Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 6722 4 пікір 8 Маусым, 2022 сағат 13:17

XX ғасырдағы білімпаз қазақ жастары

XX басы қазақ тарихы үшін саяси өрлеуге бет алған ояну дәуірі болды. Ресей түркілері арасында бастау алған жәдиттік  бағыттағы ағартушылық қозғалыс, қазақ арасында да барынша өрістеп, Алаш идеясы өркен жайды. Ұлттық ұйысуға үндеген өлең-жырлар ел арасында кең тарап, елдік мүдде жанданды. Алғашқы ұлттық баспасөз пайда болып, қалыптасты.

Сондай-ақ қазақ жастары талаптанып, білім-өнер іздеу жолына түску үрдісі жалпы ұлттық сипат ала бастады. Қазақ жастарының басым көпшілігі Уфа, Орынбор, Троицк, Қазан, Қызылжар қалаларындағы татар медреселеріне кіріп білімдерін жетілдірсе, біраз жігерлі тобы Петербуог, Варшава, Мәскеу, Киев, Том, Саратов сияқты ірі қалалар мен Түркияға, Мысыр, Шамға дейін кетіп, білім нәрімен сусындап қайтты. Бір кездері шоқынды болудан қорқып, оқу десе үрке қашатын алаш баласы ендігі жерде білім десе бас қоятын жаңа сапалық биікке көтерілді. Ал, студенттерді қолдау және оларды халыққа таныстару мақсатында жалпы ұлттық  «Қазақ» газеті арнаулы хабарлар басып, жазбалар жариялап тұрды. «Қазақ» газеті қазақ студент жастарының пікір алысып, түрлі тақрыпта ой бөлісетін ақпарат алаңына айналды. Білім қуған қазақ жастары өз кезегінде ұлт тағдырына қатысты тіл, жазу, денсаулық тақырыптарында қалам тербеп, халықты сауаттандыру жолында еңбек ете бастады. Төменде «Қазақ» газетінде жарияланған 1914-1915 жылдар шамасында ірі қалаларда білім алған қазақ студенттері туралы хабарларды жинақтап, оқырман назарына ұсынбақпыз.

«Қазақ» газетінің бас шығарушысы Ахмет Байтұрсынұлы өзі айтқандай, «Қазақ» газеті – халықтың көзі, құлағы һәм тілі болды. Жоғары оқу орындарында оқитын қазақ студенттерін жұртқа таныстыру мақсатында, «Қазақ» газеті 1914 жылы 23 ноябр  №87 санында 7 түрлі сұрау сұрап, ірі қалаларда оқитын қазақ студенттеріне сәлем жолдайды. Қай қалада, қанша студент, қандай мамандықта, үкіметтен степендия алуы мен өз күшімен оқуды тб сияқты мәліметтерді сұрап жазған жазбаға, студенттер жауап жазып, өздерін таныстырып отырды. Қазақ студенттері сол уақыттағы ең қажетті ауыл шаруашылық, мал дәрігерлік, медициналық, заңгерлік сияқты мамандықтарда білім алды.

Петроградтағы қазақ студенттер

1) Мұстафа Шоқаев (Сырдария облысы, Ақмешіт уиезі – заң факультеті); 2) Ғаббас Жансұлтанұлы Сейдалин (Қостанай уиезінен, Торғай облысынан – заң факультеті); 3) Ыдырыс Оразалин – (Семей облысы, Павлодар уиезінен – ауыл шаруашылығы институты); 4) Шаһмардан Сейтұлы Капсаламов – (Ферғана облысы, Наманганнан – ауыл шаруашылығы институты); 5) Жәңгір Сәлімкерейұлы Жантөрин (Поли-технический институттың экономический бөлімі).

Варшавадағы қазақ студенттер

Варшава ветеринарный институтында 4 қазақ студенті: 6)Әшірбек Шалымбеков (Семей облысы); 7) Әбілмәжін Күшіков (Семей облысы)); 8) Жақып Сұлтанаев (Жетісу обылсының қырғызы); 9) Ахмет Тұнғаншин (Торғай облысынан).

