Түс
Соңғы кездері тек бір түсті ғана жиі қайталап көретін болды. Бастапқыда үрейге бой алдырған. Бірақ бара-бара сол түсі тілмен жеткізе алмас ерекше ләззат сыйлайтынын да қу іші сезетін сияқты.
Түсінде жылап жатып оянып кетеді. Өне-бойын ауырлатқан мұңнан бір сәтке болсын алыстап, сергіп қалады. Күнібойы әлдебір ғажап сезімнің жетегінде көңілді жүргенмен, бәрібір жұмыстан кешкісін шаршап қайтады. Жиылмаған суық төсегіне аяқ киімін де шешуге шамасы жетпей, сұлық түседі. Тағы түс көреді. Жылайды. Күледі…
Осындайда күліп қарсы алар жары, еркелеп мойнына асылар перзенті болса, ер жігіт титықтай ма? Қалталы болмаса да, қыз қарайтындай азаматтың отыздың жуан ортасына келгенше сүр бойдақ жүруі қуыстанарлық жағдай ғой. Тас қаланың бұрыш-бұрышын жағалаған пәтер жалдаушы емес, үш бөлмелі үйі бар. Тек отын маздатып, бауырын жылытатын бір ару ғана жетіспей тұр. Бар гәп өзінде. Университетте оқып жүргенде домбыраны бебеулетіп, гитараны әлдилегенде, қыз біткен үйіріліп, маңайынан шықпайтын. Үріп ауызға салғандай небір перизаттар мөлдірей қарап, сызылушы еді. Түк сезбегендей, әлдебір мұңлы әнді қайталап айтып отыра беретін көнтерлі мінезінен әлі аса алмай келеді. Адам жаны осынша жұмбақ, құпия болар ма, сірә?
Үйреншікті түсі оған айнымас дос, анттасқан андасындай адал серігі іспетті. Көңілденгенде, жасындай жарқырап, көзінен мейірім төгіліп, жүзіне қан ойнап шыға келетін болыпты. Ондайда достары қолқалап, ән салдырады. Қара домбыраның пернесін көз ілеспес жылдамдықпен басқан жүйрік саусақтар ықылымның түнегінен сыр суыртпақтағандай, халық әндерін бірінен кейін бірін төгіп-төгіп жібереді. Ескі дәуірдің күймесінде отырғандай ұйып тыңдаған көпшілік қалықтаған әуен нәзік сезіммен аяқталғанда барып, өз-өздеріне келе бастайды. Оның дара болмысына, кәсіби білім-біліктілігіне іштей тәнті болып жүретін әріптестері ризашылығын білдіреді.
– Өнер қонған перім-ай, адам баласының бойына осыншама құдірет сіңірген Жаратқан теңі болмаса да, бір шүйкебасқа қоспағаның неткенің?! Жалғызбасты әулием, әкел маңдайыңды!, – дейді пайғамбар жасынан асқан бастығы. Не дерін білмей қысылып тұрғанда, оң қапталында отыратын етжеңді толық апай самбырлап сөйлей жөнелді.
– Кәрі жүрегімді толқыттың ғой, мұндай дауысты естімегелі қашан?! Үш алмам бар, ұнатқаныңды жар етші, қалыңсыз-ақ берейін, – дейді әзілдеп айтса да, шынын айтып.
Мұндайда ол үнсіз ғана жымияды. Бар жауабы сол. Алайда іштегі алапат тасқынды қызметтестер қайдан білсін?! Осы уақытқа дейін жүрек түкпірінде сақталып, жан әлемін алай-дүлей сезімге бөлеп келген аяулы бейнені қалай ұмытады? Оның жауабын өзге түгіл өзі де білмейді. Сондықтан да екінің біріне сыр ақтарып, қауқылдасуға еш зауқы жоқ. Үнемі өзімен-өзі саябақта оңаша серуендеп, өткен күндердің естен кетпес елесімен өмір сүріп жатқан жайы бар. Мүмкін адам өмірінің тең жартысы әлдеқашан өтіп кеткен келмес күндерінің жанға азық болар ыстық елестерін аңсаумен ғана мәнді-мағыналы шығар деген ойдың шүңетіне батып жүргелі де көп болған. Соған иланады да.
