Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 5403 4 пікір 20 Маусым, 2022 сағат 14:06

Алтыншы оқ

Кеш түсе Құлансазда жел гулейді жағы сембей. Сарнауық жел үңірейген кеңістікке үрей үрлегендей, дел-сал бейуақ селк етіп, түршіге діріл қағады. Шөп басы қобыз шалып, сусылдап, сыңсып зар төккенде, сан-санақсыз жылап-сықтап, өкіріп-өксіген дауыстар қайта тіріліп, күңірене жөнеледі. Қылта қаққан қау селеу мен бидайық боз қырау шашын жайып, арлы-берлі теңселе боздайды.

Көз байлана жылаулы далада ымырт қойнынан үзіле мың-сан аруақ ұшып-ұшып тұрады. Ақ кебінін сүйретіп, бір-біріне соқтығыса теңселіп, Құлансаздың төсіне сыймай кетеді. Әрқайсысы өз зарын айтып, у-шу шырылдап жылап таң бозарып атқанша жүреді екен. Ел аузындағы аңыз солай дейді…

Аумағы ат шаптырым атырапқа мал келмейді, жан баспайды. Керуен жолы көгалды кең жазықтың жиегіне жете бере жалт бұрылып, сырт айналып кетеді. Селеуіне дейін сыңсып жылап, аруақ кезген бұл жерге маңайдағы жан баласы аттап басқан емес. Алда-жалда жүрегі дауалаған әлдекім әуестік билеп Құлансазды аралай қалса, шалғын арасынан ағараңдап, бүкіл алапта шашылып жатқан ақ сөңке сүйекті көрер еді.
Қара түнде Құлансаздың суық желі не деп сыңсиды?
Қара түнде Құлансаздың шалғыны не деп сыбырлайды?

1

Ай астында боз қылшығы қылаулап, бүлкектей жортқан көкшулан арлан әлдебір дәмемен ентелеп, боз төбенің басына шықты. Бойын улаған үміті тағы да алдап соққандай, аңырып тұрып қалды. Еңіске қарай ұп-ұзын боп созылып түскен өзінің селтиген көлеңкесінен басқа қыбыр еткен елес жоқ. Жым-жырт өлі дала. Сол бір қайнаған тірліктің ыстық суреті қайда? Ию-қию иісі мен думанды базар дыбысы неге жоқ? Қайда, қайда бәрі? Көкшулан арлан шоңқия кетіп, тұмсығын көкке соза ұлыды. Екі бүйірі солықтап, дауысын озандай созды. Опат болған, өлген күндеріне жоқтау айтып отыр. Ақ қылшығынан ай сәулесі сырғанап, тік шаншылған денесі тас мүсіндей қалшиып қалды. Шерлі өксік түнгі даланы күрсінтіп, шайқала кезіп жүр. Екі көзінен екі тамшы домалап түсті.

Арланның ұлитындай жөні бар еді. Шіркін, сол күндері бір дәурен еді-ау! Көк шалғында төңкерілген кеседей шоғыр-шоғыр үйірілген ақбоз үйлер. Шашырай жайылған отар-отар қой. Етектегі өзеннен қаптай көтеріліп, тай-құлындар шұрқырай асыр салған шұбардың үйірі. Күдері жал құла мінген, аққұба сұлу жүзді, дөңгелек сақал жас мырза бүркітін үйрекбас ердің қасына қондырып, қанжығасына бөктерген қызыл түлкінің құйрығы жер сызып, қырқадан қиялай түсіп келе жатады. Соңында сүмең қаққан қос тарғыл тазы. Жанындағы өңкей сал-сері нөкерлерінің бірі ән салып, біресе дабырласа күлісіп, қамсыз-мұңсыз желікті жас дауыстар кешкі тұнық ауада сыңғыр-сыңғыр қоңыраулайды. Әне, он екі қанат ақ ордадан басына ақ жаулық тартқан жас келіншек бұрала басып тысқа шықты. Кекілі ұйпаланған топ-томпақ сәбиді қолына көтеріп алған. Аяғын ырғала басқан сайын беліне түскен жуан қос бұрымының ұшындағы күміс шолпылар келіншектің сәніне наз қосқандай сылдыр қағады. Бала аттан түскен әкесіне қанатын жая талпынды. Мырза «әуп» деп көтеріп, бетінен шөп-шөп сүйді де, әуелете қайта-қайта лақтырып қағып алды. Қанатын жайып аспанға ұшқан сайын кішкентай сәби қызылиегін ырситып, көзін жұма сақ-сақ күледі. Мырза қасындағы үйріле ошарылған серіктеріне бұрылып, әлдене деген. Құндыз бөрікті, арықша сидам жігіт жүгіре басып барып, анандайдағы мама-ағашта байлаулы тұрған қан-қызыл жирен тайды жетелеп келді. Бітімі арғымақ болар, жұп-жұмыр қазмойын, жал-құйрығы күлтеленген жирен тай күміс жүгені жалт-жұлт етіп, басын шұлғып ойнақтап тұр. Жігіттің бірі арқасына әшамай салып, айылын тартты. Мырза «Әуп, бисмиллә» деп баласын әшамайға қондырды. Тізгінді қолына ұстатқызды. Өзі шылбырдан жетелеп, ауыл сыртына қарай аяңдады. Бірте-бірте жүрісін үдете, бүлкектеп жүгіріп еді, жирен тай басын шұлғып тастап, тайпала билеп, сужорғасына басты. Тақымын қысып, әшамайдың қасына қос қолдап жабысқан бала қақшиып тіп-тік отыр. Еңкейген күннің өтінде зорайып, шалғын бетінде өзімен жарыса сырғыған көлеңкесіне қарап: «Ой, мен қандай дәумін!» дегендей мәз-майрам…

