Студенттерге арналған жаңа жатақханалар қолданысқа дайын
Алматы «Қаржы орталығының» өкілдері қалада студенттерге арналған 1696 орындық 3 жаңа жатақхана пайдалануға берілетінін айтты.
Бүгінде ел бойынша 84 мыңнан астам студент жатақханаға мұқтаж. Соның тең жартысына жуығы Алматыда. Қаржы орталығының өкілі Айнұр Сағындықова бұл мәселені шешу үшін жеке кәсіпкерлерге алдағы 8 жылға мемлекеттік тапсырысты орналастырудың орнына студенттер үйін салуды ұсынғанын айтады. Соның нәтижесінде қаламыздың 3 жекеменшік оқу орны аумағында жатақхана құрылысы жүріп жатыр.
«Біздің механизмге сәйкес кез келген ЖОО, кез келген кәсіпкер өз қаражаты есебінен жатақхананы пайдалануға енгізеді. Әрі қарай әр студентке мемлекеттік тапсырыс орналастырылады. Мейлі ол мемлекеттік болсын, жеке болсын», – деді «Қаржы орталығы» АҚ департамент директоры Айнұр Сағындықова.
Ал Алматы технологиялық университетіне қарасты жатақханада реконструкция жұмыстары жүріп жатыр. Ескі ғимарат қайта жөнделіп, тамыз айында пайдалануға беріледі. Сондай-ақ кәсіпкер келісімшартқа сәйкес 20 жыл бойы жатақхананы басқа мақсатта қолдана алмайды. Тек оны кепілге, жалға беру мүмкіндігі бар.
«Егер біз сауатты, білімді, бәсекеге қабілетті студенттерді еңбек нарығына шығарамыз десек, оларға тиісті жағдай жасауымыз қажет. Пәтер жағалап, күнделікті нәпақасын таба алмай, үйден-үйге көшіп жүрген студенттен біз білікті маман шығара алмаймыз. Біз осыны жеткізгіміз келеді. Және мұны міндетті түрде бақылауда ұстаймыз. Негізгі міндетіміз де, мақсатымыз да осы», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәди Ахметов.
Айта кетейік, осы жобаның арқасында елімізде 2019 жылы 9 мың 166 орындық 10, 2020 жылы 20 мың 266 студентке арналған 75 жатақхана, былтыр 30 мың 630 орынға арналған 124 студенттер үйі салыныпты.
Abai.kz