Киевте қазақ студенттер

10) Хамза Нұрданұлы (Сырдария облысы, Әулие-ата уиезінен – заң факультеті); 11) Жүсіпбек Жақбайұлы (Жетісу облысы, Үлкен Алматы елінен – медицина факультеті); 12) Шүленбай Оралбайұлы (Орал облысынан – ауыл ашруашылық факультеті); 13) Әбілмағжан Балтан ұлы Орал облысы, Ілбішін уиезін– ауыл шаруашылық факультеті).

Саратовтағы қазақ студенттер

Саратовта университетінің медицина факултетінде оқиты стеденттер: 14) Есенғали Касаболатов (Орал облысынан); 15) Ықылас Шұғылов (Орал облысынан);  16) Батырғали Жүсіпғалиев (Астрахан губерниясынан); 17) Ахмет Ниязов (Астрахан губерниясынан); 18) Ғұмар Есенқұлов (Орал облысынан);  19) Бақытғали Бейсенов (Орал облысынан).

Мәскеудегі қазақ студенттер

20) Ғабдрахман-бек Оразаев (Түркістан өлкесі, Марғыланнан – заң факультеті); 21) Халел Ғаббасов (Семей уиезін – Физика-математика факультеті); 22) Сатылған Сабатаев (Жетісу облысы, Алматы уиезінен – ауыл ашруашылық институты); 23) Тел Жаманмұрынов (Торғай облысы, Ырғыз уиезінен – ауыл ашруашылық институты); 24) Нәзір Төреқұлов – Қоқан қаласынан – Коммерческий институт); 25) Ақ-қағаз Досжан қызы (Торғай облысы, Ақтөбе уиезінен – дәрігерлік); 26) Таным Құлекен қызы (студент Сабатаев келіншегі. Торғай облысы, Ырғыз уиезінен Повивалный институт).

Томскіде қазақ студенттер

27) Асылбек Сейітов (Семей облысы, Павлодар уиезіні – медицина факультеті); 28) Әлімхан Ермеков (Семей облысы, Қарқаралы уиезін – технология институтында).

Қазанда қазақ студенттер

29) Әбубәкір Иманов – (Торғай облысы, Қостанай уиезінен – заң факултеті); 30) Мұқыш Боштаев  – (Семей облысы, Павлодар уиезінен – заң факултеті); 31) Базарбай Мәметов  –  (Жетісу облысы, Лепсі уиезінен– заң факултеті); 32) Шапағат Бекмұхамедов  – (Астрахан губерниясы, екінші окруктан – заң факултеті); 33) Иса Қашқынбаев (Орал облысы, Ілбішін уиезінен  – медицина факультеті); 34) Иса Қисықов – (Торғай облысы, Ырғыз уиезінен – медицина факультеті);35) Бижанғали Жанқадамов (Орал облысы, Ілбішін уиезінен –  ветеринарный институт).

Жоғарыда аты аталған қазақ жастарының көпшілігі кейіннен жұрт қамын үшін түрлі салаларда еңбек етті. Кей бір талапты қазақ жастары, жастай қайтыс болып, арманда кеткендері де болды. Мысалы, Міржақып Дулатұлының Түркияда білім алып жүріп, жастай қайтыс болған Ғадылбек Бекмұхаметұлының қазасына қайғыра отырып жазған жазбасы бар. Міржақып Дулатұлы бұл жазбада Ғадылбектің Семей облысы, Зайсан үйезі Қара Ертіс еліне қарайтын Найман Бекмұхаммед молла Сатыбалды ұғылының баласы екенін, 1904 жылдары өзі сол ауылда мұғалім болып барып, Ғадылбекті алғаш оқытқанын жазады.