Ал түнде тамсана қарап, қызыға-қызыға көздері жыпылық қаққан жұлдыздардың өзі ақ шоғыр ауылдың үстіне ағып-ағып түсетін. Осынау жердегі жәннатқа шынында да түнгі аспан тамсанса, тамсанғандай еді-ау. Әбден толып, жарығын молынан шашқан ай да төмендеп, төніп кеп тұрады. Алтыбақандағы әуелеген ән, күміс шолпының сыңғыры мен «Ақсүйек» ойнаған қыз-жігіттің күлкісі мүлгіген түнді бүйірінен қытықтап оятқандай…
Шоқы басында шоқайып отырған көкшулан соның бәрін көз аясына сыйдырып, хайуандық түйсікпен сүйсінгеннен қалай ұлып-ұлып жібергенін білмей қалатын.

Сауықшыл ауыл сарқылмас қуаныштың шәрбатынан талықсып барып, таң сызаттана ұйқыға бас қоятын. Енді тәтті тыныштықты маңтөбеттің анда-сандағы ауаны ауыз толтыра арп-арп қауып, керенау әупілдегені мен қой шетіндегі күзетшінің «айт-а-ай» деген ұйқылы-ояу үні ғана бұзады… Сол шалқып-төгілген шаттықты тіршілік базары қайда қазір?

Көкшулан арланның апаны сонау бір қалың шилеуітті ойпаңның қағаберіс қабағында болатын. Саркеріш жарлауытты үңги қазған, кең шұңқыр. Аузы ықтасынға қараған жайдақ. Айналасы күрегейленіп өскен қалың бұта, қопалы жыныс. Кездейсоқ үстінен дөп түспесең, көзден таса. Салқам төс көкшулан қаншық екеуі ақ қардың үстінде ойнақ сап, қылшығы ұшқындаған сезімді жұмыр сауырға әнтек секіре қонған күйі құшырлы ыстық құшақпен сағат бойы асылып, күйік тарқатып, талай бөлтірікті осында өргізіп еді. Көктемнің жауыннан кейінгі шуақты күні қандай рахат. Апанның алдындағы тепсеңде езуі ырсиып, бір бүйірлей керіліп жатқанда, бауырын жаңа көтерген бөлтіріктер өрмелеп үстіне шығып, бірі ырылдап құлағынан тістеп, тұмсығын жалап, енді бірі тырнағы үп-үшкір былпылдаған табанымен көзіңді аш дегендей басына ұрғылап, жан-жағынан еркелеп маза бермейді. Екінші бүйіріне аунап қалғанда, бөлтіріктер былп-былп етіп анандай жерге ұшып-ұшып түседі. Шәу-шәу етіп шуылдап, ойын көргендей таласа-тармаса қайта өрмелейді. Қып-қызыл емшектері салақтап, жантайып жатқан көкшулан қаншық көзін шала жұмып, бөлтіріктерінің ойынына елжірей қарап қояды.
Көкшулан өлердей қызғаншақ, ашуланса ештеңеден тайынбайтын сұрапыл, желке жүні тікірейіп арс етіп ала түскенде, қарманып дәрмен қылуың қиын, азуы қарпыған жерін опырып түсіреді. Ана бір жылы, мұның еркектік қуаты бойына сыймай булығып жүрген кезі, тастақты қырды тінте қағып, жалғыз жортып келе жатқан. Күрегейленген топ жыңғылдың түбінен сұржағал қаншық сылаңдап, құйрығымен қар сипай бұраңдап, жолын кес-кестей бергені. Бір рет қар басып, әлі арланның бауырынан өтпеген жас қаншық. Күйі келіп жүр екен, жұпары аңқып, бойды улап барады. Көзі сүлеленіп, құйрығымен бұрқ-бұрқ қар сабалап, бауырымен жылжи жақындап келеді. Мұның да ыстық қаны басына шапты. Құштарлық ойыны еліктіріп, бірінің үстінен бірі ойнақылана секіріп, қорс-қорс иіскеленіп, барған сайын жанаса, сүйкене түскен. Келесі сәтте алқынған ыстық деммен қос дене бір-біріне мінгесе кетті… Түн қараңғысында көкшулан басын жерге салып, кінәлі кейіппен өз апанына жасқана жақындай берген. Көкшулан анадайдан-ақ үстіндегі жат иістен мұның сырын сезе қойды. Азуын ақситып, күркірей ырылдап жуытар емес. Абайсызда атылып кеп алдыңғы сирағын шайнап тастағаны. Жаз бойы азап көріп ақсаңдап жүрді. Қарыспа кекшілдігі соншалық, сол жылы қарымай, апандары бөлтіріксіз бос қалған.
Сол бір сәттің елесі қайта оянып, бөлтіріктерінің жұпар иісі тұмсығына келгендей, кәрі арланның көзінен тағы да қос тамшы ыршып кетті. Ішіндегі күйігін озандай тартып, өксіп-өксіп жіберді.

