Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 5805 14 пікір 7 Шілде, 2022 сағат 15:18

Украина және Қазақстан

Кеңес одағының шаңырағын шайқалтқан Борис Ельциннің батасын алып, билікке келген Владимир Путин 2000 жылы президенттік миссясын балшебектер жәркемдеп тастаған Николай II патшаның сүйегін жинап, Санк-Петрбуркке арулап көмуден бастады.

Уақыт көрсеткендей, бұл – қазақтың соңғы ханы Кенесарының, қызылдар билігін мойындамаған Кейкі батырдың басын шауып, мөрлеген империалистік пиғылдың, орыс шовинизмнің қайта бас көтеруі еді.

2008 жылы Америкадан басталған экономикалық дағдарысқа дейін, әлемде мұнай бағасының шарықтауы Ресейдің шетел ақша қорын молайтып, Путиннің: «20 жылда Ресейді кеңес одағындай қуатты елге айналдырамын», - деп кесек сөйлеуіне негіз болды. Күні кеше ескі тәсіліне сүйеніп (Біріккен ұлттар ұйымы территория тұтастығын мойындаған елдердегі орыс диаспорасына арқа сүйеп), Луганск пен Донскінің тәуелсіздігін мойындап, Украинаға басып кірді. 1994 жылы Украинаның мемлекет қауіпсіздігіне кепілдік берген ядролық державаның бірі ретінде өз уәдесін орындаудан бас тартты.

Көптеген шетелдік сарапшылар Украинаның қазіргі қиын халын аталмыш «НАТО ның шығысқа кеңеюімен», Еуропаның әскери одағы мен Ресейдің арасында, екі оттың ортасында қалуымен түсіндіреді. Біз оны Путиннің Украинаға соғыс ашуындағы саяси сылтау, сыртқы себеп ретінде ғана қарастырамыз. «Қырғи қабақ соғыс» аяқталғаннан кейін, бұрын кеңес одағының ықпалында болған Полша, Балтық теңізі елдері бастаған 11 республиканың іркес-тіркес НАТО құрамына қосылып, Солтүстік Атлант шарты ұйымына мүше елдердің саны әуелгі 19-дан қазіргі 30-ға көбейгені белгілі. Қызыл империядан озбырлық көрген елдердің ерікті таңдауын – «НАТО ның шығысқа кеңеюі» деп маймөңкелегеннен гөрі, керісінше, әлсіз елдердің өз еркімен демократиялы батысты паналауы, патшалық Ресей мен кеңес одағының заңды мұрагері Ресейден іргесін аулақ салуы деген дұрыс. Путиннің Украинаны жауламақ болуының басты негізі – Украинаның басқа да тағдырлас елдер сияқты НАТО ға кірмек болуында емес, «Орыссыздану» жолын таңдауында жатыр.

«Орыссыздану» үрдісінің мәдени-рухани (Орыс тілінің қолданыс аясын заңмен шектеу, ресейлік БАҚ тарға тыйым салу) сипаты ғана емес, терең саяси астары да бар. Путин мырза өзіне қаусағанша билік жүргізуге мүмкіндік беретін (Бұрынғы президенттік мерзімін нөлге теңейтін) заңды түсіндіргенде орыс тарихында батыс елдеріндей саяси демократиялық дәстүрдің, атап айтқанда еуропадағыдай көп партиялы, америкадағыдай қос партиялы саяси жүйенің болмағанын ашық айтты. Десе-дегендей патшалық Ресейдің саяси жетістігі ретінде 1861 жылғы орыс шаруаларын басыбайлы құлдықтан босатқан жарлығын, 1905 жылғы «Буратана халық» өкілдері шақырылған дума съездін ғана атауға болады. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың сөзімен айтқанда «1905 жылы Россия бір рет Еуропа болды». Қазіргі Ресей билігі бұрын құрамында болған елдердің патшалық Ресей мен «Таптық күресті» желеу етіп, қарсыластарын саяси диалог, әділ сайлау сияқты демократиялық жолмен емес, қарумен жаныштап билікке келген коммунистердің әрекетіне, кеңес тарихына обьективті саяси баға беруге мүдделі емес. Украинаның Сталин қолдан жасаған ашаршылықты «геноцид» деп бағалап құн сұрауы, Киев майданшыларының Януковичті «Кремльдің қолбаласы» санап биліктен тайдыруы, Путин билігіне екі бастан ұнамады.

