«Таудан мен жаратылғам»
қаласы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жазушы, ғалым, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Тұрлыбек Мәмесейіттің «Таудан мен жаратылғам» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті.
Тау - ақиық ақын Мұқағали поэзияда жырлаған тақырып болса, прозада Тұрлыбек Мәмесейіттің суреттеуі бөлек. Топырақ пен тастың үгіндісі ғана емес, жаны бар, қозғалыста болатын тірі адамдай етіп бейнелейтін тау суреті жазушы қаламынан түрленіп шығады. Осынау алып асқардың төріндегі шет қонып, қиыр жайлаған елдің тыныс-тіршілігі, шекара бойында болған оқиғалар тізбегі, арғы-бергі тарихтың жүлгесі, кешегі-бүгінгі тақырыпты қозғайтын әңгімелер мен хикаяттар жинағы осы жылы Алматыдағы «Ан-Арыс» баспасынан шықты.
қаласы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жазушы, ғалым, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Тұрлыбек Мәмесейіттің «Таудан мен жаратылғам» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті.
Тау - ақиық ақын Мұқағали поэзияда жырлаған тақырып болса, прозада Тұрлыбек Мәмесейіттің суреттеуі бөлек. Топырақ пен тастың үгіндісі ғана емес, жаны бар, қозғалыста болатын тірі адамдай етіп бейнелейтін тау суреті жазушы қаламынан түрленіп шығады. Осынау алып асқардың төріндегі шет қонып, қиыр жайлаған елдің тыныс-тіршілігі, шекара бойында болған оқиғалар тізбегі, арғы-бергі тарихтың жүлгесі, кешегі-бүгінгі тақырыпты қозғайтын әңгімелер мен хикаяттар жинағы осы жылы Алматыдағы «Ан-Арыс» баспасынан шықты.
Қаламгер өзінің кіндігі тауға байланып туғанын, сол таудан жаралғанын түйсінгенін, мына жарық дүниеге келуінің трагедиялық жайын арқау еткен «Хан-Тәңірі баурайында жалғыз шырша» атты сағынышқа толы хикаятында: «Тауды көп адам түсінбейді, тілсіз дүлей, қатты деп ойлайды. Олай емес. Тау жұмсақ, мейірімді, «көңілі» нәзік. Тау тілсіз емес, ол - әуендер жиынтығы. Тау ән салады. Тау күңіренеді. Тау жылайды... Тау тыныстап, күрсінеді... Тау мен тастың өз өмірі, өз тілі бар. Оны сол тауда туып, тауда өскендер ғана ұғынады», - дейді. Не нәрсе түске енсе, онда ол адамды сол нәрсе еріксіз билеген, бойын алған, жанына жеткен деп білеміз. «Түсіме тау кіреді» деп жазған жазушының түсіне таудың енуі күнделікті теледидардан кино көру емес, өңдегі аңсаған аңсардың, сағынған сағыныштың алпыс екі тамырда тулаған, жалғыз әмірші ет-жүректе еріктен тыс билегені емес пе.
...Кітаптың тұсаукесер рәсімін академик, қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Сейіт Қасқабасов жүргізіп отырды. Алғашқы болып баяндама жасаған профессор Рақымжан Тұрысбек қаламгер замандасының қаламгерлік лабороториясына біршама шолу жасаса, жақында ғана Мемлекеттік сыйлыққа ие болған ақын Несіпбек Айт жазушының елдік мұраты жайындағы ой-толғамдары, көзқарастары хақында сөз өрбітті. Қай шығармадан болсын шешен сөз, кестелі тіл, көркем образды іздеп, айтып жүретін профессор Серік Негимов жаңа кітаптың тіліне қатысты пікірлер, жылы лебіздерін білдірді. Шығармашылық кеш барысында Дидар Аймұқанов, Шымкентбай секілді дарынды студенттер оқыған шығарма үзінділері көпшіліктің қошеметіне ие болды. Ал, жазушы, «Нұр-Астана» газеті бас редакторының орынбасары Қуаныш Жиенбай өзінің тақырыбы теңіз болса да, тау тақырыбын тереңірек жазған, көбірек қаузаған Тұрлыбектей әріптесіне ризашылық сезімін жеткізді. Факультет деканы, профессор Шолпан Жарқынбекова жазушы шығармашылығын жетістікке балап, алдағы еңбектеріне табыс тілесе, профессор, «Отырар кітапханасы» ҒЗО директоры Тұрсын Жұртбайдың сөзі де әсерлі шықты. Тұрлыбектей тұрғыласының редакторлық, ғылым жолындағы қызметтерін сөз еткен ғалым «жалпы көркем шығармалардың көркем шығарма болып шығуына көмектесетін адамдар -редакторлар, жай ғана редакторлар емес, ұлы редакторлар. Егер біз айтқан ұлы редакторлар болмаса, ұлттық әдебиеттегі «Абай жолы», «Көшпенділер» біз оқып, тамсанып, таңданып жүргендей шықпас еді. Осы жолда қызмет етіп тер төккен Тұрлыбектің еңбегі ересен», - деп атап өтті.
Адам мен қасқыр байланысы арғы-бергі әдебиетте жазылған тақырып, көп жырланған тақырып болса да, бұл мәселеге Тұрлыбек Мәмесейіт басқаша келеді. Бұрынғы шығармаларда (Дж. Лондон, М. Әуезов, Ш. Айтматов, Д. Рамазан, т.б.). қасқыр жырқыштық символы ретінде көрінсе, жазушы туындысында қасқыр адам баласын жыртқыш құстың тырнағынан құтқарып қалады. Оқиғаның даму, өрбу қисынына, сюжеттің шынайылығына қаламгердің қапысыз сендіруінің себебі - тауда өсіп, табиғат құбылыстарын, аң мен құс тіршілігін жақсы білетін жазушы дүниетанымының кеңдігі деген болар едік.
Естеріңізге сала кетейік, жазушының бұған дейін таза көркем проза саласында «Беторамал», «Түсіме тау кіреді», «Бесік пен несіп», «Әулиешоқы», «Тектінің кегі», «Тау», «Қарқара көтерілісі», «Жасын түскен маусым» туындылары, әдеби сын жанрында «Тоғысқан толқын», «Зерделілік айнасы», «Дидар» кітаптары, ал, ғылым саласында «Егіз елдің әуейі», «Шерхан Мұртаза» атты зерттеу еңбектері жарық көрген. Енді міне, бұл шығармалардың қатарына «Таудан мен жаратылғам» туындысы қосылды, осылайша пайғамбар жасына жеткен сақа жазушының халқына берері мол, жазары көп болсын деген тілектестік таныттық.
Заңғар КӘРІМХАН
«Abai.kz»