«Ғадылбек 1916 жыл 14 жасында Түркияға кетті. Түркияның Бурса шаһарындағы (Стамбұлдың ар жағында) түрік гимназиясы мектеп Сұлтанияға кірген. Онда 3 жыл оқып, 1919 жыл Стамболға келіп, дарул мұғалімге түскен. Ғаділбек дарыл мұғалімде 3 жыл оқығанда, барша сабақтас шәкірттердің алды болған. Дарыл мұғалімді бітіруге енді бір жыл қалғанда, көкірек ауруға шалдығып, 1918 жылы март айында 20 жасында ауруханада жатып опат болған. Ғаділбек ауру уақытында Россиядан барған оқушы жолдастары Ғазиз Байсейітұлы, Рахметулла Халитұлы, Нұрмұхаммед Тоқсанбайұлы (үшеуі де Зайсандық, алғашқы екеуі қазір Ташкентте, Нұрмұхаммед қазір Түркияның Измир шаһарында мұғалім) Ахмет Қуатпайұлы (Бұл Қытай қазағы, 19 жыл Түркиядан қайтып келе жатқанда жолда Батом шаһарында көкірек аурудан опат болған) Ғали Димышұғлы (Ақтөбе үйезінен. Бұл да қазір Ташкентте) Ғаділбектің қалын біліп қасында болған және де Түркиядағы күншығыс істерін қарайтын саяси ұйым Ғаділбекке ауырып жатқанда пұл жәрдемін беріп тұрған» («Ақ жол» газеті. №49. 1921.).

Ғаділбек марқұм өлуінен 20 күн бұрын конвертке салып жолдастарына хат берген. Мен өлгеннен кейін ашыңдар деп сондағы жазған сөзі– жолдастарым, кітаптарымды бөліп алыңдар, киімдерімді мұқтаждарың алыңдар, еліме хабар қылыңдар, жастай өліп арманда кетіп барамын деген.

Сау күнінде Ғаділбектің жолдастарына дәйім айтатын сөзі «оқуымызды бітіп, әттең елге жетсек мектеп, медресе ашсақ, көшпелі елдің басын қоссақ, надан бауырларымызды оқытсақ дейді екен», елге барғанда керек болады деп мектеп, медресселердің планын қағазға салып жүруші еді дейді.

Ғаділбектің сүйегі «скоптары» мазары деген белгілі бейітке қойылыпты.

Ғаділбектің жаназасына мыңнан артық шәкірт жиналып, дарул мұғалімі мүдірлері, модәріс мұғалімдер басшы болып, ту көтеріп апарып қойыпты. Қабір басында дарул мұғалімі бастығының орынбасары Ахман Шариф Әпенді мынандай сөз сөйлеген:

«Мынау көміп отырған жолдастарыңның кім екенін білесіңдер ме? Бұл дүниенің қай бұрышынан не мақсатпен келгені естеріңде ме. Бұл кешегі жолдастарың Ғаділбек зерек. Ғаділбек: мінезді жігерлі Ғаділбек! Сонау Қытай шекарасында жатқан түрік нәсілдес қараңғы қазақ ұлтын ағарту мақсатымен ғылым іздеп келген Ғаділбек!

Елі үшін қызмет қыламын деп ғылым жолында құрбан болған Ғаділбек; Ғаділбекті ұмытпаңдар, Ғаділбектен үлгі алыңдар!» деп даусы қалтырап көзінен мөлдіреген жас ағызды дейді («Ақ жол» газеті. №49. 1921.)

XX ғасыр басындағы қазақ жастары өте белсенді болып, оқу білімге жаппай ұмтылды. Алғашқы ұлттық баспасөздерді қолдап, жаңаша мектептер ашуға, медреселер салуға жаппай кірісті. Бұл үрдіс жыл сайын жалпыұлыттық сипат алып, қазақ оқыған жастарының алдыңғы легі қалыптасып, ұлттық қозғалыс, ортақ жазу тілі, териториялық тұтастық, ұлттық мүдде төңірегінде топтасып, жұрт қамы үшін аянбай еңбек ете бастады. Осылайша, алдыңғы буын зиялы жастар шоғыры қалыптасып, қазақтың жеке ұлттық мемлекет болуына алғы шарт жасады.

Абай Мырзағали

Республикалық «Мұнара» газеті

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394