Қылышынан қан тамған қызыл империя күйреп, жеке басқа табынудың символы болған күн көсемдердің алып мүсіндері күресіннен орын тапқанымен, посткеңестік елдерде ықпалын сақтап қалған орыс медиясы саяси аңыз, тірі қаһарман жасаудан танбай келеді. Ельциннің дәуірінде пайда болған, Ресейдің мұнай, қаржы ресурсын монополиялап алған Ходорковски бастаған олигархтардың алдын түрмеге тоғытып, артын шетел асырып, қырғидай тиген Путинді, олар, «Великии русьтің» бағына туылған ұлт қаһарманы етіп көрсетті. Қазақ қаламгерлері «Машкевичтерді жөнге салатын қазақта Путиндей бір ұл туылмады-ау!» деп аһ ұрды. Беларусь президенті Лукашенко болса «Кеңес одағының ауылшаруашылық жүйесін ыдыратпай сақтап қалған бірден-бір басшы» ретінде әспеттелді. Адамзат цифрлы технология дәуіріне қадам басып, интернет қол жетімді болған соң, әлеуметтік желі дәстүрлі медианың (телеарна, мерзімді газет-журнал, кино) орнын басты. Адамдардың ақпарат алу арнасы көп тараптанды. Демократия тонын жамылып посткеңестік елдерде сақталып қалған қасаң саяси-экономикалық басқару жүйелері, идеология жаңа қарсылыққа тап болды. Лукашенко 100 мыңдаған бейбіт ереуілші артынан ерген мектеп мұғалимасы Тихановскаямен бетпе-бет келді. Навальныйдың командасы дайындаған Путиннің аталмыш хансарайы жайындағы деректі фильмді 100 миллионнан астам адам тамашалады. Анығын айтқанда Путин мен Лукашенко саяси аңыздардың аяқталғанынан, ТМД аясында демократиялық мемлекеттердің бой көтеруінен, өзгеге де, өз еліне де өнеге болуынан іш тартып отыр. Путиннің Навальный мен оның коррупцияға қарсы ұйымын «Террористер» тізіміне кіргізуі, Лукашенконың блогер отырған әуе кемесін әскери ұшақпен қуалауы соның көрінісі. Жириновскийдің «Қазақтардың өзара қазақша сөйлескеніне үйрене алмай» бір-ақ, түнде Мәскеу асқаны, Олжас көкеміздің Алматыны «Алма-Ата» дейік деп, оңтүстік астанамыздың ежелгі қазақша атауына көндіге алмай жүргені сияқты, бұрын КГБ лейтенанты болған Путин мырза мен калхоз директорлығынан президенттікке көтерілген Лукашенко мырза «Буржуазиялық батыстың» демократиялық сайлау жүйесінің өнімі болған КВН-шик Зеленскийді қомсынып, көзге шыққан сүйелдей көруде. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» дегендей екеуінің бірігіп, Украинаны екі бүйірден қысып, шеп құруының себебі осы.

