Сейсенбі, 29 Сәуір 2025
Ғибырат 263 0 пікір 29 Сәуір, 2025 сағат 15:35

Шиелінің ардақты перзенті – Зәкім Жайлыбай

Зәкім Жайлыбай (24 сәуір 1941 – 11 мамыр 2012 ж.)

«Әттең, тонның келтесі-ай!»

Зәкім Жайлыбай 1941 жылы 24-сәуірде Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келген. 1958 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін Жаңақорған ауданындағы автобазада жұмысшы болып еңбек жолын ­бастайды. 1964 жылы ҚазМҰУ-дің филология факультетін бітіріп, 1965 жылдан Шиелі аудандық комсомол комитетінде бөлім меңгерушісі, екінші хатшы, 1968 жылдан Шиелі аудандық «Өскен өңір» газеті редакторының орынбасары, 1970 жылдан 2001 жылға дейін 31 жыл үздіксіз осы аудандық газеттің редакторы болды.

«Кермек тағдыр» атты тұңғыш кітабы 2008 жылы жарық көрді. Бұл еңбегіне қазақ елінің тарихы мен «халық жауының» ұлы болмысындағы кермек тағдырының сабақтастығын арқау еткен. 2010 жылы оқырман қолына тиген «Кодекс Куманикус – бабалар болмысының баяны» атты зерттеуі халқымыздың тарихи-тілдік құндылығы, ескі қыпшақ тілінің ең іргелі ескерткіші «Кодекс – Куманикуске» арналған. Ал автордың «Жамағат жадындағы Жақаев» атты үшінші еңбегі дарабоз диқан, дала академигі, екі мәрте Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың 120 жылдығына тартуы. Мұнан соң «Күн көзінде мұз жатпас» деген кітабымен толықты...

Зәкім Жайлыбайдың әріптес інісі Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Қазақстанның Құрметті журналисі», Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» Сәрсенбек Бекмұратұлы Зәкім ағасын еске алғанда:
«Жайлыбаевқа арналып естелік кітап шығарылып жатқанда үлкен ұлы Еркін: «Барлық кітабын компьютерде терген Гүлжан Құрманованың түсіне әкем кіріп, оған кітап сыйлапты. Кітаптың түсі көк, атауы «Сырласу» екен. Құрманова естелік кітапқа түсінде көрген атауды қоюды ұсынып отыр. Отбасымызбен ақылдасып, біз де соған тоқтадық. Кітаптың редакторы әрі құрастырушы ретінде бұған қалай қарайсыз?» деді. Қалай қарайтыны бар, Зәкеңнің өзі ана дүниеде жатып, өзі туралы кітаптың атын өзі қойса, қалай келіспейсің. Кітаптың атын бұрын «Жамағат жадындағы Жайлыбаев» деп атап, суретшіге тапсырыс беріп қойғанбыз, әлгі әңгімеден кейін аруақ қойған атауға өзгерттік. Мұқабаның түсі де көк бояумен безендірілді. Ғажап! Зәкең өзі өмірден өткесін жазылған 50 естелікпен және олардың иелерімен ана өмірде жатып-ақ сырласпақшы болғаны ғой. Осыдан кейін аруаққа, түске қалай иланбайсың...

Суретте: Зәкім Жайлыбай, Шәкен Әбдірейімұлы және Әбдірешіт Тойлыбайұлыұ. Құлжа қаласы.

Зәкең мұң тілімен жөргегінде танысса да, барынша кішіпейіл болып, ешкімге кек сақтамай, мейірімді болып өсті, кісіге қиянат жасамайды. Жесірі – Зылиха Дәуітова «Сырласу» деп аталатын естелік кітабында: «2009 жылдың май (мамыр) айынан бастап маған ауру пайда болды... Таңертеңгісін шәйға зауқым жоқ, дастарханға барғым келмейді. «Зылиха, дастарханға келіп отыр, балалар, бәріміз қамкөңіл болмай бірге отырайық» дейді Зәкім. Амал жоқтан келіп отырамын. Күнде: «Күліп жүр, күліп жүрсең денеңе ет жиналады, қабағыңды түйіп жүрсең, денеңе дерт жиналады» деп ескертіп отырады...» деп жазды. Жанының жайдары, жанұясына қайырымды, жарына мейірімді екенінің бұл да жарқын көрінісі» деп толғанады автор.

