Ержан Әбіш. Ресей азаматы алты жыл бойы медбірлестікті басқарып келген!
Медицина саласында тағы бір шулы істің шеті көрінді! Сот арқылы өз лауазымына қайта тағайындалған Шығыс Қазақстан медициналық бірлестігінің жетекшісі Юрий Приходько (суретте) қызметінен кететін болды, бұл жолы біржолата.
Шығыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау жүйесі айналасындағы бұрынғы шу енді ғана тынышталғанда жаңа бір шу көтерілді. Шығыс Қазақстанның көші-қон полициясы жуырда облыстық медициналық бірлестіктің басшысына қатысты жаңа деректерді жария етті, атап айтсақ, Юрий Борисович Приходько 2006 жылдың 15-сәуірінен бері Ресей азаматы болып табылады екен.
Шығыс Қазақстан облысы ішкі істер департаменті осы жайтты анықтап отыр. Аталмыш тексеруге ұзақ жылдар Приходько мырзаның жеке адвокаты болған Ерғазы Мусиннің облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Рашид Жақыповтың атына жазған өз қорғауындағы адамның, яғни Ю. Приходьконың азаматтығына қатысты арызы негіз болыпты. Өзінің арызында Ерғазы Мусин облыстық аурухананың бас дәрігері тарапынан болған бірқатар заңбұзушылықтарды қарастыруды өтінеді. Мұнымен қоса, адвокат бас дәрігерді Қазақстанның конституциялық және өзге де заңнамалық нормаларын қасақана бұзғаны үшін белгіленген тәртіпте жауапқа тартуды сұрайды.
Медицина саласында тағы бір шулы істің шеті көрінді! Сот арқылы өз лауазымына қайта тағайындалған Шығыс Қазақстан медициналық бірлестігінің жетекшісі Юрий Приходько (суретте) қызметінен кететін болды, бұл жолы біржолата.
Шығыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау жүйесі айналасындағы бұрынғы шу енді ғана тынышталғанда жаңа бір шу көтерілді. Шығыс Қазақстанның көші-қон полициясы жуырда облыстық медициналық бірлестіктің басшысына қатысты жаңа деректерді жария етті, атап айтсақ, Юрий Борисович Приходько 2006 жылдың 15-сәуірінен бері Ресей азаматы болып табылады екен.
Шығыс Қазақстан облысы ішкі істер департаменті осы жайтты анықтап отыр. Аталмыш тексеруге ұзақ жылдар Приходько мырзаның жеке адвокаты болған Ерғазы Мусиннің облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Рашид Жақыповтың атына жазған өз қорғауындағы адамның, яғни Ю. Приходьконың азаматтығына қатысты арызы негіз болыпты. Өзінің арызында Ерғазы Мусин облыстық аурухананың бас дәрігері тарапынан болған бірқатар заңбұзушылықтарды қарастыруды өтінеді. Мұнымен қоса, адвокат бас дәрігерді Қазақстанның конституциялық және өзге де заңнамалық нормаларын қасақана бұзғаны үшін белгіленген тәртіпте жауапқа тартуды сұрайды.
«Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Заңға сәйкес біздің отандасымыз басқа елдің азаматтығын алғанда Қазақстан төлқұжатына ие болу құқығынан автоматты түрде айырылады да, шетелдік болып танылады. Ал шетел азаматтары елімізде жұмысқа орналасуы үшін арнайы рұқсат алуы тиіс.
Медициналық бірлестіктің жетекшісі қос азаматтыққа рұқсат бермейтін Қазақстан заңынан еш именбей, еліміздің аумағындағы өзінің жұмысын заңсыз жалғастыра берген. Тексерушілер үшін оның ресми құжаты, яғни 1999 жылғы 16-қыркүйекте берілген жеке куәлігі болған, соның арқасында ол өзін Қазақстан азаматымын деп «растап» жүрген.
Естеріңізге сала кетейік, бұл облыстық медициналық бірлестік бас дәрігеріне қатысты алғашқы шулы іс емес. Мұның алдында ол қызмет орнынан еліміздің Денсалық сақтау министрлігінің ұсынысы бойынша босатылған-ды. Ол кезде астаналық дәрігерлер облыстық ауруханада орын алған бірқатар заң бұзушылықтарды анықтаған болатын. Бас дәрігердің жұмыстан шығарылуына Үржар ауданынан жеткізілген 18 жастағы жүкті әйелдің өлімі негіз болған.
- Алғаш рет Юрий Приходько облыстық медициналық бірлестіктің бас дәрігері қызметінен осы жылдың наурыз айында босатылған. Ол кезде бұл қадамға денсаулық сақтау министрлігінің арнайы тексеру нәтижесі негізіндегі ұсынысы себеп болған, - дейді облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Батырбек Аяғанов.