Кімнің басынан өтпеген алғашқы махаббат. Иә, солайы – солай ғой. Бірақ алғашқысы әрі соңғысы болып жүрмесе жарар еді… Біреуге ерте, енді біреуге кеш келетін балауса сезімнің мәңгілік тәтті азапқа салған құдіретіне қалай бас имейсіз? Өліп-өшкен кешегі ғашықтардың іңкәрлігі осындай-ақ болған шығар? Біз терең білмей, бағаламай, армандап жүрген сезім осыдан артық қалай болуы керек? Оны тек ардың туын жықпаған, ақ, адал сезімдердің иесі ғана түсініп, солар ғана бағалап, қадіріне жете алатынға ұқсайды.
Бір басын екеу етуге жағдайы келмеді дейсіз бе? Жүрегі қаламады… Сол жүрек алыс ауылда қол бұлғап қалған бала махаббаттың елесімен өмір сүріп жүргенін кімге айтып түсіндіре алады. Айтқан күннің өзінде де. « Әй, қойшы», дейтіндер маңайынан-ақ табылады. Сырымды айтамын деп өсектің өртіне оранып кеткеніңді өзің де сезбей қаласың, талай аузы күйген. Содан болар, өзімен-өзі дос! Адамға жалғыздықтан артық досы жоқ деп біледі.
* * *
Кәсібіне адал, ұқыпты маман болғандықтан, бөлімнің іс-қағаздары дерлік мұның қолынан өтеді. Күнделікті жұмыс уақыты сағат алтыға дейін болса, бұл тоғыз-ондарға дейін отыра береді. Кейбір қуақы әріптестері:
– Жалғыз өзің үйіңе барғанда не істейсің? Сопайып төрт қабырғаға қарап отырасың ба? Одан да маған көмектес. Сауабы болады – деп, тапсырма беріп кетеді.
– Өз жұмысыңды өзің істемейсің бе, – деген қарсы жауабына:
– Үлгермей жатырмын, балабақшадан баламды алуым керек. Өз басыңа келгенде түсінесің, көмектесші, – деп қиылады.
Діңкелеп тұрса да, құшақ-құшақ маңызды құжаттарды мұқият қарап, кем-кетігін толықтап, тастүйін дайын қылады. Бірақ жылы сөзді істеген бұл емес, істемеген олар естіп жатады.
Бүгінде осындай бір қауырт жұмыстан шаршап оралды. Шала-пұла жұмыртқа қуырып ауыз тиген болды да, ойына әлдебірдеңе түсіп кеткендей, самалдыққа шығып темекі тұтатты. Құшырланып сорып, көк түтінді көкке үрлеп рахаттанды. Он алтыншы қабаттан төменге қараудың өзі қорқынышты. Ал өзгенің жүрегіне үңіле білу, оны түсінуге тырысу ерлік! «Мен бақыттымын», – деді күбірлеп. Іле, әркім бақытты әрқалай түсінеді. Мен үшін бақыт пен махаббат бір ұғым. Әр адам өзінше бақытты болуы керек. Менің бақытқа жету жолым – осы. Мен оған өле ғашық болмағанда, махаббатың ғана емес, өмірдің де мәнін түсінбей өтер едім. Себебі мен оның жүрегіне терең бойлау арқылы әлемді сұлулық бүлдіретінін, ізгілік құтқаратынын түсіндім… «Бақыт деген – сол емес пе?» деді өзіне-өзі сұрақ қоя сөйлеп. Самалдықта ұзақ тұрып қалғанын жаурай бастағанда білді. Сонда да тағы бір шылым тұтатты. Себебі ол – дәл осы сәтте өзін бұрынғыдан да бақытты сезінген еді.