Қуаныштысы сол, ұрпағы ізін өшірмей, жалғап келеді. Адам ұрпағымен мың жасайды деген осы емес пе! Өмірінің соңғы 10-13 жылын Алматы маңында «Алмалыбақ» кентінде өткізді. 2012 жылы 72 жасында дүниеден озды... Топырақ та сол жерден бұйырды.

Зәкім аға өмірден өткенімен ескерусіз қалмады. Соңында қалған ұрпағы үлкен ұлы Еркін бас болып, көзі тірісінде бас­падан шығарып үлгермеген әр жылдары мерзімді баспасөзде жарық көрген саяси қуғын-сүргін құрбандары, Отан үшін от кешкен майдангерлер мен Сыр диқандары туралы жазылған тартымды мақалаларын, сондай-ақ, тәуелсіз еліміз жайындағы ой-толғамын жинақтап, көлемі 30 баспа­ табақтан асатын әсем безендірілген, қатты мұқабалы «Тіршілік таңына тағзым» деп аталатын бұл жинақ Зәкім Жайлыбаевтың ұзақ жыл тірнектеп жинаған маңызды мәліметтер мен дәйекті деректердің басын құраған көрнекті еңбек болды.

Зәкім Жайлыбай зейнетке шыққаннан кейін 2004 жылдан өмірінің соңына дейін еларалық «Қазақ Елі» газетінде бас редактордың орынбасары қызметін атқарды. Ол Тәуелсіздік туын тіккен қазақ еліне адал қызмет етті. Педагог болып бала, ұстаз болып шәкірт, журналист болып болашақ қаламгерді тәрбиеледі.

Шиеліде Жайлыбаевты танымайтын, атын естісе елеңдемейтін адам жоқ шығар, сірә. Әкеден жеті айлығында қалып, жеті жұртқа мәшһүр болған Зәкім Жайлыбай бейнесі мен бейнелі көркем сөзі оны білген, шығармасын оқыған жұртшылық жүрегінде сақталатынына сенеміз. Ақжарқын күлкісімен, биік парасатымен, терең білімімен ел есінде қалды.

Өмірден көргені мен ойына түйгені көп Зәкім Жайыбай аға қай жанрда қалам тербесе де әлеуметтік, тарихи, ұлттық дәстүр төңірегінде жеріне жеткізе жазады. Журналистиканың бүгінгі жайы, келешегі тарлан қаламгердің назарынан тыс қалмаған.

Қазақстан ­Журналистер одағының мүшесі Зәкім ­Жайлыбай 5 кітаптың авторы, әр жанрға қалам тербеген, құлашын кеңге сермеген журналист, жазушы, көсемсөзші және ақын еді. Ол – тағдырын қаламға тапсырып, саналы ғұмырын шығармашылыққа бағыштаған жанкешті жан еді.

Шиелі ауданының жұртшылығы Зәкім Қалмағамбетұлын редактор, қаламгер ретінде ғана емес, азамат ретінде де құрмет тұтты. Ол қанша жыл редактор болса, сонша жыл аупарткомның мүшесі, аудандық кеңестің депутаты, кейінгі жылдары аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болды. Мұның бәрі елім деген бір азаматқа аз құрмет болмаса керек. Шиелі ауданың «Құрметті азаматы» атағы берілді. Зайыбы, ауданның үлгілі мұғалімі атанған Зылиха Кеуілімжайқызы Дәуітова екеуі 5 ұл-қыз өсіріп, олардан оннан астам немере сүйді. Зайыбы демекші, Зылиха Кеуілімжайқызы да араға оншақты жыл салып, 2020 жылдың басында өмірден озады. Балалары, ағайын-туысы ақ жауып, арулап мәңгілік мекеніне шығарып салды. Ер азаматының қасына жерленді. Жаназа асына жиналған замандастары, әріптестері, шәкірттері, көзкөргендер ұлағатты ұстаздың жақсы қасиетін, өнегелі ісін 55 жыл бірге отасқан қос Зәкеңнің тату-тәтті өмірін, ағайынға адалдығын, досқа мейірімін көздеріне жас алып, толқып әңгімеледі...