Көкшуланмен бірге жортқаннан бері шилеуіттегі апаннан табан аударған емес. Жас мырзаның мал-жанымен тату, бір-біріне тиіспейді. Сиыр мен қой апанның маңында емін-еркін жусап, жайылып жүре беретін. Мырза ақылды, мейірбан адам еді. Ауылдың үлкен-кішісіне тыйым салып, бұларға тигіздірмейтін. «Қасқыр да қас қылмайды жолдасына. Бізден зәбір көрмесе, бұлар да өздігінен соқтықпайды. Дос бола білейік. Қастықтан қастық туады. Жамандықты кісі боп біз бастамайықшы» дейтін. Достық пейілді танып, бұлар да титтей қиянат қылып көрген емес. Тіпті мейірбан мырзаның мал-жанын қорғап, басқа жақтың ит-құсын жолатпайтын. Кең шиырлап, бұта-шиге сарып, «бұл – біздің аумақ» дегендей, белгі салып қояды. Шекара бұзған опасыздарға көкшулан екеуі талай рет жекпе-жек майдан салған.
Бірде қанға жаңа ауызданған ессіз бөлтіріктер апанға жақын кеп жайылып жүрген отарға тап беріп, екі қозыны жеп қойыпты. Сонда мұның көмейінен күркірей ырылдағанда, тұлабойы қалшылдап ашуланғаны-ай.

Ауыздарындағы қанды жалап үрпиіскен бөлтіріктерді бақырта талап өлтіріп тастай жаздаған. Амал жоқ, көкшулан екеуі түнделете жортып, қыр астындағы бөтен ауылдан екі бағланды арқалап әкеп, өлген қозылардың орнына қосып қойған.

Сол тып-тыныш тәтті тіршіліктің тұнығы бір-ақ күнде шайқалды ғой астан-кестен. Күздің қабарған суық күні болатын. Қыбыладан шаң көтеріп қара жел ұйтқып тұрған. Дауылмен араласып бір топ салт атты сау ете түссін ауыл үстіне. Аласапыран үрей, тау­қымет құйынын ала келгендей үйіріп. Сиық-сықпыты бөтен. Бастарында бес бұрышты қызыл темір жылтыраған үшкіл төбе қалпақ, ұзын етек сұр шекпендерінің белін жалпақ бұлғары белдікпен қынай буған. Келе сала арлы-берлі ойқастай шауып, мал-жанға бықпырттай тиді. Ауыл азан-қазан. Қой маңырап, сиыр мөңіреп, жылқы шұрқырап отар-отар, табын-табын, үйір-үйірімен айдап әкетіп жатыр, әкетіп жатыр. Арқаларына айқара асып алған таяқтары аузынан от бүркетін әлемет екен, жұлып алып, мал соңынан айқайына ойбайын қосып, у-шу жылап-сықтап жүгірген қатын-балаға кезеп бастарынан асыра тарс-тарс еткізіп от боратады… Ауыл жым-жырт. Әр үйдің босағасында шоқайып ұлып бір-бір ит қана қалды.

Көкшулан екеуі мазасыз бөлтіріктерін апан түбінде бауырларына басып, айналаға үрейлене көз тігіп жатқан. Жетім жұртта ұлардай шулап үріп-ұлыған иттердің дауысын естігенде, бір өксік еріксіз көкірегінен озандай суырылып, көкшулан тұншыға ұлып-ұлып жіберді.

