Біртановтың тағдырын куәгерлердің сөзі шеше ме?
Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның көмекшісі Олжас Әбішевтің ісі жуық арада мәресіне жетуі мүмкін. Сот Біртановтың куәгер ретінде ұсынған адамдар тізімін қабылдап, өтінішін қанағаттандырды. Куә болатындардың көбі – министрлер. Біртанов өзінің Facebook парақшасында бұрынғы әріптестерінің сөздері Соттың әділетті шешім қабылдауына себеп болатынына сенім білдірді.
Сонымен Біртановтың сотында кімдер куәгер болмақ? Қараңыз:
«1. Асқар Ұзақбайұлы Мамин.
Қазақстан Республикасының бұрынғы премьер-министрі, Менің 12-13.06.2020 ж.Жамбыл облысына қызметтік іс-сапарымның, оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласына санитарлық авиация бортымен оралуымның мән-жайлары бойынша;
2. Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Ералы Лұқпанұлы Тоғжанов 2021 жылғы қазанда ҚР ЦДИАӨМ және ҚР ДСМ өкілдерінің қатысуымен ҚР-дағы Хорватия елшілігінің, «Эриксон Никола Тесла» компаниясының өкілдерімен келіссөздердің жүргізілуіне байланысты;
3. Бұрынғы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Қасымқызы Дүйсенова интероперабельділік платформасын әзірлеу бойынша конкурс өткізу, «Эриксон Никола Тесламен» келісімшартқа қол қою, оған өзгерістер енгізу және оны 2017 жылғы қаңтарға дейін іске асыру жағдайларына байланысты;
4. Мусин Бағдат Батырбекұлы, ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі, «2020-2022 жылдарға арналған платформаны енгізу жөніндегі жол картасын бекіту туралы» ҚР ДСМ-мен бірлескен бұйрыққа қол қою және іске асыру, сондай-ақ іске қатысы бар ҚР Денсаулық сақтау саласындағы цифрландырудың басқа да жобаларын іске асыру жағдайлары бойынша;
5. Марсело Бортман, Халықаралық қайта құру және Даму Банкінің (Дүниежүзілік Банк) Денсаулық сақтау саласындағы жобалар бойынша жетекші маман, конкурстық рәсімдерді өткізу, жеткізушіні таңдау, келісімшартқа, қосымша келісімдерге қол қою, оны іске асыру және аяқтау мерзімдерін ұзарту мәселелері бойынша;
6. Бақтыбек Жұмаділ, Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкінің (Дүниежүзілік Банк) жобалары бойынша аға маман, конкурстық рәсімдерді өткізу, өнім берушіні таңдау, келісімшартқа, қосымша келісімдерге қол қою, оны іске асыру және аяқтау мерзімдерін ұзарту мәселелері жөнінде сөз сөйлейді», - деп атап жазды экс-министр Біртанов.
Шенеуніктер сотқа өз еркімен келіп қатыса ма, әлде мәжбүрлі шақыртумен келе ме оны уақыт көрсетеді.
Елжан Біртановтың ісі бойынша тергеу 2021 жылғы 7 шілдеде аяқталған болатын. Тергеудің ресми шешімі бойынша, экс-министр Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішев жұмыс істемейтін ақпараттық платформаны қабылдап алған. Қазақстанның қаржы мониторингі агенттігінің деректері бойынша олар мемлекетке 1,5 миллиард теңге залал келтірілген.
Біртанов барлық айыптауларды жоққа шығарған еді. Өзіне тағылған айыптарды Қазақстан тарапы халықтың мұқтаж бөлігін дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз ету үшін сатып алатын «дәрілік препараттарды ұрлаудың» болжамды схемасымен байланыстырған. Ол бұл схемаға «шекара қызметі мен құқық қорғау органдарының рұхсатын пайдаланып» дәрі-дәрмекті шетелге алып шығатын ірі фармацевтикалық компаниялардың қатысы бар екенін айтқан.
Егер осы сот процессі кезінде Біртановтың шетелден шақырған мамандары министрлік қабылдаған ақпараттық жүйенің дұрыс жұмыс істейтіндігін дәлелдеп берсе, онда тек «санавиация ұшағын заңсыз пайдаланды» деген айып қана қалады. Осылайша, ол айыппұл төлеп, шартты жазамен сот залынан босап шыға алады.
Елжан Біртанов Денсаулық сақтау министрі қызметін 2017 жылғы қаңтардан бастап 2020 жылғы маусымның соңына дейін атқарды. Оның басшылығы кезінде коронавирус инфекциясы таралып, өте күрделі уақытқа тап келді. Сол кезде Біртанов әлеуметтік желідегі парақшасында коронавирустың асқынған түрімен ауырғандықтан қызметінен босату туралы өтініш бергенін жазды.
Айжан Темірхан
Abai.kz