Зәкім ағамыз тірі болғанда осы жылы 84 жасқа толып, ағайыны мен ұрпағының, дос-замандасының ортасында марқайып отырар еді-ау. «Әттең, тонның келтесі-ай!» деген осы ғой...

 «Зәкім аға, сіз нағыз ұлы адам екенсіз»

«Тағдыр» деген осы бір сөздің астарына үңілсеңіз, жұмыр басты пенденің қамшының сабындай ғұмырының қилы тағдыры көз алдыңызға елестейді. Сол тағдыр адамды сан адаммен кездестіріп, сан адаммен достастырып, сан адаммен жауластырып та үлгіреді. Әр адамның тағдыры әр қилы. Біреулер өмір өзенінде қайығының ескегін есіп алаңсыз жүзіп кете барса, ал кейбіреулердің қайығы қарысы соққан дауылға тап болып астан-кестені шығып жатады... Сенің бағыңды ашашын да, сорыңды суша қайнатын да осы тағдыр. Оған көнбесіңе шараң да жоқ?!

Мен халықарлық «Қазақстан заман» газетінде тілші болып үш жыл жұмыс жасағаннан кейін 2004 жылы еларалық «Қазақ елі» газетіне жұмысқа ауыстым. Онда да «Қазақ елі» газетінің бас редакторы Бақыт Сарыбалаұлы: «Әлімжан, бізге келсеңші. Өзің шетелден келген қазақсың, сенің табиғатың біздің газетке келеді ғой» деген соң бұл өтінішке бірден келісім берген едім.

«Қазақ елі» редекциясына алпысты алқымдаған, орта бойлы, қыр мұрынды, қаршыға көзді, бурыл тартқан қою шашын артына қайырған ақ сары кісі мақала әкеліп жүрді. Өзін ширақы сезінетін, айтқан сөзін мәнеріне келтіріп сөйлегенде кез келген адамды аузына қарататын бұл адамға сіз алпыс емес, елу жасты да қимас едіңіз. Бірақ оның маңдайына түскен терең сызықтардан тағдырының онша мәз болмағанын аңғару да қиын емес тұғын. Мен алғашында бұл кісіні шамасы тарихшы болар деп жүрдім. Өйткені газетке берген мақалаларының көбі тарихи адамдар мен тарихи жерлерге қатысты зерттеулер болатын. Оның «Сығанақ қыпшақ даласының айлағы», «Шындығы құпия Шыңғыс хан», «Тоныкөк, күлтегін және Білге қаған», «Томирис (Тұмар)», «Биік Бастаманың   белгісіз беттері немесе «Елім-ай» авторы кім», «Еділ батыр. Атилла», Александыр Македонский (Ескендір Зұлхарнайын)» т.б. секілді зерттеу мақалалары мені қатты қызықтыратын. Сонда бұл адам кім болды екен дейсіз ғой. Бұл «Кермек тағдыр» мен «Кодекс куманикус» кітабының авторы, қарт журналист Зәкім Жайлыбай еді.

Кейін З.Жайлыбай «Қазақ елі» газетінің орынбасары болып келді. Бұрыннан жүзі таныс ағамен тез тіл табыстық. Әсіресе, Зәкім маған аға, ал мен оған іні болып, тонның ікі бауындай араласып кеттік. Автордың маған тарту еткен «Кермек тағдыр» деген кітабына: «Бауырмалдығымызға біте түспесін, татулығымызға түте түспесін», – деп жазып берген жылы лебізіндей еді. Кейде хабарласуымыз сиреп бара жатса Зәкім ағам өзі телефон шалып: «Інім, барсың ба? Хабарласпай кеткеніңе қарап, мен сені шекара аттап Шығыс Түркстанға кетіп қалған шығар деп жүрмеймін бе?..», – деп қарқылдап күле сөйлеп, әзілдеп жататыны тағы бар. Зәкеңнің кішіпейілдігі мен парасаттылығы кез келген адамның жүрегін елжіретеді. Үлкен-кіші демей бәрімен ағынан ақтарылып әңгімелеседі. Білгенін басқаларға үйретуден жалықпайтын данагөй адам.