* * *
Түс көріпті. Көптен бері қайталап көріп жүрген түсі. Ауылды қақ жарып ағатын Қас өзені тасып, халық әбігерге түсіпті. Кәрі-құртаң, бала-шаға жиылып бөгет бола алмай, ауыр шығынға батыпты. Ата-анасының қалқайған моласы құлап, құлпытасы қақ айырылыпты. Елден береке-бірлік кетіп, ұры-қары көбейіпті. Ғашығы екеуі жиі кездесіп, айырылмасқа серттескен Төрт терек тамырымен қопарылып шіри бастапты… Шошып оянды. Қара тер басып кетіпті. Қатты қорыққаннан ұзақ уақыт өз-өзіне келе алмай, төсегінде бүкшиіп отырып қалды. Сәлден соң барып «Түстің шешімі – жорудан» дегендей, жақсылыққа жорыды. Бірақ көңілінде күдік қалып қойды. Содан таң атқанша кірпік ілмеді. Соңғы рет ата-анасына ас бермекші болып ауылына барған кезін есіне түсірді. Одан бері де он бес жыл зақпының тасындай боп зымырап өте шығыпты. Бармайын демейді ғой. Бал дәурен балалығы қалған асыл мекенді, онда өмір сүріп жатқан ақпейіл дархан халықты сағынбайды дейсіз бе, сағынады! Бәрінен де, көңіл көкжиегінен бір сәт көтеріліп көрмеген, тірі мүсінін ойламайды дейсіз бе, ойлайды! Ал туған топырағыма тәу етіп, сағынышымды басып келейін деуге батылы жетпей келеді. Оның өзіндік себептері бар, ол – сол ынтық зарының өзге біреуге тұрмысқа шығып кетті деген қауесеттен басталған еді.
Туып өскен ауылы – Сарыбұлақ. Көркем жер. Жусаны мен ермені жанға шипа, дертке дауа. Шілде айында барсаңыз, бүлдіргеніне ат тұяғы боялады.
Сол жолы енді қайтып соқпайтынын білгендей, Сабыр досы екеуі туған жердің жұмбақ сырына үңіліп, ұзақ аралады.
– Сен қайта айналып келгенше, біздің ауыл су астында қалуы мүмкін… Осы жолы армансыз бір аралайықшы, мен де сенімен бірге қасиетті өлкенің көркем бейнесін көңіліме тоқып алайын, – деді Сабыр көптен жасырып жүрген сырымен бөліскендей.
– Қай-қайдағыны айтпасаңшы, су астында қалғаны несі, – деді бұл жұлып алғандай.
– Өй, оқу соққан неме, сен ауылға екі-үш жылда бір-ақ рет келесің. Бұл жақтағы жағдайға қанық емессің, сондықтан да айтқаныммен сенбейсің! Одан да білмей-ақ қой, – деді мұңая тіл қатып.
– Қалай білмеймін, айтшы, – деді дауысы дірілдеп.
– Ол ұзақ әңгіме, – деді Сабыр сабырлы қалпынан танбай.
– Қанша ұзақ болса да, айт, – дедім ғой, айтсаңшы созбақтамай.
– Бірдеңенің шеті шықса қоймайтын әдетің әлі қалмапты ғой, – деді қулана жымиған Сабыр.
– Адам өзгеруші ме еді, қиыр жайлап, шет қонып кеткеніммен, сол баяғы алқам-салқам Сәкенмін ғой, немене мені періштеге балап жүрмісің, – деді күліп.
Былтыр жазда қаладан арнайы мамандар келіп ауылдың жер-суын, тау-тасын тексеріп, бастарын шайқап, таңғалыпты. Оны ауыл әкімінің орынбасары – әлгі сенің бала ғашығыңның нағашысы айтты. Анау Абыралы тауы мен мынау Қаратөбенің асты тұтас көмір екен солардың айтуынша. Ағыны қатты Қас өзенін буып, электр стансасын салмақшы екен. Мамандардың болжауынша, құм мен шағылдың сорты ең жоғарғы көрсеткішті көрсетіп тұр дейді. Содан бері елден береке кете бастады. «Жаман айтпай, жақсы жоқ». Олардың айтқаны шынымен іске асса, қара халық қайда барады?
Атамекеннен қоныс аудару – адам түгілі, мал екеш малға да оңай соқпасын ол иттер түсінеді дейсің бе? Біреулер бұдан да жақсы күн кешеміз, үкімет өлтірмейді, үй салып, жер бөліп береді дейді.