Бір күні ұзын қыраттың бөктерінен семіз орқоян қағып, бөлтіріктеріне әкеле жатқан. Анандайдан жат иіс танауына ұрып, қалт іркілді. Жалына салақтатып асқан қоянды дүр сілкіп, жерге тастай салды. Қалың шиді айнала, жыңғылды аңғарды сағалай, тепсеңнің бетін табанымен тықырсыз шымшып басып, бұқпантайлап жақындап келсе, апанның айналасы қан-жоса, көкшулан мен төрт бөлтірік қызыл-ала қан боп жайрап жатыр. Қызылшақа жалаңаш дене. Терісін сыпырып алған. Сескеніп бойын тіктей бергенде, беталдынан бұрқ етіп от шашырады. Құлағының ұшы шоқ басып алғандай дызылдап, бір жақ көзін қан жуып кетті. Жалт бұрылып, қалың шидің үстінен қара доғадай иіліп ата жөнелген. Өкшелеген арсы-гүрсі дыбыс үзілер емес. Гүрс-гүрс лоқсыған от төбесінен оңды-солды ысқырып өтеді. Айналып бір қарағанда, от бүріккен таяғын үңілтіп анадайда атпен шауып келе жатқан қисық мұрын, жалбыраған мұртының астынан желп-желп ырсия ашылған жырық ерін сап-сары біреуді көрді.

Қуғын ұзаққа созылған жоқ. Көкшулан ашыққа шықпай, қақпа-қалтарысты сағалай зулаған күйі аздан соң кең аңғардағы қамысты қалың қопаға сып беріп сіңіп жоғалды. Қауіп-қатер, гүрс-гүрс ысқырған от… бәрі-бәрі аяқ жетпес алыста қалғанымен, жаңағы қисық мұрын мен ырсиған жырық ерін үрей шақырып көзіне шапталып қалды…

Көкшулан көкке қарап әлі ұлып отыр. Ай астында ақ селеудің ала жал теңізін оңды-солды шалқытып үйіре соққан өкпек жел өлексенің мүңкіген шірінді иісін дамыл-дамыл мұрынға әкеп ұрады.

2

Құлансаздағы ұзын-шұбақ көше боп созылған «Киіз қала» жым-жырт, қыбыр еткен кісі баласы жоқ. Бірі ұшып, бірі қонып, семіз, ауыр денесін әзер қозғаған қалың қарға қарқ-қарқ шулап жүр. Көше аузындағы ұзын белден бір қарайған құлады әзер-әзер ілбіп басып. Бұл мырза еді. Қолындағы үшкір темірмен күні бойы тышқанның інін қазып, еңбегі еш болып мүлдем күйреп келе жатқан беті. Екі алақаны мен саусақтарының ұшы ойылып қызыл-жауыр. Қосылып қау боп өскен қара-бурыл сақал-мұрттан бет-аузы көрінбейді. Бір жүріп, бір тұрып тәлтірек-тәлтірек теңселе басып, көшенің орта тұсындағы төрт қанат қараша үйге келді. Қыңқылдап ыңырсыған әлсіз дауыс шалынады еміс-еміс. Үйдің ығында бір қырымен қылжиып жас келіншек жатыр қалың қара шашы қобырай жайылып. Ашық қалған аузына көк шыбын үймелеп апты жыбыр-жыбыр. Көйлегінің өңірін айқара жыртып, қос омырауын ашып тастаған екен. Салбыраған құр теріні қауға бас қара бала алма-кезек солпылдатып сорады да, таңдайына талғажу бармаған соң ыңырсып жылаған болады. Дыбыс шығарып жылауға әлі жоқ. Мойны қылқиып үзілердей боп тұр. Биыл үшке келіп еді. Құлдыраңдап жүгіріп жүрген бала аштықтан тәлтіректеп тұруға шамасы жетпей, мешел боп отырып қалды. Өлген шешенің қу шандыр төсін сорып, жұлқылап, ішіндегі жыланы бол-бол деп жанын суырып барады. «Қиналдың-ау… не қайран қылам? Әлде!..» Шарасыздық қамауында аласұрған сорлы әке қолдан келген жақсылығым осы деген ессіздікпен қонышынан күміс сапты сапысын суырып алып, баланың үзілгелі тұрған қылдай мойнына кезей берді де, қолы сылқ түсіп, тізерлей кетті. Сәлден соң ақыл тапқандай жүзі сергіп, жөн деген ісіне бекінген ыңғаймен серпіле көтерілді. Сапымен білегінің көктамырын орып жіберіп, баланың аузына тосты. Жайымен аққан жылымшы қанды аш, обыр ауыз құныға сорды. «Құлыным, сен аман болшы, бір сәтке болса да, жаның тынышталсыншы, жарығым!» деп әке жүрегі соңғы қуатын салып, дүрсіл қағады. «Сен сөнбеші, сен өлмеші» деп өмірінің соңғы сәулесін беріп жатыр. Қадалған обыр ауыз әлсіз тәннің бар қуат-нәрін суыра сорып қат­ты да қалды. Жылымшы қанмен бірге өмірдің соңғы тамшысы сөніп бара жатқан сәбидің талықсыған таңдайына тамып жатты.

Мырзаның көз алды қарауытып, зор, қаусаған денесін билей алмай, әйелінің жанбасына басын сүйей жантая берді. Ес-сана шегініп, қара тұман тұңғиыққа шым батып шомып барады.