2006 жылы маусым айында Зәкім Жайлыбай екеуіміз менің туған өлкем Қытайдың Құлжа қаласына он күндік сапарда болдық. Құлжадағы жоғары оқу орны мен мемлекеттік мекемелерде жұмыс жасайтын меннің достарым мен курстастарым бізді мейремханада күтті. Зәкең өмірі көрменен жер мен елге келдім деп тосырқаған жоқ. Құдды өз елі Шиеліде жүргендей өзін еркін, сергек сезінді. Жақсыда жаттық жоқ деген осындайда айтылса керек. Дастархан басында түрлі сұрақтар қойылып, пікір таластар болды. Зәкім ағам қазақ тарихына қатысты сұрақтардың бәріне мүдірмей, сүрінбей жауап берді. Сол кезде Іле облыстық Оқу-ағарту мекемесінің қызметкері Әділ Беженұлы деген жігіт Зәкеңнің қолын алып: «Зәкім аға, сіз нағыз ұлы адам екенсіз» дегенде дастархан басында отырғандар ду күлген еді. Алайда, Ә.Беженұлы З.Жайлыбай туралы жүрек сөзін, әділ бағасын айтқан еді. Онымен келіспеуге хақымыз жоқ. Шындығында да, З.Жайлыбай – «ұлы адам».

Адам ұрпағымен де, рухани еңбегімен де мың жасайды

Ер азамат әубаста отбасына, содан кейін халқы мен еліне өз еңбегінің жемісін жегізумен ардақты. Бірақ уақыт құрғыр адамға бағынған ба?! Кез келген адам баласы сол уақытты ақыл-парасатымен, дене еңбегімен бағындырамын деп жүріп, белгісіз күндердің бірінде біреуі ерте, біреуі кеш өмірден өтіп кеткендерін қайдан білсін. Оған амалалы да жоқ. Содан барып бұл Жаратушы иенің қалауы деп мойын ұсынамыз да бір-бірімізге «орында бар оңалар, тірі жан тіршілігін істеу керек» деген жуаныш айтып, сол баяғы арпалыспен кете барамыз...

Біздің қазақта «адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз бар. Әрине, бұл сөз әкеден қалған қарашаңырақтың отын сөндірмей, түтінін түзу ұшырып, ұрпақ сабақтастығын жалғастыратын тұяқтың бар болғанына шүкіршіліктен туындаған  аталы сөз екені ақиқат. Иә, қазақ баласының көбі Құдай берген бала-шағасы мен мың жасап жатса, ал кейбірі артына жазып қалдырған рухани еңбектерінің арқасында мың жасап жатады.

Ал, кейбір адамдар ұрпағы мен де,  рухани еңбегімен де мың жасап жатады. Осының қатарына  ұлағатты әке, қарымды журналист, марқұм Зәкім Жайлыбай ағаны қосуға болады. Зәкең  әкеден жастай жетім қалып, тағдырдың тауқыметін бір кісідей тартса да соған мойымай ағынға қарысы жүзіп, жоғары оқу орнын бітіріп, жар сүйіп,  бала өсіріп, кітап жазып артына өшпес белгі қалдырған тұлға.