Әрине, өлтірмейді ғой. Бірақ анау қырдағы ата-бабаның қалқайған моласы су астында қала ма? Оны ойлайтын атқамінерің қане? Бәрі үкіметтің айтқанын асыра сілтеп көзге түсуге тырысып, тыраштанып бағуда.
Сабырдан естіген сұмдық хабар Сәкеннің көкірегін мысықша тырналады. Бірге туған туысы болмағанмен, бұл ауылдың әр тұрғыны оның жанашыры, тілеулесі бола білгенін қалай ұмытсын?! Ата-анасынан тым ерте айырылып балалар үйінде тәрбиеленген жерлестері оған зор үміт артты. Қол ұшын беріп қолдады. Осы күнге дейін жүрек түкпірінен өшпеген аяулы жанды да балалар үйінде кездестіріп, қапысыз түсіністі емес пе? Оқуын аяқтаған соң, қалаға әкетпек болып уағдаласқан. Әне, міне, деп жүріп уақыт ұзартып алды. Ел іші тыныш жата ма? Өсек өрттей лаулады. Онсыз да жарым көңіл жүрген қорғансыз жан «Сәкен үйленіпті» деген хабарды естіген сәтте-ақ көңілі нілдей бұзылып, жанары құрғамайтын болды. «Енді мен де қарамды батырайын» деп ойласа керек, алыс ауылдағы бастауыш мектепке мұғалім болып өзі сұранып кетті. Ал Сәкен «Жөн-жоралғымен келіп, нағашысының ризалығымен қалаға ұзатып әкетемін» деп жүргенде, оны «Тұрмысқа шықты» дегенді естіп, «аһ» ұрып қала берді. Міне, содан бастап, Сәкен туған ауылы – Сарыбұлаққа ат ізін салмады.
* * *
Екі жарты бір бүтін болуға сөз байласқан екеудің өмір жолдары оңай болған жоқ. Енді-енді ғана шаңырақ көтермекші болғанда, бір-ақ ауыз сөз араларын алыстатты. Бірақ жүректері суымады. Іштей бір-біріне тілекші болғандары хақ. Тек көңілдеріндегі күдіктен арыла алмай бірі – Алматыда, бірі – өркениеттен алыс нүктеде өмір сүріп жатыр. Сәкен оның қай ауылда екенін білмейтін. Сабыр досынан хат арқылы сұрағанда, ол да білмеймін деп қысқаша жауап қайтарған. Талай рет іздемек болып оқталған. Соңында отбасылы адамның шырқын бұзбайын деп сабырға келген болатын. Ал үзбей жазысқан хаттар екеуінің де қолына тимеген. Егер, сол хаттар ұшты-күйлі жоқ болып кетпегенде, олар әлдеқашан отау тігер еді…
* * *
Тағдырына налығанмен амалы не? Маңайындағылардан қашып құтылсаң да, маңдайыңдағы жазудан қашып құтыла алмайсың. Жалғыздық мүмкін менің бақытым шығар, қалай болғанда да, мен оны басқаға айырбастамадым. Сүйген жүректе сүркейлік жоқ екенін оған да, жер басып жүрген пенделерге де дәлелдегім келді. Сондықтан үйленбедім. Махаббатсыз қалай үйленемін? Сүймей алған әйелден қалай сүйкімді бала туылады? Ұрпақсыз қалсам да, мен ол қадамға баруға дәтім шыдамады, қысқасы, арым жібермеді. Оған деген сезімім мен кіршіксіз махаббаттымды ана дүниеге ала кетемін. Сыртымнан сөгіп, гу-гу сөз теріп жүргендерге айтарым, осы! Мен өз әлемімде бақыттымын, деді, – Сәкен өз көңілін өзі көтеріп.