Жыланы қайтып, жаны сәл тыншыған бала басы бір жағына қисайып, қалғып кетті. Қан жалаған күшіктей қызыл-жағал аузы әнтек ашылып, құр-құр дем тартады.

Әйелдің үстінде жыбыр-жыбыр үймелеген көк шыбындардың қара бұлты енді жырыла жөңкіп, ызыңдаған күйі мырзаның бет-аузына қона бастады.

3

Жылай-жылай баланың сілесі қат­ты. Шыжғырған ыстық, быжынаған шыбынның астында дәрменсіз халмен анда-санда өлеусірей ыңырсып, талықсып бара жатты.

Әнеукүнгі қуғыннан кейін көкшуланның Құлансазға аяқ басып тұрғаны осы. Шилеуіттің шетінде бұқпантайлап, айналаға тұмсық төсей иіс тартты. Бөлтіріктер мен көкшуланның иісін іздеді. Өткендегі көргеніне көңілі әлі иланар емес. Белгісіз соқыр үміт жүр-жүрлеп жетелеп әкелген. Өзінің керіліп-созылып бөлтіріктерін бауырына басып жататын апанына жақындап келгенде, теңкиіп-теңкиіп ісініп қап-қара боп жатқан өлекселердің шірінді иісі тынысын қапты. Көкшулан шоңқайып отыра кетті. Көкірегінен күркірей атылған көк жалын өлі даланы дар-дар жаңғырта ұзақ озандады.
Шерге булыққан жетім арлан қос бүйірі солықтап, ши түбінде жер бауырлап қанша жатқаны белгісіз. Кенет құлағы әлдебір әлсіз дыбысты шалғандай болды. Басын әнтек көтерді. Тымырсық ыстықта анда-санда үлп еткен жел қинала ыңырсыған ыңылды дамыл-дамыл үзіп жеткізіп тұр. Таныс үн. Мырзаның ақбоз үйінің жанында құлдыраңдап жүгіріп жүретін кекілді бүлдіршіннің дауысы. Бірақ бүйтіп ыңырсымайтын. Әкесі әуелете лақтырып, қайта қағып ап еркелеткенде, қуана шыңғырып, сақылдай күлетін.
Көкшулан дыбысты қуып, бүлкектей жөнелді. Киіз қалаға жақындаған сайын өлексенің борсыған иісі тұншықтырып барады. Қараша үйдің қасына жеткенде, быжынаған шыбынның талауында талықсып жатқан баланы көрді. Етегінен тістеген күйі анадайдағы талдың саясына сүйреп апарды. Күнсіп оттай жанған маңдайын, алқымын айналдыра жалады. Аузына тілінің ұшын сұғып еді, талмап, әлсіз жұтынғандай болды. Бұлақтан сылп-сылп су ішіп кеп, тағы аузына тілін салды. Енді бала сәл ес жиғандай солпылдатып сора бастады. Қасқыр сілекейін молынан шұбыртып, күшіктерін асыраған әдетімен, арасында құсығын да лоқсып қояды. Бала бірте-бірте әл жиып, көзін ашты. Көкшулан жалт бұрылып жорта жөнелді.

Сары жонда сағымдай көшіп қалың киік жайылып жүрген. Қасқыр ық жағынан баспалап, арқан бойы таяп келгенде, оқшырая қарап қойып, табын шетінде оқшаулау жайылған ирек мүйіз, кең танау теке қатты пысқырынып, орғи секіріп ата жөнелді. Дүр етіп жапырыла төңкерілген қалың табыннан үзіліп, жаңа аяқтанған лағына қарайлап шегіншектеген саржағал ешкіні көкшулан бассалып, жерге бір аунатып алды. Тісін батырмай, желкесінен баса жаншып, біраз есеңгіретіп алғаннан кейін босатты. Қалш-қалш етіп шошынған ешкі енді қасқырдың алдына түсіп алып, қайырмақтаған жағына қарай дедектеді де отырды. Тал түбінде қалқайып отырған балаға жақындай бергенде, ес көріп, құтқаршы мені дегендей маңырап жіберді. Көкшулан ешкіні желкесінен тістеп, құйрығымен қағып, баланың алдына жетелеп әкеп жықты. Сол күйі тырп еткізбей басып жатты. Тырсиған желіні бұтына сыймай сыздап тұр. Көзін бір ашып, бір жұмып отырған бала ұшынан сүт шыпшып шошайып тұрған қос емшекті көргенде, апасының ақ мамасы есіне түсіп, аузын ашып, қомағайлана ұмтылды. Қадала сорып қатты да қалды…
Екі-үш күнде бала әл жиып, еңбектеп жүретін болды. Енді өзі де тынымсыз қыбырлап, бұлақ басында жайылған ешкіден бір елі айрылмайды. Ешкі ұзай берсе, не қашайын дегендей болса, қасқыр ырылдай арс етеді де, қайырып алып келеді. Алға созған аяғының үстіне басын қойып, бір көзін ашып, бір көзін жұмып, анадайда аңдып жатады. Көп өтпей бала мен киік бір-біріне үйренісіп, ана мен баладай бауыр басып алды. Бала талтаң-талтаң басып, ешкінің соңынан қалмайды. Ешкі желіні сыздағанда өзі мекіреніп, емшегін тосады. Үшеуі өлік сасыған киіз қаладан ұзап, өріс қуалай кең сахараға ендей берді.