Зәкең Сыр еліннің азаматы болса, ал мен тарихтың телкегіне түсіп Қытай асып кеткен қазақтың араға 60 жыл салып атажұртына оралған қазақтың ұрпағымын. Адамның басы Құдайдың добы деп бекер айтылмаса керек. Осы өмір керуені бізді Алматыда кезіктірді. Зәкім аға өзінің атажұрты Шиелінің «Өскен өңір» газетінде 40 жыл басқарып, зейнеткерлікке шығыпты. Алматыда жұмыс жасайтын балаларының жанында болу үшін жеңгеміз еуеуі Алматы облысы, Қарасай ауданы, Алмалыбақ ауылынан жай сатып алып, сонда  көшіп келеді.  Анығын айтқанда еларалық «Қазақ елі» газеті екеуіміздің ағалы-інілі болып қойын-қолтық араласуымызға дәнекер болды.

Атам қазақ «көп жасағанан сұра ма, көп көргеннен сұра» деп бекер айтпаған. Бірақ менің Зәкім ағам көп те жасаған, көпті көрген шежірелі қарт. Не айтса да, нені әңгіме жасаса да бүге-шігесіне дейін байыптап, дәйекпен, сабырмен  түсіндіреді. Демек, бұл оның көргені мен білетіні ұшан теңіз екендігін көрсетсе кер. Қаламының тарихи тақырыптарға көп баратыны да содан болса керек. Ақ күріштің атасы Ыбырай Жақаев туралы жазған мақалаларының өзі қандай керемет. Оның өзі Ы.Жақаевті жастайынан көзі көріп, жақсы білетінінен демесімізге хақымыз жоқ.

Сіздің жарқын бейнеңіз біздің жадымызда

Зәкең көрегенді, парасатты ел ағасы болатын. Ол еларалық «Қазақ елі» газетіне орынбасар редактор болып келгенде редекцияда 4-5 жас-қыз жұмыста болдық. Зәкім ағаның парасаттылығы сол, бәрімізбен тіл табысып кетті. Ағалық ақылын айтып, бізді өз бала-шағаларынан кем көрмейтіндей мейір танытты. Содан болу керек, бәріміз ол кісіге бауыр басып кеттік. Жұмысқа келмей қалса іздейтінді шығардық. Біз кейін алды-алдымызға кетсек те, Зәкең бізбен хабар алып тұруды естен шығарған емес. Тіпті, бәріміздің басымызды қосып дастарқан жайып, бір отбасының адамындай шүйіркілесіп, арқа-жарқа әңгіме дүкен құрып қайтатын күндеріміз болды. Зәкең жүрегі кең, ақ көңіл, таза жан еді. Бұл тектілікке байланысты екені анық. Мен өз басым Алматыдағы бірнеше басылымда жұмыс жасадым, шыны керек, мұндай адам өте аз болды.

Суретте: Әділ Беженұлы, Зәкім Жайлыбай, Бақытжан, Шәкен Әбдәрейімұлы, Әлімжан Әшімұлы. Құлжа қаласы.

2006 жылы мамыр айы болатын, Зәкім ағамды қай түлен түркені қайдам:

– Әй, Әлімжан, Қытайға бару қиын ба? – деді.

– Жоқ, аға, төлқұжатыңыз болса, бару қиын емес, – дедім мен.

– Төлқұжатым жоқ. Не істеймін, – деді ол.

–  Жасатыңыз, – дедім.

– Онда жасатайын. Жасап болған соң, екеуіміз Қытайға барап-келейік бола ма? – деді.

– Жарайды, аға, – дедім мен.

Зәкең сөзінде тұрды. Төлқұжатын жасатып алып келіп:

– Әлімжан, төлқұжат дайын, енді не істейміз – деді.

– Не істеуші едік, Қытай елшілігіне толқұжатты кіргізіп виза аштырамыз, – дедім.

– Онда берейік, – деп визасының төлем ақысы мен төлқұжатын маған берді.

Төлқжатымызға виза жапсырып алған соң Зәкім аға екеуіміз маусыңның 17 күні Қытайға тартып кеттік. Шекараның арғы бетіне өткенен кейін:

– Зәкім аға, Қытай елі деген осы. Енді өзіңіз көрген-білгеніңіз бен көкейге түйгеніңізді түрте жүріңіз. Қытайдың қыбыр-жыбырыі мен жылт еткенінің бәрі  сізге қызықты ғой, – дедім күліп.

