Бейсенбі, 10 Қазан 2024
2800 3 пікір 28 Шілде, 2022 сағат 14:03

QULAN коллекциялық монеталары сатылымға шықты

"Қазақстанның флорасы мен фаунасы" монеталар сериясына кіретін QULAN коллекциялық монеталары сатылымға шықты. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық Банкі хабарлады.

Монеталарды Қазақстан Ұлттық Банкі платформасының интернет дүкенінен сатып алуға болады.

«Құланның латынша атауы– «equus hemionus», жылқы тұқымдасына жататын сирек кездесетін жануар.  Ол туралы алғаш рет 1775 жылы жазылған. Қазақстанда Құлан Үстірт пен Маңғышлақта кездесіп, өткен ғасырдың 30-жылдары жоғалып кеткен. 1953 жылы Арал теңізіндегі Барсакелмес аралына түрікмен құландары әкелінді. 1982 жылдан бастап "Алтын Емел" ұлттық паркінде,  Бетпақ Дала мен Солтүстік Ақтауда оларды жерсіндіру жұмыстары басталды», - делінген хабарламада.

Мельхиор және нейзильбер қорытпаларынан жасалған монеталардың аверс пен реверс бейнелері бірдей.

Монеталардың аверсінің оң жағында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы жануарлар мен өсімдіктерден жасалған коллажбен көмкерілген, сол жағында Қазақстан Ұлттық Банкі тауар белгісінің (логотипінің) бейнесі және монетаның соғылған жылын білдіретін жазулар бар.

Монеталардың номиналы: 200 TEŃGE – рrоооf-like сапалы мельхиор қорытпасынан жасалған, 100 TEŃGE – brilliant uncirculated сапалы мельхиор қорытпасынан және нейзильбер қорытпасынан жасалған монета. Монеталардың айналдыра QAZAQSTAN ULTTYQ BANKI және NATIONAL BANK OF KAZAKHSTAN деген жазулар жазылған.

Монеталардың реверсінде құландардың бейнесі,  жоғарғы бөлігінде – EQUUS HEMIONUS ( құланның латынша атауы) жазуы, төменгі жағында – QULAN жазуы бар.

 

Abai.kz

3 пікір