Сонымен қатар, Приходьконың атына өзге де бірсыпара арыз-шағымдар кеп түскен. Ауруханының бұрынғы дәрігерлері заңсыз жұмыстан шығару, жалақының негізсіз қысқартылу фактілері турасында айтқан, ардагерлер кеңесінің мүшелері тіпті Ұлы Отан соғысына қатысушылар үшін де көздің шелін (катарактаны) алып тастау оталары ақылы жүргізілетіні жөнінде жазған еді. Ал мұндай операциялар мемлекеттік тапсырыс есебінен тегін жасалуы тиіс болатын.
Коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындарда, ал аталған аурухана сондай кәсіпорын, еңбекақы бірқалыпты болып табылады, осыған қарамастан Юрий Борисовичтің жалақысының шамадан тыс жоғары болуы прокуратура қызметкерлерінің күдігін туғызған. Прокурорлық тексеру өткізіліп, оның қорытындысы бойынша бірқатар заң бұзушылықтар анықталған. Соның бірі - медициналық бірлестік жетекшісінің өзіне қомақты еңбекақы тағайындап алғаны.
Осылайша айғай-шумен қызметінен кеткен облыстық медбірлестіктің жетекшісі неліктен жұмыстан босатылғанын «түсінбей», денсаулық сақтау саласының шенеуніктерімен соттаса бастайды. Бас дәрігерді әріптестері мен қарамағындағы қызметкерлер де қолдап, «егер Приходько мырза қызметіне қайтадан келтірілмесе, жұмыстан жаппай кетеміз» деп билік өкілдерін қорқытады. Нәтижесінде Өскемен қалалық сотының шешімімен Юрий Борисовичтің жұмыстан босатылуы заңсыз болып танылған-ды.
Енді, міне, Приходьконың алты жылдай Ресей азаматы болып келгені анықталып отыр. Осы уақыт ішінде ол облыстық мәслихаттың депутаттығынан да үмітті болған...
Бақытжан Торғаев, облыстық ішкі істер департаменті мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының бастығы:
- Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясының шекаралық облыстары ішкі істер органдарының ынтымақтастығы аясында 2010 жылдың желтоқсанында 2011-2013 жылдарға Алтай аймағы мен Павлодар және Шығыс Қазақстан облысы ішкі істер органдарының бірлескен іс-шара жоспары бекітілген болатын. Осыған сәйкес Қазақстан Республикасы әкімшілік заңнамасын бұзушыларды анықтау бойынша Ресей Федерациясымен ақпарат алмасу қарастырылған.
Жақында азамат Юрий Приходько туралы ақпарат алынды. Атап айтқанда, Приходько Юрий Борисович 2006 жылдың 17-сәуірінде Ресей азаматтығын қабылдағаны анықталды. Ол Алтай аймағының Третьяков ауданы ішкі істер органы берген Ресей Федерациясы азаматының төлқұжатымен құжатталған. Қазақстан Республикасы Конституциясының 10-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы азаматы басқа мемлекеттің азаматтығын қабылдамайды. «ҚР азаматтығы туралы» Заңының 21, 30 және 31-баптарына сәйкес ШҚО ІІД көші-қон басқармасы ағымдағы жылдың 5-қарашасында азамат Ю.Б. Приходькоға қатысты Қазақстан Республикасының азаматтығын жоюды тіркеген.
Аталмыш басқарма тарапынан ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 380-2-бабының 2-бөлімі бойынша әкімшілік материал жиналған.
Осы бапқа сәйкес әкімшілік құқық бұзған тұлғаға 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеу жазасы немесе Қазақстан Республикасы аумағынан шығарылу шарасы қолданылуы мүмкін.
Вадим Овсяников, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы:
- Денсаулық сақтау басқармасы мен «Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасы» коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорының бас дәрігері Приходько Юрий Борисович арасындағы еңбек келісімшарты бұзылып отыр. Оған себеп, облыстық көші-қон полициясынан Ю. Приходьконың Ресей азаматы болып табылатынын растайтын хат келіп түскен. Ол 2006 жылдың 15-сәуірінен Ресей Федерациясының төлқұжатын алыпты. Солай бола тұра Юрий Борисович өзінің еңбек әрекетін жалғастырып келген болатын. Шығыс Қазақстан облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті берген жазбаша хатта Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 26-бабы 1-тармағының 4-тармақшасына сәйкес жергілікті атқарушы органның рұқсатынсыз шетел азаматымен еңбек келісімшартын жасауға жол берілмейтіні айтылады. Ю. Приходько Қазақстан азаматтығынан шыққанын жасырып келгендіктен, оған мұндай рұқсатты, әрине, ешкім берген емес. Мұнымен қоса, Еңбек кодексіне сай жұмысшымен келісімшарт жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзыла алады, егер жұмысшы қасақана жалған құжаттар немесе мәліметтер ұсынған жағдайда. Осы айтылған жағдаяттардың негізінде Ю. Приходькоға 2012 жылдың 14-қарашасында еңбек келісімшартының бұзылғаны туралы ескерту жөнелтілді.
«Masa.kz»