Киік емген бала тез қуат жиып, күн санап жетілді. Түз тағысына ілесіп, тынымсыз қозғалыста дамыл таппай жүгіретіндіктен, аяқ-қолы созыла серейіп өсіп, сіңірлі, серпінді, шымыр бола түсті. Қасқыр анда-санда қасына келіп, өнебойынан сау жер қалдырмай жалайды. Сілекейін жағып, ұсақ бүртікшелері бар тұтқыр тілімен тарақтай жалағанда, сүйсініп жатып ұйықтап кететін. Бірте-бірте денесіне қарайып, үлпілдеген тығыз түк қаптай бастады. Суық түсе қасқыр бұларды қайырып әкеп баяғы киіктің табынына қосқан. Шашы жалбырап бет-аузын жапқан, белі бүкшиіп алдыңғы екі аяғы жерге бір тиіп, бірде тимей шоқаңдап жүгірген белгісіз мақұлықтан алғашқыда қалың киік үркіп дүркірей қашқан. Сарыжағал ешкі де солармен ілесе тырағайлаған. Бірақ жол ортада қалт тұрып, біресе табынға қарап маңырап, біресе шоқалаңдап анадайда келе жатқан балаға қарап маңырап, ақыры кері қайырылған. Енесі мен лақтай табысқан екеуге қалың табын одырая қарап тұр. Әне, бұлар қорыққан құбыжық ешкінің бауырына тізерлей кетіп еміп жатыр. Мүйіздердің қалың қанжары жағалай самсап, бір басып, екі басып жақындай берді. Қорс-қорс пысқырып иіс тартты. Жоқ, бөтен емес, өз иістері. Сол күннен бастап бала қалың киіктің ішіне сіңіп кетті жатырқаусыз. Бірге өріп, бірге жусайды. Бірақ қанша жүйрік болғанмен кейде киіктерге ілесе алмайды. Тосыннан жалт бере төңкеріліп, ойдан-қырдан орғи жосығанда қара үзіп қалып қоятын. Ондайда аймүйізді екі ортеке оралып келіп, екі жағынан жанаса береді, бұл мойындарынан орай құшақтап, сауырларына аяғын соза асыла кетеді. Шүйгінді қуалай дамылсыз қозғалып, белден-белге асады. Жайылған жерде шаршап, бұл ұйықтап қалса, сарыжағал ешкі шыр айналып маңырап, қасынан кетпей тұрады. Түнгі суықта ықтасынға үйірілген табынның қоршауында бірінің бүйіріне арқасын төсеп, бірінің жаурынын құшақтай жып-жылы боп бұйығып жатқаны. Қыс түсе қалың табын төңкеріліп, түстіктің ұлы құмына қарай беттеді. Оты мол, ықтасыны көп. Анда-сандағы соқпа суықтың қақаған созалаңы жоқ. Түнде жауған қырбақ күн шыға бусанып еріп кетеді. Қыстың жайсыз күндері бала шағылдың күнгейін үңгіп, жып-жылы құмның ішінде басы қылқиып жататын. Тамағы түрлі шөптің тамыры, майшомыр мен ілгерінді-кейінді төлдейтін киіктің сүті…

Сары далада сағымдай сусыған қалың киіктің шоғырын шалып қалған көлденең көз араларындағы үсті-басын түк басқан, кісі басты, төрт аяқты мақұлықты неге жорырын білмей аңтарылатын. Адамнан азған құбыжықтың бірі ме, әлде киіктің жебеуші киесі ме кісі кейпіндегі елес боп көрінген? Қиялы жеткенше әркім әр саққа жүгіртеді. Біреулер баяғы Қара әулиенің ұрпағы – әйгілі Жарықбай бақсы Құлансаздағы ел аштықтан қырылғанда, ажалдан қашып, қара қобызын күндіз-түні боздата күңірентіп, адам болудан безініп, кісікиікке айналып кеткен-дүр деседі. Әйтеуір, бұл ауылдың аңшысы да, қарақшысы да кісікиіктен сескеніп, ақбөкенге мылтық кезенбейтін

4

Ымырт үйездеген ала-көлеңке бөлмеде төрт бұрышын төрт шөркеге шегелей салған шомбал шаршы үстелді екі жағынан өңгеріп екі еркек отыр. Төр қапталдағы күж желке, тапалтақ мосқал сары ықылық ата бір кекіріп, бетін тыржитты:

– Ой, Проша, жұмыс ауыр, қатты шаршап жүр едім. Анда-санда өстіп бой сергітіп тұрмасақ бола ма? Мынауың бап болды! – деді орталанған графинді көзімен сүзіп. Кеңсірігі бір жағына қарай жапырылған, қоянжырық жалқақ жирен елп етіп, бүйірлы екі тостағанға толтыра құйды. Екеуі үнсіз соғыстырды да, лақ еткізіп жүннің арасынан үңірейген апандай ауыздарына төңкере салды. Қоянжырық гимнастеркасының жеңін иіскеп, бір дем қимылсыз қалды. Күж желке мизер емес, үймелеген шыбынды ризығынан айырып, шошқа сүбесінің бір тілімін қылғытып жіберіп, шайнаңдай отырып, әңгімесін жалғастырды:

– Проша, бойлай сұраймын деп ұмытып кетем. Осы сен қай майданда жараланып жүрсің? – деді Прохордың езуін ырситып, иегіне дейін жанай созылған қып-қызыл айтыртыққа қарап.

– Колчактың бандысымен шайқаста қылыш тиген.

– Иә, революция қырандары не көрмеді! Одан бері он бес жылдан асса да, әлі тыныштық жоқ. Анталаған жау айналамыз. Ақтар, интервенттер, бай-кулактар, троцкистер мен бухариншілер, енді, міне, халық жаулары! Бұл не деген бітіп болмайтын кесел? Атып жатырмыз, атып жатырмыз… бітпейді! Өзің қаншасын аттың?

– Осы айда ма… аха, алпыс үшін.

– Охо, передовик екенсің ғой! Әбден еңбегің сіңіпті. Биыл наградаға ұсынамыз!

Қоянжырық үстелді төңкеріп тастардай апыл-ғұпыл атып тұрып, алақан ұшын шекесіне тіреді:

– Р…рақмет, жолдас комиссар! Совет Одағына қызмет етемін!

– Дұрыс, осы бағытыңнан тайма, қызыл әскер! Бүгін тағы төртеуіне үкім шығардық. Өзің… пух…пух!..

– Оны қатырамыз ғой, жолдас комиссар!

– Айтпақшы, мын киргиздардың оттап жүргені не сөз? Бір адам киік боп кеткен дей ме? Оған тиіскен кісіні киесі ұрады екен дей ме? Сондай сандыраққа кім сенеді? Бұл жабайы жұртқа не дерсің!

– Иә, сондай сөз бар. Бірақ ол жазадан қашып, киіктің арасында тығылып жүрген жау болуы да ықтимал ғой? Бұл жабайылардан бәрі де шығады!

– Ол да ғажап емес. Сақтық керек. Алдағы демалыста бой жазып, аң аулап қайтайықшы. Киік атамыз. Бәлкім, әлгі айтып жүрген құбыжыққа ұшырасып қалармыз?..

Ертеңінде күн құланиектене қоянжырық Прохор қасына екі айдауыл қосып, төрт тұтқынды арбаға салып жолға шықты. Өзі салт атпен қатарласа жортып отырды. Сұлыға жараған имек мойын қанжирен бесті шабыс тілегендей еліріп, ауыздығын жұлқа тартып келеді. Сар желіспен сүт пісірімдей жортып отырып, жыра-жықпылы көп бұқпа сайға жетті. Прохордың талай келген үйреншікті жері. Көктемгі қар суы орған биік аңғар. Топырағы босаң, борбас. Жер қазып әуре болмайсың.

Бастарына қап кигізіп, қолдары артына қайрылып байланған шалажансар төрт тірі өлікті былқ-сылқ еткізіп сүйреп түсірді де, жарқабақтың басына қатар тұрғызып қойды. Прохор қиядағы қызыл түлкіні көріп дегбірі қашқан қанқұмар аңшыдай демігіп, ерекше шабытпен көздері жайнап кетті. Әдейі арқан бойы шегініп барып, екі жігітке «көріңдер, халық жауларын, міне, былай атады» дегендей мақтанышпен револьверін кезеді. Прохор расында сұрмерген еді. Мүлт кеткен жоқ. Әр атқаны қарақұсқа кірш қадалып жатты. Мерейленген маңғаз қалыппен талтайып тұрып, револьвердің түтіндеген тұмсығын бір үрлеп, беліне қыстырды. Сылқ түскен төрт өлікті төрт теуіп, жардан төмен құлата салды. Екі айдауылға: «Беттерін жауып, қайта беріңдер!» – деп бұйырды да, өзі атқа қонды.