Біздің бағытымыз Іле қазақ автономилы облыстың орталығы Құлжа қаласы болатын. Құлжаға да барып түстік. Бізді Іле облысының әкімдігінің қожалығын басқаратын Шәкен Әбдірейімұлы күтіп алды. Мен Шәкен ағамен жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін Іле облыстық партия көмитетіне жұмысқа тұрған кезде бастап танысып, ағалы-інідей болып жақын арыласып едім. Екеуіміздің тонның ішкі бауындай болып араласуымызға тағы бір басты себеп – Шәкен ағаның шесесі мен менің шешем Албан елінің Қарақыстық руы болуынан еді. Қысқасы екеуіміз бөле болып шықтық... Сол бөле ағам Шәкен біз түсетін  үйді де дайындап қойыпты.

Сонымен не керек, Алматыдан журналистер келіпті деп Құлжа қаласындағы зиялы өкілдерінің біразы бізбен танысып әңгімелесіп қайтты.  Кісі баласы сөйлескенше демекші. Құлжадағы қандастарымызға Зәкім ағаның әңгімесі ұнады білем, шетінен үйіне қонаққа шақыра бастады. Олар бір жағынан қонақжайлылығын танытқысы келсе, екінші жағынан атамекені Қазақ елі туралы әңгіме – сыр бөлісу еді. Әр үйге барғанда, әңгіменің дені қазақ мәдениеті мен тарихына  қатысты болып жатты. Әңгіменің көрігін қыздырған Зәкім ағам болды. Мәселен, Іле педагогикалық институтының жас ғалымдары жайған дастарқан басында мына өлкенің өткені, бүгіні, келешегі айтылмай қалған жоқ.

Біз Құлжадағы қауышудан соң қалың қазақтың киелі мекені, менің туған жерім Тоғызтаруға аттандық. Бізбен бірге Шәкен аға мен менің курстасым Әбдірешіт Тойлыбайұлы барды. Тікарық аулы Мойынгізер қыстағы менің кіндік қаным тамған, балалық шағым өткен жер. Онда атам – Әбдірәсіл мен әжем – Ақаудың (әжемнің азан шақырып қойған аты Аққу екен, әке-шешесі еркелетіп Ақау атап кеткен) сүйегі жатыр. Туған жеріме келіп, әрі сыныптасым, әрі құдамыз саналатын Мақмұттың қарашаңырағында бір қойды аруақтарға атап сойып, ауыл қарияларын шықырып құдайы тамақ бердім. Одан кейін аудан орталығына аттандық...

Тастөбе ауылының мектеп директоры менің досым Мұқтар Ақанұлының үйінде отырмыз. Кең жайылған дастарқанды жағалай банк қызметкерлері, мұғалімдермен қатар отырмыз. Қазақы жомарттық, мол дастарқан үй иесінің кең көңілін аңғарқандай. Шәкен аға мен Әбдірешіттің (Әбдірешіт – Іле қазақ облыстық Байырғы шығармалар кеңсесінің қызметкері, зерттеуші-ғалым. Менің курстасым). Домбырамен төгілте шырқаған Арқа мен Жетісу әндері ұлы даланың шығысында да бар әуезімен жүрекке ұялағандай болды. Біз де білгенімізді шырқадық.

Суретте: Алдыңғы қатардан Әбдірешіт Тойлыбайұлы, Зәкім Жайлыбай, Артқы қатарда Шәкен Әбдірейімұлы, Ә.Әшімұлы, Мұхтар Ақанұлы. Тоғызтарау аудан орталығы.

Зәкім аға осы бас қосуда орнынан тұрып «Көкше тау» әнін опера әншілерінің нақышына келітіріп орындағанда дастархан басында отырғандар орнынан тұрып шапалақ соққаны әлі есімде. Сөйтсем, Зәкім ағам студент кезінде қорда ән айтыпты. Егер соны ары қарай жалғастырып кеткен болса Зәкім Жайлыбай журналист емес, елге белгілі әнші болып кетуі де ғажап емес екен.

