Жұма, 22 Қараша 2024
Әдебиет 5092 0 пікір 30 Маусым, 2022 сағат 12:18

Алтын апа

Біз ол кісіні Бауыржан Момышұлының «Музей апасына» ұқсататын едік. «Музей апа» десек, дегендей-ақ жан еді өзі. Басына ұзын ақ шәлі салатын. Шәлісін жақсыз кимешегінің төбесінен бос тастайтын.  Онысы бір керемет сән болып, ерекше көрінетін. Кеудесіне өңірін күміс түймелер жапқан камзол киетін. Орта бойлы. Қаздиып тіп-тік жүретін. Кімге болса да тура қарайтын. Кең маңдайлы, қыр мұрынды аппақ апа. Тістері маржандай. Кемиектенген кемпірлерді көріп өскен біз Алтын апаның нұрлы жүзіне, қолмен тізгендей жақұт тістеріне қарап отыратынбыз.

Алтын апа қаладан келуші еді. Былғары қара сөмкесінің іші толы базарлық, ауыл баласына таңсық кәмпиттердің неше түрі: қалуа, мейіз, науат. Қара сөмкеден кейде алма мен өрік те шығып қалады. Алтын апаның ешқайда, ешкімнің бау-шарбағына бұрылмай, тура біздің үйдің кеп есігін ашатынына қуанатынбыз. Ол қалада тұратын. Қалада осындай әйбат апаның өмір сүріп жатқанына кейде таң қалушы едім... қала маған бұрқылдап ұрсып жүретін сарықарын орыс мәтушкелері ғана тұратын мекен сияқты еді.

Араға жыл, кейде жылдар салып келетін Алтын апа біздің атымыздан жаңылған емес. «Бейбіт қайда, оқуынды ма? Апыр-ай, сол қыз бөтен болып кете ме, қайтеді? Талдықорғанда оқып жүріп бір келмейді үйге». «Боран әскерге кетті ме?», «Қойшекең де ендіге оқуын бітіріп қалған шығар?», «Пәле, мынау Алмөшке ме? Селтиіп бой жетіп қалыпты өзі?».

Содан кейін «Мейірман деген аталарың болған» деп, әңгіме айтудан да жаңылмаушы еді, жарықтық. Алтын апа шаңырағымызға келіп қайтқан сайын Мейірман деген бейтаныс адамның есімі жадымда жатталып қала беріпті. Алтын апаның әңгімесінен ол кісінің бейнесін де қиялымда жасап алғанмын. Еңсегей бойлы, қалың қасты, тұнжыр қабақты, сақал-мұрты ну қара, өткір көзді, қараторы кісі. Ақын әлде ағартушы, ұстаз. Өкіметке қарсы болған. Қуғын көрген, жер ауған. Бірақ сынбаған, рухы түспеген. Өмір бақи Алтынын аялап өткен абзал ер.

Мейірман Ермектасовтың кейін жарияланған суретін көргенімде, бала қиялымда жасалған бейне мен өмірде болған адамның келбетіндегі ұқсастықты аңғарып таңырқағаным да бар.

Мейірман Ермектасов ерте оянып, қарашы халқының қамын жеп, шырқап оқыған, Алаш ардагерлерінің  сапынан табылған  ел ардақтысы екен. Осы арада оқырманға ұғынықты болу үшін, Мейірман Қашқынбайұлының өмірінен аз-кем дерек бере кетелік:

Мейірман Қашқынбайұлы Ермектасов 1888 жылы 2 қыркүйекте, қазіргі Жетісу облысы Ақсу ауданында туған. 1908 жылдары Қапалдағы татар мектебінде білім алады. 1908-1910 жылдары Қарағаштағы «Мамания мектебінде» мұғалім болады. 1910-1914 жылдары Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесінде тәлім алып «Ғалия» медресесін үздік бітірген соң, «Мамания мектебінде» мұғалімдік қызметін жалғастырды.

1920 жылы Жетісу губернесі Алматы қаласында ашылған мұғалімдер даярлайтын губерниялық курстың басқарушысы болып қызмет істейді.

1922 жылы Талдықорған уиезінің уиездік оқу-ағарту мекемесінің жұмысын басқаруды қолға алып, мұғалімдер даярлайтын курстар ашып, ағарту жұмысының өркендеуіне үлес қосады.

1923-1926 жылдары Лепсі уиезінің ағарту мекемесін басқарады. Лепсі уиезінде мектептер ашу, жетілдіру істеріне басшылық жасайды.

1926-1929 жылдары Қарасу ауылындағы мектепте басшылық қызмет атқарады.

1930 жылдың соңында Қытайға өтіп, Қаратас деген жерде қоныстанады.

1932-34 жылдары Бұлғыншы ақалақшының ауылында «Жабықбай мектебін» жаңаша үлгіде қайта салдыру ісін қолға алып, оқу-оқыту істерін жандандырады. Орыс, татар, ұйғыр тілдеріндегі оқу құралдарын өзі аударып, мұғалімдерге пайдалануға береді. Бұл мектепті 1942 жылға дейін басқарады.

1935 жылы Іле аймағындағы «Қазақ-қырғыз ұйшымасы» ұймдастырған, мұғалімдерге арналған «Тура-асу» жаздық курсында, басқарушы және оқытушылық қызмет атқарады. 1942 жылға дейін осындай түрлі орындарда ашылған мұғалімдердің білімін жетілдіру курстарына басшылық жасап, сабақ береді.