Қазақстанда Украинадағы сияқты Кремль қожайынының дегбірін қашыратындай саяси-демократиялық күштер пайда болған жоқ. Путин мырзаның «Қазақстан орыс тілді мемлекет» деп нық сеніммен айтуы сөзіміздің дәлелі. Күні кеше ғана тәуелсіздіктің 30 жылдығын тойлаған қазақ билігі мен қоғамы әліде сол дағдылы кеңестік құндылықтармен өмір сүріп келеді. Парламенттен ойып тұрып орын алған Коммунистік партияның атын өзгерткеніне де көп бола қойған жоқ. «Аманат» деп атын ауыстырған «Нұр Отан» партиясының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы баяғы жоңғар заманындағы айыл-тұрман, шалбардың төңірегінен асқан жоқ. Орыс тілді саясаттанушы Данияр Әшімбаев та, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев та, халқымыздың жартысына жуығы қырылған сұрапыл аштықты қазақтың отырықшы өмірге бейімделе алмаган «Жабайылығынан», Абай айтқан «Алты бақан алауыздығынан», «Бір-біріне деген қаскүнемдігінен» көреді. Балшебектердің ізбасары Жамбыл Ахметов шетелдегі қандастарын қиындыққа шыдамай отанынан кеткен «Қашқындар» санаса, Ресейдің Қазақстандағы елшісі сол «Оралғандар ғана орысша білмейді» дейді. Осыдан-ақ, Ресейдегі Зюганов бастаған балшебек қалдықтарының Қазақстан туралы шулы мәлімдемесін кімдердің қолдайтыны айтпасада түсінікті. «Қаңтар трагедиясы» көрсеткендей Ресей билігі Қазақстанда бейбіт митингке шығып саяси талап қоятындардың да, шариғат заңымен жүретін халифат құрғысы келетіндердің де бас көтеруін қаламайды. Украинадағы ПТУ-дың түлегі Нұрсұлтан Назарбаевтың орнын МГИМО-ның түлегі Тоқаевтың басқанына дән риза. Бұл үдерістің жалғаса беруіне тілекші, қолынан келгеннің бәрін жасауға дайын. Егемен ел атанғалы бері қазақ қоғамына ықпалын жүргізіп келе жатқан коммунизмнің шекпенінен шыққан шенеуніктер, олигархтар, демократияның көрігін қыздырып жүрген оппозицианерлер оған берік саяси, экономикалық, идеологиялық негіздерді әзірлеп берген. Күмәніңіз болмас үшін Ата заңдағы орыс тілінің «Ресми тіл» мәртебесін, әскери ҰҚШҰ-на, ЕЭО-қа мүшелікті атасақ та жеткілікті. Саясаткер Айдас Сарымның «Біз орыстың ықпалынан таяу арада шыға алмаймыз» деген мағынадағы сөзі осы шындықты меңзейді. «Айтқанның аузы жаман» дегендей оған шала бүлінудің қажеті шамалы.

«Росатамның» Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстанмен АЭС салу туралы алдын ала келісімге келуі, төтенше жағдай кезінде ресей жетекшілігіндегі ҰҚШҰ әскерінің жерімізге кіруі – Орта азияға кімнің қожайын екенін, аймақта ресейдің әскери ықпалының әліде мығым екенін көрсетті. Кеңес одағы ыдырағаннан кейін өзіміз орналасқан теңіз жолынан алшақ жатқан өңірге жаңа ойыншы қытайдың дендеп кіргені, экономикалық ықпалын күшейткені белгілі. Еуразия Экономикалық одағының – Ресейдің Қытайдың аймақтағы сауда экспанциясын тежеу үшін жүзеге асырған жобасы екені тағы да шындық. Ресейдің 2014 жылы Қырымды тартып алуынан басталған Батыс санкциясы Ресей экономикасын ішкі айналымға иек артуға, Қытайға, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерге арқа сүйеуге мәжбүрледі. Дүниежүзілік банк аралық қаржылық телекоммуникация жүйесінен (SWIFT) шығып қалудың зардабын азайту үшін алдын ала қамданып, өзінің банк аралық информация жүйесін жасақтауға кірісті. Сонымен бірге банктері Қытайдың юаньды өзек еткен ұлттық төлем жүйесіне(CIРS) қосылды.

Ақпанның 4-і күнгі Бейжің қысқы олимпиада ойындарының басталу салтанатына барған Путин мен Қытай басшысының кездесуінен мәлім болғандай қытай-орыс қатынасы сауда әріптестігінен, стратегиялық әріптестікке көшті. Қытай тарапы НАТО-ның шығысқа кеңеюіне ашық қарсылық білдіріп, Путиннің майданын қолдады. Тоқаев бастаған Орта азиядағы 5 ел басшысына көмек ретінде 100 миллион доллардан берді. Алдағы 10 жыл ішінде Ресейдің Қазақстан арқылы Қытайға күніне 200 мың баррел мұнай жөнелтуге келіскеніне де баса назар аударған жөн. Демек Ресейдің батыспен қатынасы үзілуге шақ қалған бүгінгі күні екі ел де (Ресей, Қытай) Орта Азияда, жүйеден Қазақстанда тыныштық болуына барынша мүдделі деген сөз. «Қазақтардан қағажу көрдік» деп, Путиннен арнайы аскери операцясын Қазақстанда да жалғастыруды сұрап отырғандардың күткен үміті ақталуы екіталай.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5388