Біз Қытайдағы он күндік сапарымызды осылай көңілді өткізіп елге қайттық. Елге келген соң Зәкім аға «Жел өтпес миллиярдтың орманында адаспай жүргеніңе қуанамын» деген сапарнамасын жазып, «Қазақ елі» газетіне жариялады. Міне, содан бері Зәкім аға екеуіміз тонның ікі бауындай араласып кеттік.

Зәкім ағам 2011 жылы 70 жылдық мерей тойын өткізетіні туралы айтты. Сонымен бірге тойда менің ән айтуымды тапсырды. Өйткені, кенже ұлы Бауыржанның тойында халық әні «Сәулемайды» айтқанымда құдалары қатты разы болыпты. Зәкім аға Шиелігегі құдасына барса болды құдасы: «Әлгі былғары етікті айтқан ініңнің хал-жағдайы қалай, сәлем айтыңыз» дейді екен.

Той болып жатты, мен арнайы дайындап барған Қытай қазақтарының әні «Ағажанды» зорға айттым. Зорға айттым деп отырғаным, асаба уқытты сылтауратып менің ән айтуыма жол бермеді. Бірақ, Зәкім ағам өзі араласып жүріп маған ән айтқызды. Талас-тартыспен айтылған әнде не береке болсын...  Ол әннің қайрмасы мынадай еді:

«Алыста жүріп сағындым аға жаным,

Аға жаным мәуелі саябағым.

Сен болмасаң өмірде аға жаным,

Бұлақ болып мен қалай ағалармын.

А...а...а

Қормалым аға,

Қорғаным аға,

Өзіңе арнап мен бүгін

Ән саламын, жан аға».

Тойдан кейін Зәкім аға екеуіміз тағы әңгімелестік, сонда ол кісі жалпы асабаға көңлі толмағанын, өзі туралы құжатты фильмнің жұртқа толық көрсетілмей қалғанына қатты кейіді.

Кейін Зәкім ағам телофон шалып: «Алматыдағы жоғары оқу орындарда құжатты фильмі көрсетіліп, студентермен кездесу өткізгенін айтты. Және «Кодекс куманикус» кітабын сұрағандардың қатарының көбейгенін, енді кітапты қайталап бастырсам деген ойын айтты.

2012 жылдың ақпан айының ортасында Зәкім аға маған  телефон мен «Інім, тағы бір кітап шығарайын деп материал дайындап жатырмын. Сенің ағаңа айтар жақсы лебізің жоқ па?» – деді.

– Ойбай-ау, ол недегеніңіз. Сізден аяған жақсы лебізді ит жесін, – дедім күліп. «Әй, сен де айтасың-ау!» деп қарқылдап рахаттана күліп алды да, «Онда жазып қой, кейін өзім хабарласып алармын», – деді.

Наурыздың 20-күні Зәкім ағам тағы телефон шалып: «Ертең Алтынорда базарының аялдамасының жанындағы дәріхананың алдына кел, кездесейік», – деді.  Және «Мен туралы жазғаныңды ұмытып кетпе» деп ескертті. Ертесі Зәкім аға айтқан жерге тарттым, кептелістен екі сағат та әрен жеттім. Шыны керек, кездесетін уақыттан бір сағат кешігіп бардым. Ренжіген Зәкім ағам жоқ. Мені алыстан көре салып: «Әй, Әлімжан, Қытайға жететін уақыт болды ғой. Бағана құдағиларыммен келіп едім, олар базарды аралап, алатынан алып қайтып кетті. Құдағи: «Сіз әлі тұрсыз ба?» деген де, «енді қайтемін» деп жолға салдым. Сенің жүрісің мұнау, –  деп күлді.

– Ой, аға кешіріңіз, мына маңнан көпір салып жатыр екен ғой. Кептеліс көп, бірінші көліктен түсіп, екінші көлікке отырсам да бәрі бір болды, – деп ақталып жатырмын. Ол:

– Жә, не де болса келдің ғой. Жүр, мына асханада отырып әңгімелеселік – деді де жол жағасындағы асханаға кіріп тамаққа тапсырыс беріп жатып:

– Әлімжан, жүз грамға қалайсың? – деді.

