралы шешім қабылдады.

Сенат қабылдағаннан кейін ТМД-ға қатысушы үкіметтер арасындағы Келісімнің қолданысын тоқтату туралы Заң Қазақстан Президентінің қол қоюына жіберіледі.

Abai.kz

2 пікір