Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 2500 0 пікір 28 Шілде, 2022 сағат 15:20

Алматыда жаңа білім беру ошақтары ашылады

Алматы жыл сайын халық саны қарқынды артып келе жатқан қаланың бірі саналады. Қазақстан бойынша халық саны ең көп саналатын қаладағы халықтың басым бөлігі жас отбасылар. Бұл қаладағы білім беру ошақтарының санын арттыру мәселесінің өткір тұрғанының дәлелі. Қалада білім беру ошақтарын жөндеу, салу жұмыстары бір сәт тоқтаған емес.

Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында жаңа 2022-2023 оқу жылына дайындық пен балабақшалардың жұмысы туралы айтып берді.

Ләззат Жылқыбаеваның айтуынша, бүгінде Алматы аумағында 866 балабақша жұмыс істейді, оның 193-і мемлекеттік балабақша.

«Біз балабақшаларға кезекті төмендету бойынша шаралар кешенін қабылдап жатырмыз. Мысалы, бірінші жартыжылдықта Алматыда 3316 орынды 54 жаңа жекеменшік балабақша ашылды. Жыл соңына дейін тағы 2 мыңнан астам орындық 15 жекеменшік мектепке дейінгі ұйым ашу және 280 орынды мемлекеттік балабақшаны іске қосу жоспарланған», - деді Л. Жылқыбаева.

Сонымен қатар, биылғы жылы жеке меншік балабақшаларда 5227 орынды мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру бойынша конкурс өткізілді. Барлығы 35 698 орынды мемлекеттік тапсырыс 573 жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда жүзеге асырылады.

Брифинг тақырыбын жалғастыра отырып, білім басқармасының басшысы журналистерге орта білім беру саласы 300 мыңнан астам оқушы оқитын 298 мектепті қамтитынын айтты. Балабақшалардағыдай мектептерде де орын тапшылығы байқалады, бүгінде 19 мыңнан астам орын жетпейді.

2021-2022 оқу жылының басында мектептерде тапшылық 33 мыңнан астам орынды құрады. Орын тапшылығын кезең-кезеңмен төмендету мақсатында орта білім берудің 33 объектісі іске қосылды, олардың есебінен 15 719 жаңа оқушы орны құрылды. Оның ішінде 5 100 орынға арналған 3 мектеп (Қалқаман, Саялы, Томирис шағын аудандары); 7 963 орындық мектептерге 17 қосымша құрылыс (№№ 6, 34, 38, 43, 57, 60, 102, 117, 121, 132, 133, 144, 166, 170, 177, 186, 199). Жеке инвестициялар есебінен 2 656 орындық 13 жекеменшік мектеп ашылды.

2022 жылдың соңына дейін 13 820 орындық 18 орта білім беру нысанын іске қосу жоспарлануда. Олар Қалқаман-2, Қайрат, Дархан, Мәдениет, Нұркент шағынаудандарындағы 7 500 орындық 5 мектеп - №48, 191, 125, 146 мектептер, №9 МИ кеңейтіліп, соның есебінен қосымша 1270 орын пайда болады. Олар жеке инвестиция есебінен Бостандық және Наурызбай аудандарынан 1800 орынды екі ғимарат сатып алып, 3250 орындық 6 мектеп ашпақ.

Ләззат Жылқыбаева Алматыда қаланың сәулет келбетін қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау қағидалары әзірленгенін, оның аясында көп қабатты тұрғын үй

кешендерін салу кезінде халықтың болжамды тығыздығын ескере отырып, мектептердің қадамдық қолжетімділікте міндетті түрде болуы талап етілетінін еске салды.

«Бұл шаралар қала әкімдігіне құрылысшылармен 11 мектеп және 13 055 оқушы орнына арналған мектептерге 5 қосымша құрылыс салуға меморандум жасасуға мүмкіндік берді», - деп қорытындылады ӨКҚ спикері.

Айта кетейік, бұған дейін қала әкімі Ерболат Досаев Алматының бірнеше ауданында жаңа мектептер ашылатынын мәлімдеген болатын.

Алматының Түрксіб ауданында күзде бастауыш мектебін ашу жоспарланып отыр. Онда қосымша 40 жұмыс орны мен 200 оқушы қабылдау мүмкіндігі болмақ.

Сондай-ақ Алатау ауданында жылдың соңына дейін 7800 орындық 5 мектеп салыну жоспарлануда. Шаңырақ-1 шағынауданындағы № 41 мектептің орнына жаңа мектеп салынып, «Саялы-2 және Зерделі шағынаудандарында әрқайсысы 550 орындық тағы 2 мектептің құрылысы басталмақ.

«Бүгін Саялы-2 бойынша мердігер ұйымды анықтау үшін конкурс жарияланды. Құрылыс жұмыстары қыркүйек айында басталып, 2023 жылдың қараша айында аяқталады. Зерделі шағынауданы бойынша жобалау-сметалық құжаттама осы жылдың қыркүйек айында аяқталады. Жұмыстарды 2023 жылдың наурызында бастап, 2024 жылдың тамыз айында аяқтау көзделіп отыр», - деді Ерболат Досаев.

Әкімнің айтуынша, жаңа мемлекеттік және жеке меншік білім беру объектілерін салу арқылы орын тапшылығын азайту қолға алынған.

«Мемлекеттік мектептердің бастауыш сыныптарын филиал ретінде тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарында орналастыру тетігі қарастырылуда. Осылайша, 2022 жылдың басынан бері 3 316 орындық 54 жеке меншік бала бақша ашылды, осы жылдың соңына дейін тағы 1 460 орындық 17 балабақша, оның ішінде 560 орындық 2 мемлекеттік бала бақша ашылатын болады», - деді қала әкімі.

Биыл орта білім беру саласында 13,8 мың орынға есептелген 18 объектіні пайдалануға беру жоспарланып отыр, оның ішінде 10 750 орынға 11 жаңа мектеп (оның 5-еуі 7 500 орындық мемлекеттік мектептер және 3 250 орындық 6 жеке меншік мектеп), 1 270 орынға 5 қосымша құрылыс, 1 800 орындық 2 ғимаратты сатып алу жоспарланып отыр

Жылдың соңына дейін 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 2,4%,  мектептердегі оқушы орындарының саны 5%-ке өседі.

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963