1943 жылы Сүйдін (Қорғас) ауданындағы Сарыбұлақ көпірлі мектебіне ауысып, мұғалім және басшылық қызмет атқарады. 1945 жылы Уақытша үкіметтің оқу-ағарту мекемесінде жұмыс істейді. 1946 жылы Іле аймақтық сот мекемесінің орынбасары болады.

1947 жылы Үрімжідегі өлкелік сиезге өкіл болып қатысады. Осы жолы кенет ауырып, Құлжаға қайтады. 1950 жылы науқастан айыға алмай, 3 мамырда қайтыс болады. 1956 жылы ұрпақтары елге оралды.

Бұл – Мейірман Ермектасовтың ресми өмірбаяны. Алтын апа да осының бірін қалдырмай айтқан шығар-ау, бірақ біз ол кезде бала болдық та, кейуананың бір сөзін ұғып, бір сөзін құлағымыздан қақыс қалдырдық. Ұққанымыз: отағасының соңында көп қағаз қалыпты, бәрі қолжазба. Ол не жазбалар екен? Өлеңдер ме? Аудармалар ма? Оқу-ағарту ісіне арналған ғылыми жұмыстар ма? Оқулықтар ма? Естеліктер ме? Сауатты, көкірегі даңғыл адамның көрген-білгенін хатқа түсіріп отыруы әбден мүмкін ғой. Бәлкім, қазан төңкеріп, қара дауыл тұрғызған заманнның шындығын деректермен дәйектеген шытырман оқиғалы тарихи жазбалар болар. Замандастары туралы, мүмкін алаш ардагерлерінің миссиясы жайында жазылған өмірбаяндық хамсалар болуы да ықтимал. Өкінішіке қарай, мен осы сауалдардың соңына түсіп, індете алған жоқпын. Тек жапырақтай қағаз қиындысына жазылған жарты ауыз сөзді көзім шалғаны бар. Меніңше, сол жарты ауыз сөзде коммунистер билігінен теперіш көрген Мейірман Ермектасовтың арғы бетке ауған елмен бірге кетуінің мәні мен мазмұны жатыр.

... 1990 жылдардың еңсені езген, ертеңгі күннен үміт үзіліп, тіміскі-тіршіліктің талабы тілерсекті тілген сүреңсіз күндерінің бірі еді. Талдықорғандағы жұмысшыларға арналған сұрқапталды жатақхана үйінің қасынан өтіп бара жатқанмын, «Мұсылмандар-ай, мұсылмандар!» деп зарлаған әйел дауысын естідім.

– Мұсылмандар-ай, мұсылмандар! Біреуің бұрыла кетіп маған нан әкеліп беріңдерші. Мұсылмандар-ей, барсыңдар ма?

Төбе құйқам шымырлап, жүрегім атқақтап дауыс шыққан жаққа қарадым. Жатақхананың үшінші қабатындағы балконда шашын жайып бір кейуана тұр. Қалтамдағы қара бақырларды қаққыштап, жақын маңдағы азық-түлік дүкеніне жүгірдім. Дүкеннің сөрелері жұтап қалған екен. Әйтеуір бөлке нан табылды. Нанды алып жатақханаға оралдым да балконда зарлап тұрған кейуананы жетектеп бөлмесіне алып бардым.

– Әже, міне нан. Жұмсағынан алып берейін, жеңіз.

Кемпір зарын үзіп, тың тыңдағандай бола қалды да:

– Үнің жылы, жаныма біртүрлі жақынсың. Сен өзі қай баласың? – деді. Сонда барып таныдым: Алтын апа. Сөмкесін базарлыққа толтырып, қаладан келетін аппақ, әйбат апа. «Музей апа».

Мен жайымды айттым. Алтын апаның жады берік екен. Мені асықпай тыңдап отырып, ауылдағы өзі білетін көзкөргендердің бәрін сұрады. Қайтқандардың артынан салауат айтты. Барына шүкір қылды.

Мен апамның халін сұрап, сүті мен нанын алып, әредік келіп кетіп жүрдім. Кейде аядай бөлмесіне қонып та қалатынмын. Сонда ол, жаны жәннатта болғыр, шалын есіне алып, баяғы әңгімелеріне оралатын. Кейде түннің бір уағында мықынын таянып дауыс салып, жоқтау айтатын. Қайран, бекзат Алтын апа...

Қаркөлеңке бөлменің төр жақтағы бұрышында аузын кендір арқанмен шандып буған қоңыр шифонер тұратын. Мен кіріп шыққанда кемпір сол қоңыр шифонерді көзімен бағады да жатады. Кейде мені танымай қалып:

– Сен менің Мекенімнің шығармаларын ұрлағалы жүрген қарақшысың, өкімет адамысың, кет, жоғалат көзіңді! – деп айқайлап шифонердің маңынан жүргізбейтін.

Бір күні мен Алтын апа жатқан темір кереуеттің астынан төте жазу түскен жапырақтай қағаз қиындысын тауып алдым. Әлгі қиындыда: «Мені ауған елге ес бол деп, Қытайға Ахаң жұмсады» деген сөз бар еді...

90 жылдары балапан басына, тұрымтай тұсына ауған заман болып еді ғой. Мен де күнкөрістің ырқымен Алматы кетіп, Алтын ападан көз жазып қалдым. Ол қайтті екен? Қызылордада жалғыз ұлынан қалған немересі, қыздары бар деп естуші едім, солардың бірі іздеп келіп, қолына алды ма, не істеді? Әсіресе, анау қоңыр шифонердегі қолжазбалар не болды екен? Білмеймін...

Дәурен Қасенұлы  

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321