Бетті кең далаға түзеген соң, қарадай қос бүйірі тершіп, езуінен жапырақ-жапырақ көбік атып ауыздықпен алысқан қанжиреннің тізгінін жіберіп-жіберіп алған. Жатаған жоталар мен шоқ-шоқ ши қаулап өскен жазық алаңқайлар алма-кезек ат бауырына дөңгелене кіріп, түйдек-түйдек аунап қалып жатыр. Бидайығын тізеден кешіп, ұзын белеңге көтеріле бергенде, көз ұшында жыбыр-жыбыр толқып, қалың киік көрінді. Көкжиектің кенеріне сыймай сусылдап сырғып барады. Беліндегі тапаншасын суырып, ентелей ұмтылған. Ат дүбірінен жарыла жалт беріп, кең жазықта шашыраған жебедей жыпыр-жыпыр бір-бірінен озғындай созылды. Бірте-бірте қалың нөпірден үзіліп, бір қарайған кейіндей берді. Ұсқыны бөлек, жүрісі де сөлекет. Үстін түк басқан, жалбыраған ұзын шашты. Маймыл секілді бір қырындай тоңқаңдап жүгіреді. Әлгі кісікиік деп айтып жүрген құбыжық осы болмасын, сірә? Ойлап үлгіргенше екі ортеке орғытып келіп, қолтығынан мойындарына іліп алып, зымырай жөнелді. Тапаншаның таңдайына басқан жалғыз оқты жалма-жан басып қалған. Екі теке екі жаққа ойнап шыға берді. Сылқ етіп сұлап түскен құбыжыққа таяп келсе, кәдімгі адам, жап-жас бала. Екі көзі жайнап, ышқына шыңғырғанда, кеудесіндегі оқтың орнынан қып-қызыл қан дірдектей шапшыды. Ащы шыңғырық аспан астында қаңқ-қаңқ жаңғырығып шыр айналып жүр.

Ошарылып тұра қалған киіктер пысқырып, маңырап, тұяқтары сытыр-сытыр жерді солқылдатып, өлікке қарай беттеп келеді.

Шыңғырықты естіген бойда қанжирен қос танауы делдиіп, өз-өзінен аласұра кісінеп-кісінеп жіберді. Тұлабойы қалшылдап тік шапшығанда, Прохор шалқалап барып сауырынынан сыпырылып түскен. Ойнақтап шыға келген ат басын жерге салып оқыранып, өлікті шыр айналды. Ішін тартып баланы иіскелеп тыпыр қағып аласұрды. Тізгінге жармаспақ боп ұмтылған Прохорды жуытпай, жерді тарпып-тарпып жіберді де, құйрығын тік шаншып, құла түзге құйғыта жөнелді. Прохор соңынан далбақтай жүгірген. Қанжирен жанұшыра кісінеп ұзап барады. Қатігез жауыздықтан шошынғандай өксіп, еңіреп барады. Желбіреген жал-құйрығы бірте-бірте қанат боп жайылып, жерден қалықтай көтерілді де, самғаған күйі қас қағымда көкжиекке сіңіп жоғалды. Кісінеген дауыстың үзік-үзік жаңғырығы ғана ауада қаңқ-қаңқ қаңғалақтап жүр. Прохор өз көзіне сенер-сенбесін білмей аңтарылып қалған. Кенет шулаған киікті сырт айналып, бір тайыншадай қасқыр бұған қарай тұра ұмтылсын. Азуын сақ-сақ ұрып ырылдаған көкшулан арлан. Үйреншікті әдетімен тапаншасын белінен жұлып алып, шүріппесін жанталаса басты. Оғы жоқ тапанша қайдан от құссын, тастай салып, тұра зытты. Табаны жерге тиер емес, құс боп ұшты. Шинелін шешіп лақтырды. Гимнастеркасы да бір жерде қалды. Жалаңаяқ, жалаңбас шыбын боп шырқырап келеді. Екі аяқтының да мұнша жүйрігі болады екен-ау. Бірақ сұрапыл көкжалдың ырсылы бәрібір сәт сайын тақымдап баспалай түсті…

***
Қорғалаған толық ай иықтан аунап барады. Шалқыған селеудің ақ көбік шалқарында күмістің сіркесіндей қылаулаған мұнар қоюланып, көкжиектің шеңбері қусырылып келеді. Көкшулан әлі ұлып отыр. Қос бүйірі солқылдап, қыстыға озандаған сайын, былшық басқан кәрі көзінен оралмас өксікті өмір мөлт-мөлт домалайды. Осынау кең жазира атыраптағы қазандай қайнаған баяғы думанды, гүл-раушан райыс тіршілік бір-ақ күнде түп қопарыла көк аспанның тұңғиығына көшіп кеткендей. Мырза да, шолпысы сыңғырлап бұрала басқан сұлу бике де сол жақта жүр. Әне, кісікиік-баланы жалына орап, арқырай кісінеген қанжирен тұяғынан жұлдыз борап Құс жолымен құйғыта шапты…

Құлансаздың түн болса шалғын басында қобыз шалып жағы сембейтін сарнауық желі бәрін-бәрін естір құлаққа сыбырлап тұр-ау…

Тұрысбек Сәукетаев

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1471
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5420