– Аға, рахмет! Ішпеймін, – деп едім. Ол:

– Мүмкін сыра ішерсің, – деді.

– Асқазаным жақыннан бері жиі ауратынын айтып, – едім.

– Мен де тойдан бері негізінен ішпей жүрмін, – деді. Содан, екеуіміз тамақтанып отырып ұзақ әңгімелестік. Әңгіме арасында мен:

– Аға, арт-артынан кітап шығарып кеттіңіз ғой. Алда өмір бар дегендей, кейінрек шығармадыңыз ба? – дедім. Зәкім аға:

–  Әлімжан, жетпістен асқанан кейін өмірге сенім бар ма?! Қанқысымым бар, оның үстіне жүрегім соңғы кездері сыр беріп жүр. Алда-жалда бірдеме болып кетсем, мына жазған-сызғандарым қайда қалатынын бір Құдай біледі. Құдайға шүкір, баларым көмектесіп жатыр. Сондықтан бойда әл-қуаттың барында жазған-сызғанымды жинап-теріп шығарып алсам, содан барып жаным жай табатын шығар. Жазғандарым елімнің, халқымның игілігіне жарап жатса, одан артық бақыт бар ма маған, – деді.

Соңғы бір жылдың ішінде Зәкім аға еліне жиі баратынды шығарды. Мен аға, соңғы кезде еліңізге көп баратын болып алдыңыз ғой. Елде біз білмейтін және бір жеңгеміз бар ма қалай? – деп қалжыңдайтынмын. Сонда ол:

– Қайдағы жеңгені айтасың. Ел-жұр, қайын жұрт, дос-жаранның көбі сонда ғой. Біреуі қайтыс болады, біреуі той жасайды, қалай бармайсың? – дейтін. Ол айтқанының жаны бар. Зәкім аға көп үшін жаратылған адам. Ешкімнің көңлін қалдырмауға тырысатын өте таза адам еді.

Мамырдың 7-күні түс ауа Зәкім ағаға телефон шалып едім. «Кітапқа қатысты жұмыстармен қыздарға жолығып үйге қайтып барамын», – деді.

–  Онда жолыңыз болсын, құдай қаласа кейін кездесерміз, – дедім.

Мамырдың 11-болса керек, сөндірулі телефонымды қоссам, Зәкім ағаның Талғат деген баласынан дауыты хабарлама келіпті. Тыңдасам «Әлімжан, Зәкім ағадан айрылып қалдық» деген сөзді естіп, басымнан жай түскендей болдым. Екі күннің алдында сөйлескен ағамның өмірден өткеніне шыны керек сенбедім. Неде болса үйіне барайын деп тез жиылдым да Алмалыбаққа тарттым. Барсам есік алдында тіріжан жоқ, сонда бұл қалай болғаны «аман болса екен» деп іштей тілеу тілеп келе жатырмын Үйден біреу шыға келді, аман-сәлемнен соң ол кісіден:

– Зәкім ағаның қайтыс болғаны рас па, – деп едім. Ол:

– Рас, бүгін жерлеп келдік. Қазір барлығы үйде тамақтанып жатыр, – деді. Бұл сөзді естігенде жасыма ерік бердім. Топырақ сала алмағаныма қатты өкіндім. Құран бағыштап қайттым.

Суретте кейіпкер Зәкім Жайлыбай мен автор Әлімжан Әшімұлы.

Міне, уақыт керуені тоқтаусыз жылжуда. Есіл ағамның өмірден өткеніне де біраз жыл болыпты. Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын Зәкім аға! Сіздің жарқын бейнеңіз біздің жадымызда мәңгі сақталып қалды!

Әлімжан Әшімұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Қайраулы қара семсер

Есболат Айдабосын 2510
Анық-қанығы

Еуропаға Ресей аумағынсыз шығу жолы

Асхат Қасенғали 5437
46 - сөз

Бізге беймәлім Барақ хан

Жамбыл Артықбаев 4726