* * *
Қараша аспаны мұнартып, қаланы дымқыл сыз басқан. Ғасырлар сырын сақтаған алып ағаштардың бұтақтары тарбиып-тарбиып жалаңаш халге түсе бастапты. Алда желтоқсан деген ызғарлы ай табалдырықтан аттасымен-ақ қар қылаулап түсіп, лезде басып қалатын әдеті болушы еді, биыл қайтер екен? Кейде тосын мінез көрсетіп, бораны ұшырып әкететіндей үйіріп соққанда не істеріңді білмей абдырап қаласың…
Сарыбұлақ ауылының көктем мен жазы керемет болғанмен, күзі мен қысы жайсыз-тұғын. Ауыл мен қаланы жалғаған көне күре жол желден бір арылмайтын. Жауған қарды ұшырып әкеліп таудай ғып үйіп тастайтын. Күн жылып, жер сорғымайынша аудан, қалаға жұрт қатынай алмай әбігерге түсетін.
Сәкен мұнартқан қала аспанына қарап, ауылын еске алып, көңілі босап кетті. Іле осы жазда барып қайтсам ба деген ой қылаң берді санасында. Бірақ кім үшін, не үшін барамын, – деді өз ойынан өзі айнып. Бәрі өзгерген… Кім таниды мені… Дос деген – Сабыр да хабар-ошарсыз… Одан да, алыстан-ақ сағынып жүре бергенім дұрыс болар деді бір бекімге келіп. Онсыз да ауылымды ылғи түсімде көремін. Соның өзі сағынышқа ем емес пе деді өз сөзін өзі мақұлдайтын әдетіне басып.
* * *
Сәкен қызмет бабымен, талай елдің ауасын жұтып, суын ішті. Сұлулығын сөзбен жеткізе алмас көркем қалаларды армансыз аралады. Бірақ бәрібір түсіне өз ауылы кіріп, бірде жылап, бірде күліп оянды. Осылай өмір өтіп жатты… Баяғыдай жалын жоқ, самайға ақ кіріп, денсаулық сыр бере бастады. Жалғыздық бойда қуат барда білінбейді екен, дәрмен кетіп, дәрі-дәрмекке қараған күн қиын соғып тұрғанын мойындамасқа амалы қалмады. Оның үстіне дәрігер жүйкеге көп салмақ салмау керектігін баса айтқан. Ұзақ ойланып, мерзімінен бұрын кезекті еңбек демалысын алуға бекінді. Жұрт мақтап жүрген шипажайлардың біріне барып, ем-дом алып тынықпақ қой баяғы. Тез жиналып, жолға шықты.
– Бір басыма не жетпейді, баяғыдан бері неге денсаулыққа көңіл бөлмедім екен? – Әй, баяны жоқ дүние-ай, – деді пойыздың терезесінен сазарып жатқан меңіреу далаға қарап.
Бұрын өзінің көп қылығын дұрысқа балаушы еді, соңғы кездері өзін-өзі сыбап, сын-тезіне алатын болып жүр…
Шипажайда мін жоқ, керемет! Бір аптадан бері қан қысымы қалыпқа түсіп, жүрегі де орнына түсе бастады. Көңілі көтеріліп, ертелі-кеш таза ауамен тыныстап, жеңілдеп қалды.
Ат шаптырым асханада кезекте тұр еді, қалың топтың ішінен сұңғақ бойлы орта жастағы бейтаныс әйелмен көзі түйісіп қалды, екі беті құлақ-шекесіне дейін қызарып, жүрегі шым ете түсті. Оның да жетісіп тұрмағанын байқады. Дәл өзі! Жанарлар тағы да шарпысып, көкірегі күмбірлеп қоя берді. Ары қарай мұңлы көздер үнсіз тілдесті.
– Сен Сәкенсің бе? – деді үзіліп естілген таныс дауыс.
– Иә, мен Сәкенмін ғой, таныдың ба, – деді жүрегі кеудесінен шығып кетердей атқалақтап.
– Танығанда қандай, түк өзгермепсің,– дейді күрсініп.
– Ақыры кездестік-ау, – деді бұл терең тыныстап…
* * *
Түс көріпті. Ауылы алты қыр, жеті белден асып ұшы-қиырына көз жетпес жазық далаға қоныстаныпты. Ақы-иесі жоқ ескі молалар су астында қалыпты. Әдеттегідей жылап жатып оянып кетті…
Ерғали Бақаш
Abai.kz