Жұма, 11 Қазан 2024
2450 1 пікір 15 Маусым, 2022 сағат 15:51

BI Group енді Антикордың сұрақтарына жауап береді

«Ковидке қарсы емделетін ауруханалар салған BI Group енді Антикордың сұрақтарына жауап береді. Қаржы министрлігінің аудиторлары миллионер Айдын Рахимбаевтың компаниясын тексеріп, бес аурухана бойынша қаржы бұзушылығын анықтады»,- деп жазды Protenge телеграм арнасы.

Пандемия кезінде кәсіпкер Айдын Рахымбаевтың компаниясы республика бойынша ауруханалар салған. Оған үкімет 74 млрд теңге бөлген болатын.

Арнаның жазуынша, Рахымбаев компаниясын тексерген есеп комитеті, BI Group бюджеттің қаржысына ауруханалар мен мектептер салып, құрылысқа кеткен шығынды көтеріп айтқан.

«Бюджетке Алматыдағы ковидті емдеуге арналған модульді аурухана құрылысына 573 млн теңгеге артық қаражат бөлінген. Себебі осы жобамен айналысқан BI Group-тың «еншілес компаниясы» «сметаға» көбірек ақша алып қойған.

Сонымен қатар, 2020 жылы BI Group-тың "еншілесі" бір модульдің құнын 14,4 млн теңге (жеткізу мен құрастыруды ескере отырып) деп көрсеткені анықталды. Биыл зауыттар мұндай модульдерді 2,9 млн теңгеден сатады, яғни 2020 жылғы бағадан бірнеше есе төмен.

BINOM Schools естеріңізде ме? Оларды да BI Group мемлекетпен бірге салып жатыр. Бастапқыда бір мектептің құрылысы 4,9 млрд теңге болатын. Бірақ есеп комитеті анықтағандай, олар Бюджет кодексін бұзып, бағасын көтерген. Сонда бір мектептің құны 63% - ға , яғни 7,9 млрд теңгеге дейін көтерген.

Рахымбаев пен мемлекеттің бірге салып жатқан  алты мектебінің құны- 47,24 млрд теңге тұрады»,-деп жазды телеграм арна.

Abai.kz

1 пікір